Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды жастар жылы деп жариялағаны бәрімізге белгілі. Осыған орай Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешіті мәуліт мерекесінің құрметіне орай қалалық «Союз» мәдениет сарайында «Жастар – ел болашағы» тақырыбында рухани кеш өткізілді.
Аталмыш рухани кешке елімізге танымал ақын, айтыскер Айбек Қалиев, Мамай Ізтілеу, Марғұлан Оспанов, Медет Байзақов және жыршы Абзал Алпысов қатысып кештің көркін келтірді.
Рухани кештің басында ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы жастар тәрбиесінің маңыздылығына жан-жақты тоқталды.
Ол Лисаков қалалық мешітінің жанындағы сауат ашу курсының 1 деңгейін тамамдаған шәкірттерге сертификат тапсырды.
Аталмыш іс-шарада қазақ халқының дәстүрлі төл өнері – айтыс өткізілді. Айтысқа елімізге танымал, ақтангер ақын атағына ие болған Айбек Қалиев, Беймбет Майлин ауданының ақиық ақыны Мамай Ізтілеумен айтысып, жиылған халықты ақындық өнерлерімен тәнті етті.
Кеш қонағы, ақын айтыскер, сазгер-әнші Марғұлан Оспанов өзінің авторлық «Айтыс» деп аталатын әнін орындап, халық алғысына ие болды. Елімізге танымал жыршы Абзал Алпысов жиылған жұртшылыққа өнеге болар жыр-терме орындады.
Іс-шара соңында Лисаков қалалық мешітінің бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы көпшілік қауым мен қонақтарға алғысын білдіріп, ақын- айтыскерлерге шапан жауып, алғыс хатпен марапаттады.