Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті ұжымының бастамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығы және Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толуына байланысты «Дәріптейік - Алаш арыстарын» атты ғылыми-танымдық конференция болып өтті.
Оған А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, Phd докторы Рауан Байдалыұлы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, профессор, белгілі ақын Серікбай Оспанұлы, Міржақып бабамыздың ұрпағы, кәсіпкер, ел ағасы Бақберген Қасымұлы, Л.Н.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері Э.Елькеева, жоғарыда аталған оқу орнының ұстаздары мен студенттері һәм мешіттің алқа мүшелері қатысты.
Конференцияда болашақ ұрпақтың бойына патриоттық рухты сіңіру мақсатында ғалымдар баяндама жасады. Жиналған қауым кітап көрмесін тамашалап, Алаш ардақтысының өмірін бейнелейтін еңбектерімен танысты.
Келген қонақтарға дастархан жайылып, естелік сыйлықтар табыс етілді. Мешіт ақсақалдары бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі