Жақында Қамысты ауданының мәдениет үйінде ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туылған күніне байланысты Мәуліт мерекесі өткізілді. Бұл шараға аталмыш ауданның әкімі Ғазиз Ерболатұлы және белгілі дін қайраткері, Қостанай облысының бас имамы Бақытбек Тәжімбетұлы қатысты.
Мәдениет үйіндегі есте қаларлық рухани басқосуға аудан орталығындағы барлық мекеме қызметкерлері, ауылда ғұмыр кешіп жатқан мұсылман бауырларымыз келіп, арнайы дайындалған бағдарламаны тамашалады.
Жиыннан кейін Мұхаммед пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрметіне мешітте дастархан жайылып, көпшілікке ас берілді. Мұнда да кейінгі жастарға қаншама тәрбиелік мәні зор,өмірлік ғибрат болар ұлағатты сөздер айтылды.
Облыстың бас имамы Бақытбек қажының көкейде жүрген дінге байланысты пайымдары жергілікті ағайындарға үлкен ой салды. Оның адамгершілік, имандылық жайлы құнды пікірлері барша аудан тұрғындарына өнеге болары сөзсіз.