Үстіміздегі жылғы Халықаралық балаларды қорғау күні Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінде тиісті деңгейде аталып өтті. Жергілікті балдырғандар имандылық ордасына арнайы шақырылды.
Олардың арасында алғырлықты, тапқырлықты талап ететін шахмат пен дойбыдан жарыс ұйымдастырылды. Балалардың құрметіне дастархан жайылып, балмұздақтар таратылды.
Міне, осылайша Бас имам Есенкелді қажы Сақтағанұлы еліміздің жарқын келешегі болып табылатын ұл мен қыздарға үлкен қуаныш сыйлады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай облыстық "Аймағамбет қажы Спанұлы" мешітінде балаларға арналған сауат ашуға байланысты маусым басталды. Қазіргі таңда өңірдегі барлық мешіттерде "Имани жаз" атты шара аясында ұл-қыздармен білікті ұстаздар жұмыс істеуде.
Бұл орайда жоғарыда аталған имандылық ордасының жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының тындырып жатқан жұмыстары да өнеге боларлықтай. Олар жуырда білімге құштарлық танытқан талапкерлерге үлкен қуаныш сыйлады.
Жанашыр демеушілердің көмегімен 40 балаға сыйлық қоржындарын табыс етті. Мұндай күтпеген тартуға қуанбайтын бала бар ма? Олар да өз тараптарынан жүректері жомарт жандарға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Денисов аудандық тілдерді оқыту орталығы және жергілікті «Жұма» мешітінің ұйымдастыруымен «Ойнайық та, ойлайық!» атты мектеп оқушылары арасында викторина сайысы өтті.
Бұл іс-шараның басты мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық қазақ ойындарын насихаттау, балалар арасындағы қазақ тілін білу деңгейін көтеру еді.
Сайысқа «Жұма» мешітінің Бас имамы Азамат Мурзаканов пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Асқар Нұрмұхамбетов әділқазылық етті.
Жарыс бес кезеңнен тұрды. Онда қатысушылардың білім деңгейі сарапқа салынды. Сондай-ақ асық ату, теңге ілу, арқан тартыс, дартс ойындарынан шеберліктерін танытты. Балалар сайыс барысында зеректік пен ширақтық қырларымен көзге түсті.
Байқау қорытындысында әділқазылар төрағасы Азамат Серікбайұлы барлық бақтарын сынаған талапкерлерге ізгі тілегін білдіріп, сайыстың жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті.
Қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар Денисов аудандық «Жұма» мешітінің атынан балаларға дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлы жергілікті арнайы мектеп – интернатында болды. Ол Халықаралық балаларды қорғау күні және білім ордасындағы соңғы қоңырауға байланысты оқушыларды шын жүректен құттықтады.
Онда тәрбие алып жатқан балаларға жеміс-жидектерді табыс етіп, ұл мен қыздарды қуанышқа бөледі. Мектеп-интернаттың басшысы Айгүл Қуанышбайқызы өздерін әрқашан да қолдап, ақшалай көмек көрсететін мешіттің Бас имамына ризашылығын білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда елордамыз Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында V республикалық имамдар форумы өткен болатиын.
Осынау маңызды жиында «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» және «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы қабылданды.
Осы ретте Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің Бас имамы Асанов Әкімбек жергілікті мешіт жамағаты мен алқа мүшелеріне форумда қабылданған құжаттардың мазмұнымен таныстырды. Сонымен қатар алдағы уақытта тұжырымдамаларды басшылыққа ала отырып, ұйымшылдықпен жұмыс атқаруға шақырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы жанашыр ерікті жамағаттар және ұлтжанды азаматтардың демеушілігімен Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты қайырымдылық іс-шарасын өткізді.
Онда 13 отбасы қамтылып, 25 балаға 430 мыңның сыйлығы тарту етілді. «Қуанса бала қуансын» демекші, өздеріне көрсетілген ілтипат пен құрметке балдырғандардың мерейі өсті. Шын мәнінде үлкен қуаныштан жүздерінен шаттықтың лебі сезілді.
Осындай игі істерде белсенділік танытып жүрген еріктілерге жанашыр азаматтарға кәсіптеріне береке тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің ұжымы және жаны жайсаң жомарт жандар жергілікті жамағаттардың балаларына ойын-сауық шарасын өткізді.
Бұл тағылымы мол басқосуда жоғарыда аталған мешіттің Бас имамы Әкімбек Асанов бүлдіршіндерге сыйлықтарды табыс етті. Сондай-ақ, оларға дәмді тағамдар мен сусындар берілді.
Балалар өздеріне қуаныш сыйлаған мешіт қызметкерлері мен жанашыр азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы «Бай дүйсенбі» күніне ерекше назар аударады. Соның жарқын айғағы ретінде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен саламаты болсын) ізгі амалының бірі - Ораза ұстау жолымен жүрген жамағатқа ауызашар дастарқаны жайып, Сыздықов Ерлан имам уағыз айтты.
Түсінген адамға онда үлкен мән жатыр. Басқосудағы негізгі мақсат -намазхандар арасындағы құрмет пен сыйластықты нығайту, оларға лайықты тәлім беру, сүннет амалын бойларына сіңіру әрі қалыптастыру.
Шоқан қажы Әмірханов басқаратын имандылық ордасы қызметкерлерінің ізгі ниеттері қабыл болып, Алла жолындағы жарқын істеріне береке берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет Спанұлы» мешітінің жанындағы Зекет және қайырымдылық қорының қызметкерлері өткен мамыр айында жұмыстарын барынша жандандыра түсті.
Аталмыш қордың жетекшісі, наиб имам Бақытжан қажы Икрамның айтуына қарағанда, бұл айда өңір бойынша 29 іс-шара өткізіліп, онда 266 отбасына көмек көрсетілді. Онда жанұяларға қаржылай, азық-түліктей, киім-кешектей қолдау жасалды.
Осы мақсатқа 5 млн 225 мың 795 теңге жұмсалды. Қайырымдылық шаралардың тиісті деңгейде ұйымдастырылуына облыстағы кәсіпкерлер мен басқа да демеушілер өздерінің лайықты үлесін қосты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Аудандық «Аққозы қажы» мешіттерінің ұжымы жергілікті «Қабдеш ата» намазханасына және «Омар ата» мешітінің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аталмыш жерлердегі жұртшылық имандылыққа бет бұратын киелі орындардың айналасына ерекше сән беретін 600 түп гүл отырғызылды. Бұл игілікті істе жамағаттар қауымы ерекше белсенділік көрсетті. Өздерін жақсы қырларымен танытқан азаматтарға Алла разы болсын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі