Ұлық мереке Құрбан айт күні Қостанай қаласында әсем де көркем жаңа мешіт ашылғаны жұртшылықтың есінде. Бұл имандылық ордасы өңірімізде ең зәулім де сәулетті архитектуралық ғимараттардың бірі болып табылады.
Өткен жексенбі күні аталған мешітте облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері келіп, имандылық орнымен кеңінен танысты. Оларға осындағы дін қызметкерлері ойын-сауық өткізіп және дастархан жайды.
Балалар көп жайды өз көздерімен көріп, көңілдеріне түйді. Мешіт ұжымы осынау балалар үйіне көп жылдан бері қамқорлық көрсетіп, тәрбие орнында қайырымдылық және түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады.
Тәрбиеші Айгүл Әбілқасымова «Бүгінде облыстық балалар үйінде 90 тәрбеиеленуші бар. Соның 15-і қазақ балалары. Бұл жолы мешітке 20 бала келді. Сән-салтанаты жарасқан қасиетті орын өзімізге үлкен әсер қалдырды. Жалпы, облыстық мешіт ұжымына біздің алғысымыз шексіз. Себебі, олар түрлі мереке кездерінде балаларға сый-сияпаттарын жасап қана қоймай, бірқатар ер балаларымызды сүндетке отырғызып, үлкен сауапқа бөленді»- деді.
Бұл күні мешіт жамағатының балалары да аталмыш шарада бірге болып көңіл көтерді. Мұндай шараның өтуіне барлық жағдай жасаған мешіттің Жастар ісі бөлімі мен әйелдер секторына келуішілер зор алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті биыл да Құрбан айт мерекесін өз деңгейінде атап өтті. Айт қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде арнайы ақпараттар жарияланып, мешіт маңайына құттықтау-лозунгтар ілінді.
Айт күні мешітте уағыз-насихат айтылып, айт намазы оқылды. Қала әкімі А.Балғарин жамағатты айт мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Содан кейін мешіт ауласында құрбандық шалу рәсімдері өтті. Құрбандыққа шалынған малдың еттері әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы мұқтаж жанұяларға таратылды.
Осынау мереке әрі қарай мәдени және спорттық ойындармен жалғасын тапты. Тәуелсіздіктің 25, Арқалық қаласының 60 жылдығы, әлем мұсылмандырының айтулы мерекесі Құрбан айт жайлы тағылымды да ғибратты термелер мен діни-иләһи әндер шырқалды. Өмір көрген ақсақалдар жастарға үлгі боларлық ұлағатты сөздерін арнады.
Айттың құрметіне тағам дайындалып, одан жиналған қауым дәм татты. Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық ойындар «Арқан тартыс», «Қол күрес» сияқты сайыстарға жастар белсене атсалысып, бақтарын сынады.
Жеңімпаздарға мешіт атынан арнайы диплом, алғыс хаттар тапсырылып, демеушілердің қолдауымен ақшалай сый-сияпат жасалды.
Осындай кейінгілерге тағылымы мол іс-шаралар қалаға қарайтын Фурманов, Молодежный және Ашутасты ауылдарында да ойдағыдай ұйымдастырылды.
Жалпы, мұсылман ағайындар қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» және аталған елді мекендердің имамдары мен барша қызметкерлеріне шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қостанайда Құрбан айт мерекесінде ашылған Аймағанбет қажы Спанұлы атындағы мешітінде қайырымдылық шаралары басталып кетті.
Мәселен, айттың алғашқы екі күнінде құрбандыққа мал шалған кісілердің тілегі ескеріліп, сойылған малдың үштен бір бөлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы негізінде Қостанай қалалық әкімдігі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұсынған тізім бойынша, Бахытбек Нұрғабылұлының басшылығымен мүгедектерге, күн-көрісі төмен, көп балалы отбасыларына таратып берді.
Өкіл имам ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырған азаматтарға Құрбан айттың өзіне тән ерекшеліктерін түсіндірді. Сөйтіп, Құрбан айт кезінде барша дін жолында жүрген азаматтар да, көмекке мұқтаж жандар да үлкен қуанышқа бөленді.
Сонымен қатар кейбір жүріп тұруы қыйын кісілердің үйіне жеткізілу жағы да қарастырылған.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылғы Құрбан айт мейрамының алғашқы күні Қостанай шаһарындағы «Наурыз» шағын ауданында мұсылман қауымы көптен күткен жаңа мешіт салтанатты түрде ашылды.
Онда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жиналған қауымды зәулім де уақыт талабына сай келетін имандылық ордасының пайдалануға берілуімен және Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Содан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін істері жөніндегі бөлімінің басшысы Камалжан Тұрдыбаев барша жұртшылыққа ең ізгі тілегін білдірді.
Ал, есімі өңірімізге кеңінен танымал абыз ақсақал Мырзағали Ғабдуллин мешітке өздерінің лайықты үлестерін қосқан күллі азаматтарға шынайы ризашылығын танытып, ақ батасын берді. Содан кейін Құрбан айт намазы оқылды.
Осы басқосудан соң арнайы бөлінген орындарда мұсылман бауырларымыз құрбандық шалу рәсім орындауға бет алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Бәрімізді айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Ислам діні сан ғасырдан бері еліміздің рухани тірегі болып келеді. Халқымыз асыл дініміздегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке – Құрбан айтқа айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған бұл мереке бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Айт күндері қажылық парызын өтеп жатқан мұсылмандар да Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында еліміздің амандығы, халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастырымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Қадірлі ағайын!
Барша жамағатты, еліміздің жанашыр азаматтарын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!
Кеше «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының «Бірінші студия» бағдарламасының тікелей эфиріндегі хабарда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Тәжімбет Бахытбек пен найб имам Сыздықов Дархан «Құрбан айт» тақырыбында кездесу өткізді.
Бахытбек Нұрғабылұлы Құрбандық шалудың негізгі шығу тарихы, маңыздылығы және тәртібі турасында сөз қозғады. Сонымен қатар қасиетті Құрбан айт күні Қостанай қаласында жаңа мешіттің ашылатындығы туралы айтып өтті.
Эфирге тікелей қоңырау шалған азаматтардың сұрақтарына Дархан Манарбекұлы жауап бердіп, Құрбан айт намазының ерекшеліктері мен маңыздылығы жөнінде жан-жақты тоқталды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жақында Федоров ауданынындағы «Жиентай қажы» мешітінің Бас имамы Абзал Сұлтанғалиұлы осы аудандағы №2 қазақ орта мектебінде болып, білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Білім алып жатқан шәкірттермен жүздесті.
Ол бұл кездесуде оқушыларға Ислам дінінің артықшылығы және исламдағы бес парыз жайлы қысқаша мағлұмат берді. Болашақта жас ұрпақты мешітпен тығыз байланыс жасап, имандылық, ізгілік жайлы мол тағылым алуға шақырды.
Өз тарапынан білім ордасымен осындай берері мол кездесулер өткізуге, оларды толғандырып жүрген сауалдарға нақты жауап беруге назар аударатындығын жеткізді.
Аталмыш басқосу екі жаққа да тиімді жағдайда өтті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімі мен ҚМДБ «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімі бірлесе әзірлеген құрбандық шалудың үкімі атты инфографиканы назарларыңызға ұсынамыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Халықаралық астрономиялық зерттеу орталығының мәліметін негізге ала отырып, осы жылы Құрбан айт мерекесі қыркүйек айының 12-сі күні басталатынын хабарлайды.
Құрбан айт намазы Астана уақытымен:
Астана: 7:30 (таңғы)
Алматы: 7:00 (таңғы)
Қарағанды: 7:30 (таңғы)
Қостанай: 8:30 (таңғы)
СҚО: 8:00 (таңғы)
Семей: 7:00 (таңғы)
ШҚО: 7:30 (таңғы)
Павлодар: 7:30 (таңғы)
Көкшетау: 7:30 (таңғы)
БҚО: 7:50 (таңғы)
Маңғыстау: 7:40 (таңғы)
Атырау: 8:00 (таңғы)
Ақтөбе: 8:00 (таңғы)
Талдықорған: 7:00 (таңғы)
Қызылорда: 8:00 (таңғы)
ОҚО: 7:40 (таңғы)
Жамбыл: 7:30 (таңғы)
Арқалықтағы есте қаларлық шара
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қолға алынған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұжымы да жаңа оқу жылы қарсаңында қайырымдылық шарасын өткізді.
Мешіт ұжымы биылғы жылы 30 балаға көмек қолын созып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелеріне мектепке қажетті оқу-құралдарымен және киім-кешек жөнінен өздерінің ықпалын тигізді.
Дәл осындай игі іс-шара қалаға қарасты Молодежный, Фурманов елді мекендерінде де осындағы имамдар Н.Бақтыбай және Б.Ахметтің мұрындық болуымен жүзеге асырылды.
Қайырымдылық іс-шарасына қатысқан отбасылар мен ата-аналар ерекше қуанышқа бөленіп, акцияны ұйымдастырушы мешіт ұжымы мен қызметкерлерге шынайы алғыстарын білдірді.
Қалалық мешіттің найб имамы Есбол Касенов бүлдіршіндерді мешіттен әрқшан да қол үзбей имандылық нәрімен сусындап, білімді де, парасатты болуға шақырды әрі батасын берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі