Таяуда Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің ұйымдастыруымен мешітке келуші ақ жаулықты аналарға арнайы дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Ислам дінінде аналардың орны ерекше. Мұхаммед Пайғамбарымыз «Жәннат аналардың табандарының астында» деп аналарымызды қалай сыйлау мен ілтипат таныту қажет екендігін атап көрсеткен болатын.
Аталмыш мешіттің бас имамы оларға ең ізгі тілегін білдіріп, отбастарына ырыс-береке, өздеріне мықты денсаулық тіледі.
Ал, ақ жаулықты аналар өз кезегінде өздеріне көрсетілген құрмет үшін риза екендіктерін білдіріп, мешіт қызметкерлеріне баталарын берді.
Әулиекөл аудандық мәдениет үйінде адамзат баласының хақ діні - Исламның кәусәр бұлағымен сусындатқан пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні кеңінен атап өтілді. Мұнда ұлық мерекенің құрметті қонақтары бәрі бір кісідей Мәуліт мерекесіне салауат айту үшін жиналды.
Мәулітті «Әмит ишан» мешітінің шәкірті Асылан Ахметжан әдемі мақаммен Құран оқуымен бастап ашты.
Құттықтау сөзімен аудан әкімі Асхат Кисиков «Мәуліт біздің басымызды осылай тек қана қуанышта қоса берсін» деген игі тілегін білдірді. Аталмыш шараны өткізуге атсалысқан ел азаматтарының көмегімен атап өту дәстүрге айналған. Бұл жолы «Кайсар-Агро» ЖШС директоры Абдул-Вагап Митаев өткізіп отырғанын атап өтті.
Одан кейін өкіл имам Бақытбек қажы Нұрғабылұлы маңызы мен тағылымы мол, есті пендеге ой салар уағыз айтты.
Бұл күні сахнадан жергілікті өнерпаздар тарапынан діни әндер, «Сені сағындым ия расуллаллах», «Мейірімді бол» сахналанған көріністер, күмбірлетіп күй тартқан Алмаз Хамитбеков және т.б., көпшіліктің жүрек түкпіріне жол тартып, ерекше әсер етті.
Әмит ишан мешітінің бас имамы Нұрбол қажы Исламұлы сауапты іске көмектескендер мен қатысушы қонақтарға үшін алғысын білдірді.
Мерекенің екінші бөлімі “Жас дәурен” шатханасында жалғасты. Митаевтар отбасы ақ дастарқан жайып қонағасы берді. Алғысқа толы көптеген жүрекжарды тілектер айтылды. Соңынан бата беріліп, құран бағышталды.
Асыл дініміз Ислам да әрдайым арамызда жүрген жастардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенін айтып, олардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлуде. Көпшілікке мәлім, үстіміздегі 2019 жыл жастар жылы болып жарияланды.
Соған орай жастардың бойындағы ерекше қасиеттерді барынша дамыта түсу Амангелді аудандық «Сатыбалды ишан» мешіті «Иманды жастар – ел болашағы» атты рухани кеш өткізді.
Кештің арнайы бағдарламасы құрылып, жастар тәрбиесінің маңыздылығы кеңінен насихатталды. Осынау жастарды рухтандыратын жиынға ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы қатысып, тағылымды уағыз айтты.
Ал аудан әкімінің орынбасары Сүндет Жолдыбекұлы жастарды жігерлендіре түсетін игі тілектерін білдірді. Кеш барысында ғибратты ән-жыр, терме мен күй орындалды.
Бұл басқосудың мәні мен маңызын «Пайғамбарға хат» атты сахналық қойылым барынша арттыра түсті. Аталмыш қойылым мәдениет үйінде басқосқан барша қауымға үлкен ой салды.
Кешті Қ.Әбенов атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Данияр Дүйсенбекұлы жүргізіп, өзінің сан қырлы азамат екенін көрсетті.
Ардақты Алла елшісінің ﷺ хадистерінде Құран Кәрімнің хатым дұғасына Рахманның адал құлдары періштелердің қатысатындығы туралы айтылған болатын.
Алла Тағаладан әрбір пенденің отбасының амандығын, еліміздің тыныштығын, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуін сұрап, Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің жамағатын бастап Бас имам Шоқан Ғазизұлының бастамасымен жуырда таң намазынан кейін Құранның 114 сүресін толығымен оқып, хатым дұғасы жасалды.
Сонымен қатар мұндай Құран хатым әр жексенбі сайын Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде ұйымдастырылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды жастар жылы деп жариялағаны бәрімізге белгілі. Осыған орай Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешіті мәуліт мерекесінің құрметіне орай қалалық «Союз» мәдениет сарайында «Жастар – ел болашағы» тақырыбында рухани кеш өткізілді.
Аталмыш рухани кешке елімізге танымал ақын, айтыскер Айбек Қалиев, Мамай Ізтілеу, Марғұлан Оспанов, Медет Байзақов және жыршы Абзал Алпысов қатысып кештің көркін келтірді.
Рухани кештің басында ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы жастар тәрбиесінің маңыздылығына жан-жақты тоқталды.
Ол Лисаков қалалық мешітінің жанындағы сауат ашу курсының 1 деңгейін тамамдаған шәкірттерге сертификат тапсырды.
Аталмыш іс-шарада қазақ халқының дәстүрлі төл өнері – айтыс өткізілді. Айтысқа елімізге танымал, ақтангер ақын атағына ие болған Айбек Қалиев, Беймбет Майлин ауданының ақиық ақыны Мамай Ізтілеумен айтысып, жиылған халықты ақындық өнерлерімен тәнті етті.
Кеш қонағы, ақын айтыскер, сазгер-әнші Марғұлан Оспанов өзінің авторлық «Айтыс» деп аталатын әнін орындап, халық алғысына ие болды. Елімізге танымал жыршы Абзал Алпысов жиылған жұртшылыққа өнеге болар жыр-терме орындады.
Іс-шара соңында Лисаков қалалық мешітінің бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы көпшілік қауым мен қонақтарға алғысын білдіріп, ақын- айтыскерлерге шапан жауып, алғыс хатпен марапаттады.
Рудный шаһарында сүйікті Мұхаммед (с.ғ.у) туған айы құрметіне Мәуліт мерекесі кеңінен аталып өтілді. Мұндай маңызды шара «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы және қалалық әкімшіліктің ұйымдастыруымен «Горняк» мәдениет үйінде аталып өтті.
Айтулы мерекеге Қостанай облыстық мешітінің найб имамы Икрам Бақытжан сөз бастап, пайғамбарымыз туралы өнегелі өсиет айтып шараны ашып берді.
Онан соң қонақтар қаланың өнер жолындағы жастар және мешіт шәкірттерінің өнегелі қойылымдарына куә болды.
Мәуліт мерекесі бұл – Пайғамбарымыздың Мұхаммедтің (с.ғ.у) өмірбаянын, тұлғасын, Алла тағала әлемге рахмет етіп жіберген қияметке дейінгі үмметке елші екендігін еске алу сәті болса, мұндай мерекені тойлап өтудің өзі үлкен сауапты шара болып табылады.
Соңынан осы шараға ат салысып, Мәуліт мерекесіне келген барша жиналған жамағатқа Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Серікбайұлы өз алғысын білдіріп, дән ризалығын жеткізді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен «2019 жыл – Жастар жылы» деп жариялануына байланысты, Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінде 2019 жылы 19 ақпанда «Дін және ғылымның сабақтастығы. Жастарымыздың діни сауатты, дүниеуи білімді болуы заман талабы» атты семинар ұйымдастырылды.
А. Байтұрсынов атындағы ҚМУ ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің деканы Азамат Жақсыбекұлы Исабаевтың қолдауымен арнайы жетекшілерімен бірге 50 шақты студент осындай маңызы зор мәдени шараның куәгері болды.
Семинар барысында «Мемлекет басшысы өз Жолдауында саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізумен қатар, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне де басымдық берді. 30 озық мемлекеттің қатарына қосылудың басты факторы – ғылым емес пе? Елбасымыз міне, осыны, яғни ғылымды индустрияға жеткізу, ғылымды өндіріске апару мәселесін баса айтты. Бұл салаға тек ғалымдардың ғана емес, өндірістің, индустрия өкілдерінің күш-қайраты керек. Олар да ғылымға қарай қадам жасауы тиіс» - деп Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Дүйсен Сәрінжіпұлы тақырыпты кеңінен ашып, толығырақ тоқтала кетті.
Сондай-ақ, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің информатика кафедрасының оқытушысы, жаралыстану ғылымдарының магистрі Қалыбек Сапарұлы Мауленов мырза «Ғылымның дінмен қатынасы» туралы сөз қозғады.
Ислам бізге ілім алуды, яғни дұрыс білім алуды бұйырады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.
Қостанай облыстық "Аймағамбет қажы Спанұлы" мешітінде «Жаназа және жерлеу рәсімдері» тақырыбында облыстық мешіт жанындағы молдаларға семинар өткізілді.
Онда Құран, Тәджуид және де Фикһ ілімдері бойынша дәрістер ұйымдастырылды. Наиб имам Тимур Туребаев жаназа және жерлеу рәсімдеріне қатысты жайттарды қоғамға дұрыс жеткізу, түсіндіру, насихаттау жұмыстары жайлы баяндады.
Осы тәріздес діни семинар мешіт моладаларыныңдіни сауаттылығын арттыру үшін жыл сайын өтіп тұрады. Жиынның мақсаты -діни сауаттылықты арттырумен қатар діни рәсімдерді бір ізге келтіру, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу болып табылады.
Мәуліт – араб сөзі, қазақша "туған күн" деген мағына береді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне осы атау берілген.
Осы қасиетті Мәуліт мерекесінің қадірменді қонақтары Қостанай облысының өкілі Бахытбек Нұрғабылұлы бастаған қала, аудандардың бас имамдары және мұғалімдер мен оқушылар ауыл тұрғындары қатысты.
Осы ізгі шараны «Түркебай» мешітінің найб имамы Әлфараби Ерболұлы қасиетті Құран кәрімді оқудан бастады.
Бұл мерекені атап өтудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ғибратты ғұмырын насихаттау, жастарға имандылыққа тәрбиелеу, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.
Қостанай облысының өкілі Тәжімбет Бахытбек жиылған жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтады. Бас имам Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мейірімді мінезің, адалдығын, сабырлы мінезі жайында және де бала тәрбиесіндегі теріс тәрбие мен оң тәрбиенің ара-жігін айта кетті.
Әсерлі уағыздан кейін көпшілік ойына тағылым аларлық ой сала білді. Өз кезегінді өкіл имам Науырзым жеріндегі «Түркебай» мешітінің құрылыс жұмыстары үшін, қаржылай демеушік жасаған ауданымыздың азаматтары Сағындық Ғалымжанұлы, Қуаныш Дулатұлы және Жұмақан Табаұлын алғыс хатпен марапаттады.
Жалпы, мәуліт шарасы барысында иләһи әндер айтылып, жыр- термеден шашу шашылды.
Сондай-ақ, биылғы мәуліт шарасының басты ерекшелігінің бірі - мешіт жамағаты жерлесеміз Динара Иманбаеваның еміне қаражат жинап әкесі Талғат Иманбаевқа табыстады.
Алаштың ақтаңгер ақыны атанған Айбек Қалиев пен жерлесіміз Салтанат Өтелбаева айтысымен рухани кеш шарықтау шегіне жетті. Имандылыққа толы тағылымды тәлімдер айта білген қос ақынға көрермендер ыстық ықыласын білдірді.
Иә, түйіндей айтқанда, аудан бойынша Мәуліт шарасы жоғары деңгейде өтті. Әрине, барлығының да діттегені – Алланың разылығын алу, Пайғамбардың (с.а.с) шапағатына бөлену еді.Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін.