Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Қазақстан азаматтарының мұсылман елдерінде орын алған

соғысқа қатысуына байланысты
МӘЛІМДЕМЕСІ


ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ


Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын!

Бүкіл әлемді жаратқан Алла Тағалаға мадақтар, Оның Елшісі Мұхаммедке салауаттар мен сәлемдер болсын!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мүшелері, Ғұламалар Кеңесі мұсылман мемлекеттерінде орын алған келеңсіз оқиғаларға алаңдаушылық білдіреді және тұрақсыздықты, діни жанжал мен алауыздықты өркениетті түрде, бейбіт жолмен шешуге шақырады.

Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранмен бірқатар мемлекеттерден жиналған заңсыз қарулы топтар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құры қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Ал, олардың қатарына қосылған дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсінген, қару алып, «жиһадқа» шыққан Қазақстан азаматтарының әрекетін қатаң айыптаймыз.

«Ислам мемлекетін» құрушылар бүкіл әлемнің мұсылмандары үшін қасиетті Қағбаны қиратып, жермен жексен ету керек деген қара пиғылдарын ашық айтуда. Бұл – Исламға деген анық қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал.

Кезінде Йемен патшасы Абраха көп әскермен Қағбаны қирату ниетімен жолға шыққанда, Алла Тағала олардың төбелерінен құстар жіберіп, тас жаудырып құрдымға батырған. Осылайша, қасиетті Қағбаны Алланың өзі қорғайды. Бұл оқиға «Піл» сүресінде ашық баяндалған: «Оларға топ-топ әбәбил құстарын жіберді. Құстар оларға балшықтан күйдіріліп жасалған тастар атты. Осылайша Алла желінген топан тәрізді қылды».

Дегенмен, «халифатшылардың» ғаламтор бетінде дүние жүзінің мұсылмандарын жиһадқа шақыратын аудио және видеоматериалдар күн санап көбеюде. Жуырда буыны әлі бекіп үлгермеген, оңы мен солын танымайтын, дінді ұстануға деңгейі мен қабілеті жетпеген жас қазақ балаларының қару кезеніп, соғысқа үндеген сөзі жарияланды.

Өз сөзіне өзі жауап бере алмайтын жастағы ойын балаларының сыртқы күштердің ықпалы мен арбауында кетуі бізді, мұсылман жамағатын қатты өкіндіреді. Баланың болашағын ойлаған ата-ана бұған әсте жол бермеуі тиіс еді. Сан ғасырлық тарихы бар салты мен дәстүрлі дінінен қол үзіп, бүлдіргі діни нанымға санасы уланған кейбір ата-аналардың қасаң көзқарастары мен Құранға және шариғатқа қайшы, адамгершілікке жат әрекеттерінен баланың да болашағына балта шабылып, саясиланған діни ұстанымның құрбанына айналуда.

Жастайынан білім алмаған, ата-әже, ата-ананың тәрбиесін көрмеген, мектеп мұғалімнің тәлімінен сусындамаған жеткіншектің болашағы жарқын болар ма?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің уағыз-насихат жұмыстарында жастарды әсіре діншілдікті ұстануға шақырмайды. Иманынан Отанын сүйетін, ата-анасын қадірлейтін, мемлекетшіл азамат болып өсуге үндейді.

Мұсылман адам дінді саясат үшін пайдаланғысы келетіндердің, Исламды мансұқтауды мақсат тұтқан саяси күштердің нанымынан сақтануы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік», – деген.

Теріс пиғылды радикалды ағымдар Исламдағы «жиһад» сөзін пайдаланып, адамдарды мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа қатысуға шақыруда. Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесі «Жиһад ұғымы және қазіргі заман» туралы арнайы пәтуа шығарды.

Жиһадтың шарттары:

Ең әуелі имамның (мемлекет басшысының) рұқсаты болуы тиіс. Шариғатымызда имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Жиһад (соғыс) істері имамға (мемлекет басшысына) жүктелгенінде ешқандай күмән жоқ. Күнә істерден бөлек басшыға бойсұну міндет. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Әй, мүміндер. Аллаға бойсұнып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойсұныңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.

Екіншіден, шариғат шартына сәйкес, жиһадқа шыққан адамның мақсаты айқын болуы тиіс.

Үшіншіден, дұшпаннан төніп тұрған қауіп нақты болуы шарт.

Егер бұл шарттар орындалмаса, онда мұсылманның іс-әрекеттері бұзақылыққа, қаскөйлікке ұласады. Біреудің өміріне қауіп төндіруге, ар-намысына тиюге, зұлымдық жасауға – дінімізде рұқсат жоқ. Жаратушы Иеміз: «...Жазықсыз адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең (күнәкар) болады...» («Мәида» сүресі, 32-аят) – деп қатаң ескерткен.

Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – «ахли сүннет» ақидасына жат және ислам шариғатына қайшы. Шындығында, кез-келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, қиындатып, шиеленістіре түседі. Қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күрес», – деген.

Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық болуын көздейді. Пендені соған тәрбиелейді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі кезде Ирак және Шам елдерінде орын алып жатқан оқиғаларды қолдамайды және қазақ жастарының озбырлық әрекетін айыптайды.

Алла Тағала ел-жұртымызды бүліктен сақтап, бірлік-ынтымағынан ажыратпасын деп тілейміз.

والله اعلم بالصدق و الصواب

ҚМДБ-ның шариғат, пәтуа бөлімі

алдыңғы мақала
Суицидке шариғат не дейді?
кейінгі мақала
Жиһад ұғымы және қазіргі заман

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником