Сұрағы:
Намаз оқылуы барысында балалардың кедергі келтіруі намазды бұза ма? (Мейірбек)Жауап:
Егер балалар намаздағы адамның арқасына жабысып, тізесіне отырса, жайнамазына жатып алатын болса, бұл құлшылығымыздың қабыл болуы тұрғысынан алғанда кедергі келтірмейді. Тіпті, баланы ысырып қойып, сәжде жасаса немесе сәждені баланың тура үстіне жасаса немесе баланы тізесінен түсіріп, артық қимылға барса да намаз бұзылмайды. Аталған әрекеттер намазға қатысты болмаса да, олар «амал-и касир» – намазды бұзатын үлкен қимылдар қатарына жатпайды. Бұл әлі көп нәрсені түсіне бермейтін баланың еркелігі ойымды бұзды-ау деп еріксіз барған қимылдар болып табылады.
Абдулла ибн Шаддат әкесінен естігенін былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бір құтпан намазды өткізу үшін имамдыққа шыққан кезде арқасына Хасан немесе Хусайнның бірін арқалап алғанын көрдім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алға шықты да, немересін жерге түсіріп тәкбір алды. Намаз оқу барысында ұзақ сәжде жасады. Әкем (сөзін жалғастырып) былай деді: Басымды көтергенімде, Алла елшісі (с.ғ.с.) сәждеде, ал бала оның арқасына мініп алған екен. Сәждеге қайтадан бардым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазын бітірген соң жамағат былай деді: Уа, Расулуллаһ, намазда сәждеңізді соза түстіңіз. Сізге бір нәрсе болды ма әлде уахи түсіп жатыр ма екен деп ойладық.
Оларға Расулуллаһ былай деп жауап қатты: сендер айтқан нәрсенің ешбірі де болған жоқ. Бар болғаны, немерем арқама мініп алды. Ойыны қанып өзі түскенше асықтырғым келмеді деп жауап береді». (ән-Насаи фи сунәниһи, Имам Ахмад фи мәснад, Имам Хаким мустадрак кітабында Бухари мен Муслимнің шартына сай деген). Яғни, Алла елшісінің (с.ғ.с.) бұл іс-әрекеттері бізге үлгі. Немерелері намаз кезінде арқасына жабысып немесе тізесіне отырып алған кездерде оларға қабақ шытпай, кейде сол күйінде оларды арқасына мінгізіп, сәжде жасаған, балаларды ешқашан сөкпеген.
Балалардың үлкендерге еліктеген қылықтары мен ойындары намазды бұзбайтындығын және намаз үшін алынатын сауап та кемімейтіндігін айта кету керек. Сонымен қатар, балаларға орынсыз зеку, жасқаймын деп оларды ренжіту болашақта намаздан суып кетуіне апаруы мүмкін.
Алтынбек ҰТЫСХАН ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы