Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

08 06.16

Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік оқиға – Ислам дініне жат әрекет

Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.

Таяуда Ақтөбе қаласында орын алған оқиғаның Ислам діні мен еш байланысы жоқ екені айдан анық! Олай дейтініміз мұндай іс-әрекеттерге дініндемізде өте қатаң түрде тыйым салынған. Сол тыйымдарға қатысты Алла Тағала өзінің Құран аяттарында былай деп баян етеді: «Ол өлім және өмірді сендердің қайсыларың амал етуде жақсырақ екенін сынау үшін жаратқан. Әрі Ол – әл-Азиз /аса Үстем/, әл-Ғафур /өте кешірімді/». (Мүлк сүресі, 2-аят). Аса ұлы Алла пенделерін жаратып, оларды осы дүниеге әкелді және оларға бұл өмірден басқа өмірге көшетіндерін хабарлады. Оларға бұйрықтар мен тыйымдар бекітті. Оларды Өз бұйрығын орындауға кедергі жасайтын көңіл құмарлықтарымен сынады. Сонда кім Алла Тағаланың бұйрығына бойұсынып, амал істеуде жақсы болса, Алла оның марапатын екі дүниеде еселеп береді. Ал кім құмарлықтарына еріп, оны қанағаттандыру үшін жолдан тайса, Алла Тағаланың бұйырғанын орындамаса, оған ең жаман қарымта бұйырады.

Алла Тағала өзінің Құран Кәрімінде былай деді: «Ақиқатында, Аллаға және Оның Елшісіне қарсы соғысатындардың әрі жер бетінде бұзғындық жасауға ұмтылатындардың жазасы – олардың өлтірілуі не керіп тасталуы, не қол-аяқтарының қиғашталып /оң қол мен сол аяқ, сол қол мен оң аяқ/ кесілуі немесе жер айдалуы. Бұл олар үшін осы өмірдегі қорлық. Ал соңғы мәңгілік өмірде /ақиретте/ оларға өте үлкен азап бар» (әл-Мәида сүресі, 33-аят). Ибн Касир (Алла оны рахымына бөлесін): «Алла Тағала жер бетінде бұзақылық жасауға және жер беті түзетілгеннен кейін оған зиян тигізетін нәрселерді жасауға тыйым салды. Себебі, әуелде дұрыс болған нәрсені бұзуда – жер бетіндегі пенделерге үлкен зиян алып келетіндіктен Алла Тағала бұған тыйым салды», - деді.

Сондай-ақ Алла Тағала Ағраф сүресінің 56-аятында: «Жер жүзі түзетілгеннен кейін бүлікшілік қылмаңдар», - деп бұйырды. Әл-Қуртуби бұл аятқа қатысты: «Алла Тағала жерге Елшілер жіберіп, кітаптарды түсіріп, шариғат орнатып, түзеткеннен кейін кез келген бұзақылық жасауға тыйым салды, және бұл (үкім) барлық адамға қатысты», - деген.

Осы баяндалған нәрселерге негізделе отырып, жоғарыда аталған құбылыстар, материалдық немесе өзге де мүдделер үшін жасалынып жатқан іс-әрекеттер қоғам үшін үлкен қауып қатер тудыратындығы белгілі. Өйткені, лаңкестік іс-әрекеттермен айналысып жүрген адамдар, қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға, мұсылман үмметінің тұтастығын жоюға және Жаратушы Иеміздің көрсеткен жолынан тайдыру үшін, барынша әрекет жасауда.

Кімде-кім қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірген жағдайда: үйлерді, мешіттерді, мектептерді, ауруханаларды, көпірлерді, қару қоймаларын, сумен қамтамасыз ету көздерін және мұнай құбырларын немесе ұшақтарды жару яки басып алу және соған ұқсас іс-әрекеттер арқылы өзге адамдардың өміріне және жеке немесе қоғамдық мүлікке қарсы қастандық жасау жолымен лаңкестік іс-әрекетпен айналысып жүргендігі, немесе жер бетінде бұзақылық таратып жатқандығы айқындалған жағдайда, онда мұндай іске кінәлі адамдар қатаң түрде айыпталып, жазалануға әбден лайықты.

Демек басқа жазықсыз адамдардың өміріне зиян келтіру Исламға жат әрекеттер. Себебі Алла Тағала Мәйда сүресінің 32-аятында былай деген: «Кім кісі өлтірмеген не жер бетінде бұзғыншылық жасамаған бір адамды өлтірсе, шын мәнінде, ол адамдардың барлығын өлтіргендей болады». Абдулла ибн Амр (Алла олардың екеуіне де разы болсын), Алланың Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Мына төрт сипатқа ие болған адам шынайы екіжүзді болып табылады, ал олардың қандай да біреуімен ерекшеленетін адам одан құтылмайынша екіжүзділіктің бір сипатымен белгіленген болады. Оған өзін тапсырса – сатқындық жасайды, бірнәрсе туралы айтса – өтірік айтады, келісім-шарт жасасса - қиянат жасайды, біреумен жауласса – заңсыздықтар жасайды» (Имам Бухари).

Аллаға деген сенімі бар адам өмірдің қиыншылықтарын сынақ деп біледі. Сонымен қатар әрбір қиындықтан кейін жеңілдіктің келетініне сенеді, Құдайдан үмітін еш үзбейді де сабыр қылады.

Сөз соңында айтарым, құрметті мұсылман бауырлар! қоғамдық қауіпсіздікке сызат түсіру ісі көбінесе үмітсіздіктен, мақсатсыздықтан, келешекке сенімсіздіктен және жан тынышсыздығынан туындайды. Ал, жүрегі иманға толы жан қашан да мұндай дерттен аулақ болады. Қай уақытта да қиналған кісінің жанын түсінуге тырысып, құлазыған көңілдерге демеу болған жөн. Әсіресе, қазіргі таңдағы әртүрлі ағымдардың өршіп тұрған кезінде жақындарымыздың адасушыллыққа тап болуына жол бермей, төңірегіміздегі кісілерге қасиетті Ислам дінінің асыл құндылықтарын үйретуді міндет санап, әр қараңғы түнектен кейін жарық нұрдың және әр қиыншылықтан кейін бір жеңілдіктің келетіндігіне нық сену қажет. Алла Тағала аспанымызды ашық, еліміздің тұғырын биік, тәуелсіздігін баянды қылғай!

Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

Security code


алдыңғы блог жазба
Қасиетті Рамазан айы мүбарак болғай
келесі блог жазба
Құрбан айт мүбарак болғай!

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником