Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы іс-сапармен Торғай өңірінде болды.
Осы сапар барысында облыстың бас имамы өңірдегі халықты діни сауаттандыру және жат ағымдардың алдын алу бойынша маңызды кездесулер өткізді.
Алдымен, Жангелдин ауданына ат басын бұрып, осындағы «Оспан қожа» мешітінде жамағатпен жүздесті. Содан кейін орталықтағы Ы. Алтынсарин атындағы музейде оқушылармен маңызды әңгіме ұйымдастырды.
Басқосуда жат ағымның зардабы хақында жан-жақты түсіндірді. Келесі күні Арқалық қаласына келіп, Арқалық телеарнасына «Қазіргі жастар тәрбиесі» жайында сұхбат берді. Сол шаһардағы «Көпсалалы» колледжде студенттермен кездесті.
Мұнда «Білімді ұрпақ - ел ертеңі, тәрбие - тал бесіктен» атты тақырыпта қозғалған жүздесу де өте әсерлі болды. Жиналған қауым өкіл имамның терең біліміне, шешендігіне дән риза болысты.