Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн-форумына Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатын жолдады.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Елбасының ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.
Елбасы форумның жыл сайын өткізілуі қоғамда жақсы дәстүрге айналып келе жатқанына ерекше мән беріп, мемлекет тарапынан әрқашан дін саласына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
Айта кетсек, форум мақсаты – мұсылман қауымы арасында ұлттық рухани дәстүрлерге негізделген діни рәсімдер мен жоралардың мәдениетін қалыптастыру және зияткер имам мәртебесіне лайықты дін қызметкерлерін іріктейтін құжаттар қабылдау.
Форум қорытындысы бойынша «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» құжаттары қабылданады. Аталған құжаттар жұртшылық арасында орындалатын діни рәсімдерді бірізділікке келтіруге және зияткер имам мәртебесін беруге лайықты дін қызметкерлерін іріктеуге оң ықпалын тигізбек.