Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев кезекті іс-сапарында киелі Торғай өңірінде болды. Алдымен қазақ халқына қаншама ұлы тұлғалар берген Жангелдин ауданына ат басын бұрды.
Ол, жергілікті «Оспан қожа» мешітінде жамағатпен құптан намазында кездесті. Жүздесуде «Мұсылманға тән сипат» деп аталатын маңызды тақырып қозғалды.
Содан кейін көпшілікке белгілі Ы. Алтынсарин мұражайында аудандағы тұрғындар, мекеме басшылары және жастармен дидарласты. Бұл кездесуде «Дін және дәстүр сабақтастығы» жайы әңгімеге арқау болды. Сондай-ақ басқосуда «Ысырапқа тосқауыл қою» мәселесі талқыланды.
Осы сапар барысында аудан әкімі Шота Оспановтың қабылдауында болды. Отырыста қалыптасқан діни ахуал, мешіттің қысқа дайындығы және басқа да кезек күттірмес жұмыстар жөнінде айтылды.
Бектұрсын қажы Торғайбайұлының сапары қазағы қалың Амангелді ауданында одан әрі жалғасты. Мұңдағы алғашқы кездесу аудандық кітапханада өтті. Бас имам жергілікті тұрғындармен жүздесуде қоғамға пайда болу, адамдармен қарым-қатынас, кішіпейілділік секілді асыл қасиеттер хақында жан-жақты тоқталды.
Сонымен қатар облыстың Бас имамы аудан әкімі Қанат Кеделбаевпен кездесті. Онда діни ахуал жайлы сөз ете келіп, өңірдегі мешіттер мен намазханаларды қыстан қысылмай өткізу, имандылықтың жартысы болып табылатын тазалыққа ерекше көңіл бөлу жөніндегі ойымен бөлісті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі