Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
04 08.22

АШУРА КҮНІНІҢ САУАБЫ МЕН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Алла Тағала пенделерінің ізгі амалдар жасап, сауапты істерді атқаруда ерекше ықылас танытулары үшін кейбір айлар мен күндерді басқаларынан артық етті.  Қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 36-аятында:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا فِي كِتَابِ اللّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَات وَالأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ذَلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ فَلاَ تَظْلِمُواْ فِيهِنَّ أَنفُسَكُمْ

«Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер...», – деп айтылған.

Аятта «құрметті  айлар» деп айтылған айлар төртеу. Олар: Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп айлары. Осы құрметті айлардың үшіншісі мұхаррам айы. Мұхаррам – һижра жыл санағы бойынша ең бірінші ай. Бұл айдың артықшылығы турасында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).

أَفْضَلُ الصِّيَامِ بَعْدَ رَمَضَانَ شَهْرُ اللهِ الْمُحَرَّمُ

«Рамазан айынан кейінгі ұстайтын оразаның ең абзалы – Алланың айы Мұхаррамдағы ораза», – деген (имам Муслим).

Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Нұх пайғамбардың тұңғышы Сам деген баласы. Ғарап, Ғажам сол Самның ұрпағы, біреуі ай есебін ұстап, жыл басын Мұхаррам деп санап, оның оны ғашора күні деп, мейрам қылып ұстап қалған», – деп жазған.

 Мұхаррам айының оныншы жұлдызы «Ашура» күні деп аталады. «Ашура» араб тілінде он деген санды білдіретін «ашара» сөзінен шыққан. Кейбір ғалымдарымыз ашура күнінің атауын Алла Тағаланың ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне он түрлі ерекше уақыттарды сыйлауымен байланыстырып, соның оныншысы ашура екендігін айтқан. Ол уақыттар мынадай:

  1. Ережеп айы. Ережеп айының басқа айлардан айырмашылығы, осы үмметтің басқа үмметтерден айырмашылығы сияқты.
  2. Шағбан айы. Шағбан айының басқа айлардан абзалдығы, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа пайғамбарлардан абзалдығы іспеттес.
  3. Рамазан айы. Рамазан айының басқа айлардан айырмашылығы, Алла Тағаланың құлдарынан айырмашылығы сияқты.
  4. Қадыр түні. Қадыр түні – мың айдан хайырлы.
  5. Ораза айты – Ораза ұстағандардың сауабы берілетін күн.
  6. Зулхижжа айының алғашқы он күні – Алла Тағаланы зікір ететін күндер.
  7. Арафа күні – Арафа күнінде ұсталатын ораза екі жылдық күнәларға кәффарат.
  8. 8. Құрбан айт күні – Аллаға жақындататын, рухани дәрежелердің көтерілетін күні.
  9. Жұма күні – күндердің мырзасы.
  10. Ашура күні – ашура күнгі ораза бір жылдық күнәларға кәффарат.

Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына келген кезде, ашура күні яһудилердің ораза ұстап жүргендерін көреді. Мұның қандай ораза екенін сұраған кезде олар: «Бұл бір жақсы күн. Бұл күні Алла Тағала исраил ұрпақтарын дұшпандарынан құтқарғандықтан Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) ораза ұстаған болатын», – деп жауап береді. Сонда  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендерге қарағанда Мұсаға мен жақынырақпын», – деп сол күні ораза ұстап, өзгелерге де ораза ұстауларын әмір етті», – деп айтылған (имам Бұхари, Муслим).

Мұсылман адам әрбір күнін жақсылық амалдармен өткізуге тырысуы қажет екендігі белгілі. Алайда, ашура күні мынадай амалдарды атқару мұстахап деп танылады:

 

Бірінші: Ораза ұстау

Ашура күні ең басты амал – ораза ұстау. Ғалымдарымыз Рамазан оразасы парыз болмай тұрғанда ашура күні ораза ұстау уәжіп болғанын айтқан.  Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін Ашура күнгі ораза сүннет боп қалды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ هَذَا يَوْمُ عَاشُورَاءَ وَلَمْ يُكْتَبْ عَلَيْكُمْ صِيَامُهُ وَأَنَا صَائِمٌ فَمَنْ شَاءَ صَامَ وَمَنْ شَاءَ فَلْيُفْطِرْ

 «Бұл күн – Ашура күні. Ол күні Ораза ұстауды Алла Тағала сендерге парыз етпеді. Бірақ менің аузым берік. Ораза ұстағысы келген ұстасын, ұстағысы келмеген ұстамасын», – деген (имам Бұхари). 

Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Исламнан бұрын Құрайыш арабтары ашура күні ораза ұстайтын. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол кездері ораза ұстайтын еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына қоныс аударғанда өзгелерге де осы күні ораза ұстауды әмір етті. Кейінірек Рамазан оразасы парыз етілгеннен кейін, Ашура күні ораза ұстамайтын болды. Бұдан соң осы күні қалағаны ораза ұстады, қаламағаны ұстамады», – деген.

Ашура күні ұсталған оразаның сауабы жөнінде Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

صِيَامُ يَوْمِ عَاشُورَاءَ أَحْتَسِبُ عَلَى اللَّهِ أَنْ يُكَفِّرَ السَّنَةَ الَّتِي قَبْلَهُ

 «Ашура күні ораза ұстау арқылы Алла Тағала өткен жылдағы (кіші) күнәларды кешіруін үміт етемін», – деген (имам Муслим).

Сахаба Абдулла ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) осы күні ұсталатын ораза жайында сұрағанда: «Пайғамбарымыз осы күнгі нәпіл оразаның қадірін өзге күндердегі нәпіл оразалардан артық санайтын», – деп жауап берген.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

صُومُوا يَوْمَ عَاشُورَاءَ وَخَالِفُوا الْيَهُودَ وَصُومُوا قَبْلَهُ يَوْمًا وَبَعْدَهُ يَوْمًا

«Ашура күні ораза ұстаңдар. Яһудилерге ұқсамау үшін алдында бір күн және кейін тағы бір күн тұтыңдар», – деген (имам Ахмад).

 Ендеше, ашура оразасын ұстау – сүннет, ал одан алдыңғы (тоғызыншы), не кейінгі (он бірінші) күнді қосып тұту – мұстахап. 

Ханафи мазһабындағы атақты пәтуа еңбектерінің бірі болған «әл-Фәтәуә әл-Һиндия» атты кітапта: «Ашура күнімен бірге оның алдындағы мұхаррам айының тоғызыншы күнін бірге тұту сүннет. Ал жалғыз ашура күні ораза тұту мәкрүһ», – делінген. Дегенмен, өзге мазһабтарда жалғыз ашура күні ғана ораза тұту мәкрүһ іске саналмайды. Ибн Хажар әл-Әсқалани өзінің «Фатхул-Бари» атты еңбегінде: «Ашура оразасы үш деңгейлі: ең азы сол күнді ғана ораза тұту, екіншісі оның алдындағы күнмен бірге қосып ораза тұту, ең көбі алдындағы және артындағы күндермен қосып үш күн ауыз бекіту», – деп жазған.

 

Қисса

Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) насихатына құлақ аспай, керісінше: «Мен – сендердің Құдайларыңмын!» – деп мәлімдеген перғауын, бүкіл айлалары іске аспағаннан кейін, Мұса пайғамбар мен оның артынан ерушілерге күш көрсетіп, сенімдерінен қайтармақ болады. Алла Тағала осы кезде Мұса пайғамбар иман келтіргендерге Мысыр жерін тастап, басқа мекенге кетуді бұйырады. Мұны білген перғауын алып әскерін жинап, исраил ұрпақтарының соңына түседі. Перғауын әскері оларға жетуге шақ қалғанда, Мұса мен қауымы теңіз жағасына тірелген болатын. Бойларын үрей билеген халық не істерін білмеді. Алдарында – түпсіз теңіз, арттарында – қаһарлы әскер. Қасиетті Құранның «Шуғара» сүресі, 61-62 аяттарында осы сәт:

فَلَمَّا تَرَاءى الْجَمْعَانِ قَالَ أَصْحَابُ مُوسَى إِنَّا لَمُدْرَكُونَ

قَالَ كَلاَّ إِنَّ مَعِيَ رَبِّي سَيَهْدِينِ

«Екі топ бірін-бірі көрген кезде, Мұсаның жанындағылар: «Анығында, бізді қуып жететін болды», – деді. Мұса: «Жоқ, олай емес! Ақиқатында, Раббым менімен. Ол маған жол көрсетеді», – деп баяндалған.

Осындай қиын жағдайда Алла Тағала Мұса пайғамбарға аса таяғымен теңізді ұруды әмір етеді. Сол кезде теңіз екіге жарылып, әр бөлігі үлкен таудай болады. Мұса мен оның халқы ешбір қорқынышсыз теңізден өтеді. Әскер де олардың соңынан жүреді. Иман еткендердің соңғысы жағаға аяғын басқанда, Алла Тағаланың қалауымен теңіз қайта қосылып, перғауын әскері теңіз түбіне батырылады. Суға батып бара жатып перғауын: «Исраил ұрпақтары иман келтірген Құдайдан басқа құдай жоқтығына иман келтірдім», – дейді. Алайда, жан алқымға келгендегі оның тәубесі қабыл болмайды. Алла Тағала перғауынның бұл сөзіне жауап ретінде: «Енді ғана сендің бе? Расында, сен бұрын қарсы келген бұзақылардан болғансың. Сенен кейінгіге үлгі болуы үшін денеңді құтқарамыз. Расында, адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз», – деп айтқан («Юнус» сүресі, 90-92-аяттар).

Осылайша әділдік зұлымдықты жеңіп, Алла Тағала Мұса пайғамбар мен оған иман еткен қауымды перғауынның  зұлымдығынан құтқарды. Міне, осы оқиға қасиетті ашура күні орын алған болатын.

 

Екінші:Тәубе ету және истиғфар тілеу

Ашура күндері пенде бұрынғы жасаған күнәлі істері үшін Жаратушы Алла Тағаладан кешірім тілеп, тәубе етуі жөн саналады. Адам ата мен Хауа анамыз тыйым салынған жемістен жегеннен соң, тәубе етеді. Алла Тағала ол турасында қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 37-аятында:

فَتَلَقَّى آدَمُ مِنْ رَبِّهِ كَلِمَاتٍ فَتَابَ عَلَيْهِ إِنَّهُ هُوَ التَّوَّابُ الرَّحِيمُ

 «Сонда Адам (оған Алланың сәлемі болсын) Раббысынан сөздер үйренді де, жалбарынып тәубе етті. Раббы оның тәубесін қабылдады. Өйткені Ол тәубені өте қабылдаушы, ерекше мейірімді», – деп айтқан.

Ғалымдарымыз Адам пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) тәубесінің қабыл болған күні, осы Ашура күні екендігін айтқан.

Ендеше, біз де осы күні пендешілікпен біліп-білмей істеген күнәларымыз үшін арнайы кешірім тілегеніміз жақсы амал саналады. Ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа,  Алланың Елшісі! Рамазан айынан кейін, қай айда ораза ұстауыма кеңес етесіз?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنْ كُنْتَ صَائِمًا شَهْرًا بَعْدَ رَمَضَانَ فَصُمِ الْمُحَرَّمَ فَإِنَّ فِيهِ يَوْمًا تَابَ اللهُ فِيهِ عَلَى قَوْمٍ وَيَتُوبُ فِيهِ عَلَى آخَرِينَ

«Егер парыз рамазан айынан кейін ораза ұстасаң, онда мұхаррам айының оразасын ұста. Сол айда Алла бір топ адамның күнәларын кешірген, басқалардың да күнәларын кешіреді», – деген. (имам Тирмизи) 

Икрима (Алла оған разы болсын) бұл аталмыш хадисті: «Бұл хадисте ашура күні жайында айтылуда. Сол күні Алла Тағала атамыз Адам пайғамбарды кешірді», – деп түсіндірген. Қатада (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Біз өзара Адам атаның тәубесі қабыл болған күн осы ашура күні деп айтып жүретінбіз. Сол ашура күні Адам ата жер бетіне түсірілген», – деген екен. Кейбір ғалымдар Жүніс пайғамбардың да (оған Алланың сәлемі болсын) тәубесі қабыл етілген  күн – осы Ашура күні екендігін айтқан.

 Ал хадистегі «Басқалардың да күнәларын кешіреді» – деу арқылы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашура күні тәубені жаңартып, Алла Тағаладан кешірім тілеп, истиғфарлар айту керектігін меңзеп тұр.

Бұл  ашура күнінен өзге күндері тәубе жасалынбайды дегенді білдірмейді. Дегенмен, пайғамбарлар тарихына назар аударып, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан хадисіне мән берсек, ашура күні тәубенің қабыл етіліп, күнәлардың кешірілуімен ерекшеленетінін ұғамыз.

 

Үшінші: Мұқтаждарға садақа беру.

Дінімізде қайырымдылық мақсатында мұқтаж жандарға берілетін ақшалай немесе заттай көмекті садақа деп атайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 2-ші аятында:

الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ

«Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», – деп сипаттаған. 

«Садақа» сөзі Құран тілінде «әс-сидқу», яғни «шыншылдық» сөзімен түбірлес. Өйткені садақа – адамның иманының шынайылығын дәлелдейді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

وَالصَّدَقَةُ بُرْهَانٌ

«Садақа – дәлел», – деп айтуының себебі осыдан. Ал ашура күні садақа берудің артықшылығы өте үлкен. Әмр ибн Ас (Алла оған разы болсын): «Ашура күні ораза ұстаған бір жыл бойы ораза ұстағанмен тең, осы күні садақа берген кісі бір жыл садақа бергенмен тең болады», – деген.

Мұсылман адам ашура күні де, өзге уақыттарда да қолынан келгенінше өзгелерге қамқор да жанашыр болып, қолындағы барымен бөлісе білуі керек. Алла жолында дүниесін жұмсап, садақа беруші зор сауапқа кенеліп, мал-дүниесіне береке кіреді, періштелердің өзі ол үшін дұға етіп, тілек тілейтін болады.   Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَا مِنْ يَوْمٍ يُصْبِحُ الْعِبَادُ فِيهِ إلا مَلَكَانِ يَنْزِلانِ فَيَقُولُ أَحَدُهُمَا: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُنْفِقًا خَلَفًا وَيَقُولُ الآخَرُ: اللَّهُمَّ أَعْطِ مُمْسِكًا تَلَفًا

«Әр күні, Алланың құлдары оянатын уақытта, көктен екі періште түсіп, оладың бірі: «Иә, Алла, дүниесін (сауапты істерге) жұмсағандардың дүниесін толықтыр!» – десе, екіншісі: «Иә, Алла, сараңның ісін опат қыл!» – дейді», – деген (имам Бұхари, Муслим).

 

Төртінші: Отбасы мүшелеріне қуаныш сыйлау

Отбасының береке-бірлікте, тату да тәтті өмір сүруі үшін әрбір отбасы мүшесі ат салысуы қажет. Ол үшін өзара сыйластық, жылы қарым-қатынастан да бөлек, отбасы мүшелеріне ерекше көңіл бөліп, оларды қуантатын, арнайы күндер болғандығы жақсы. Осындай отбасылық қарым-қатынасты нығайтып, өмірлік жарымызды, балаларымызды қуантуымыз қажетті болған күндердің бірі – ашура күні. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ وَسَّعَ عَلَى أَهْلِهِ يَوْمَ عَاشُورَاءَ وَسَّعَ اللَّهُ عَلَيْهِ سَائِر سَنَتِهِ

«Кімде-кім ашура күні әйел, бала-шағасына кеңшілік жасаса, Алла оған жыл бойы кеңшілік жасайды», – деген (имам Байһақи).

«Кеңшілік жасау» дегенде дәмді тойымды тамақ әзірлеу, сыйлық беру сияқты сауапты істер түсініледі. Ғалымдарымыз ашура күнінде отбасына кеңшілік жасауды мустахап амалға жатқызады. Суфиян Ибн Ғуйайна (Алла оны мейіріміне бөлесін) біз бұл іске елу жылдан бері амал етіп келеміз әрі одан жақсылықтан өзгені көрмедік», – деген. Тағы бір сөзінде: «Ризық-несібеміздің артқанын көрдік», – деп айтқан.

Пайғамбарлар тарихына үңілсек Нұх пайғамбардың топан судан құтылуы, Жүніс пайғамбардың балықтың қарнынан шығуы, Ибраһим пайғамбардың отқа жанбауы, Жақып пайғамбардың ұлы Жүсіппен қауышуы, Жүсіп пайғамбардың құдықтан шығуы, Аюб пайғамбардың дерттен құтылуы сияқты бірқатар оқиғалар осы ашура күні болған делінген де деректер кездеседі.  Мұсылман адам Алла Тағаланың мейірімділігі мен кеңшілігіне шүкірлігін білдіріп, осы күні өзі де отбасы мүшелеріне, жақындарына кеңшілік жасап, оларды қуантуы жақсы іс саналады.

 

Қадірменді жамағат!

Ашура күні ізгілік амал жасаудың сауабы артық болғандығы сияқты, бұл күндері тыйым етілген істі жасаудың да күнәсі ауыр. Алла Тағала қасиетті Құранда:

فَلاَ تَظْلِمُواْ فِيهِنَّ أَنفُسَكُمْ

«Бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер...», – деп айтқан  («Тәубе» сүресі, 36-аят).

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Негізінде Алла Тағала айлардың барлығында да күнәлі істерді жасаудан тыйды. Әсіресе, төрт құрметті айларда күнәлі істерден сақ болуымызды бұйырды. Себебі, ол күні күнәлі істің күнәсі ауыр әрі ізгі амалдың да сауабы мол», – деген.

Нәпіл ғибадаттар – парыз амалдарымыздан кеткен кемшіліктердің орнын толтырып, пендені Жаратушысына жақындатып, Оның сүйіспеншілігіне бөленуіне себепші болады. Алла Тағала Құдси хадисте: «Пендем Маған жақын болу үшін не істесе де, олардың Маған ең сүйкімдісі – оған парыз етілген амалдарым. Сонымен қатар пендем Маған нәпіл құлшылықтармен жақындайды да, Мен оны жақсы көретін боламын», – деп айтқан (имам Бұхари).

Ендеше, біз де ашура күні Алла Тағаланың берген нығметтеріне шүкірлік етіп, нәпіл ораза ұстап, қайырымдылық істер атқарып, шамамыз келгенше жақсылық амалдар жасап қалуға тырысайық. 

Алла Тағала мұхаррам айында, ашура күнінде жасаған құлшылықтарымызды, ізгі істерімізді, дұға-тілектерімізді қабыл алғай!

алдыңғы жаңалық
Бас имамның Амангелді ауданына сапары
келесі жаңалық
Арқалық жұртшылығымен кездесті

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником