Періштелерге сену – иман шарттарының басты қағидаларының бірі. Себебі, періштеге иман келтіру, алдымен уахиге, пайғамбардың хақ екендігіне, пайғамбардың әкелген кітабына, оның жеткізген діни үкімі мен тыйымдарына сену деген сөз. Ал, періштеге сенбеу – осы айтылғандардың бәрін қабыл етпеумен тең. Бүкіл діни үкімдер періште арқылы пайғамбарларға жеткізілетіндіктен, періштелерге иман – Алла Тағалаға иманнан кейінгі кезекте өте маңызды рөлге ие. Құран періштелерге иман етудің парыз екендігін білдіреді және періштелердің бар екендігі мен олардың нендей жаратылыс екендігін де айтып өтеді. Періштелерге иман етудің парыздығы мына аяттарда білдірілген: «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді» [1].
«Кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе... міне, солар – шыншылдар әрі солар тақуалар» [2].
Періштелерге иман келтіру Алла Тағала мен Оның елшісінің әмірі болғандықтан қандай да бір періштені қабыл етпеу не қарсы шығу шариғат үкімі бойынша күпірлік болып саналады. Құран Кәрімде бұл мәселеде айқын белгілер бар: «Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне, сондай-ақ, Жәбірейл, Микайлге дұшпан болса, әлбетте Алла кәпірлерге дұшпан» [3].
Негізінде, біз періштелерді сезім мүшелерімізбен ажырата алмаймыз. Себебі, олар – көзге көрінбейтін нұрдан жаратылған рухани жан иелері. Періштелер жайындағы мәліметтердің қайнар көзі де Құран аяттары мен пайғамбар хадистері ғана.Асылында, періштелердің көрінбеуі – оларды көруге біздің қабілетіміздің жетпейтіндігін білдіреді. Сондықтан да мұсылманның міндеті періштеге, оның бар екендігіне (аят пен хадисте айтылған ерекшеліктеріне) сенумен шектеліп, олардың қандай екендігі, заты, болмысы аса қызықтырмағаны абзал.
Құранның баяндауына қарағанда періштелер адамнан бұрын жаратылған. Себебі, қасиетті кітабымызда Алла Тағала періштелерге Адам атаны жарататындығын және оны жер бетінде халифа етіп дүниеге әкелетінін айтады. Бұл адамзат жаратылмастан бұрын періштелердің бар екендігін білдіреді. Аятта бұл мәселе жайында былай дейді: «Сол уақытта Раббың періштелерге: «Әрине, мен жерде бір орынбасар жаратамын!» – деген еді. Періштелер: «Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз», – деді. Алла: «Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін», – деді» [4].
Періштелердің неден жаратылғандығы жайында Құран Кәрімде ешқандай мәлімет келтірілмейді. Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) періштелердің нұрдан жаратылғандығын жеткізеді: «Періштелер нұрдан, жындар жалындаған оттан, Адам болса топырақтан жаратылған [5]».
[1] «Бақара» сүресі, 285-аят
[2] «Бақара» сүресі,177-аят
[3] «Бақара» сүресі, 98-аят
[4] «Бақара» сүресі, 30-аят
[5] Муслим, Зухд – 10; Ахмед Ханбал, Муснад VI, 168)