Үстіміздегі жылы күллі мұсылмандар қауымы ерекше қадірлеп, қастерлейтін Құрбан айт мейрамы Ұзынкөл ауданыңда тиісті деңгейде аталып өтті. Үш күн бойы ағайындар бір-бірін шын жүректен құттықтап, ілтипат танытты.
Бас имам Есенкелді қажы Сақтағанұлының ұйытқы болуымен «Балықты» мешітінде айт намазы оқылды. Содан кейін аудан көлемінде құрбандыққа 3 ірі қара және 78 қой шалынды. Сойылған ет 168 көмекке мұқтад отбасыларына таратылды. Мешіт қызметкерлері Сатай және Преснягорьков ауылдарында болып, балаларға 10 дана «Құрбан айт тәттісі» мен 20 дана «Құрбан айт қоржынын» тапсырды.
Сонымен қатар имандылық жолында жүрген азаматтар аудандық ауруханаға арнайы барып, емделіп жатқан адамдардың хал-жағдайларын білді. Оларды мейраммен құттықтап, дайындалған тағамнан дәм таттырды.
Бұл мерекеде ұлттық спорт пен салт-дәстүрді жаңғыртуға да айрықша көңіл бөлінді. Мәселен, жастар арасында қазақша күрес, арқан тарту және гір тасын көтеруден жарыстар тартысты өтті. Сондай-ақ, келіндер сайысы да ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді.
Мерекенің құрметіне асханада 150 адамға дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі