Жұмада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы өңіріміздегі Амангелді ауданының Қарасу елді мекенінде болды.
Онда елімізге кеңінен танымал дін қайраткері, алдымен, Құран оқыды. Содан соң жамағатты ауылдағы намазхананың ашылуымен шын жүректен құттықтады. Ислам діні жайлы терең мағыналы уағыз айтты.
Оларға алдағы уақытта отбасында бақыт тілеп, ел игілігі жолындағы жұмыстарында толағай табыстарға жетуіне тілектес екендігін білдірді.
Осы басқосуда аудан əкімі Əмірхан Біркенұлы сөз сөйлеп, жергілікті халықтың қуанышына ортақ екендігін жеткізді. «Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, ауылдың ақсақалы Серікбай Шоңғалов пайдалануға берілген намазхананың құрылысына өздерінің лайықты үлестерін қосқан барша азаматтарға шынайы алғысын айтты.
Демеушілік еткен жүрегі жомарт азамат Бақытбек Төлепбергенұлының иығына ежелден келе жатқан салтымыз бойынша шапан жапты.
Облыстың бас имамы Бақытбек қажы Нұрғабылұлы мен аудан әкімі Әмірхан Біркенұлы салтанатты түрде намазхананың лентасын қиды. Намазхананың ішінде өткізілген жұма намазын жиынға арнайы қатысқан өкіл имам оқыды.