Жақында Сарыкөл аудандық «Аққозы қажы» мешітінде жамағат арасында азан айтудан сайыс ұйымдастырылды. Оған көршілес Алтынсарин ауданынан да талапкер қатысты.
Жарыс жоғары деңгейде өтті. Онда азанның дінімізде алатын орны мен дұрыс айтылу шарттары туралы уағыз айтылды. Қатысушылар өздеріне қойылған сауалдарға тиянақты жауап берді.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынға «Аққозы қажы» мешітінен Қожагелді Сұлтан, екінші орынды Алтынсарин ауданынан Есенгелді Ерназар, үшінші орынды «Аққозы қажы» мешітінен Жакенов Қосылбай иеленді.
Соңынан қонақтарға дастарқан жайылып, ас берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің қызметкерлері жасөспірімдердің діни сауатын арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді.
Шәкірттердің мектептен тыс қолдары бос кездерінде білікті ұстаздар уақытты тиімді пайдаланып, сенбі және жексенбі күндері дәріс береді.
Мұнда оқушылар Құран, әдеп, сияр-шариф пәндерінен сабақтар алады. Бұл орайда наиб имам Қазбек Көшеровтың тындырымды жұмыстарын ерекше атап өткен жөн.
Ол шәкірттермен тіл табыса білудің және іскерлігінің арқасында үлкен құрметке бөленген. Жайсаң мінезі және ұлағатты сөздерімен сауатын көтеріп жатқан балаларды бірден баурап алады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай аудандық "Маңдай батыр" мешітінің найб имамы Ерлан Өмірбекұлы Қостанай аудандық Ішкі істер бөлімінде болды.
Ол полиция қызметкерлерімен кездесу барысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қысқа мерзімді жазасын өтеушілерге уағыз-насихат айтты.
Қазіргі таңда бұл мәселеге байланысты заң қатайтылып, қылмыстың алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да қысқаша тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Ниязбек Қасымбекұлы және аға инженер Айдос Алтынбекұлы Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешіті қызметкерлерімен кездесті.
Өз саласының білікті мамандары жүздесу барысында тілсіз жау болып табылатын өрттің алдын алу, төтенше оқиға орын алған жағдайда дер кезінде қимыл-әрекет жасау және басқа да амалдар жөнінде пайдалы кеңес берді.
Жиынға қатысушылар өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Батпаққара өңірінде ғұмыр кешкен Файзолла қари Сатыбалдыұлы – имандылық пен ізгілікті насихаттаған ұлы тұлға. Оның оқыған қасиетті Құран кітаптары ұрпақтарының қолында ұзақ уақыт сақталып келді. Көзі қарақты оқырман Қаридың басқа да көпшілікке өмірлік тағылым болар шығармаларын білсе керек.
Жақында оның елордамыз Астанада тұратын немересі Рамазан Сұлтанұлы Зияуйтденов «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде болып, жоғарыда аталған Қасиетті Құран кітаптарын «Файзолла қари» оқу орталығына табыс етті.
Бұл аса бағалы жәдігерлерді осынау орталықтың басшысы Нұрлан Сейдағалиев қабылдап алып, шынайы алғысын білдірді. Жиналғандарға XVIII-XIX ғасырларда жарық көрген дүниелердің оқырмандарға үлкен ой салып, ізгілікке бастайтындығына тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облыстық мешітінің наиб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы Л. Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында болып, ұжым қызметкерлерімен кездесті.
Жиын барысында парасат ордасының басшысы Сәния Серікқызына облыстық мешіттің Бас имамының атынан ізгі тілегін білдіріп, Алғыс хат пен Серікбай қажы Ораздың «Ұлы Дала төсіндегі Ислам» кітабын табыс етті.
Тоқтала кетер бір жай, жоғарыда аталған кітапхана қызметкерлері мешіттің жанындағы кітапхана жұмысының жандана түсуіне өздерінің әдістемелік көмектерін көрсетіп келеді. Осы ізгі мақсаттағы қарым-қатынас алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Федоров аудандық «Жиентай қажы» мешітінің бас имамы Руслан Маратұлы жергілікті жастармен маңызды кездесу өткізді.
Ол жүздесу барысында теріс діни ағымдардың зардабы жөнінде насихат айтты. Әсіресе, әлеуметтік желіде жарияланатын күмәнді мәліметтерге сақ болуға шақырды.
Басқосуға қатысқан студенттер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, оған нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінде әр жұмада жиналған жұртшылыққа құрт көжені тарату дәстүрге айналды. Оның басты мақсаты-жамағаттың ауызбіршілігін нығайту.
Сондай-ақ «Қайырымды жұма» аясында 10 отбасыға азық-түлік берілді. Қамқорлыққа бөленген шаңырақ иелері мешіт қызметкерлеріне шын жүректен шыққан шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Көктал ауылының тұрғындары бірауыздан алкоголь өнімдерінен бас тартты. Өз елді-мекендерін «Ішімдіксіз аймақ» деп жариялаған ауылдықтар бұл шешімдері қоғамның денсаулығын нығайту, рухани құндылықтарды сақтау және ауылдағы қауіпсіздікті күшейту мақсатын көздейді.
Жергілікті клубта ішімдіктен бас тартуға бағытталған жиында мұғалімдер, ақсақалдар, дәрігерлер, фермерлер мен дін өкілдері бас қосты. Онда сөз алған мектеп директоры Н.Ислямова: «Біз жас ұрпақтың дені сау, саналы және жауапты болып өсуін қалаймыз. Ішімдіксіз өмір – бұл өркениетке бастайтын даңғыл жол», – деп көпшіліктің ойын білдірді.
Ал ардақты ақсақал А. Әміржанов соңғы үш жылда Көктал ауылында бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмегенін мақтанышпен жеткізе келіп: «Осы бастама ауылымыздағы тыныштық пен тәртіпті одан әрі нығайтуға септігін тигізеді», – деді.
Жұртшылықты имандылыққа ұйытып отырған аудан имамы Нұрбол Балахметов: «Ішімдіксіз өмір – бұл тек денсаулыққа ғана емес, рухани байлыққа да жол ашатын саналы таңдау» деген пікірін ортаға салды.
Әңгімеге арқау болған Көктал елді-мекені бүгінде өзгелерге үлгі боларлықтай. Ауылда спорттық жарыстар, салауатты өмір салтын насихаттайтын дәрістер мен тұрғындарды ынтымақ-бірлікке шақыратын мәдени шаралар ұйымдастыруға жете назар аударады. Ең маңыздысы, олар өздері қолға алған шешімдерін қадағалап, оның орындалуына атсалысып отырады. Осынау ортақ өнегелі іс әр адамның жауапкершілік жүгін арттыра түсті.
Сонымен, «Ішімдіксіз ауыл» жобасы өзінің нәтижесін беруде. Жергілікті азаматтар бастаманың жүзеге асуы әр отбасыға байланысты және оның күші жұдырықтай жұмыла білуде екендігіне көздері әбден жетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің ұжымы жұртшылыққа үлгі болар түрлі танымдық шараларды өткізуге мұрындық болып келеді. Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде Ережеп айының құрметіне жамағатқа “ауыз ашар” берілді.
Сондай-ақ аталмыш имандылық ордасындағы имам-ұстаздар жамағатпен қоян-қолтық араласа қызмет атқарып, олардың діни сауатын арттыруға айрықша көңіл бөлуде.
Мұндағы білікті мамандар өткізілетін дәрістердің сапалы әрі тартымды болуына айрықша назар аударады. Шәкірттер де тәлімгерлерінің әрбір сабағын мұқият тыңдап, өздерінің шынайы алғыстарын білдіруде.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі