Міне енді санаулы күндерден соң биылғы 2017 жылдың, яғни хиджри жыл санауы бойынша 1438 жылдың қажылығы да басталады.
Жер-жерде «қажылық парызымды өтеймін»,-деп ниеттенген жандар сапарға жан-жақты дайындалуда. Сол себепті Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының тапсырмасы негізінде облыс бойынша барлық мешіттерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қанша дегенмен қажылық сапары кезінде миллиондаған адамның ішінде жүріп кейбір амалдарды ұмытпай, парыздары мен сүннеттерді толық орындаған кезде ғана қажылық міндеті өтелген болып есептеледі.
Сондықтан Қостанай облысынан қажылыққа баратындарды алдын-ала дайындау мешіт имамдарына жүктелген. Осы орайда облыс мешітте «Қажылық сапары» тақырыбында дәріс оқылып, жасалатын амалдар бойынша үйрету сабақтары өтті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті мектеп оқушыларына арналған айлық жазғы сауат ашу курсын аяқтап, оны ойдағыдай қорытындылады.
Мұнда оқу барысында 12 шәкіртке тәлім-тәрбие беріліп, Құраннан дәріс үйретілді. Сондай-ақ «Ата-ананы құрметтеу», «Өтірік айтпау», «Жаман сөз сөйлемеу», секілді маңызды тақырыптарда имандылық бойынша уағыз-әңгімелер айтылды.
Дәрістерге қатысушыларға ұстаз Арлан Бауыржанұлы мен Абу Ханифа медресесінің шәкірті Балғабай Оразханұлы терең білім беруге тырысты.
Балалар сауат ашу курстарында тек білім алып қана қоймай, футбол, асық ойыны сияқты бой сергітер ұлттық ойындарға көңіл бөлді. Осындай дарыстар жиі ұйымдастырылып тұрды.
Ілім жолындағы алғашқы ізденістерін бастаған талабаларға мешіттің өмір көрген қажылары яғни ақсақалдар қауымы батасын берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынш өкілдігінің баспасөз қызметі
بسم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على سيدنا محمد وعلى آله وأصحابه أجمعين،
أما بعد:
Рақымды, Мейірімді, Алланың атымен!
Күллі мақтау мен мадақ әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға болсын! Жаратылғандардың абзалы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және оларға ергендерге қияметке дейін Алла Тағаланың сәлемі мен салауаты жаусын!
Кепілақша деп затты сатып алу үшін немесе мүлікті жалдау үшін ақшасының бір бөлігін алдын-ала төлеуді айтады. Егер тауарды сатып алатын болса, онда кепілақшаны сол заттың құнына қосып есептейді. Ал сатып алмаған жағдайда кепілақша сатушының иелігінде қалады.
Кепілақша сауданы жүзеге асыруға әрі одан басқа затты сатып алмауына кепілдік береді. Сондай-ақ, ол – сатып алушының затты алуға ниетті екендігін нақтылайтын келісімшарт.
Жұмһұр (мәлики, шафиғи, ханафи) ғалымдардың көзқарасы бойынша бұл келісімшарт дұрыс саналмайды. Мәлики, шафиғи мәзһабының ғалымдары кепілақша арқылы жасалған келісімшарт дұрыс емес десе, ханафи мәзһабының ғалымдары шарты дұрыс болмағандықтан келісімшарты да дұрыс емес деген. Өйткені, ол біреудің мал-дүниесін ешбір қайтарымсыз, заңсыз жолмен алған болып есептеледі.
Ал, имам Ахмад ибн Ханбал бұл келісімшартқа рұқсат берді.
Зайд бин Асламнан жеткен хадисте ол былай дейді: «Расында Пайғамбарымыз (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) саудадағы кепілақшаға рұқсат етті».
Әл-Мақдиси «әл-Муғни» атты кітабында: «Имам Ахмад дәлел ретінде Нафиғ ибн Абду әл-Харис Омар ибн Хаттабтың (р.а.) бұйрығымен түрме жасау үшін Сафуан ибн Умаядан Меккеден 4000 дирһамға жер сатып алғандығын алға тартады. Сонда Нафиғ: «Егер Омар (р.а.) разы болса жерді аламыз, алмасақ 400 дирһам ақша сенде қалады», – деген. Бұл хабар Омарға (р.а) жеткенде, оған қарсылығын білдірмеген. Сондықтан осы риуаят аталмыш сауда түріне рұқсат екенін білдіреді»,– деп келтірген.
Қазіргі заманның фиқһ ғалымы әз-Зухайли: «Қазіргі таңда келісімді бұзу және күттіру есесіне алынатын кепілақша арқылы сауда жасау кең таралған. Менің пікірімше, әдет-ғұрыпқа сүйене отыра бұл келісімшартты дұрыс әрі кепілақша арқылы жасалған сауданы адал деймін. Өйткені, ол жөнінде харам немесе халал деп келген хадистердің барлығы дерлік сахих емес», – деген.
Осыған орай, «Бәйту әт-тамуил әл-куәйти» (Кувейт қаржыландыру үйі) Ахмад ибн Ханбалдың көзқарасын құптап, соның негізінде пәтуа берген.
Сонымен қатар, Халықаралық ислам фиқһ академиясы сегізінші отырысында кепілақша саудасына қатысты №72 (8/3) мынадай қарар шығарды: «Егер кепілақшаны белгілі бір уақытқа дейін шектеп қойып, сосын сол аралықта тауарды алса, онда алдын ала берілген ақша заттың сомасына қосылып есептеледі. Ал шарт бойынша белгіленген уақыттан кешіксе, ақша сатушының иелігінде қалады».
Үкім:
– Сауда барысында сатып алушы затты алмаған жағдайда кепіл ақша сатушыда қалады.
– Кепілақша сомасы жергілікті қолданысқа қарай тараптардың келісімі бойынша белгіленеді әрі ол тауар құнының бір бөлігі болып есептеледі.
Рухани ұстаным – кез-келген қоғам мүшесінде белгілі бір дәрежеде болатын ерекше сезім. Ол арқылы адамның жан дүниесінің қандай құндылықтармен толыққанын, таным-түсініктерін зерделеуге болады. Пенденің жиған парасат-пиғылына көз жүгірте отырып, оның айналасына, жасаған ісіне және қауымына баға бересің. Біздің іс-әрекетіміз бен мінезімізге, әдет-ғұрпымызға я міндет-мұраттарымызға қоғамның тигізер ықпалы зор. Себебі, сіңірер тәрбиемізді ең әуелі жақын ортамыздан аламыз. Яғни, біздің өмірлік бағыт-бағдарымызды ата-аналарымызға, дос-жарандарымызға қарап бағалайды. Мәселен, әлемге аты мәшһүр, қызметімен әлеуметке шарапатын тигізген тұлғалардың шыққан ортасы мен алған тәрбиесіне дүйім жұрттың жіті ден қоюы да содан. Өзге халықтар да біздің бет-бейнемізге, салт-санамызға қарап, кешегіміз бен бүгінімізге баға береді. Әлбетте, бұған терең мән берер болсақ, жауапты әрі ғибратты дүние екендігін ұғынамыз.
Біз қазіргі таңда өркениеті мен мәдениеті әдемі үйлесім тауып келе жатқан, егемендіктің арқасында етек-жеңімізді жинап, ұрпақ қамы үшін генетикалық жадысын жаңғыртуды көздеп отырған елміз. Өткенге салауат айтып, келешегіміздің кемел болатындығына кәміл сенеміз. Анығында, бүгінгі жетістіктеріміз –кешегі өткерген күрделі дәуірімізден алған сабақтар әрі тарих қалыптастырған рухани зердеміз. «Елді ояту үшін тарихты ояту керек», - деген даналық сөз бар. Елбасымыздың генетикалық кодты жаңғырту туралы идеясының астарында да осы бір терең мағына жатыр. Яки, әуелгі кезеңде жасалған істер мен өткен оқиғалар, бабалар өсиеті – бүгінімізді баянды етуге септеспек. Ал сол жүріп өткен жолға шолу жасау үшін тарихымызға, ата дәстүрлерімізге зер салғанымыз абзал. Қазақ халқының мәдениетін-әдебиетін, ұлттық болмысын Ислам дінінен айырып қарастыруға әсте болмас. Өйткені, тағылымға толы төл мәдениетіміздің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан да осы Хақ дініміз болатын. Өркениеттің өркен жаюына дін мен рухи тазалықты дәріптеген жазба және ауыз әдебиетіміз, қисса-дастандарымыз бен жырларымыз септігін тигізді.
Ислам – күллі адамзат баласына түсірілген әрі бейбітшілікке үндейтін дін. Құран Кәрімнің Хұжурат сүресінде: «Бір – біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпаларға бөлдік», – делінген. Расымен де, дініміз бірімен-бірі туыстас түркі халықтарын біріктірді әрі олардың бірліктерін бекем етті. Жазушы Ақселеу Сейдімбек ислам дінінің тарихымыздағы маңызы туралы келесідей пікір айтқан: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр». Зер салып қарайтын болсақ, тіпті жөн-жоралғыларымыздың түбінде ислами негіздің жатқандығын аңғаруға болады. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақытты қамтитын кезеңімізге, ислами көркем дәстүр-шарттар жетекшілік етіп отырған. Ұрпақ өсіру жүйесіндегі ғибратты салттарымыздың да рөлі маңызды. Сәбиді құрсақта жатқан шағынан бастап тәрбиелеу керек деген ғылыми ұстанымға сүйенер болсақ та «Құрсақ шашу», «Азан шақырып ат қою», «Бесікке салу» сынды дәстүрлердің имани тұрғыда зор мағыналы екендігін айғақтай аламыз. Ауыр халде жатқан кісінің көңілін сұрау, қуанышта да қайғыда да адамның жанынан табылу сынды қанымызға сіңген әдеттердің негізін, бауырластықты дәріптейтін дініміз қалап кеткен. Түсіне білсек, бұл дағдылар – халқымыздың ынтымағын сақтап отыр.
Тәуелсіздігіміздің және татулығымыздың тірегі – асыл дінімізде. Себебі, дінге негізделген дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып, өткеніміз бен бүгінімізді байланыстыруда. «Алла – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген ұстаныммен тіршілік кешкен жұртымыздың ұлттық болмысы, Ислам дінімен астасып кеткен. Хақ Тағаланың сыйлаған сәулесі халық жүрегіне жеткендігі расында үлкен мәртебе. Ол біздің ішкі табиғатымызға сай келген соң, дархан даламызда бейбіт жолмен насихатталды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам» – деген екен. Алла Тағала қасиетті Құрани Кәрімде де «Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді» дейді («Бақара» сүресі, 256-шы аят). Құран ешкімді де дінге зорлықпен кіргізуді бұйырмаған. Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Сенің міндетің тек қана естірту» («Әли Имран» сүресі, 20-шы аят; «Нахыл» сүресі, 82-ші аят; «Шура» сүресі, 48-ші аят), деп оның қызметі жұртты еріксіз көндіру емес, естіртуші, дәріптеуші екендігін жеткізген. Күштеу немесе қанау арқылы қағида жүргізген сенімнің түптің түбінде жүрекке орнықпайтындығы да белгілі ғой. Яғни, Раббымыз пенделеріне иман келтіруді үйренуге, ақиқатты іздеуге, тура жолды табуға мүмкіндік берді. Адам баласының дүниетанымы мен ұстанымдары қыспақ арқылы қалыптасса, өмірдің маңызын жіті сезіне алмайды. Сол себепті де діни сенім бостандығы – Ислам жариялаған іргелі құқықтардың бірі.
Исламның негізгі шарттары да тиімді әрі шынайы. Әрбір мұсылман өмірді қаз-қалпында қабылдайды. Мұсылмандар қауымы адамгершілік құндылықтарды және ізгі істерді насихаттай отыра, өзге мәдениеттің негіздерін әлсіретуге тырысқан жоқ. Олар грек ұлтының қырағылығы мен парасатын, үндістердің астрономия мен математикаға деген қызығушылығын, қытай халқының қолөнерін, парсылардың мемлекетшілдігі мен саясат жүргізу қабілетін, ежелгі арабтардың ділмарлығын бағалаған. Ислам кез-келген тарихи-мәдени ортаға оңай бейімделді. Нәтижесінде үмметтер мұсылман өркениетін тың идеялармен, жасампаз еңбектермен байытқан түрлі халықтарды біріктірді. Құран мен сүннеттегі бұйрықтар, тұтасымен бейбітшілікті және қоғамдағы келісімді қамтамасыз етуге, түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыруға бағытталған. Бұған қоса, Құрани ілімге сәйкес, ұлттар мен мәдениеттер арасындағы сұхбат – түрлі халықтар мен тайпаларды жаратудағы басты мақсаттардың бірі. Сұхбат – бұл пайғамбарлар мен елшілердің дәстүрі. Ол бірлік пен татулыққа жетуге, бір-бірін жақсы түсінуге және ұстанымдарды жақындатуға септігін тигізеді. Ислам – діндер арасындағы сұхбатты қолдайды. Өйткені, өз білгеніңмен бөлісуге дайын болу және көзқарастар мен пайымдаулардың әртүрлілігі арқылы ақиқат жолында алға жүруде өз қабілетіңе күмәнданбау – мықтылар мен ақылдыларға тән қасиет. Шариғатымыз мұсылмандармен бірге бейбіт өмір сүретін кез-келген адамның өмірі мен мүлкіне қастық ойлауға тыйым салады және адамдарға олардың діни сенімі мен көзқарасына қарамастан жақсылық жасауды бұйырады. Бұл жөнінде «Ән-Нахл» сүресінің 125-ші аятында: «Пенделерді Жаратқан Иеңнің жолына даналыққа және жақсы насихатқа шақыр. Олармен сыпайы түрде сұхбаттас. Жаратқан Иең ақиқат жолынан адасқандар кім екенін жақсы біледі. Әрі Ол тура жолды тапқандарды да жақсы біледі», - делінген. Дініміз кез-келген зорлықты жақтырмайды. Біз өзіндік таңдауды мойындай отыра, өзге адамдардың еркіндігін де мақұлдауымыз қажет. Құран бізге сұхбаттасың қандай болса да оның тұлғасын сыйлауды үйретеді. Бұл исламның әмбебаптығының көрінуінің бір белгісі.
Жалпы дінаралық сұхбаттың көпғасырлық тарихы бар. Әрі ол қоғам дамуының түрлі кезеңдерінде әркелкі сипаттарға ие болған. Түрлі аспектілер шаруашылық-экономикалық өлшемге бағынатын бүгінгі әлемге руханилық жетіспей жатады. Сол себепті, діни жандану үрдісі жиі діни формалар мен әдет-ғұрыптарға қайта оралумен шектеліп қалады. Осы себептердің салдарынан көбісі дінді жиі текетірес көзі және өркениеттердің қақтығысуының себебі деп қарастырады. Ал негізінде, дінаралық сұхбат әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және басқа да проблемаларға бағытталған жағдайда қоғамдық келісімге жетуге жәрдемдесер еді. Нәтижесінде барлық дін ұстанушылар, бірлескен күш-жігерлері арқылы әлеуметтік әділетсіздік, маскүнемдік, мәдени отаршылдық, қоршаған ортаның ластануы, ксенофобия сынды қоғам дерттеріне қарсы тұра алар еді. Дін дегеніміз – адалдық, шарапатты істің насихаты әрі берекеті. Сондықтан жақсылықтың негізін жұрт болып жұмыла отыра дәріптесек, имани тұрғыда жетістікке жететініміз хақ.
Әмірханов Шоқан Ғазизұлы
Қостанай қалалық мешітінің бас имамы
Қызғаншақтық, іштарлық – адам баласының бойындағы, өзгелердің қол жеткізген жақсылықтарын қабылдай алмау сезімі. Басқаша айтқанда, көре алмаушылық бір адамның өзінде болуын қалаған әртүрлі қабілет пен бақ-дәулеттің басқа біреуде болғанын іштей қызғану.
Қызғаныш – ашумен білінетін, сосын кекке айналатын ызалану сезімінің нәтижесі. Қызғанышты білдіру және басқалардың төмен болғанын қалау жүректің кемелденуін тежейтін өте нашар қасиет.
Жалпы іштарлық сезімі қоғамымыздағы көпшілік адамдарда кездесетін жаман рухани індет. Себебі пенденің бойындағы теріс қылықтары, қашаннан да қоғамға өз кесірін тигізіп келетіні мәлім. Олар кейде жанды жаралайды, бірде бүліктің салдарына айналып жатады. Ал бойдағы бұл қайшылықтарды еңсеру үшін өз-өзіңмен күресу қажет. Себебі, оларға тұсау салынбаса, қызба сезімдер сабырымызға дақ түсіреді. Ал сабырлық – иманымыздың жартысы. Ішкі дүниеде сыр беріп қалатын оспадар олқылықтарымыз, істеген ісіміздің берекесін кетіріп, жан тыныштығын бұзады. Оның нәтижесі көбіне күнәлі істерге итермелейді. Ал күнәлі іс – адам баласының Алла Тағаланың алдындағы дәрежесін төмендетеді. Пенде бұл істен игі қорытынды шығармаса, тәубеге келмесе, оның иманына дақ түсіп, адамшылық жақсы қасиеттері құлдыраудың үстіне кұлдырай береді. Асылы, жақсы амал – мерейіңді асырады. Бұған қатысты Құранда Алла Тағала былай деген:
يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ
«Алла сендерден иман келтіргендер мен білім берілгендердің дәрежелерін көтереді» («Мужәдәлә» сүресі, 11-ші аят). Адамзаттың ең асылы Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыз да бұл турасында: «Пенде мән бермей Алла разы болатын бір сөз сөйлесе, Алла оның дәрежесін көтереді және пенде Алланың ашуын келтіретін бір ауыз сөз айтса, сол үшін жәһәннәмға тасталады», - деген. Біз Жаратушы Иеміздің разылығына ие болу үшін ішкі дүние мен сыртқы ортаның кесірлерінен өзімізді мейілінше сақтандыруға тырысамыз. Десе де, иман мен сабырды адам бойынан алшақтату үшін жанталаса жүретін Ібіліс пен нәпсі, үнемі бізді адастырудан таймайды.
Ихсан ілімінде, бұл дүниеде адамзат баласының үш нәрседен құтылуы қиынға соғады делінген. Олар – қызғаныш, жорамал және өзгелер туралы теріс пікір. Расында көре алмаушылық пен қызғаныш – жүрекке кірбің ұялатып, мазасыздыққа апарады. Бұлар иманмен бірге бірлікте өмір сүре алмайтын тәкаппар сезімдер. Себебі, тар ниетті адамның көре алмаушылығы, уақыт өте иманды әлсіретумен ұлғая береді. Іштарлық сезімінің пайда болуына себепкер болған адамның несібесі молайып, не мерейі жоғарлаған сайын, әлгі қызғаншақ, іші тар пенденің ашуы күшейіп, жауластығы одан сайын артады. Бұның салдары жаман оймен шектелмей, қастандық жасау сияқты түрлі қылмыстық күнәлі істерге жетелеуі әбден мүмкін. Демек іштарлық – өзгенің жетістігі мен жақсылығын құп көрмеуден, қабылдамаудан туады. Бойды бұл сезімдер билесе, иманды әлсіздікке, жүректі жүгенсіздікке соқтықтыратындығын білген ләзім.
Қызғаншақтық, іштарлық және көре алмаушылық сезімдеріне берілудің үкіміне қатысты, Ислам дінінің барлық ғұлама-ғалымдары бір ауыздан жиеркенішті әрі тыйым салынған күнәлі іс екендігіне бір ауыздан келіскен.
Психология тұрғысынан қарасақ та, қызғаныш – өзіңе деген сенімділіктің аз болуынан, рухани дәрменсіздіктен туындайды. Қызғаншақ адамның үнемі мазасыз әрі сабырсыз болуы, көре алмаған адамының жетістігін көрген сайын тіршіліктен түңіле беруі содан. Жүректегі иманды біртіндеп жегі құрттай жейтін бұл сезім расында өте зиян. Нәтижесінде жан дүниеңе пасық ойдың уыты тарап, бар ғұмырың біреудің өмірін іштарлықпен сырттай бақылаумен өтеді. Ал тар көңіл мен пайдасыз іске кеткен уақыт – дініміздің қас жауы. Осылайша, қай жағынан алып талдасаңыз да, қызғаныштың Исламға қайшы екендігін аңғарасыз. Көре алмаушылықтың түп-тамыры – Алла Тағаланың пешенеге жазған тағдырына, берген несібесіне шүкіршілік етпеуде жатса керек. Раббысына разы болмау – Оған қарсы шыққанмен тең. Зор парасат иесі Жаратушы Иеміздің өз пендесіне қандай да бір қабілетті не қиындықты беруінде бір ғибрат жатқандығын түсінбеу – бізге сын. Яки, өзгені өзіңнен артық я кем санау, бауырыңның қуанышына шын көңілмен қуана алмау – мұсылман жанға жат қылықтар. Тіпті күнәлардың ішіндегі ең ауыры десе де артық емес. Ғалымдар қызғаншақтыққа қатысты былай деген екен: «Іштарлық, көктегі ең алғашқы жасалған күнә. Себебі Алла Тағаланың лағынетіне ұшыраған Ібіліс, Адам (а.с.) пайғамбардың абыройын қызғанды. Осылайша көре алмаушылық көптеген қылмыстың негізіне айналды».
Алла Елшісі (ﷺ) өзінің мүбәрәк хадис шәрифінде қызғаншақтық жайында былай деген екен: «Мұсылман адам өзіне қалаған жақсылықты, өзге мұсылманға қаламаса және өзіне қаламаған жамандықты, өзге мұсылманға қаласа, онда оның иманы кәміл емес». Екі дүние сәруәрі Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (ﷺ) бізге жеткен көптеген хадистерінде адамдардың бойынан кемшілікті іздемеу, зұлымдық жасамау, бір-бірімізді дос әрі бауыр тұту керек екендігі анық айтылған.
Қоғамымызда белең алған қызғаныштың келесі бір түрі, ол күйеуі әйелін не әйелі ерін қызғануы. Сезімнің бұл түрі жайында адамдарда екі ұшты пікір қалыптасқан. Әйтсе де бұны да Ислам шариғаты бойынша дұрыс түсінген абзал. Себебі, Алла Елшісі (ﷺ) қызғаныштың екі түрін атап көрсеткен. Біріншісі Алла Тағалаға ұнамды қызғаныш. Ол – әйел затының күмән туғызып және теріс ой қалыптастыратындай, керағар іс жасаған кездегі күйеуі әйелін қызғануы.
Ал екіншісі Раббымыздың ашуын тудыратын қызғаныш. Ол – ешбір дәйексіз өмірлік жарының кез-келген әрекетіне күмән келтіре беру. Бұл әрекет ері мен әйелінің қарым-қатынасына сызат түсіріп, үйдегі ырысты кетіреді.
Жалпы, қызғаныштың салдарынан шаңырақтың шырқы бұзылып, адам санасын күдік жаулайды. Ой тұманданып, көзді күмән торуылдайды. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) былай дейді: «Қызғаныштан қашыңыздар. Себебі, ол оттың отынды жалынымен жегені секілді, жасаған жақсылықтарыңды жейді», - дейді. Яғни, бір ғана қызғаныш сезімі, жасаған амалдардың сауабын жояды. Шариғатқа сәйкес, күйеуі әйелінің әрбір басқан қадамын аңдуы үлкен қателік. Ол махаббат пен сыйластықты, отбасындағы үйлесімділікті бұзады. Пайғамбарымыздан жеткен хадисте былай делінген: «Адамдардың жасырын нәрселерін, кемшіліктерін іздемеңдер, дұшпандық және қызғаншақтық жасамаңдар, бір-бірлеріңді бауырдай жақсы көріңдер де, жанжалдаспаңдар. Мұсылман мұсылманның бауыры болған соң, оған зұлымдық жасамайды, керісінше көмектеседі де оны өзінен төмен санамайды» (Имам Бухари).
Мін іздеп отыру – Ібілістің ісі. Ол араға от салып, пенденің кішкентай айыбын жұбайының көзіне зор кемшілік етіп көрсетіп қояды. Бұны білген Алла елшісі (ﷺ) «Әйелдің кемшілігін болмысынан деп біліп, оған көз жұма қараңдар»,-деп өсиет етті. Қазақ халқының «Жақыныңның жақсылығын асыр, жамандығын жасыр», - деуінде де астарлы мән жатыр. Жұбайлардың бір-бірінің бойларындағы игі қасиетті ғана байқап, кемшіл тұсын бөтендерге білдіртпей түзегендері қайырлы болмақ. Отбасының жеке өмірін өзгелермен бөлісіп, оның бір мүшесінің жағымсыз қасиетін сыртқа тасу дұрыс емес.
Расында пайғамбарымыздың өмір жолы тіршіліктің қай қырынан болсын бізге дұрыс бағыт көрсетуші үлгі іспетті. Сондықтан, иманымызға азық болмайтын пасық істерден алшақ болу үшін де қасиетті Құрандағы өсиеттерді өмірде қолдана білгеніміз жөн. Асылы, бұл бізге бақытты әрі ғибратты ғұмыр кешуімізге септігін тигізеді.
Әмірханов Шоқан Ғазизұлы
Қостанай қалалық мешітінің бас имамы
Алдымен иман ұғымын түсініп алсақ. Иман сөзінің тілдік мағынасы растау, сену, нану, илану дегенді білдіреді. Яғни, Аллаға иман келтіру, Оның періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне сену, илану, ақиақат екенін растау. Жалпы иман дегеніміз – иманның алты шартын тілмен айтып, жүрекпен бекіту болып табылады. Тек тілмен «мен иман келтірдім», «сендім» деген сөздер толық иман келтірген болып табылмайды. Себебі мұнафықтар (екіжүзділер) де біздер иман келтірдік деп айтатын. Тек тілмен айту иман келтіруге жеткілікті болғанда, онда екіжүзділер нағыз иманды болатын еді.
Алайда, Алланың бар екендігіне, оның «Мейірімді, Рақымды» деген сияқты барлық сипаттарына толықтай илануымыз парыз. Бірақ әркімнің Аллаға деген сенімінің дәрежесі әр түрлі болады. Мәселен, Алланың бұйырған әмірлерін орындап, тыйғандарынан тыйылу арқылы әркімнің иманы кемелденеді де, керісінше жағдайда әлсірейді. Сондай-ақ, қияметтегі жағдайы да сол иман байлығына байланысты болмақ. Сол себептен иманды жанға иманын кемелдендіріп, Ақыреті жарқын болуы үшін үнемі тақуалыққа барынша өзін жүгендеп тұруы қажет. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына: «Өлгеннен кейін адамзаттың баршасы өкініш білдіреді»,-деп өлгеннен кейінгі өмірден хабар береді. Сахабалары: «Оның өкініші не себепті?», – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер де жақсы адам болса, жағдайын одан әрі кемелдендірмегені үшін, егер де жаман адам болса, онда сол жамандығынан бас тарта алмағаны үшін өкініш білдіреді»,-деп осы фәнидегі иманның қаншалықты кемел болуының маңызды екендігін жеткізеді. Олай болса, иманымызды қалай кемелдендіруге болады? Не істемек керек? – деген сауалдарға жауапты әз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қалдырып кеткен екі асыл құндылығымыз Құран мен сүннеттен іздеп көрелік.
1. «Сөзсіз мүміндер; Алла еске алынса, жүректері қобалжиды да оларға Алланың аяттары оқылса, имандары кемелденіп, Раббыларына тәуекел қылады»- дейді. Демек, иманның кемелденуінің бір тұсы, үнемі Алланы еске алып әрі біздер үшін ақ пен қараны яғни жақсылық пен жамандықты, туралық пен адасушылықты айқындап беретін аяттарды оқып, оған амалдар жасауымыз, иманның кемелденуіне апарады екен. Себебі, пенденің жүрегі Алланы еске алмаған кезде иманы әлсіреп, не нәрсе болса соған бағытталып, әлсіз әрі бейқам жүрекке айналып, қателік жасауға бейімделіп тұрады екен. Алла Тағала Құрани Кәрімде: «Естеріңде болсын! Жүректер Алланы еске алумен ғана орнығады» - дейді. Алланы еске алу – Оны көп зікір ету, Құран аяттарын мейлінше үзбей оқып тұру. Әрі оқығандарына амал жасау. Мұны Абай атамыз: «Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» - деп түйіндейді.
2. «Алла дұрыс жол тапқандардың дұрыстығын одан әрі арттырады». Яғни, сауапты істер көп істеу арқылы Алланың назарына ілігіп, иманы артып, Жұмаққа бару жолы жеңілдеп, адасуда болмайды. Сондықтан иманымызды кемелдендіруге тырысқан сайын, Алла Тағала да иманымызды арттыра түседі. Ол үшін, һидаят жолдан таймай, білім іздеуіміз керек. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім, білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы жұмаққа жету жолын жеңілдетеді»,-деген. Олай болса, білім алуымен иманымызды кемелдендіріп, алған білімімізге амал етсек, жұмақ жолы да жеңілдемек екен. Бұл жөнінде Бұқар жырау бір шумақ өленмен былай деген екен:
Алла деген ар болмас,
Хақтың жолы тар болмас,
Құдайға мойын бұрмасақ,
Қысылтаяң күн туса,
Жаратқан өзі жар болмас.
Бес уақыт намаз оқысаң,
Ақырет күні иншАлла,
Тозақта жаның қор болмас,
Бір құдайдан қорықта,
Жайнамазбен бол жолдас. >
3. Алла елшісі (с.ғ.с): «Сіздердің біріңіз теріс істі көрсе, шамасы келсе оны қолымен өзгертсін. Оған шамасы келмесе, тілімен айтып өзгертсін. Оған да шамасы жетпесе, оны іштей жек көріп, қарсылық білдірсін. Бұл – иманның ең төменгі дәрежесі»- деген. Қараңыз Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біздерге иманның белгілерін көрсетіп беріп жатыр. Иманның ең төменгі дәрежесі қандай да бір жамандықты көріп, оны тоқтатудың басқа жолдарын таппай қалған жағдайда сол істі жүрекпен жек көріңдер дейді. Олай болса, иманның кемелі – жаман істерді көргенде оның тоқтауына үлес қосу. Көшеде келе жатсаңыз алдыңыздан кісі сүрінерлік тас не басқада заттар жатса, оны біреу сүрініп қалмасын деген ниетпен алып тастасаңыз, Алла сізді сондай пәлекеттерден сақтап қояды, иманыңызды арттырып сауаптар жазып қояды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жөнінде былай деген екен: «Иман жетпістен астам тармақтан тұрады, оның ең кемелі Лә иләһа илла Алла, ал төмені жолдағы кедергіні алып тастау».
4. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мұсылмандардың кәміл имандысы ең көркем мінездісі...». Иә, көркем мінез иесін қашанда тек биіктерге жеткізеді. Дана халқымыздың «Ұлық болсаң – кішік бол» деген нақыл сөзі, көркем мінездінің қаншалықты дәрежеде өзгелерден биік тұратындығын аңғартады. Бұған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисі дәлел болмақ: «Қиямет күні маған ең жақын болатындарың, мінез-құлқы ең жақсы болғандарың». Қиямет күні Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) қарапайым адамдардың қасында ғана емес, өзге пайғамбарлар алдында да өте биік дәрежелі орында болады. Ал, Алла елшісімен (с.ғ.с) Жұмақ төрінде көрші болу барша мұсылмандардың баға жетпес арманы. Тек мінезімізді дұрыстап, иманымызды кемелдендірген жағдайда сол арманымыздың орындалуы ғажап емес.
Міне, иманның кемелдену жолын көрсету мақматында бірнеше аят-хадистерге тоқталып өттік. Жалпы имандылықты арттырудың міндеттілігі жөнінде Құрани Кәрімнің өзінде қаншама аяттар келген. Мақсат барлығын тізбектеу емес, білген бірер аят-хадистерімізге амал жасап, иманымызды кемелдендіру.
Расында иманы кемел жан тақуа, мінез-құлықы көркем, үлкенге құрмет көрсетіп, шариғи іліммен сусынданған, бір сөзбен айтқанда екі дүниенің бақытына жетелейтін амалдар жасап, Алланың разылығына бөленген жан. Алла иман байлығымызды кемелдендіргей! Әмин.
Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
Қостанай аудандық «Маңдай Батыр»
мешітінің бас имамы
1 «Әнфал» сүресі, 2-аят.
2 «Рағд» сүресі, 28-аят.
3 «Мариям» сүресі, 76-аят.
4 Әбу Дәуд
Ерекше мейірімді болған Алла Тағала осы дүниеде өзінің әміріне бағынып, Құранда бұйырған әмірлерін орындап, тыйыл дегенінен тыйылып, ешкімге зұлымдық, қиянат жасамай, біреудің ала жібін аттамаса, о дүниеде өзінің тақуа құлдарына дайындап қойған сый-сиапаттарымен сүйіншілеп қойған.
Себебеі Алла Тағала Құран Кәрімінде: «Жасаған амалдары үшін оларға көзбен көңілді қуандыратын қандай сыйлық сақтаулы тұрғанын ешкім білмейді» - деген. Жұмақ сөзінің тілдік мағынасы: «Жеміс ағашы мол, ішінде өзендер аққан, ағаштардың көптігінен көрінбейтін бау, яғни Ұлы Алла Тағаланың өзінің сүйікті құлдарына дайындап, қуанышқа бөлейтін мекені».
Билік пен байлық, атақ-даңқ, және басқа да осы тәріздес нәрселер біреуге жетсе біреуге жетпей жатады. Сондықтан да адамдардың күншілдігін қоздырып, оларды өзара бәсекелестіріп, бір-біріне өшіктіріп қоятын, артынан азабы мен қорлығы ілесе жүретін дүниелік нәрселер ешкімге де баянды бақыт әкелмейді. Сол үшін мұндай нәрселер адам үшін шын бақыт болып табылмайды. Шын бақыт жұрттың бәріне де бірдей жетіп, бәріне де толық қанағат әкелуі тиіс. Ол әрбір адамның көңілін уайым мен қорқыныштан арылтып, қайғы-қасірет шекпейтін етуі тиіс. Міне, осындай барлық жанды толығымен қанағаттандыратын, көңілден қайғы-қасіретті кетіретін және бәрі де өзін шексіз бақытты сезінетін бірден-бір орын – жұмақ болып табылады.
Бірақ, өкінішке орай, көптеген жандар жұмақ деген ғажайып орын бар дегенге тіпті де сене алмайды. Олар үшін жұмақ ұғымы өмір шындығынан тыс жатқан, кейбір қияли адамдар ғана жұбаныш ететін ертегілік ұғым болып қабылданады. Сол себепті де олар жұмақты бақыт ұғымымен байланыстырмайды әрі өмірлік мұрат ретінде қарастырмайды.
Бірақ, шындығына келгенде, жұмақ жоқ деген сөз адам баласы үшін бақыт жоқ деген сөзбен парапар. Өйткені, жұмақ пен бақыт бір мағыналас сөздер. Жұмақ дегеніміз адам өзін мәңгі бақытты сезінетін жер болса, бақыт - жұмақтан басқа еш жерде де өзінің толық табиғатында көрініс таппайды. Бұл дүниедегі адамдар бақыт деп білетін өткінші ғана сезімді бір сәтке болса да адам жанын босатпай мәңгі баурайтын нағыз бақытқа айналдыру Алла Тағала үшін еш қиын емес. Міне, осындай бақыт адам баласын жұмақ деп аталатын ғажайып орында ғана күтуде.
Адам баласы жұмақ бақытынан артық бақытты еш жерден таба алмайды. Оның бұл дүниедегі бақыт деп білетін барлық жағымды сезімдері жұмақ бақытымен салыстырғанда тоңып отырып қолын ғана жылытқанмен, онда да анда-санда бір жылытып қана отырған адамның әсеріндей болатыны анық. Бірақ, көптеген жандар нағыз бақыттың қандай болатынын білмегендіктен, бұл дүниенің бір сәтіне ғана алданып, мәңгілік бақыттарын жоғалтуда. Адам үшін мұнан өткен зор қателік, мұнан өткен зор өкініш болар ма?
Сондықтан осы дүниенің қызығына алданбай, Алланың әмірлерін орындауға тырысу керек. Алла Тағала құлдарының жасаған амалы мен тақуалығына қарап жәннәтті көптеген дәрежелер мен сатыларға бөліп қойған екен. Құдай қаласа әр мұсылман пенде Алланың қалауы мен өзінің дәрежесіне сай әр-түрлі мекендерде болады. Сол дәрежелердің ең үлкені «Фердаус» деген жұмақтың төрі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Жұмақты сұрасаңдар, Фердаусты сұрандар» - деген екен.
Жұмақта мүміндер кіретін әртүрлі есіктер бар: намаз оқығандар – намаз есігінен, садақа берушілер – садақа есігінен, ораза тұтқандар – (шөлді басатын) «райан» есігінен кіреді. Сондай-ақ, жұмақ есіктері тозақ есіктерінен әлдеқайда үлкен және оның тұрғындары тозақтыкінен көп екендігі айтылған хадистер бар. Тағы бір құдси-хадисте иман еткен барлық ізгі құлдар жұмаққа кірген соң онда бос орындар қалады, сондықтан оны толтыру үшін Алла тағала тағы бірнеше ұрпақ жарататыны айтылады. (Бұхари, тафсир, 50/1; Муслим, «жәннат», 34).
Барлық нығметтерді қамтығын мекенді жалпылама жұмақ деп атайды. Алайда сол жұмақ мекенінде қамтылған ләзәт, шаттық, рахат сияқты нығметтердің сан-алуандығына қарай, аталмыш нығметтер берілетін арнайы мекендердің де түрлі атаулары бар. Мысалы:
Құрметті бауырлар! Алла Тағала осы жұмақ есіктеріне кіруді баршамызға нәсіп еткей.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) қасында бірге жүріп, дін исламның таралуына күш жұмсап, Алланың бұйрықтарын ерекше ихсан дәрежесінде орындаған көптеген сахабалар болған. Алла Тағала осы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабалар туралы бірнеше аяттар түсіріп, солардың көзі тірісінде он сахабаны өзінің жұмағымен сүйіншілеген.
Міне, нағыз бахыт, нағыз байлық (қуаныш) осы. Жұмақпен сүйіншіленген бұл он кісінің ортақ ерекшеліктерінің бірі – ел тізгінін ұстай алатын парасаттылықты иеленуі. Әу бастағы төрт халифаның өмірі бұған дәлел. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Үмметімнің сенімдісі»,-деген марапатына ие болған Әбу Убайданың (р.а.) бойында әйгілі қолбасшы Халид ибн Уәлидті (р.а.) он орап аларлық парасаттылығы бар еді. Міне, осындай дара қасиеттеріне қарамастан Пайғамбарға еруі – ардақтылықтың үлгісі болатын. Аты аталған тұлғалардың барлығы да текті жерден шыққан. Хазіреті Әлидің (р.а.) әкесі аса дәулетті болмаса да, Меккеде сөзі өтетін беделді кісілердің бірі еді. Ислам дінінің болашағы бұлынғыр болып тұрса да байлық пен шеншекпенге көз сатпай, бастарын қатерге тіккендігі үлкен жанқиярлықтың белгісі емей немене?! Олардың ешбірі дүниеге бас имеді. Керек жерінде хазіреті Осман (р.а.) бес жүз түйені үстіндегі жүгімен қоса садақаға берсе, Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) дүниесінің ауырлығынан жұмаққа кірерде кеш қалатынын естіп, қолындағы бар затын тегіс Алланың ақ жолына жұмсай білді. Міне осы сахабалар жұмаққа еш есепсіз кіру бахытына ие болған.
Осы сахабалар сияқты бола алмасақ та, соларға ұқсап бағуды және осы дүниеде не істесек те, тек Алла разылығы үшін істеп, шын мұсылман болып дүниеден өтуді баршамызға да нәсіп етсін. Әмин!
Түсіпбек Асылхан Мұханбетжанұлы
Қостанай аудандық «Маңдай батыр»
мешітінің бас имамы
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев әкімшдіктің кіші залында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шығарған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабын көпшілікке таныстыру мақсатында мәжіліс өткізді.
Мәжілісті бас имам өзі жүргізіп, аталмыш кітаптың негізгі мақсаты – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізділікке келтіру, ысырапшылыққа, шариғатқа қайшы келетін әрекеттерге жол бермеу болып табылатындығын айтып өтті.
Одан кейін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасов шығарылған еңбектегі негізгі деген мәселелерге жеке-жеке тоқталып, өз ой-пікірін айтып, түсінбеген тақырыптары жайында сауалдарын қойды.
Қатысушылар кітаптың бүгінде қоғамымызға өте қажетті екендіктерін айтып ҚМДБ-на шынайы алғыстарын айтты.
Қалалық мешіттің алқа мүшесі, дін жанашыры Мираш қажы да өз ойын айтып, жалпы баршамыз да мұсылман болғандықтан бәріміздің де дініміз бір, құранымыз бір басшылығымыз да бір. Сондықтан мүфтияттың шығарған фәтуаларды талдап-талқыламай-ақ оны орындаға және арнайы дін өкілдеріне бағыну ол – парызымыз екенін жадымыздан шығармайық. Келешекте де халық ішінде дәстүрлі дініміздің кең қанат жайылуына әрқайсымыз үлесімізді қосып, мешіт қызметкерлеріне шынайы жанашыр бола берейік деп сөзін қорытындылады.
Жиын соңында аталмыш кітаптың бір данасын мешіт имамы, орталық кітапхана қызметкеріне табыстады.
Мәжіліске әкім орныбасары З.Мырзағалиқызы, Ішкі саясат бөлім басшысы М.Кәрімқызы, Теолог маман Ә.Бауыржанұлы, ақсақалдар алқасы, кітапхана қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет сан қырлы азамат. Ол тек өз саласының білікті маманы ғана емес, руханиятқа да жаны жақын екендігін дәлелдеді.
Облыс орталығындағы жаңа мешіт пайдалануға берілгелі де қаншама игі істер атқарылды. Жұртшылыққа берері мол конференциялар және басқа да маңызды тақырыпта басқосулар жиі өткізіліп тұрады.
Міне, осы жайларды бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің халыққа жеткізуде сіңіріп жатқан еңбектері де зор. Мұны бас имам жете түсінеді.
Үстіміздегі жылғы журналистер қауымының мерекесіне де айрықша назар аударды. Өңірдегі газет және телевидения саласында жемісті жұмыс істеп жатқан бір топ тілшілерді арнайы шақырып, оларға құрмет көрсетті.
Бахытбек Нұрғабылұлы әріптестерімізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің атынан Алғыс хаттарды салтанатты түрде тапсырып, сый-сияпат жасады.
-Журналист ағайындар мешіт пен оқырмандар арасындағы алтын көпір болып табылады. Біз алдағы уақытта да бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істей береміз, — дейді өкілдіктің жауапты қызметкері Қанат Орынтайұлы.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Еліміз жыл сайын Құрбан айт мейрамын ұлан-асыр тойлап келеді. Бірақ биыл Тобыл жұртшылығы қасиетті Рамазан айынан кейін келетін Ораза айт мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Облыстық мешіттің ұйытқы болуымен Қостанайдағы «Махито» демалыс кешенінде ұйымдастырылған рухани шараға өңіріміздің барлық аудан-қаласы мен еліміздің бірқатар аймақтарынан арнайы келген қадірлі меймандардың қатары көп.
— Соңғы жылдары Қостанай аймағында руханият жағынан үлкен сілкіністер болды. Облыс орталығында сәні мен сәулеті жарасқан мешіт ашылып жатыр. Діни мерекелерді атап өтудің де артықшылықтары байқалады. Бұл да асыл дініміз бен ұлттық болмысымызды арттырудың бір көрінісі, — деген белгілі ұстаз, ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Сансызбай Құрбанұлы енді өңірде Тобыл өзенінің жағалауында дүйім жұрттың басын қосып, ұйымдастырып отырған Ораза айт мейрамы көпке үлгі боларлық әрі қызығарлық іс екенін жасырмады.
ҚМДБ Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола облысы бойынша өкіл-имамдары да ұлық мерекеге ақжарды тілектерін білдіріп жатты. Ал есімдері Алашқа белгілі қос айтыскер ақын Айбек Қалиев пен Елордадан арнайы келген Серікзат Дүйсенғазин сөз сайыстырып, кестелі жырға сусап отырған көпшілікті бір серпілтіп тастағанын айта кетейік. Замандастар бүгінгідей рухани күннің артықшылығын, еліміздің діни тұрақтылыған айналып өткен жоқ. Дегенмен олардың әдемі әзілдеріне жұрт қиқу салып отырды. Әсіресе, Айбек ақынның Серікзатқа қарап, «Біздің өңірімізге келген бас имамдарды көп ұзатпай Астанаға алып кететін әдеттерің бар. Ендігі кезек Бахытбек Тәжімбетке жетіп жүрмесін» деп қағытып өтті. Қарсыласы да қарап қалған жоқ: «Біз имамадарыңызды іскер, көпке абыройлы болған соң алып кетіп жатырмыз» деді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет елдің ыстық ықыласына бөленген екі ақынға демеушілер атынан қос арғымақ мінгізді. Өткен Рамазан айында облыстық мешітте пайғамбар хадистерін жатқа айтудан сайыс өткен екен. Бас имам аталған жарыстың жүлдеді орын иегерлерін марапатсыз қалдырған жоқ. Ал көмекке мұқтаж З.Нұрғалиеваның отбасына және ұлты басқа болса да, ана тілімізді кеңінен насихаттап жүрген И.Хусайыноваға сый-сияпаттар жасалды.
— Бүгінгі сыйлықтың зоры – үлкен қажылыққа жолдама. Демеушілер атынан алдағы Құрбан айт мерекесіне орай, қасиетті Мекке қаласына мешітіміздің жамағаты Қайрат Қалабайұлы баратын болады, — деді Б.Тәжімбет.
Аймағымыз бен көршілес облыстардан келген өнерпаздар, ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академияның тыңдаушылары қойған әскери ұрыс жаттығуларынан көрініс, өңіріміздегі Түрік этно-мәдени орталығы «Горцы Ахыска» ансамблінің кавказ биі мерекелік шараның көрігін қыздырып әкетті. Демалыс кешенінің бір бөлігінде «Социум және мен» қоғамдық бірлестігі түрлі ұлттық спорттық ойындардан жарыстар өткізгенін айта кету керек. Ал мереке соңында барша жамағатқа дастархан жайылып, дұға бағышталды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ