Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Барлық сұрақтар

08.10.2018 – Нуреке

Сұрағы:

Ассаламу алейкум! Мен ораза тұтқым-ақ келеді және сонымен қатар, быраз салмақ та тастағым келеді. Ораза тұтсам, жүдеу үшін деген ой басымырақ болып кетіп, күнаға батып кетем ба деп қорқамын. Не істесем болады, яғни Алла разылығы үшін болмай қалама деп қорқамын. Көмектессеңізде р?

Жауап:

Уаалайкум ассалам! «Ораза» сөзі парсы тіліндегі «руза» сөзінің қазақ тіліне енген түрі. Араб тілінде бұл ғибадаттың түрі «саум» және «сыям» деп аталады. Ал «саум» сөзінің тілдік мағынасы: бір нәрседен аулақ болу, шектелу, тыйылу. «Лисанул-араб» атты араб тілінің түсіндірме сөздігінде: «саум – тамақтан, сусыннан, жыныстық қатынастан және сөйлеуден тыйылу» деп берілген.

Шариғатымызда ораза тұту Алла разылығы үшін ниет етіп, шынайы таң атқаннан күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден оразаның белгіленген шарттарын орындай отырып, тыйылуды білдіреді.

Ораза Хазреті Пайғамбарымыздың (ﷺ) Мәдинаға һиджратынан бір жарым жыл кейін шағбан айының оныншы жұлдызында парыз қылынған және Исламның бес негізінің бірі болып табылады. Алла Тағала бұл жөнінде былай бұйырған: «Ей иман келтіргендер! Бұрынғыларға (үмметтерге) ораза парыз етілгендей сендерге де (Рамазан айында ораза ұстау) парыз етілді». («Бақара», 183)

Осынау құлшылықтың қадір-қасиетін Рамазан айында тұтылатын міндет оразадан бастағанымыз жөн болар. Былай жасауымыздың да өзіндік бір себебі де бар. Өйткені ораза тұтылатын Рамазан айы – рухани нәрге, иләһи сыйларға, молшылыққа толы мүбәрәк ай. Адамзат баласы осынау айда қол жеткізген сансыз игіліктерінің қадір-қасиетін еске түсіреді. Сонымен қатар жалған бұл дүниелік ләззәттардан бет бұрып, мәңгі болған рахаттарға жетудің сыры Хақ Тағала бұйырған ораза игілігімен көрініс табады.

Ораза ұстау парыз амалы болғандықтан, оны ұстаған адам жүктелген міндеттен құтылады және сол үшін зор сауапқа кенеледі. Себебі Алла Тағала нәпіл амалдарға қарағанда парыз амалдарына көп сауап береді.

Алла Елшісі (ﷺ): «Пендем маған Өзім оған парыз еткеннен артық Мен үшін ең сүйікті амалмен жақындамаған ...»,-деген. (әл-Бухари)

Оразаның ең маңызды ерекшелігі мен оның негізгі мақсаты – адамның нәпсісін игеруге, тәрбиелеуге көмектеседі. Адамның ерік жігерін, күшін арттырады. Таң атқаннан күн батқанға дейін тамақ, сусын секілді нәрселерден нәпсісін тежей білген адам кез келген сәтте күнәлі істерден де нәпсісін ауыздықтай алады. Ораза тұту адамды ұстамдылыққа, сабырлылыққа, сөзіне берік әрі ісіне ұқыпты болуға тәрбиелейді.

Сонымен қатар Алла Тағала оразаны басқа ғибадаттардан ерекшелеп, оның сауабының қаншалықты екендігін Өзі ғана білетіндігін айтқан. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Алла Елшісінен (ﷺ) риуаят еткен құдси хадисте: Алла: «Адам баласының оразадан басқа барлық амалы өзі үшін. Ал (ораза) Мен үшін болғандықтан, оның сауабын өзім беремін»,-деген. (әл-Бухари)

Адам баласы ораза арқылы табанды да қанағатты, өз хәліне разы болатындай салмақтылық және сабырлылық сияқты көркем мінездерге жетумен қатар кедей, мұқтаж кісілердің бойынан табылатын ашығу сияқты әлсіздік сезімдерін де басынан кешеді. Сонда ол өз қолындағы игіліктердің қадірін біледі де жарлы-жақыбайлардың ахуалдары жайлы ойланып, оларға деген мейірім құшағын ашып, қол ұшын бере бастайды. Өйткені ораза ұстаған адам ары кеткенде тек жарты күн ғана ашығып, сусынсыз жүреді. Ал жоқшылық өмірін сүріп жүрген кісілер болса, күні-түні аш-жаланаштықтың күйін кешеді. Бұл айтылғаннан оразаның қоғамдағы байлар мен кедейлердің бір-біріне деген қарым қатынастарын жақсартып, жанашырлық сезімін оятатынын көреміз.

Сондай-ақ ораза адам баласының шүкіршілік сезімдерін жандандыратын сондай бір ерекше Жаратушымыздың әмірі. Осы ерекшелігімен ораза қоғамдағы көпшіліктің тыныштығын кетіретін кек сақтау мен қызғаншақтық сияқты жаман қаситтерді жоятын керемет бір иләһи құлшылық. Сондықтан ораза тек осы үмметке ғана емес, қоғамдағы іштей іріп-шірушілік болмас үшін бұрынғы өткен үметтерге де міндеттелген ғибадат. Өйткені белең алған мұндай қоғамдық дерт, Алланың ашуын келтіретіндігі әрі ешбір елді өрге сүйремейтіндігі де белгілі.

Бұл ғибадаттың ерекшелігі мен қадір-қасиеті жайында Алла Елшісінің (ﷺ) сүннетінен де көптеп кездестіруге болады. Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисінде қиямет күні адамның ұстаған оразасы тозақ отынан қорғайтын қалқан болатындығы баяндалған. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісі (ﷺ): Ораза – (тозақтан) қалқан, сондықтан (ораза тұтушы) бұзықтық істемесін және надандыққа бармасын. Ал егер бір кісі оған соқтықса немесе балағаттаса, екі рет: «Мен оразамын» деп айтсын. Жаным қолында болған Алламен ант етейін, ораза тұтушының аузының иісі Алла Тағаланың алдында мисктің иісінен де артық. (Сондай-ақ Алла): «Ол мен үшін тамағын, сусынын тастады. Ораза Мен үшін және оның сыйын Өзім беремін, ал қайырлы іске дәл сондай он есе (сауап беріледі)»(-,дейді)»,-деген. (әл-Бухари)

Келесі бір хадисте ораза тұтқан адамның артықшылығы жайында жүзінің жетпіс жылға тозақтан алшақтылатындығын мына бір хадистен көруге болады. Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (ﷺ): «Пенде Алла жолында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала сол күн үшін тозақты оның жүзінен жетпіс күз алшақтатады»,-деді»,-деп айтқан. (имам Насаи, имам Тирмизи)

Сондай-ақ ораза адам баласының бір жыл бойы шаршап, тозған денесін, ондағы ағзаларын демалдырып, денсуалығын жақсартады. Бұл жайлы Әз Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген: «Ораза ұстаңдар, дендерің сау болсын!»,-деген. (Әбу Нуғайм)

Бұл ғибадаттың қоғамдағы жастарымызға да пайдасы зор. Әсіресе Алла Елшісі (ﷺ) үйленуге мүмкіндігі жоқ жастарға оразаны насихат етіп, былай деген: «Ей жастар қауымы! Сізден үйленуге мүмкіндіктері барлары үйленсін. Өйткені үйлену ар-ұятты сақтап, көзді қорғайды. Ал үйленуге жағдайлары келмегендер ораза тұтсын. Себебі ораза – қалқан». (әл-Бухари)

Осы шындықтар оразаның негізгі мақсаты мен пайдасының руханилығын көрсетеді. Сондықтан оразаны тек ғибадат мақсатымен ғана орындау керек. Оразаның тек сыртқы пайдаларын мақсат етіп, яғни диета, арықтау мақсатымен тұтар болсақ, онда оразамыз құлшылық болмай қалады. Дегенмен оразаның діни, рухани, әлеуметтік, медециналық, эканомикалық және педагогикалық жағын, қырларын алар болсақ, өте көп пайдалары бар екенін байқауға болады. Оразаның мұндай қырлары жайлы қазіргі уақытта көптеп кітаптар да жазылып, айшықталып ғылыми дәлелденіп те жүр. Бірақ ораза – Аллаға бағынумен адамды шексіз сауаптарға жетелейтін құлшылық болған соң Алланың разылығы үшін ғана ұсталуы тиіс. Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл жөнінде былай дейді: «Қанша ораза ұстаушылар бар, оларға ұстаған оразаларынан тек аш қалғандары мен шөлдеп жүргендері ғана бұйырады». (Имам Насай мен Ибн Мажаһ р.а.).

Алла Елшісінің (ﷺ) хадисінен түсінікті болғандай, ораза ұстаушының ниеті Алла разылығы үшін болмай, жүдеу немесе тағы басқа бір нәрселерге үшін болса, онда ол, сол ниет еткен нәрсесіне жетіп арықтайды да, бірақ күнәға батпайды. Алайда, оразасын Алла разылығы үшін ұстамағандықтан, сауаптан ешбір үлесі де болмайды. Сол үшін мұндай келеңсіз оқиғаға тап болмас үшін, ораза ұстағысы келетін кісі ниетін түзетіп, Алла разылығын барлық мақсаттардан да жоғары қойып, оразасын бастаса, сонда ол оразасын құлшылық ниетімен ұстағандықтан, сол оразаның жүдеу, азу сияқты басқа да көптеген пайдаларына автоматты түрде қол жеткізе алады. Сондықтан, бір оқпен екі қоянды атқыңыз келсе, онда Алла Тағаланың бізге берген кез-келген құлшылығын, сол Жаратушы Жаббар Иемізге ғана арнаңыз! Сонда ғана екі дүниенің бақытына қол жеткізесіз!

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником