Жақында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан қажы Асанұлы жергілікті политехникалық колледжінде болды. Ол әлеуметтік педагог Майра Болатқызының ұйымдастыруымен өткен «Дінге артылса сенімің, имандылық болар серігің» тақырыбындағы кездесуде жастарға ой салар насихат айтты.
Студенттердің көкейінде жүрген сауалдарына нақты жауап берді. Жиналған ұстаздар мен шәкірттер бас имамға мағыналы әңгімесі үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған мешіттің найб имамы Сансызбай Беделхан шаһардағы №1 Шоқан Уалиханов атындағы мектептің 7 және 11 сынып оқушыларымен «Жат ағымнан сақтану» жөнінде сөз етті. Қозғалған тақырыпқа байланысты шәкірттер сұрақтары бойынша тиянақты жауап алды. Қатысушылар есте қаларлық тағылымды сұхбаты үшін мешіт қызметкеріне алғыстарын жаудырды.
Сонымен қатар шахардағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде Бас имамның ұйымдастыруы мен аптаның әр бейсенбі күні жамағаттың бірлігін арттыру мақсатында мешіттің жамағаттары мен шәкірттері үшін ас берілетін. Осы жолғы аста найб имам Сансызбай Беделхан жамағатқа «Исламдағы бірлік» жайлы уағыз насихат айтты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі