ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы Лисаков қаласына іс-сапары барысында «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлымен кездесіп, діни ахуалы жайында әңгімелесті. Сондай – ақ, қала тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру арқылы, теріс пиғылды жат ағымдардан сақтану мәселелері айтылып, насихаттау жолдары талқыланды.
Мұнан соң Өкіл имам жұма намазына қатысып, жиылған қауымға уағыз айтты. Сондай-ақ, ол өз сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп атағанын және осының аясында көптеген игілікті шаралардың қолға алынатынын атап өтті.
«Қазақ халқының ежелден қалыптасқан өзіндік дәстүрі және Пайғамбар (صلى الله عليه وسلم) сүннетінде қалыптасып келе жатқан діни мектебі бар. Біз осы жолымызды, дәстүрмен сабақтасқан дінімізді сақтай білуіміз керек. Жастарымызды дәстүрлі дініміздің аясында тәрбиелеп, салт-дәстүрге баулуымыз керек», - деді өкіл имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлы.
Өкіл имам уағыз барысында асыл дініміздегі ниеттің орны қандай екендігін түсіндіріп, шариғи әр амал бастауында ниеттің маңыздылығын түсіндірді.
Жұма намазы соңында елімізге келген құтты қонағымыз, әуезді, жүректі тебірентер дауысымен құран оқып, елге, жерге, халқымызға дұға етті. Намаз соңынан мешітке келуші жамағат Өкіл имамға алғыстарын білдіріп, қаламыздың ең үлкен ақсақалы Сәндібек қажы Шаяхмет батасын беріп, жамағат қимастықпен қоштасты.
Сонымен қатар, Өкіл имам сапар барысында мешіттің тұрмыс тіршілігімен танысып, мешіт ұжымымен кездесті. Мешіт іші сыртының тазалығын қадағалап оң баға берді. Мешіт ұжымының атқарып жатқан игі жұмыстарына алғысын білдірді. «Мешіт иамандылық ұясы, мешіт тазалығымен, әсемдігімен, көркемділігімен келген жамағатқа лайықты болуы керек» –деді өкіл имам.