Марал ишан Құрманұлы Орта жүздің бір баласы Керей руының Тарышы тайпасы, Ақсары атасының Нұрымбет әулетінен тарайды. Бұл елдің ата қонысы Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл елді-мекені.
Ишанның әкесі Құрман Кенжебайұлы бес уақыт намазын қалдырмаған, әрі батыр, әрі діндар адам болды. Абылайдың батырларының бірі әрі бірегейі. Жоңғар қонтайшысы Қалден-Цереннің қазақ әйелінен туған екі қызының бірін Абылай, Фатима атты екіншісін Құрман алыпты. Одан Құлжа, Арал, Марал атты ұлдар дүниеге келген. Білетіндердің айтуына қарағанда, Фатима шешей осы күнгі Қызылорда облысының Жосалы маңындағы «Қамыр қорымы» деген жерде жерленген деседі.
Марал ишан 1780 жылы Қостанай облысының солтүстігіндегі Обаған өзенінің кейіннен «Марал шілігі» атанған қоныста дүниеге келіпті. Оның ұрпақтары осы күнге дейін Троебратное селосының жанындағы Нұрымбет деген ауылда, Әулиекөл, Құсмұрын, Жүзбай, Бестау елді мекендерінде өмір сүріп жатыр. Осы күнде жүз жылдан аса тарихы бар Қостанайдағы Ақ мешіт, Бестаудағы ұрпақтары тұрғызған мешіт бабаның есімімен аталады.
Кейбір деректерде әкесінен 9 жасында жетім қалып, 13 жасқа келгенде анасымен Ақ мешіт жағына барған. Ақ мешіт маңайындағы Құланбай ишанның Меңдібике атты қызына үйленген Марал, қазіргі Өзбекстан елінің Жам тауының үңгіріндегі Жалаңаяқ ишанның медресесіне жүз шәкірттің бірі болып білім алады. Осы медресені жеті жыл оқып, білімін тереңдету үшін тағы да үш жылға қалады. Он жыл оқыған Марал ишан аман-есен, біліммен қаруланып еліне оралады. Арқа жазығында ол өзінің тәбиптік кәсібімен халыққа орасан зор қызмет етеді, ауру-сырқауларды емдейді.
Марал бабамыз тек діншіл ғана емес, ол – қоғам қайраткері, азаттық үшін күрескер, ұлт-азаттық қозғалыстың рухани көсемі. XIX ғасырдың 30-жылдары Марал ишан қазақ халқын «Ғазауат» соғысына жұмылдырды. Алдымен Құсмұрын атырабында басталған бұл қозғалыс Қазақстанның солтүстігінің біраз жерін қамтыды. Марал бабамыз патша үкіметі шенеуніктеріне қайта-қайта адам жіберіп, хат жазып, қазақ жерінде орыс бекіністерінің салынуына қарсылық білдірген. Еш жауап ала алмаған ол әскер жинап, қарулы қарсылық білдіруге дейін барды.
1819 жылдың жазында Керей-Уақ, Атығай-Қарауыл елдерінің басты адамдарының басын қосып, Қақ сорының жағасында құрылтай өткізеді.
Марал бабамыз қолбасшыларға әр уақыт дұға етіп, ақ батасын беріп отырады. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасау үшін Марал хан сарайының Кеңес құрамына кіреді.
Кенесары көтеріліс бастап, бодандыққа қарсы шайқасып жатқан кезде Марал ишан Батыс-Сібір мұсылмандарының діни басшысы болады. Бұдан былай даулы мәселелер шариғат үкімі бойынша шешіліп отырды. Қазақ қосынына рухани демеу көрсетіп, кей жағдайда өз бойындағы керемет қасиеттерімен де көмектеседі. Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі тиеді. (Нұртайұлы С. Ислам және Марал Баба. - 1996. - 92 б.; 31-б.).
Қазақ-орыс арасындағы саяси мәселелерді Марал бабамыз келіссөз арқылы шешуді көздегені мәлім. Осы мақсатпен ол Омбыға Керей болысының ақсақалы Байсал арқылы екі бірдей хат жібереді. Біреуі Орынбор әскери губернаторы Эссенге, екіншісі, Сібір жеке корпусының командирі Капцевичке жолданды. (Энциклопедия «Айқап», Бас редактор Р. Нұрғалиев. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995 ж.). Ол хаттың басталуындағы сөздер Маралдың нағыз дін қайраткеріне тән болмысын айқындай түседі: «Әуелі, Жаратқан Құдай шын, екінші оның пайғамбары Мұхаммед, төрт шәриар, төрт имам, әуелі Адам, екінші Мұхаммед пайғамбар болғалы сол заманнан бермен қарай, мұсылман мұсылман болып, кәпір кәпір болып келгелі біздің арамызда бүліншілік-дұшпандық болған емес, бір Құдайға сыйынып келе жатыр¬мыз. Осылай, тақсыр, жандарал, мұнан бірне¬ше жылдар бұрын Россия мемлекеті¬нің шегінде татулық, тыныштық болушы еді, сол кездегі Россия патшаларының тұсында орыстар рұқсатсыз қазақ жеріне кіруден қорқушы еді. ...Орыстар қазаққа тиісті жерді тартып алып, иеленіп кетті. ... Пайғамбардың жәрдемі бойынша мен Сізден, жақсы жандарал, өтініп сұраймын, маған патша ағзамға баруға рұқсат һәм жол берсеңіз екен» («Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995. -368 б).
Марал ишанның бұл тілегін Сібір билеушілері Ресейдің Азиялық департаментіне мәлім еткен. Сонымен 1822 жылы Марал Құрманұлын Санкт-Петербургке шақыру мәселесі шешілген. Бірақ сол жарлық туралы рұқсат хат Маралдың қолына тимеген. Себебі бұл кездері Марал ишан Хиуа хандығының Сыр бойындағы қазақ ауылдарын, Орынбордан, Троицкіден ке¬летін керуендерді талауға бағытталған басқыншылық, тонаушылық әрекеттерін тоқтатқан халық қозғалысының жетекшісі болып қызмет жасап жүрген. Бабаның патша қабылдануына бармаған себебінің де бір хикметі бар, ол: Орынбор генерал губернаторы жүзбасы сұлтан Жантөре Жиһангеровке Маралды тауып алуды тапсырса, ол өз тарапынан сұлтан Жұма Құдаймендиевке Маралды ұстауды бұйырған. Ал орыс әскерінің полковнигі Грамматин Сұлтан Шотайға Маралды ұстауды тапсырған. Осындай жағдайлар орын алғандықтан да Алланың қалауымен қабылдау бұйырмаған сияқты.
Марал ишанның Ислам діні негізіндегі шығыстың ғылыми мұра-ларымен оқып-қарулануы, оның исламдық ағар¬тушылық мақсатын халыққа қыз¬мет етуге арнаған жұмыстарынан бай¬қауға болады. Оның бір қызметі халық арасындағы мүмкіндігі шектеулі жандандарды сауық¬тыруы арқылы жүзеге асырыла бастайды. Қиындық көріп жүрген мүгедектерге көмектесу, ем жасау, олардың тәніне де, жан дүниелеріне де имандылық нұрын себу асыл дініміздің қағидасы.
Марал бабаның ағартушылығы¬ның тағы бір парасы ол – қазақ жұртшылығын отырықшылыққа, диханшылық кәсібіне баулудағы жұмыстарынан да байқалады. Демек, көшпелі тұр¬мыстың жан-жақты дамуын жетілдіру үшін, өркениеттік даму жолын жұртшылыққа үйрете білді. Жалпы мұндай істер халықтың экономикалық және рухани жақтарынан толық жетілуіне ықпал ететіні рас. Халық тарихындағы ос¬ындай ағартушылық бағытты ұстанған қайраткер тұлғаларымыз, соның ішінде имандылық ілімді насихат етушілер халық¬тың тұрмысының да, дүниетанымының да жетілуіне, өсіп-өркендеуіне пайдалы болғандығын айта кеткеніміз дұрыс. Сондықтан Марал бабаның атқарған істері ислам ағартушылығы дәстүрінің қазақ топырағындағы озық көріністері болып табылады.
Тарихшы ұстаз Сәден Нұртайұлының деректеріне назар аударсақ: «Сыр бойына келген соң жергілікті халықты дін жолына насихаттап, сауатын ашып, мәдениетін көтеруге Марал ишан көп еңбек етеді. Сырдарияның бір саласы - «Қараөзектен тарайтын «Сасық өзектің» бойында жағалай бірнеше жерден мешіт салдырады. Сол атырапта Марал салдырған 7 мешіт-медресе бар. Бұлай атау себебіміз, мешітте жұрт намазын оқып, Аллаға құлшылық жасаса, екінші жағынан, жергілікті елдің балалары оқып, діни тәлім алған, сөйтіп, медресенің де қызметін атқарған. Ол мешіттер: «Қара бөгет», «Байбол», «Ишан ауылы» (Маралдың немересі Тобағабыл ауылында), «Қырғы мешіт», «Қолаң төбеде», «Қыш мешіт», немересі «Оспан ишан» мешіті және өзі отырған «Қамыр» төбесіндегі күмбездеп салдырған мешіт. Сол себепті бұл аймақты жұрт «Қырық мешіт» атап кеткен.
Қазақ даласының солтүстігі мен оңтүс¬тігі атыраптарындағы мешіт-медреселердің кең таралуына тікелей ықпал еткен Марал бабаның ауқымды да айтулы істерінен асыл дініміздің жоғары деңгейде дамығандығын байқауға болады.
Бір сөзбен айтқанда, Марал ишан – түркі дүниесі ғұламаларының исламдық ағартушылық дәстүрін Қармақшы және Қостанай өңірлерінде өзіндік бағытымен жалғастырған діни қайраткер. Марал ишанның имандылық, адамгершілік жолындағы дәстүрлі істері, өңірлерде кеңінен таралды. Ізін жалғастырушы ахун-ұстаздар дін ілімін өздері ашқан мешіт-медреселерде оқытты, араб, парсы, түркі-шағатай тілдеріндегі Шығыстың классикалық әдебиет мұраларын насихаттады. Олар сол дәуірдегі - Ресей империясының отаршылдық саясатына өздері жүргізген діни тәлім-тәрбие, оқу істері арқылы кедергі жасаған күрескер ағартушылар десек те артық айтқандық болмас. Мәселен, Қалжан ахун Бөлекбайұлы, Ораз-Мұхаммед ахун Бекетайұлы, Алдашбай ахун Ерназарұлы, Әлібай ахун Қосқұлақұлы және т.б. қазақ даласының барлық атыраптарындағы ахун-ұстаздар халқымыздың дінге деген дүниетанымына сара жол салған ізгі жандар.
Марал баба Құрманұлы сын¬ды қайраткерлер қазақ халқының материалдық және рухани мәдениет салаларындағы өсіп-өркендеуі, кемелденуі, мәңгілік сақталуы үшін шығарма¬шылық және қоғамдық-әлеуметтік қыз¬меттері арқылы үлес қосты.
2023 жылы Марал ишан атын иеленіп отырған Қостанай қалалық мешітіне 130 жыл толмақ. Қаламыздың дәл ортасынан ойып тұрып орын алған тарихи мешітіміз кеңес дәуірінде діни ғимарат ретінде емес, басқа мақсаттарға пайдаланылып келді. Алланың қалауымен мұсылмандарға дін ордасы ретінде қайтадан есік ашқан еді. Аталмыш тарихи мешітіміздің тәуелсіздік алған жылдары мен кейінгі жылдары күрделі жөндеуден өтіп, халыққа пайдалануға берілуіне мұрындық болған барша азаматтарға Алланың нұры жаусын!
Осындай ұлағатты істерімізбен ұлттық рухани құндылықтарымызды ұлықтап, иманды, адамгершілігі мол, отаншыл-өршіл рухы жоғары ұр¬пақты қалыптастыру - қасиетті борышымыз. Бұл өз кезегінде тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық тәлім-тәрбие жүйесіндегі біздің берік ұстанымымыз.
Бектұрсын Уәлиев,
Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің Бас имамы.