Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің «әйел-қыздар» секторы ұстазы Сәуле Дүйсекееваның ұйымдастыруымен «Дені саудың жаны сау» атты волейболдан жарыс өткізілді.
Бұл спорт жарыстарын өткізудегі негізгі мақсат - жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жамағат пен шәкірттердің өзара ынтымақ-бірлігін арттыру.
Сайыстың қорытындысы бойынша мешіттер арасында бірінші орынды Рудный, екінші орынды Қостанай қалалық, үшінші орынды облыстық мешіттің командалары иеленді.
Жеңімпаз командаларға мақтау қағаздары тапсырылды. Дастарқан жайылып, естелік сыйлық берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Алланың үйі ол мешіт. Ал мешітте тек ғана белгілі діни рәсімдермен бірге қайрымдылық бағытында және сауат ашу бойынша көптеген шаралар атқарылуда.
Белгілі дін қайраткері Шоқан қажы басқаратын «Жайлаубай ата» мешіті діни білімді ұстаздармен толық қамтыылған. Мұнда діни білім алғысы келетін ерлерге де әйелдерге де жағдай жасалған.
Ондағы Құран, Фиқһ, Ақида және Хадистерден дәріс алуға болады. Сабақ таңертең 9.30-11.30 және түстен кейін 15.00-17.00 арасында екі сағаттан өткізіледі. Осы мерзім ішінде олар көп жайды көңілдеріне түйіп, дін жайынан мол мағлұмат ала алады.
Имандылық ордасында білім алғысы келетіндер мына телефон арқылы хабарласып мағлұмат ала алады +7-700-213-38-94.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қаласы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Нұрхан Бақтыбай осы шаһардағы политехникалық колледжде болды. Ол білім ордасының әлеуметтік педагогы Майра Ысқақова ұйымдастырған «Өзгеге өмір сыйла» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Бұл қайырымдылық акциясы апталығының аясында өткен жиын барысында уағыз айтылып, студенттердің көкейінде жүрген сауалдарға тиянақты жауап берілді.
Басқосуда қайырымдылықтың адам бойындағы асыл қасиеттің біріне жататындығы, шапағат шуағына бөленген жанның қаншалықты қуанышқа кенелетіндігі жан-жақты түсіндірілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде осы ауданға қарасты ауыл молдалары мен имамдардың жиыны өтті. Оның негізгі мақсаты - дін қызметкерлерін үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын жұмыс жоспарымен таныстыру еді.
Алдағы уақытта ауылдық намазханалар мен мешіттерде атқарылатын істер де аз емес. Әсіресе, уағыз- насихатты жандандырып, елдің бірлігі, ынтымақ, қайырымдылық, жалпы «Ихсан» аясындағы маңызды тақырыптарға аса назар аудару қажеттігі туралы Бас имам Нұрлан Сейілханұлы баса айтты.
Сондай-ақ, әрбір мұсылманның міндеті – туған жерімізді көркейту, рухани құндылықты қастерлеу, сабырлылық пен төзімділікті берік сақтау, патриоттық сезімді жоғары ұстау екендігі сөз болды.
Жиын соңында ҚМДБ бекіткен жеті бағыттың салалары жете түсіндіріліп, қадірменді ақсақалдар ақ батасын берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті «Күшіміз бірлікте» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Онда қолдауға мұқтаж 20 отбасына көмек көрсетілді.
Сонымен қатар имандылық ордасына Қостанай ауданына қарасты Жамбыл мен Алтын Дала мешіттерінің жамағаттары арнайы ауызашарға шақырылып, дастархан жайылды.
Тағылымы мол шараның соңында садақ ату мен кеудені жерден көтеруден жарыс өткізілді. Жеңімпаздар өздерінің бабында екендігін танытты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұжымы ақшам намазынан кейін «Мешіт жамағатымен көрікті» демекші, имандылықты берік ұстанатын азаматтармен тағылымды кеш өткізді. Дастархан басында өмірлік маңызы ерекше әңгімелер қозғалды.
Жиында мешіттің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы «Ислам – ынтымақ пен бірліктің діні» тақырыбында сөз сөйлеп, жұртшылыққа ұлтымыз үшін аса мәнді ауыз бірлік, қонақжайлық, бауырмалдық, мейірімділік жайлы уағыз-насихат айтты.
Содан кейін аға буын өкілдері әңгімені жалғастырды. Олар еліміздің болашағы болып табылатын жастарымыз ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан қазақы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ұстанулары үшін мұндай берері мол кештердің жиі ұйымдастырылып тұрғаны өте орынды екендігіне тоқталды.
Кездесуде мешіттің найб имам Нұрлыбек Хожасбайұлы мұсылмандардың қасиетті Құрандағы сипаттары менжалпы адамгершілік, әдептілік хақында баяндады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Рудный қаласындағы сапары кезінде бірқатар оқу орындарында болды. Мәселен, алдымен осындағы жергілікті Индустриалдық институтта жастармен кездесті. Онда «Жастар - ел болашағы» тақырып әңгіме арқауына айналды.
Белгілі дін қайраткерімен бірге аталмыш жүздесуге найб имам, облыстық мешіт жанындағы «Жастар ісі» секторының жетекшісі Әлішер Ертайұлы, дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы Сапарбек Әбдібеков, «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Торғайбайұлы қатысты.
Маңызды басқосуда дін саласының білікті мамандары уағыз, насихат айтты. Студенттердің қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Сондай-ақ, шаһардағы әлеуметтік - гуманитарлық колледжінде өткен кездесуде әсерлігімен есте қалды. Мұнда «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» деген тақырыпта тағылымды да ғибратты сөз болды. Жастар қонақтарға шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық әйел-қыздар секторының ұйытқы болуымен Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінде «Ырыс алды - ынтымақ» тақырыбында іс-шара өткізілді.
Аталмыш басқосуда викториналық сауалдар қойылып, Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жүніс және Жүсіп пайғамбарлардың туралы уағыз айтылды. Оған қатысушылар мол мағлұмат алды.
Есте ұзақ сақталатын жай, облыстық және Тобыл шаһары мешітінің қыздары бір-бірімен жете танысып, екі жақ та пайдалы әрі ғибратты әңгіме өрбітті. Жиын соңында дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет Рудный қаласында арнайы іс-сапармен болды.
Бас имам осы сапар барысында шаһар әкімі Қуандық Хайдарұлымен кездесіп, өңірдің діни ахуалы жайлы әңгімеледі. Маңызды басқосуда «Рудный қаласының Нұр» мешіті Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы имандылық ордасының тыныс-тіршілігі, алда жүзеге асырылатын жұмыстар жөнінде баяндады.
Сондай-ақ, Бахытбек қажы Нұрғабылұлы жүздесуде қала басшысына «Ихсан -рухани тәрбие негізі» атты құнды кітапты табыс етті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі