Арқалық қаласындағы «Мухтасиф Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы да қасиетті Рамазан айынан кейін келетін Ораза айт мерекесін қуанышпен қарсы алды. Бас имам Дархан Исламбекұлы барша мұсылман бауырларымыз бен қала тұрғындарын осынау мейраммен шын жүректен құттықтады.
Ол Ораза айт мерекесінің жұртшылықты өзара бірлігімізді арттыруға, татулыққа, мейірімділікке, қайырымдылыққа шақыруда ерекше орын алатындығын тілге тиек етті.
Мешітте қайырымдылық шараларына айрықша назар аударылады. Оның жарқын айғағы ретінде Рамазан айында қала бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мұқтаж жандарға жалпы жамағат пен кәсіпкерлердің қолдауымен 4,5 млн теңгеден астам қаражатқа көмек көрсетілді.
Мейрам күні кәсіпкерлер мен жүрегі жомарт жандар тарапынан да қолдау көрсетілді. Мәселен, Арқалықта жаңадан ашылған «Тоrqai plaza» кешенінің иелері бүлдіршіндерге сол өздеріндегі ойын алаңында бір күн бойы тегін асыр салып, алаңсыз ойнауларына толық мүмкіндік жасады.
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі