Көпшілікке мәлім, үстіміздегі жылы ата-бабаларымыз армандап өткен мемлекетіміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Осынау халқымыздың өмірінде ерекше орын алатын мерейтойға үлкен дайындық жасау және жоғары жетістіктермен қарсы алу әрбір жүрегі елім деп соғатын азамат пен ұжымның басты міндеті.
Бұл орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мұфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен талай игілікті істер жүзеге асырылып жатқаны белгілі.
Көрнекті дін қайраткерінің ұйытқы болуымен қолға алынған ортақ іске Қостанай облысындағы мешіттердің де өзіндік қосар үлесі мол. Нақтылап айтатын болсақ, биыл өңірде 1 аудан және 4 ауылдық мешіттер пайдалануға беріледі.
Мысалы, қысқаша тоқталсақ, Құсмұрын, Шербаков елдімекендерінде жаңа мешіт құрылысы аяқталып, жергілікті мұсылмандардың имандылық ордасына айналады.
Сонымен қатар облыстағы Алтын Дала, Бөрлі, Обаған ауылдарындағы жұртшылыққа бұрыннан қызмет көрсетіліп келе жатқан мешіттер бүгінгі уақыт талабына сай толық күрделі жөндеуден өтіп, көпшіліктің игілігіне беріледі.
Жоғарыда аталған мешіттердегі құрылыс барысын облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет тұрақты назарда ұстайды. Осы таяуда ғана ол аталмыш имандылық ордаларында болып, жұмыс барысымен танысты.
Мешіт имамдарымен кездесу кезінде атқарылған істердің сапасына, іші-сыртының тартымдылығына, сыйымдылығына айрықша көңіл бөлу керектігіне тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі