Қостанай облысының жаңадан тағайындалған Бас имамы Бектұрсын Уәлиев мешітте кезекті кездесуін өткізді. Бұл жолы өңірдегі беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен көкейтесті мәселелерді қозғады.
Ол ең алдымен журналистер қауымының халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болып отырғандығына тоқтала келіп, алдағы уақытта да олардың еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет ете беретіндігіне үлкен сенім білдірді.
Өзінің жаңа қызметінде де жергілікті телеарналар мен басылымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, ислам дінін өркендету жолында аянбай тер төге беретіндігін айтты.
Сондай-ақ көпті толғандырып жүрген діни рәсімдерде (Жаназа шығару, жылдық аста) ысырапшылдыққа жол бермеу және басқа да кездерде қарапайым жұртшылықтың жағдайын ескеру хақындағы тың ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының басшысы Ербол Ипбергенов, облыстық «Қостанай таңы» газеті бас редакторының орынбасары Асылан Қанғожин және «Алау» телеарнасы қазақ редакциясының қызметкері Асылан Ермекбай өздерінің құнды ұсыныстарын білдірді.
Жүздесу өте әсерлі өтті. Оған облыстық мешіттің наиб имамдары Әлішер Ертайұлы мен Бақытжан Икрам қатысты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі