Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша жаңа оқу жылының алдында қайырымдылық мақсатында ұйымдастырылатын «Біз мектепке барамыз» атты акциясына Арқалық қалалық мешіт қызметкерлері де өздерінің лайықты үлестерін қосты.
Шаһарда орналасқан №12-ші жатақханада тұратын әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында 30 оқушыға мектепке қажетті оқу-құралдары мен киім-кешектер табыс етілді.
Бұл қайырымдылық шарасына қалалық білім бөлімі және мешіт қызметкерлері, сондай—ақ жергілікті кәсіпкерлер мен ата-аналар қатысты.
Осынау басқосуда қалалық мешіт бас имамы Бектұрсын Уәлиев өз сөзінде мектепке баратын жас ұрпаққа: «Сіздер жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттағалы тұрсыздар. Оқу инемен құдық қазғандай деп босқа айтылмайды. Сондықтан да алғашқы күннен бастап білімге ерекше ден қойыңыздар. Өздеріңізден үлкен үміт күтіп отырған ата-аналарыңыздың сенімін ақтаңыздар. Бәріңізге тек ғана сәттілік тілеймін„ деп, оларға ізгі тілегін білдірді.
Жалпы, қаладағы мұндай игілікті шараны өткізудегі басты мақсат көп балалы отбасындағы ұл мен қыздарға қамқорлық көрсету болатын. Бұл ізгі ниет те ойдағыдай жүзеге асырылды.
Ең бастысы көмекке мұқтаж бүлдіршіндер ештеңеге алаңдамай сабақтарына кірісті. Ата-аналардың да көңілдері тоқ.
-Әрине бұл алғаш рет ұйымдастырылып отырған қайырымдылық шарасы емес. Бұдан бұрын да талай отбасыларындағы балдырғандарға қолымыздан келгенше қол ұшын бердік. Мұндай ізгі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, -дейді «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы өз сөзінді.
Өз кезегінде мешіт тарапынан үлкен қамқорлықты сезінген ата-аналар оларға шын жүректен шыққан алғыстарын білдіріп, имандылық жолындағы жұмыстарында тек ғана табыс, отбастарына ырыс-береке тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігінің ұйымдастыруымен „Мектепке жол„ акциясы биыл да өткізілетіндігін жазған болатынбыз.
Жақында яғни қасиетті жұма күні облыстық мешітте ата-анасының қарауынсыз қалған және күнкөрісі төмен отбасыларындағы бүлдіршіндерге көмек көрсету мақсатында арнайы қайымдырылық шарасы болып өтті.
Бұл жиынды қадірменді ақсақал, Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық қажы Ғайсин ғибраты мол адамгершілік пен имандылық жайлы лебіздерімен ашты.
Алғашқы сөзді облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет алып, көпшілікке және басқосқан балдырғандарға бағышталған шын жүректен шыққан шынайы сөзін жеткізді. Сонымен қатар ол жаңа оқу жылы басталар күнге де санаулы уақыт қалғандығын тілге тиек ете келіп, оларға ең ізгі тілегін білдірді.
Содан кейін ол залда отырған балаларға ертең қыркүйекте мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған ұл мен қыздарға, сондай-ақ өзге де қамқорлыққа мұқтаж бүлдіршіндерге алдын ала дайындалған сөмкелер мен сабақ барысында қолданатын құрал-жабдықтарды тапсырды.
Осы басқосуға облыс бас имамының орынбасарлары да қатысты. Сондай-ақ өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де қалыптасқан дәстүр бойынша елеулі оқиғаға куә болды. Суретке түсіріп, ыстық ілтипатқа бөленген бірқатар балаларды әңгімеге тартты.
Біз де бірқатар балалар мен олардың ата-аналарымен сұхбаттастық. Мәселен, төрт баланың анасы Наташа Лисицына былай деді:
-Мен көп балалы анамын. Биыл үш перзентім жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Әрине, олардың бәрін алдағы білім ордасына әзірлікпен баруға дайындау да оңай емес. Қаншама қаражат қажет.
Сондықтан біздің жағдайымызды түсініп, өздерінің нағыз адамгершілік асыл қасиеттерін көрсеткен яғни Бахытбек қажы Нұрғабылұлы басқаратын облыстық мешіт қызметкерлеріне шын жүректен шыққан алғысымды білдіремін. Олардың жасаған қайырымдылығын ешқашан ұмытпаймыз.
Сонымен қатар облыс орталығындағы №9 қазақ орта мектебінің оқушысы, 9 жасар Кәмила Махметова да өзінің жан толқынысын жасыра алмай:
-Біздің қамымызды ойлап, осындай қайырымды шараны ұйымдастырған барша азаматтарға дән ризамыз. Бүгін алған сөмкем өзіме өте ұнайды,- деді.
Ал 15 жасар Сұлтан Карин биыл Қостанай шаһарындағы автокөлік колледжіне құжатын тапсырғалы отыр. Ол да өзіне қаржылай қол ұшын берген мешіт қызметкерлеріне алғысын жаудырды.
Жалпы алғанда облыс бойынша шара аясында мектепке қажеттi заттар, оқу құралдары, мектеп формасы мен қажетті спорт киімдермен 171 оқушы қамтамасыз етілді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.
Жылда қалыптасқан дәстүр бойынша мұсылмандар қауымы Қостанай облыстық жаңа мешітіне ерте жиналды. Олардың арасында ақсақалды қарттарымыз, ақ жаулықты аналарымыз бен жарқын болашағымыз жастар да көп болды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкілі және облыстың бас имамы Бахытбек Тәжімбет айтулы мереке Құрбан айттың мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Әруақтарға бағыштап Құран оқыды.
Құрбан айт намазынан кейін барша ағайындар Федоров трассасының бойында орналасқан «Қостанай мал базары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арнайы бөлінген орнына судай ағылып, құрбандық шалды.
Сонымен қатар осы күні облыстың Лисаков қаласында жаңа мешіт салтанатты түрде ашылды. Оған облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы арнайы қатысып Мүфти хазреттің, жергілікті мұсылман бауырларымыз бен қонақтарға шынайы лебізін және мешіт нағыз имандылық ордасына айналсын деген игі тілегін жеткізді.
Міне, осылайша Құрбан айт барша жұртшылықтың есінде қалды. Әрине, жылдағыдай күнкөрісі төмен отбасылары мен қамқорлыққа мұқтаж жетім-жесірге де айрықша назар аударылып, құрбандық малынан ет таратылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мьянмада орын алған қайғылы оқиғаға байланысты қатты алаңдаушылық білдіреді. Жергілікті тұрғындарға жасалған қасіретті қатаң айыптайды.
400-ден астам адамның өмірін қыршыннан қиған қасіретті оқиға әлемнің әр түкпіріндегі мұсылман жұртының ғана емес барша адамзаттың алаңдаушылығын тудыруда.
ҚМДБ еліміздегі барша халықтан нақақтан құрбан болған, зорлық, зомбылық көрген адамдар үшін Бір Алладан дұға етуді сұрайды. Өйткені Алла елшісі: «Дұға мұсылманның қаруы» деген. Мьянмадағы адамды азаптап өлтірудің шектен шыққан бұл көрінісі біздің де жанымызға қатты батты.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жазықсыз бір адамның қанын төгу – жер бетіндегі бүкіл адамды өлтіргенмен бірдей», – деп ескерткен. Алланың күллі адамзатқа жіберген бұл ашық ескертуін ұмытпауымыз керек.
Жаратушы Иеміз барша адамзат баласына мейірім-шапағат, бейбіт өмір, ынтымақ, сабыр берсін!
2017 жылдың 1 қыркүйегі – Құрбан айттың бірінші күні!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар!
Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.
Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Айт күндері қажылық парызын өтейтін күллі мұсылман баласы Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастырымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Осы ретте еліміздің барша азаматын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!
Сұрақ: Әһлі-сүнна ғалымдарының Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы туралы ұстанымы қандай?
Жауап: Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы тозақ иелерінен емес. Керісінше, құтылушы топтардың қатарына кіреді. Бұл әуелгі (сәләфу солих) және кейінгі (хәләф) буын ұлы ғалымдарының көзқарасы. Сондай-ақ, әл-Азһар әш-Шариф ғұламалары әрі Мысыр елінің пәтуа комитеті осы пікірді ұстанады. Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі шейх Мұхаммед Бахит әл-Мутғи Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы иман келтірмеген деушілерге берген жауабында: «Расында, олар қатты қателеседі әрі күнәһар болады. Сондай-ақ, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиян берушілер тобына кіреді. Бірақ оларды күпірлікпен айыптамаймыз. Өйткені бұл мукәллафқа (ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен адам) егжей-тегжейін білуі тиіс болған діндегі маңызды нәрсе емес. Бұл шариғи дәлелдер құптайтын дұрыс пікір әрі бетке ұстар ғұламалардың көзқарасы».
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы жөнінде жаман ойда болу Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәбір көрсету болып саналады. Алла Тағала Құранда:
وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ رَسُولَ اللَّهِ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ
«Ал Алланың елшісін жәбірлегендерге ауыр азап бар»[1].
إِنَّ الَّذِينَ يُؤْذُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ لَعَنَهُمُ اللَّهُ فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَأَعَدَّ لَهُمْ عَذَابًا مُهِينًا
«Расында, Аллаға, Елшісіне реніш бергендер, соларға дүние, ақыретте Алла қарғыс беріп, оларға қорлаушы азап дайындады»[2], - дейді.
Әл-Қади: «Біз Раббымыз және Оның елшісі разы болатын нәрселерді ғана айтамыз. Сондай-ақ оның абыройына дақ түсірмейміз әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) разы болмайтын сөздерді айтып жәбір бермейміз», - дейді[3].
Шейх Шиһабуддин Ахмад әл-Халауани әл-Халижи әш-Шәфиғи «Мауакибу рабиғи фи маулуди әш-шафиғ» атты кітабында: «Жалпы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасын кәпір деп айту құрметсіздік және қателесушілік. Алла бұдан сақтасын. Кім бұл сөзді айтса Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиян еткенмен тең.
Икрима бин Әбу Жәһил Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп адамдар әкесін балағаттап жатыр деп шағымданады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Марқұмдарды балағаттап тірілеріне зиян бермеңдер»[4] дейді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірінде тірі екеніне күмән жоқ, оған біздің амалдарымыз ұсынылып тұрады. Егер Икриманың әкесін балағаттап зиян бермеңдер деп тыйым салған болса, онда Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиян бермеу одан да лайықтырақ. Сондай-ақ, Субайға бинт Әбу Ләһаб Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Адамдар маған тозақ отынының қызы деп айқай салып айтып жатыр» дейді. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты ашуланып: «Менің тегіме, туыстарыма тиісіп, маған зиян берген адамдарға не көрінді. Біліп қойыңдар! Кім менің тегіме, туыстарыма зиян берсе, онда маған зиян бергені. Кім маған зиян берсе, онда ол Аллаға зиян бергені» деп айтады»[5].
Әһлі-сүнна ғалымдары Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы құтылушы топтардан деген көзқарасты құптайтын бірнеше дәлелдер келтірді:
1) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келмей жатып қайтыс болған. Ал Алла Тағала бір қауымға ескертуші жібермейінше азаптамайды. Ол жөнінде Алла Тағала Құранда:
وَمَا كُنَّا مُعَذِّبِينَ حَتَّى نَبْعَثَ رَسُولا
«Біз бір пайғамбар жібермейінше ешкімге азап қылмаймыз»[6]. Бұл аят Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы азапталмайтынына дәлел болады. Яғни оларға пайғамбарлар жіберілмеген. Олардың үкімі жөнінде Шатиби: «Алла Тағаланың пенделеріне жазып қойған хикметі жүзеге асады. Соның бірі істеген іс-әрекеттеріне пайғамбарлар жібергеннен кейін ғана жаза қолданады. Егер оларға құжат тұрғызылса, қалағанынша мұсылман болсын немесе қалағанынша кәпір болсын. Әркім істеген ісіне сай жазасы мен сыйын алады»[7], - дейді.
2) Ол екеуі Ибраһим пайғамбардың (а.с.) дінінде болған. Бұл бірқатар ғалымдардың көзқарасы. Солардың бірі Фахру әр-Рази өзінің «Әсрару әт-тәнзил» атты кітабында: «Осы көзқарасты құптаған ғалымдар мына аятты дәлел ретінде алға тартты. Алла Тағала Құранда:
ٱلَّذِي يَرَىٰكَ حِينَ تَقُومُ. وَتَقَلُّبَكَ فِي ٱلسَّٰجِدِينَ
«Сені (намазда) тұрған кезіңді көретін және сәжде жасаушылардың ішіндегі қозғалысыңды»[8]. Яғни Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәжде етушілердің беліндегі қозғалысы деген мағынаны білдіреді. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкесі мүшрік болмағанын аңғартады. Хафиз әс-Сиюти «әл-Хауи» атты кітабында имам әр-Разидің сөзін былай келтіреді: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкесі мүшрік емес екеніне Алла елшісінің: «Таза жандардың белінен таза әйелдердің құрсағына ауысып отырдым» деген хадисі дәлел болады. Сондай-ақ, Алла Тағала Құранда:
إِنَّمَا الْمُشْرِكُونَ نَجَسٌ
«Расында, мүшріктер – нәжіс»[9] - деген. Сондықтан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-бабалары мүшрік болмаған деп айту уәжіп»[10].
3) Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасын тірілтіп, оған иман келтірген. Бұл Хафиз Хатиб Бағдади, Хафиз ибн Шәһин, имам Ибн әл-Мунаиир, имам әл-Мухиб әт-Табари, имам Құртуби, Хафиз Әбу Фаттах бин Сайдуннас, Хафиз ибн Насыруддин әд-Димашқи, Хафиз әс-Сиюти сынды бірқатар мухаддис т.б. ғалымдардың көзқарасы. Оған дәлел ретінде әлсіз хадистерді алға тартады. Бірақ ол бірнеше жолмен келгендігі үшін хасан дәрежесіне дейін көтерілді.
Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасына кешірім сұрауына тыйым салынған хадис туралы: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасының тірілуі жөніндегі хадис тыйым салынған риуаяттан кейін келіп оның үкімін жойған» деп жауап берді. Хафиз әс-Сиюти «әл-Хауи» атты кітабында имам Құртубидің сөзін былай келтіреді: «(Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасың) тірілтуі туралы хадис пен оларға жарылқау тілеуге тыйым салынған риуаяттың арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Ол екеуінің тірілуі туралы келген риуаят оларға кешірім сұрауға тыйым салынған хабардан кейін келген. Оған Айша анамыздан жеткен хадис дәлел болады. Өйткені ол қоштасу қажылығында еді. Сол себепті, Ибн Шаһин соңынан келген риуаят бірінші жеткен хабардың үкімін жояды деді»[11]. Хафиз әс-Сиюти: «Бірнеше хадис мамандары айтқандай, Алла Тағаланың Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) анасын тірілткені жайлы келген риуаят жалған хадис емес. Керісінше, ол ізгі амалдарға әсіресе осы мәселеге байланысты риуаят етуге рұқсат етілетін әлсіз хадистердің құрамына кіреді»[12] дейді.
Ал Муслим риуаятындағы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббымнан анама жарылқау сұрадым, бірақ рұқсат бермеді. Қабірін зиярат етуді сұрағанымда рұқсат берді»[13], сондай-ақ: «Бір кісі: «Уа Алла елшісі! Менің әкем қайда болады?» деп сұрағанда, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тозақта»,-деді. Кері бұрылып кетіп бара жатқанда, оны шақырып алып: «Расында, менің әкем де, сенің әкең де тозақта»,-деді»[14],-деген хадиске келсек, бірінші хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) анасы тозақта деп ашық айтылмаған. Кешірім сұрауға рұқсат етпеу мүшрік екеніне дәлел емес. Өйткені оған қабірін зиярат етуге рұқсат берді. Ал мүшріктердің қабірін зиярат етуге болмайды. Екінші хадисте «әке» деген сөзді «көкесі» деп түсіндірсек болады. Өйткені Әбу Толиб пайғамбарлық келгеннен кейін қайтыс болды әрі шәһада айтып өтпеді. Арабтар көкесін «әке» деп те атаған. Ол жөнінде Алла Тағала Құранда:
وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ لأبِيهِ آزَرَ أَتَتَّخِذُ أَصْنَامًا آلِهَةً إِنِّي أَرَاكَ وَقَوْمَكَ فِي ضَلالٍ مُبِينٍ
«Сол уақытта Ибраһим әкесі Әзерге: «Бұттарды тұттыңдар ма? Расында мен сені де еліңді де анық адасуда көремін» деген»[15], - деді. Ибн Кәсир т.б. тәпсір ғалымдары Ибраһим пайғамбардың әкесінің аты Тарих болған дейді. Алайда аталмыш хадистердің түсіндірмесіне жүгінбей тікелей түсініп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы құтылмайды деп осы екі хадисті алға тартушыларға: «Бұл екі хадисті тікелей түсіну жоғарыда баяндап өткеніміздей аяттың мағынасына қарама-қайшы болғандықтан оны қабыл алмаймыз» деп жауап беріледі[16].
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы жайлы Ибн Әбидин: «Жалпы кейбір ғалымдарымыз айтқандай бұл мәселені талқылау барысында әдептілік қағидасын ұстану керек. Өйткені мұны білмеген адам қабірінде және қияметте сұралатындай мәселе емес. Сондықтан бұл тақырыпты қозғағанда артық сөз айтудан сақтанып, тек жақсы сөз сөйлеген дұрыс»[17] деген пікір айтқан.
Осыған орай, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ата-анасы жөнінде жақсы пікірде болу баршамыздың міндетіміз. Алла толық білуші!
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі [1] «Тәубе» сүресі, 61-аят. [2] «Ахзап» сүресі, 57-аят. [3] Али Жума, «әл-Баяну әл-Қауим» 51-б. [4] Табарани риуаяты. [5] Мауакибу рабиғи фи маулуди әш-шафиғ, 356-б. [6] «Исра» сүресі, 15-аят. [7] Әл-Муафиқат, 3/377. [8] «Шұғара» сүресі, 218-219 аяттар. [9] «Тәубе» сүресі, 28-аят. [10] Әл-Хауи, 2/199. [11] Әл-Хауи, 2/218. [12] Әс-Сюти, «әт-Тағзиму уә әл-Минна», 3-б. [13] Муслим риуаяты, 2/671 [14] Муслим, 1/191 [15] «Анғам» сүресі, 74-аят. [16] Али Жума, «әл-Баяну әл-Қауим» 54-55. [17] Хашияту Ибн Абидин, 3/185. fatua.kzӘлемдердің Раббысы Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болып, Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), Оның (с.ғ.с.) жанұясына, сүйікті сахабаларына және оларға ізгілікте ерген барша момын мұсылмандарға Жаратушы Иеміздің сансыз салауаты мен сәлемі болғай!
«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның айт деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады. Айт – мұсылмандар үшін Жаратушымыздың разылығына жету мақсатында құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырластық сезімдерін күшейтетін маңызды мейрам. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні қыркүйек айының 1-не тұспа-тұс келіп тұр. Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Алла Тағала барша мұсылман үмметі үшін осынау қасиетті күндерді берекелі әрі сауапқа кенелетін күндерден қылғай!
Айт мейрамының тарихыҚұрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте, жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), - делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты адалдық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Алла Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.
Әнас ибн Мәлик (р.ғ.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен де жақсырағымен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни Рамазан оразасының аяқталатын Ораза айт күні) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалынатын Құрбан айт күні)»,-деді»,-деген. Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған.
Ораза және Құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.
Умму Атия (р.ғ.): «Бізге айт күні (яғни айт намазына) шығуға, әмір етілетін. Тіпті шымылдықта отыратын қыздарды да, етеккірі келген әйелдерді де шығаратынбыз. Олар адамдардың артында олардың тәкбірлерін қайталап, дұғаларымен дұға етіп, сол күннің берекесі мен тазалығынан үміт ететін»,-деген.
Айт намазының уақыты – сәске (духа) намазының уақыты. Айт намазын күн найза бойы көтерілгеннен бастап, тал түске жеткенге дейінгі аралықта оқуға болады.
Айт намазының оқылу тәртібіне келер болсақ айт намазы екі ракағаттан тұрады. Таң және жұма намаздарының парыздары секілді айт намазы да жария оқылады. Бірақ айт намазына азан да, қамат та айтылмайды.
Ата (р.ғ.): «Ибн Аббас және Жәбир ибн Абдулла: «Ораза айты күні және құрбандық күні азан айтылмайтын еді»,-деген»,-деді.
Басқа бір хадисте Ибн Аббас (р.ғ.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) отбасын айт күні шығарғанды жақсы көретін. Біз (айт намазына) шықтық. Ол (с.ғ.с.) азансыз және қаматсыз намаз оқыды. Сосын адамдарға құтпа оқыды»,-деді.
Азан мен қаматтың орнына адамдар «Әссалату жәмиға» деп шақырады. Басқа намаздардан айырмашылығы айт намазында қосымша тәкбәрлер айтылады. Бірінші рәкағатта сәнә дұғасынан кейін үш тәкбірді имаммен бірге қайталайды. Әр тәкбірді айтқанда қолын көтеріп, қайта түсіреді, қолын түсірген кезде байлаудың қажеті жоқ. Әр тәкбірден кейін имам, өзіне ұйып тұрған кісілердің тәкбір алып болғанынша үнсіз тұрады. Осы аралықта «Субханалла, уәл хамду лиллә, уә лә иләһә иллалла» деп айтса да болады.
Екінші ракағатта зәм (қосымша қысқа сүре) сүресін оқып болғаннан кейін рукуғқа бармай тұрып, алғашқы ракағаттағыдай тағы да үш рет тәкбір алады. Сосын барып рукуғқа барады.
Ибн Масғұдтан (р.ғ.) айт намазының тәкбірлері сұралғанда, ол: «(Бірінші ракағатта) Құран оқығанға дейін (алғашқы тәкбірге үшеу қосып) төрт тәкбір айтасың. Одан кейін Құран оқисың. Оқып болған соң (тағы да) төрт тәкбір айтасың»,-деген.
Құрбан айт намазы мен ораза айт намазы бірдей оқылады, екеуінің айырмашылығы жоқ.
Айт намазының алдында нәпіл намазын үйде де, мешітте де оқу мәкруһ. Айт намазынан кейін мешітте нәпіл намазын оқу – мәкруһ. Ал үйде оқуға болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазынан бұрын да, кейін де басқа намаз оқымаған.
Айт намазынан кейін құтпа оқу – сүннет әрі ол жұма намазының құтпасымен бірдей. Бірақ айт намазында құтпаны намаздан кейін оқиды. Яғни имам айт намазын оқып болғаннан кейін, мінберге шығады да, отырмастан бірден құтпа айтуға кіріседі. Бірінші құтпаны тоғыз тәкбірмен, екінші құтпаны жеті тәкпірмен бастап, бас-аяғы он төрт тәкбірмен аяқтау сүннет.
Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні», – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады»,-десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақындаған емес. Құрбандық ретінде шалған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандықтарыңды шалыңдар»,-деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегелеп айтқан.
Құрбан айт мерекесін қалай өткізген жөн2017 жылдың 1-ші қыркүйек күні еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Қостанай облысы бойынша айт намазы барлық өңірлердегі мешіттерде 08.00-де оқылады. Сондай-ақ, осынау айтулы күн мемлекетімізде Елбасымыздың жарлығымен демалыс күні болып бекітілген.
Құрбан айт күні жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Абдулла ибн Амр әл-Астың (р.ғ.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деді. Осы кезде бір кісі: «Ей, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?»,-деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін алғаның да жеткілікті. Бұл сен үшін Алланың алдында құрбандық шалғанмен тең», - деді.
Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін тиісті мұқтаж жандарға таратады.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген ілтипаты мен сыйластықтарын барынша арттырады.
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: «Шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау». Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.
Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «удхия» деп аталады. Қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, адалдығы, дінге бекемдігі, тақуалығы және басқаларға деген жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Құрбан айт – Алла разылығы үшін мал шалынынатын мұсылмандардың ұлық мерекесі. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға қылады. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбарлардың (ғ.с.) ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінді берік ұстануға шақырады.
Ханафи мәзһабында қадірі асқан құрбан айт күндері мал-мүлкі жеткілікті болған мұсылман ер мен әйел кісінің құрбандыққа мал шалулары уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар сүресі, 2-аят) деп бұйыруы, құрбан шалудың уәжіп екенін білдіреді. Мал-мүлкі жеткілікті бола тұра құрбан шалмаған мұсылманға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөгіс жариялаған хадисі негізге алынған. Абу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім, мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» (Хаким, Мустадрак) деп айтқанын жеткізген. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Хадис шәрифте белгіленген уақыттан бұрын, яғни айт намазынан алдын шалынған малдың орнына басқа құрбандықтың шалынуы қажет екендігі қатаң ескертілген. Анас (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кім құрбандығын намаздан бұрын шалып қойған болса, онда қайта шалсын»,-дегенін жеткізген (Сахих Муслим). Михнаф ибн Сулайманның риуаятында Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Ей, адамдар, әр отбасы жыл сайын құрбан шалуға тиісті»,-деген (Сунан ат-Тирмизи). Сондықтан ханафи мазһабының ғұламалары жоғарда келтірілген аят, хадистерге сүйене отырып, құрбан айт күндері құрбандық шалу – уәжіп (міндет) деп тұжырымдаған.
1. Мұсылман болуы;
2. Азат болу;
3. Тұрғылықты болу;
4. Мал-мүліктің жеткіліктілігі; Мал-мүліктің жеткіліктілігі дегенде мұсылманның иелігінде пітір садақасын уәжіп ететін нисаптың бар болуы көзделеді.
5. Ақылды және балиғат жасына толуы;
1. Құрбандыққа түйе, сиыр, қой, ешкі, секілді малдардың болуы. Бұл төртеуінен басқа жылқы және еті адал жануарлардың ешбіреуі құрбандыққа шалынбайды. Төртеуінің құрбандыққа ең абзалы – түйе, сосын ірі қара, сосын қой, кейін ешкі малы. Құрбандықтың дұрыстығы үшін бір қой не бір ешкі тек бір кісінің атынан шалынуы шарт. Ал түйе мен ірі қара малын жеті не одан да аз кісі бірігіп шалуларына болады. Бірақ, жеті кісіден аспауы және жетеуінде де құрбандыққа шалу ниетінің болуы шарт.
2. Малды құрбандық ниетімен шалуы міндет. Соғым не ет қажет ету ниетімен сойылған мал, құрбандықа жатпайды.
3. Өкіл етушінің әмірі. Құрбандықты әркімнің өзі шалуы абзал саналса да өкіл арқылы шалуға да рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда мал иесі тарапынан өкілдің тағайындалған болуы әрі оған құрбандықты шалу әмірін беруі шарт.
4. Мал жасының дұрыстығы. Түйе - бес жасар, ірі қара - екі жасар, ешкі - бір жастан асқан болуы шарт. Қой малының бір жасқа толмағанын шалса да болады.
5. Құрбандық оны шалушы кісінің мүлкі болуы.
6. Құрбандық малының бойында жүдә кемістік болмауы. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзінің соқырлығы, ауру-сырқауы, ақсақтығы айрықша байқалатын мал, жілік майы үзілген жүдең мал»,-деген. Хадистегі «айрықша байқалатын» деген сөздің мағынасы мал бойындағы кемістіктің айрықша байқалатын мөлшерді құрамауын шарт қылып, азғантай мөлшердегі кемістіктің есепке алынбайтынын сілтейді. Себебі мал бойында мүлде мін болмауы мүмкін емес.
7. Дұрыс уақытта шалынуы. Құрбан шалу уақыты Құрбан айт намазынан кейін кіреді. Құрбандықты айттың бірінші күні шалған абзал. Құрбан шалынатын мерзім бұдан кейінгі екі күнге жалғасып, соңғы күннің күні батуымен (ақшам намазы кіргенде) аяқталады. Құрбан шалуы уәжіп кісі белгіленген мерзімді өткізіп алса, мойнынан міндетті түсіру үшін құрбан шалудың орнына садақа беруі уәжіп.
8. Құрбандықтың шалынуы. Құрбан шалудың орнына малдың өзін тірідей не құнын садақа етуге болмайды.
Малды Құрбан айттан бұрын құрбандыққа дайындау. Құрбандық шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу. Құрбандық малын шалынатын орынға сүйретпей, ұрмай-соқпай әдеппен апару. Құрбандыққа малдың ең жақсысын таңдау. Малды құрбан шалушының өзі бауыздау. Құрбан шалушы кісі мал бауыздауды білмесе не әйел кісі болса, малды қинап қоймас үшін, бауыздау ісін басқа мұсылманға тапсырғаны абзал. Сондай-ақ өзінің құрбандығының қасында тұруы абзал. Құрбандық малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу және дұғасын айту. Құрбандық шалу кезінде хадистерде келген дұғаларды айту ұнамды іс (мұстахаб) саналады. Құрбандықты бауыздау сәтінде шартты (міндетті) түрде бисмиллә сөзі айтылады. Ал дұға бисмиллә сөзінің алдында, құрбандықты бауыздардан алдын не құрбандық бауыздалғаннан соң жасалады. Құрбан бауыздалып жатқанда бисмиллә сөзіне дүға қосып айту ұнамсыз (макруһ) амал саналады. Бауыздар алдын не бауыздаған соң айтылатын дұға, келесі хадисте келген бейнеде айтылуы абзал саналады. Жәбир ибн Абдулла: «Пайғамбар (с.ғ.с) құрбандыққа мүйізді, піштірілген, ноғала екі қошқарды құрбандыққа шалды. Ол екеуін құбылаға бағыттап, жатқызған соң: «Көктер мен жерді жаратқан Аллаға нағыз мұсылманша жүзімді жөнелттім. Мен Аллаға серік қосушылардын емеспін. Расында намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Маған осылай істеуім бұйырылды және мен мұсылмандарданмын. Аллам бұл – Сенен және сен үшін. Бисмилләһи Аллаһу акбар»,-деді деген. Бұл дұғаны білмесе «Иә, Алла Тағалам, осы құрбандығымды досың Ибраһим мен сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға айтуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады да «Бисмилләһи, Аллаһу акбар» деп оң қолымен бауыздайды. Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра, әдейі бисмилләһ деп айтпаса, ханафи мәзхабы бойынша ол малдың етін жеуге болмайды. Құрбан шалатын адам малды қинамай, өткір пышақпен жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі қажет. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды және бауыздалып, жаны әбден шыққаннан кейін ғана, малды сойған дұрыс. Құрбандық етінің үштен бірі пақырларға садақа етіліп, үштен бірінен туыс-таныстарға тағам әзірленіп беріліп, қалған үштен бірі отбасына қалады. Кімде-кім, құрбандықтың етін толығымен садақа еткісі келсе, рұқсат етіледі. Бұлай жасау нұр үстіне нүр болмақ.
Құрбандыққа арналған малдың жүнін қырқу, сүтін пайдалану, құрбандыққа атаған малды сату, құрбандық малын міну, жүк тасуға пайдалану, жалға беру, бауыздалып, жаны әбден шықпай сою, құрбандықтың етін не жүнін не терісін сату, қасапшының жалақысын құрбандықтың етімен төлеу сияқты жоғарда аталған істердің барлығы харамға жақын макруһ амалдардан болып саналады.
«Ташриқ» деп, етті күннің көзіне жайып кептіруді айтады. Айттан кейінгі үш күнде құрбандыққа шалынған малдардың еттерін күнге кептіру әдетке айналғандықтан, бұл күндер ташриқ күндері деп аталып кеткен.
Алла Тағаланың: «Санаулы (ташриқ) күндері Алланы еске алыңдар!» («Бақара» сүресі: 203) бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп. Ташриқ тәкбірлерінің уақыты ханафи мазһабында 9-шы зүл-хижжа Арафа күнінің таңында басталып, 13-ші зүл-хижжаның екінді намазымен (тамыз айының 31-і күні таң намазынан басталып, қыркүйек айының 4-і күні екінді намазынан кейін) шығады. Яғни 23 намаздың соңында айтылады. Ханафи мәзһабінің ташриқ тәкбірлерінің уақытына қатысты ұстанатын пәтуәсі – Әбу Юсуф пен Мұхаммадтің көзқарасына негізделеді. Жәбир (р.а.) былай деді: Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң, сахабаларына бұрылып: «Орындарыңда қалыңдар!»-деді және: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лиллаһил хамд» сөздерін айтты. Осылайша, Арафа күнінің таңынан (таң намазының парызынан кейін) соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір айтатын (Ад-Дарақутни жеткізді).
Ташриқ тәкбірін мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз атқарылған әр парыз намазынан соң ер адамдарға да, әйел кісілерге де бір мәрте айту уәжіп. Бұдан көбірек айту мустахап. Ер адамдар тәкбірді көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісілер іштерінен айтады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Сол секілді тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де парыз намазынан кейін ташриқ тәкбірін бір мәрте айту уәжіп. Намазға кешігіп қосылған кісі де өткізіп алған рәкәттәрін толықтырған соң тәкбір айтады. Ибн Омар мен Анас ибн Мәлик (р.а.) Арафа күні таң уақытында Минадан Арафаға барғанда, жолаушы бола тұра ташриқ тәкбірлерін айтатын (Әл-Байһақи жеткізді).
Ташриқ тәкбірінің бейнесі: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа илләллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лилләһил хамд».
»32. Ал енді жалпы «Арафа» сөзі «танысу» деген мағынаны білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам (а.с.) мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижжа айының 9-шы жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла Тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді.
Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім, Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»,-деген. Демек, кімде-кім, Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады.
Арафа күнінен кейін, Зүлхижа айының 10-жұлдызында Меккеге барған тауапшылар (қажылар) қажылық парызының соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауымы Алла разылығы үшін құрбандық шалады.
Сонымен қатар зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндалған: «Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүл-хижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді», - деп айтты. Адамдар: «Я, Расулулла (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?», - деп сұрағанда Расулулла (с.ғ.с.): «Адам баласы, Алла жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла жолында күресуден артық болады», - деп жауап берді.» (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті.)
Құрметті мұсылман бауырлар! Жоғарыдағы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде баян етілгендей зүлхижжа айының алғашқы 9 күнін кімде-кім, оразамен өткізетін болса, үлкен сауапқа кенелетіндігін ұмытпаған жөн.
2017 жылдың Зулхижжа айының 9 күндік нәпіл оразасы (Қостанай қаласы үшін)
Мезгілі | 23.08. | 24.08. | 25.08. | 26.08. | 27.08. | 28.08. | 29.08. | 30.08. | 31.08. |
Сәресінің аяқталуы | 04:37 | 04:39 | 04:42 | 04:44 | 04:47 | 04:49 | 04:52 | 04:54 | 04:57 |
Ауыз ашар уақыты | 21:01 | 20:58 | 20:56 | 20:54 | 20:52 | 20:49 | 20:47 | 20:45 | 20:42 |
Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Жаратқан Иеміз құлшылықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей! Қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеу үшін жолға шыққан бауырларымызға дін аман елге оралуды жазғай! Алла Тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз – Исламға күш-қуат бергей! Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалғалы жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болғай! Әмин.
Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
Міне, күллі мұсылмандар үшін ерекше орын алатын Құрбан айт мерекесі де жақындап қалды. Ол ізгіліктің, бауырмалдықтың мейрамы. Бұл орайда өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды.
Үстіміздегі жылғы 1 қыркүйекте жылда қалыптасқан дәстүр бойынша өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларында, өзге де мешіттерде таңғы сағат 8-де Құрбан айт намазы өтеді.
Осы мейрам барысында қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылып, ата-дәстүріміз бойынша бұрын белгілі бір себептермен ренжіскендер болса, қайта татуласады.
Жалпы, аталмыш мерекенің тағылымдық әрі тәрбиелік маңызы ерекше. Сондықтан барша облыстағы мұсылман бауырларымызды Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ол әрбір отбасына ырыс-береке әрі молшылық алып келсін.
Бахытбек Тәжімбет,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының Қостанай
облысындағы өкіл имамы
Облыстық «Қостанай» газеті редакциясына Қостанай ауданына қарасты Жамбыл ауылының тұрғындары атынан хат келіп түсті. Хатта олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілі бас имам Бахытбек Нұрғабылұлына деген шынайы алғыстарын білдіруде.
Өйткен себебі көктемде еріген қар және күзгі нөсер кезінде мешіттің төбесінен ағып кетіп әбігерге түсетін. Енді міне осы мәселе өкіл имамның тарапынан қолдау тапты. Ол өзі басқаратын мешіттің атынан арнайы қаржы бөліп, көпшіліктің жандарына батып жүрген мәселенің түйіні шешуге ықпал етті.
Жоғарыда аталған Жамбыл ауылының барша аға буын өкілдері мен жамағаттары, мешіт имамы халық үшін адал қызмет атқарып жатқан өкіл имамға ерекше жанашырлығы үшін дән ризашылықтарын жеткізеді. Оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасында бақыт, жауапты қызметінде табыс тілейді.
Қостанай облыстық мешіті бейімі бар балалардың діни сауат алуына айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл сөзіміздің нақты айғағы ретінде жақында 7-12 жас аралығындағы 20 балаға білім алғаны жөнінде сертификат салтанатты түрде тапсырылды.
Оларға дәріс барысында „Араб тілі„, „Исламдағы 100 сұрақ„ және „Тәжуид„ секілді пәндерден жан-жақты білім берілді. Оның мәні мен маңызына айрықша назар аударылды.
„Ұстазы жақсының ұстамы жақсы„ демекші, талапкерлерге Расул Назаров және Дәулетхан Темірғалиев секілді өз саласын жетік білетін мамандар дәріс оқыды.
Мешітте өткен салтанатты жиында шәкірттерге сертификат пен бірге діни кітаптар да тапсырылды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі