Бүгінгі жас – ертеңгі кәсіби маман, болашақ отбасының тірегі. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез-келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды.
Осындай рухани тәлім-тәрбиені насихаттауды мақсат тұтқан Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіт қызметкерлері қалалық спорт бөлімімен бірлесе отырып, жастар жылы аясында тоғызқұмалақ және шахматтан «Жігерлі жастар» атты жарыс өткізді.
Жарысқа 18 бен 35 жас аралығындағы 65 адам қатысты. Сайыстың арнайы ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары мен ардагерлер кеңесінің төрағасы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар жарыстың басында өңіріміздің дін жанашыры Мираш қажы ақ батасын берді.
Келесі күні 5-ші сынып оқушылары арасында «Қыс қызығы – сырғанақ» деп аталатын сырғанақтан жарыс та ұйымдастырылып, оған 85 оқушы қатысты.
Балалар қуанышты көңіл-күйге еніп, аталмыш жарысты дәстүрге айналғанын қалайтындықтарын білдірді. Бірге келген ата-аналар да мешіт ұжымына шынайы алғыстарын білдірді. Жарыс соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Жастар жылы аясындағы мұндай іс-шараларды өткізудің мақсатын мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы былайша түсіндірді: Балалардың қыстық ойын түрлеріне қызығушылықтарын ояту, ынталандыру, ойын ойнату арқылы әр мектептің оқушыларын достыққа, бір-біріне деген мейірімділікке, имандылық пен кішіпейілдікке тәрбиелеу. Сондай-ақ үйде телефонға телміріп отырмастан, сыртқа шығып шынығып, ептілік пен жылдамдыққа машықтандыру. Қосымша сайтымыздың ФОТОГАЛЕРЕЯ айдарында қараңыздар.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі