Қасиетті Рамазан айында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде Ораза бойы ауызашар беріліп, жүрегі жомарт жандар халықтың шынайы алғысына бөленді.
Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың ұрпағы, белгілі кәсіпкер Бақберген Өтеулин жыл сайын Қадір түні қарсаңында отбасының атынан ауызашар беріп, жұртшылықтың сауабын алып келеді.
Биыл да сол дәстүр жалғасын тауып, тиянақты дайындық жасады. Ол аталмыш имандылық ордасының асханасында дастархан жайды. Ауызашар барысында елімізге танымал азамат Бағытұр Дәндібаев жұртшылыққа ұлағатты сөзін арнаса, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ақылбек Шаяхмет Қадір түні жайлы өлең оқыды.
Кештің соңында абыз ақсақал Торғайбай Уәлиев бата берді. Бас имам Шоқан қажы Әмірханов аруақтарға арнап Құран бағыштады. Сондай-ақ, Бақберген Қасымұлына естелік сыйлық, ал жамағат атынан Құран кітабын табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі