Тасаттық ежелден келе жатқан діни рәсім екендігі белгілі. Мұсылман бауырларымыз оны жауын-шашын көп болып, ел ырыздығы егін бітік шықсын деген игі ниетпен жүзеге асырады.
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Асанұлы және жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен, ауылшаруашылық саласы өкілдерінің демеушілігімен ірі қара мал құрбандыққа шалынып, құран оқылды.
Бас имам және мешіттің ұстазы Бақытбек Сәндібекұлы жиналған жамағатқа «Алладан кешірім сұрау» және «Дұғаның маңыздылығы» жайында тағылымды уағыз айтты.
Жиында қала әкімі Әмірхан Асанов сөз сөйлеп, бүгінгі елдің тілегі қабыл болсын, жаңбыр жиі жауып, егін бітік шықсын деген ізгі тілегін білдірді.
Тасаттыққа шаһар тұрғындарымен қатар, қала мен оған қарасты ауылдардан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелері шақырылды.
Жайылған дастархан басында 86 жастағы Кәки Шәріпұлы ақсақал бата жасады. Содан кейін аруақтарға құран бағышталды.
Шаһар басшысы он көпбалалы анаға азық – түлік қоржынын табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі