Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

09 10.17

Қызылды-жасыл дүние қызығына беріліп, өмір сүріп жатқан қоғамымызда біз көбіне дәулеті бізден артқан кісіге көз тігіп, соның деңгейіне жетуді аңсап, ғұмыр кешудеміз.

Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық астыңдағы жалғыз атыңды сойғызады. Адам бұл өмірде бақытты болуы үшін, Аллаға шүкір етіп, барға қанағат етуі керек.

Екі көз тек топыраққа тоятының естен шығарып, бар нәрсемізге қанағат тұтпай, дүниеге берілуіміз, көлігіміз бола тұра, оданда әдемісін мінгіміз келетіні қанағаттың жоқтығының белгісі. Киімнің ең жақсысын, әшекей бұйымнын ең қымбатын алғымыз келеді. Бұл әрекеттер ашкөздіктен, жүректе қанағаттың жоқтығынан туындайтын дерт. Адамға байыған сайын байысам деген ой келіп, рухани құлдырауға душар болады. Алла Тағала Исра сүресінің 27 аятында:

إِنَّ الْمُبَذِّرِينَ كَانُوا إِخْوَانَ الشَّيَاطِينِ ۖ وَكَانَ الشَّيْطَانُ لِرَبِّهِ كَفُورًا

«Шүбәсіз, ысырапқорлар шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса, Раббысына рақметі жоқ, малғұн!»-деп, ысырап етіп, азға қанағат етпейтін кісілерді шайтанның досына айналатындығын ескертті.

Қай мәселеде де ысырап етудің дұрыс емес екендігін Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына хадисінен аңғаруға болады:

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رضي الله عنهما أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَرَّ بِسَعْدٍ وَ هُوَ يَتَوَضَّأُ فَقَالَ : مَا هَذَا السَّرَفُ يَا سَعْدُ؟ قَالَ : أَ فِي الْوُضُوءِ سَرَفٌ؟ قَالَ : نَعَمْ، وَ إِنْ كُنْتَ عَلَى نَهْرٍ جَارٍ. روى الإمام أحمد (6768) و ابن ماجة (419).

Пайғамбарымыз (ﷺ) бірде Сағыдтың дәрет алып жатқаның көріп, оған: «Әй, Сағыд! Бұл не деген ысырап?»-дейді. Сонда Сағыд (р.а.): «Дәрет алу үшін қолданылған судың да ысырабы болады ма?»-деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Әрине, тіпті ағып тұрған өзеннің жағасында тұрып дәрет алсаң да», - деп жауап берді.

Ең дұрысы, өзіңнен жағдайы тәуірге емес, керісінше әл-ауқаты өзіңнен төмендеу кісіге көз салып, шүкір ете білуді үйренуіміз қажет екендігін ұмытпағанымыз жөн.

Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ), өзінің сүйікті қызы Фатиманы түйе жүнінен тоқылған киіммен, бидай тартып отырғанын көріп, былай дейді: «Ей, Фатима! Бұл дүниенің кедейлігі мен ауыртпалығына шыда, себебі арғы дүниеде сені жұмақ пен рахат күтіп тұр».

Бірде Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың (ﷺ) қарапайым күн кешуін көріп: «Әй, Алланың Елшісі! Патшалар жұмсақ мамықта жатады, ал Сіз болсаңыз жұқа төсеніште жатырсыз. Сіз, Алланың Елшісі емессіз ба! Сондықтан басқаларынан қарағанда ерекше қошемет пен құрметке Сіз лайықты емессіз ба!»-деді. Оған Алланың Елшісі (ﷺ): «Ей, Омар! Бұл дүниенің рахаты мен қызығы оларға, ал арғы дүниенің рахаты мен ләззәті бізге қалуын қаламайсың ба?» - деді.

Алланың Елшісі (ﷺ) және әділетті халифалар (р.а.) қарапайым ғұмыр кешіп, азға қанағат етіп, олардың дүние соңына түспегендігі сөзсіз ақиқат.

Омар (р.а.) мұсылмандардың әміршісі болған уақытта Сирия, Палестина, Иран, Мысыр елдері ашылып, мұсылман елдеріне айналды. Мәдина қаласына Византия мен Парсы елдерінің байлықтары молынан ағылды. Мәдинаға келген бұл мол байлықтың арқасында сол уақытта өмір сүрген мұсылмандардың жағдайы жақсарса да, мұсылмандардың әміршісі болған Хаттаб ұлы Омар (р.а.) ол байлықтың еш біріне де қызықпады. Жұма күні хұтпаға бірнеше жерден жамалған шапанымен шығып, таяғына сүйеніп көшелерді аралап, мұсылмандардың жағдайын сұрап, мұң-мұқтаждарын шешумен болды.

Тіпті мұсылмандардың әміршісі Омар (р.а.) құлымен бірге түйемен Шам еліне сапар шеккен уақытта, әлгі түйеге кезектесіп мініп барған еді. Шам еліне кірер уақытта кезек құлына келгенде: «Енді сенің кезегің келді. Түйеге мін» - деп бұйырады. Сол кезде құлы: «Мұсылмандардың әміршісі! Халық мені халифа деп ойлап қалар» - деген сөзіне қарамастан Омар (р.а.) құлын отырғызып, өзі жаялатып кірген.

Жалпы Омар (р.а.) халифа қарапайым ғұмыр кешті. Мемлекетке түскен түсімнен тек өзіне жеткіліктісін ғана алды. Кей уақыттарда Омардың (р.а.) мұқтаждық көріп жүргенін көрген сахабалар, оның алатын жалақысын көтеруді қалады. Алайда Омардың (р.а.) өзіне айтуға ұялып, қызы Хафсаға (р.а.) айтқан. Хафса (р.а.) бұл мәселені әкесіне айтып жеткізгенде, Ол (р.а.): «Қызым! Пайғамбарымыздың (ﷺ) қалай тамақтанып, қалай киінгені есіңде ме?» - деп сұрады. Сонда Хафса: «Иә, Ол (ﷺ) тек өзіне қажетті болғанын ғана алатын»,-дегнеде, Омар (р.а.): «Менің екі досым және мен, бір сапардың жолаушыларымыз. Бізден бірінші болып белгіленген жерге сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) жетті. Одан кейін сол жолмен Әбу Бәкір (р.а.) жүріп өтті. Ал олардан кейін үшінші мен болғым келеді. Менің жолға алған жүгім көп болса, ол екеуіне жете алмай қаламын ба деп қорқамын. Әлде сен менің, сол жолда үшінші болуымды қаламайсың ба?» - деп сұрайды.

Әрине, адам қарапайымдылықты ту етіп, азға қанағат, барға шүкір етудің сауапты іс екенін түсінер. Алайда, шынайы мұсылман осы нәрселерді жүзеге асырып, өмір жолын осы принциптерге сай өткізері сөзсіз.

Жітіқара аудандық
«Ержан Тәтішев» мешітінің
бас имамы С. Есмурзин

1 Имам Ахмад және имам Ибн Мәджә риуаят етті.

2 Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

Есмурзин Сабыржан Зейнелгабиденович
09 10.17

Бұл дүниеде барлығына да, ал арғы дүниеде тек иман келтіргендерге ғана мейірімділік танытатын Алла Тағаланың атымен бастаймын.

Мұсылманды өзгелерден ерекшелейтіні, бойындағы адамгершілік қасиеттері. Адамгершілік пен кішіпейілділік кез-келген мұсылманның қаруы әрі қорғаны. Әр мүмін мұсылман, басына түскен ауыр тауқыметті, әрбір келеңсіз жәйтті, Алла Тағаланың берген сынағы деп қабылдайды. Нендей оқиғаға тап болсада, сабырға келіп, ашу-ызаға жол бермеуге тырысады. Бұл жөнінде қасиетті Құран Кәрімде Ұлы Жаратушы Иеміз былай деген:

﴿ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ﴾

«(Ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайынын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар».

Ал Әбу Һурайраның (р.а.) ардақты Пайғамбарымыздан (ﷺ) жеткізген хадисінде ашуға берілмеудің маңыздылығы турасында былай делінген:

عن أبي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عنهُ، أنَّ رَجُلاً قالَ للنبيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَوْصِنِي، قالَ: ((لا تَغْضَبْ)) فَرَدَّدَ مِرَاراً، قالَ: ((لا تَغْضَبْ)). رواهُ البخاريُّ.

«Бірде, Пайғамбарымызға (ﷺ) бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған кенес беріңіз?» - деп өтінгенде, Ол (ﷺ): «Ашуға берілме!» - деді. Кейіннен әлгі кісі осы сұрағын бірнеше мәрте қайталаған еді, Пайғамбарымыз (ﷺ) да сонша рет: «Ашуға берілме!» - деп жауап қатты».

Алла Елшісінің (ﷺ) осынау сөзіне сүйенер болсақ, кез келген жағдайда сезімге емес, керісінше сабырға жүгіну қажет екендігі айқындалуда. Себебі, ашушандылықтың кесірінен қанша шанырақ күйреп, адамдар арасындағы қаншама қарым-қатынас бұзылуда.

Кез келген уақытта, қандай да бір келеңсіз оқиғаға тап бола қалған жағдайда қалайша сабыр ету керектігін Пайғамбарымыз (ﷺ) үйретіп кеткен. Осы жөнінде Алла Елшісі (ﷺ) мына хадисте былай деп баян етеді:

عن النبي صلى الله عليه وسلم أنه قال)): إذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ فَلْيَسْكُتْ)) رواهُ أحمد.

«Егер де біреулеріңнің ашу-ызасы келсе, онда үндемесін». Ал келесі мына бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:

قال رسول الله صلى الله عليه وسلم : (إِذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ وَهُوَ قَائِمٌ، فَلْيَجْلِسْ، فَإِنْ ذَهَبَ عَنْهُ الْغَضَبُ، وَإِلَّا فَلْيَضْطَجِعْ ) رواه أحمد (5/152) ، أبو داود (478).

«Егер де біреулеріңнің ашу-ызасы келіп, ол тұрып тұрған болса отырсын, осылайша оның ашуы тарқайды».

Сонымен қатар, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ) нағыз мықты адам жөнінде былай деген екен:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لَيْسَ الشَّدِيدُ بِالصُّرَعَةِ، إِنَّمَا الشَّدِيدُ الَّذِي يَمْلِكُ نَفْسَهُ عِنْدَ الغَضَبِ» متفق عليه.

«Біреуді жерге жығып, жеңіске жеткен адам мықты емес, алайда бойындағы ашуына ұстамды бола білген нағыз мықты» .

Демек, күш-құаты асып-тасыған нағыз ер жүрек, батыр емес, нағыз мықты ашу-ызасына ұстамдылық танытып, Алла тарапынан келген кез-келген сынаққа сабыр ете білген адам.

Әлемдердің жаратушысы Алла Тағаланың кәләм шәрифінде және ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) мүбәрәк хадистерінде адам баласына ашушаңдылықтан гөрі сабырлықтың маңызды екендігі көп ескертілгендігіне көз жеткіздік. Тіпті, қазіргі таңдағы медициналық зерттеулердің өзі осыны айғақтап дәлелдеуде.

Медициналық дерек көздерге жүгінер болсақ, ашушандылық түрлі ауруларға себеп болатындығы көрсетілген. Ең алдымен жүрек қан тамырлар жүйесі ауруларының пайда болу мүмкіндігін арттырады. Адам ашуланған уақытта қан тамырлары жиырылып, қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы мен тыныс алуы баяулайды. Осының салдарынан қан тамырлары ерте қартайып, жұмысы бұзылады. Ашуланған уақытта адам ағзасындағы цитокин (жасуша аралық байланыстардың процесін қамтамасыз ететін төмеңгі молекулярлық ақуыздық медиаторлар) мөлшері артып, артрит, қант диабеті мен обыр ауруларын тудырады.

Әбу Дарда риуаят еткен хадисте бір кісі Пайғамбарымыздан (ﷺ):

عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ، أَنَّهُ قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، دُلَّنِي عَلَى عَمَلٍ يُدْخِلُنِي الْجَنَّةَ, فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ" :لا تَغْضَبْ, وَلَكَ الْجَنَّة." رواه الطبراني

«Ей, Алланың Елшісі (ﷺ)! Мені жұмаққа кіргізетін бір амалға сілтеңізші»,-дегенде, Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ашуыңа ұстамды бола білсең, жұмаққа кіресің»,-деді.

Әлбетте, ашу-ызасына ұстамды бола біліп, сабырлық танытқан кісі, Алла Тағаланың қаһарынан құтылып, есесіне жұмақ бақшаларына кіру қуанышына ие бола алатындығын ұмытпаған жөн.

Алла Tағала баршамызға да жұмақ төрінен орын беруін нәсіп еткей. Әмин!

Жітіқара аудандық

«Ержан Тәтішев» мешітінің

бас имамы С. Есмурзин

1 Әли-Имран сүресі 134-аят.

2 Имам Бухари риуаят етті.

3 Имам Ахмад риуаят етті.

4 Имам Ахмад және имам Әбу Дауд риуаят етті.

5 Имам Бухари және имам Муслим риуаят етті.

Есмурзин Сабыржан Зейнелгабиденович
04 02.16

Махаббат сөзінің мағынасы өте ауқымды. Махаббат – сүйіспеншілік, ынтызарлық, ғашықтық деген мағыналарға саяды. Махаббат деген кезде тек ермен әйелдін арасындағы сезіммен шектеліп қалмауымыз қажет.

Қазіргі уақыттағы кеңінен насихатталып жүрген мәселелердің бірі, қоғамдағы махаббат түсінігінің ауқымын тарылтып, тек төсек қатынасымен ғана байланысытру. Осындай тар түсініктің нәтижесінде дәстүрлі дінімізде тиым салынған, әдет-ғұрпымызда арсыздыққа бағаланған некесіз төсек қатынас дертінің көбейуінің салдарын көруге мәжбүр болудамыз.

Баршамызға белгілі болған нәрсе, Ақпан айы келісімен махаббаттың анайы түрінің насихаты бірге келеді. Қазаққа еш қатысы жоқ «Әулие Валентин» күнін жастарымыз тойлап, бір-біріне махаббат символына айналған жүрекшелер силап, кім көрінгеннің бәріне: «мен сені сүйемін»,-деп жар салатыны да баршаға мәлім. Бұл «мерекелер» салдарының қандай екені бір Аллаға ғана аян...

Елімізді дүр сілкіндірген соңғы оқиғалар жаға ұстатты. Жамбыл облысында 15 жасар қыз бала көлік ішінде босанып, қыздың анасы жаңа туған нәрестені жауыздықпен терезеден лақтырып жібергені, Тараз қаласында, безбүйрек ана баласын дүниеге әкеле салысымен дәретханаға тастағаны ойыннан от шықты дегеннің белгілері емеспе? Алысқа бармай-ақ қойайық. Өткен 2015 жылы Қостанай облысы бойынша ғана 5641 адам жасанды түсік жасаған екен. Ол жүкті болған әйелдер санының 44,07% құрайды екен. Соның ішінде 49 жасқа дейінгілер 1267 әйел, 34 жасқа дейінгілер 4250 әйел, 18 жасқа дейінгілер 123 қыз, 15 жасқа дейін 1 қыз бала жасанды түсік жасатқан екен1.

Алла Тағала Қасиетті құран кәрімде:

)وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا ۖ إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا(2

«Зинаға3, тіпті жоламаңдар! Өйткені, ол – барып тұрған азғындық, (кісіні тозаққа сүйрейтін) жаман жол!»4 – деп қатан түрде ескерткен. Алла Тағала бұл аятта «жоламаңдар» деген сөзімен ескерткенінде де терең мән жатқаны түсінікті. Жасамақ түгіл оған жолаудың өзі ауыр қылмыс екендігін айтып, зардабы үлкен екендігін аңғартуда. Сүйдім-күйдім деп жастарымыз мектеп табалдырығынан аттамай жатып, опасыз тірліке кетіп жатқаны, үлкендердің жастарға дұрыс тәлім-тәрбие бере алмай жатқандығын аңғартады. Ислам діні адам баласына тек жақсылықпен дұрыстықты меңзейді. Алла Тағаланың бізді ескертіп, «жоламаңдар» деп, тиым салған ісінің салдары адам баласының денсаулығына да нұқсан әкелетіндігі белгілі. Қазіргі уақытта түрлі атпен танылған жыныстық аурулардың түрлері де өте көп. Солардың бірі, бүгінгі таңда ешбір емі табылмай жатқан әлемге танылған ЖҚДБ (СПИД) ауруының бастауы да осы зинақорлық кесірінен емеспе?

Тағыда басқа бір аятта Алла Тағала былай деді:

وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَٰهًا آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ ۚ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ يَلْقَ أَثَامًا (68) يُضَاعَفْ لَهُ الْعَذَابُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَانًا (69)5

«Олар Алламен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Алла өлтірілуін арам еткен кісіні орынсыз өлтірмейді де зина қылмайды. Кімде-кім оларды істесе, күнәға жолығады. Қиямет күні, еселеніп азап болады. Олар онда қор болып, мүлде қалады»6,- деп зинақорлардың ақыретте жан түршігерлік азапқа душар болатындығын да ескерткен.

Жастарымызға махаббат тек ермен әйелдің арасындағы қарым қатынас қана деп түсіндірмей, махаббаттың басқа да ұғымдары мен тұстарын ұғындырған жөн. Мәселен:

- Алла Тағалаға деген махаббат. Өйткені Раббымыз бізге өмір сыйлаумен қатар, сансыз нығметтерін де қоса тарту етті.

- Ата-ана мен бала арасындағы махаббат. Себебі олар біздің бұл дүниеге келіп, өсіп, жетілуімізеге себепші болды.

- Аналық махаббат. Тоғыз ай көтеріп, түн ұйқысын төрт бөліп, біз үшін жанын салған.

- Әкелік махаббат. Баласы үшін басын тауға да тасқа да соққан.

Осындай махаббаттың көптеген түрі бар екендігін ескергеніміз дұрыс болар сірә.

Шынайы шексіз махаббатқа ең алдымен Ұлы Жаратушы Иеміз лайықты, одан кейін ақпен қараны ажыратып, Алланың әмірін насихаттап, жер бетіне тек мейірімділік үшін жіберілген Алланың сүйікті елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) лайықты. Содан кейін барып ата-анаң, содан соң қалғандары екендігі айтпай-ақ түсінікті.

Қазақтын біртуар данышпан ақыны Абай Құнанбайұлы:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл»,- деп дінге деген махаббаттың негізін атап кетті.

Дегенмен, әркім ақретте өз сүйгенімен бірге болады. Бірақ адам сүйгенімен бірге болып, шын бақытқа жету үшін бес уақыт намаз оқуы керек.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

(وَمَنْ يُطِعِ اللَّهَ وَالرَّسُولَ فَأُولَٰئِكَ مَعَ الَّذِينَ أَنْعَمَ اللَّهُ عَلَيْهِمْ مِنَ النَّبِيِّينَ وَالصِّدِّيقِينَ وَالشُّهَدَاءِ وَالصَّالِحِينَ ۚ وَحَسُنَ أُولَٰئِكَ رَفِيقًا) 7

«Кімде-кім Аллаға және расулына лайықты түрде мойынсұнса, міне, солар (пейіште) Алланың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, (пайғамбарлардың ең жақын достары) сыддықтармен, шейіттермен және «сенімі, ниеті, ойы, сөзі һәм іс-әрекеті түзу болған) ізгі жандармен бірге болады. Бұлар қандай керемет жолдастар десеңші»8,-деп сүйіншілесе Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Адам кімді жақсы көрсе, жәннатта сонымен бірге болады»9,- деп қуантты.

Махаббаттың ең ұлығы Аллаға деген сүйіспеншілік. Ал Раббысымен жолығуды қалаған адам, екі дүниенің сардары болған Хазіреті Мұхаммад Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген махаббатты арттыру арқылы жетпек. Ендеше жоғарыда айтқанымыздай Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бір болуымыз үшін әр күнімізді босқа өткізбестен, көп тілек тілеп Алладан сұрағанымыз дұрыс болар.

Қазіргі кезеңде шынайы махаббатты бейнелейтін көркем дүниелер өте аз. Мысалы кино фильмдердің көбі жауыздықты, байлықты, қылмысты көрсетеді. «Кеудесінде шын махаббат сезімі бар адам тек қана ізгілік жолында болады» дейді ұлылар сөзіне құлақ түрсек.

Ал махаббаттың өзі бір ғана тармақтан тұрмайды. Анаға, әкеге, Отанға, туған жерге, өнерге, білімге, досқа деген махаббат ше?! Мұның бәрі де ұлы сезімді ардақтаған адамға жақын. Абайдың «Алланы сүй...» дейтін сөзіне осының бәрі кіреді...

Есмурзин Сабыржан Зейнелгабиденович
Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев»
мешітінің бас имамы

1 kostanay.stat.gov.kz Қостанай облыстық статистика сайтынан алынды.
2 Исра сүресі, 32-аят
3 Ер мен әйелдін некесіз төсек қатынасы.
4 «Құран кәрім». Қазақша түсіндірмелі аударма. Көкжиек баспасы Алматы 2015 ж.
5 Фурқан суресі, 68-69-аяттар.
6 «Құран кәрим қазақша мағына және түсінігі». Х.Алтай.
7 «Ниса» сүресі, 69-аят.
8 «Құран кәрім». Қазақша түсіндірмелі аударма. Көкжиек баспасы Алматы 2015ж.
9 Бұхари, Муслим.

Есмурзин Сабыржан Зейнелгабиденович
18 08.15

Намаз оқып өз өмірін дінге арнаған иманды әр пенде өз нәпсісін тежеу керек екендігін қасиетті Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мухаммад (с.ғ.с.) хадистерінен оқып біледі. Нәпсімізді құрықтап тәрбиелеу адам баласын екі дүние бақытына жеткізері сөзсіз анық. Алла Тағала Құран Кәрімде:

أَفَحَسِبْتُمْ أَنَّمَا خَلَقْنَاكُمْ عَبَثًا وَأَنَّكُمْ إِلَيْنَا لَا تُرْجَعُونَ ﴿١١٥﴾ سورة المؤمنون

«Ей, адам баласы! Бізді өздеріңді бекер-босқа жаратты, біздің алдымызға қайтарылмаймыз деп, ойлайсындар ма?» (Муминун, 115-аят)-деп ескертті. Жәнеде:

أَيَحْسَبُ الْإِنسَانُ أَن يُتْرَكَ سُدًى ﴿٣٦﴾ سورة القيامة

«Адам өзін емін-еркін жіберіледі деп ойлай ма?!» (Қиямет,36-аят) десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақылды – нәпсісіне йе болып, оны жауапқа тартып, өлімнен кейінгі өмір үшін тырысқан адам. Ал, ақымақ – нәпсіқұмарлығына беріліп жүріп, Алладан жақсылық күткен адам»1 -деген. Сол себепті әр адам өз нәпсісін тазартып тақуалыққа ден қоюы қажет. Алла Тағала:

قَدْ أَفْلَحَ مَنْ زَكَّاهَا ﴿٩﴾ وَقَدْ خَابَ مَنْ دَسَّاهَا ﴿١٠﴾ سورة الشمس

«Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да; Әлде кім оны кірлетсе қор болды» (Шамс, 9-10-аяттар) - деп ескертуде.

Ал нәпсімізді құрықтап, тақуалыққа апарар жол әрине құлшылық амалдарын көп қылып орындау. Тек күнделікті бес уақыт намазбенен шектеліп қалмай нәпіл ораза және нәпіл намаздарды да қолға алу. Ал нәпіл намаздардың ішіндегі сауаптыларының бірі әрине түнгі намаз – тахаджуд.

Намаздың бұл түрі турасында атақты Имам Абу Хамид Мухаммад ибн Мухаммад ал-Ғазали ат-Туси «Ихия улум ад-дин» деген еңбегінде «Түнде құлшылық үшін тұрудың маңыздылығы» атты бабында мынандай дәлелдер келтіреді:

Алла Тағаланың қасиетті Құран Кәріміндегі аяттарда:

قال تعالى: إِنَّ رَبَّكَ يَعْلَمُ أَنَّكَ تَقُومُ أَدْنَىٰ مِنْ ثُلُثَيِ اللَّيْلِ ﴿٢٠﴾ سورة المزمل

«(Мұхаммед (с.ғ.с.)) сөз жоқ, Раббың, сенің әрі сенімен бірге болғандардан бір топтың, түннің үштен екісіне жақынырақ, жартысында, үштен бір шамасында намазға тұрғаныңды біледі...» (Зумар, 20-аят).

قال تعالى: إِنَّ نَاشِئَةَ اللَّيْلِ هِيَ أَشَدُّ وَطْئًا وَأَقْوَمُ قِيلًا ﴿٦﴾ سورة المزمل

«Шын мәнінде түнде тұру, нәпсіге әсерлі, оқуға қолайлы...» (Музаммил, 6-аят).

Және де Ұлы Жаратушы Йеміз:

قال تعالى: تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا ﴿١٦﴾ سورة السجدة

«Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан түрып,) өздерінің Раббысынан қорқып және үміт етіп тілейді» (Сәжде, 16-аят).

قال تعالى: أَمَّنْ هُوَ قَانِتٌ آنَاء اللَّيْلِ سَاجِدًا وَقَائِمًا يَحْذَرُ الْآخِرَةَ وَيَرْجُو رَحْمَةَ رَبِّهِ ﴿٩﴾ سورة الزمر

«Әлде түннің бір уақыттарында сәжде ете әрі тік тұрып /намаз оқып/, ақиреттен сақтана және Раббысының мейірімін үміт ете берілуші ме? /Ей Мухаммад!/» (Зумар, 9-аят).

قال تعالى: وَالَّذِينَ يَبِيتُونَ لِرَبِّهِمْ سُجَّدًا وَقِيَامًا ﴿٦٤﴾ سورة الفرقان

«Олар түнді, Раббыларына сәжде қылу, тіке тұрумен өткізеді» (Фурқан, 64-сүре).

قال تعالى: وَاسْتَعِينُوا بِالصَّبْرِ وَالصَّلَاةِ ﴿٤٥﴾ سورة البقرة

«Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді» (Бақара, 45-аят).

Кейбір ғалымдар Құлшылық деген сөздің астарында түн уақытында тұрып намаз оқу және нәпсісімен күрестегі төзімділік деп айтқан.

Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінен:

عَنْ أَبِى هُرَيْرَةَ - رضي الله عنه - أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ - صلى الله عليه وسلم - قَالَ (يَعْقِدُ الشَّيْطَانُ عَلَى قَافِيَةِ رَأْسِ أَحَدِكُمْ إِذَا هُوَ نَامَ ثَلاَثَ عُقَدٍ، يَضْرِبُ كُلَّ عُقْدَةٍ عَلَيْكَ لَيْلٌ طَوِيلٌ فَارْقُدْ، فَإِنِ اسْتَيْقَظَ فَذَكَرَ اللَّهَ انْحَلَّتْ عُقْدَةٌ، فَإِنْ تَوَضَّأَ انْحَلَّتْ عُقْدَةٌ، فَإِنْ صَلَّى انْحَلَّتْ عُقْدَةٌ فَأَصْبَحَ نَشِيطًا طَيِّبَ النَّفْسِ، وَإِلاَّ أَصْبَحَ خَبِيثَ النَّفْسِ كَسْلاَنَ). متفق عليه.2

«Сендердің қайсы біреулерің ұйқыға жатқанда шайтан желкелерінің тұсына арбаудың үш түйінін түйеді. Әр түйінді шымылдықпен бүркейді де: «Түн әлі ұзақ ұйықта!» -дейді егер ол адам оянып Алланы есіне алса онда бір түйіні шешіледі, егер тұрып дәрет алса тағыда бір түйіні шешіледі, ал егер ол тұрып намаз оқыса үшінші түйіні шешіледі. Сол кезде оның бойы қуатты, ізгі жанды болып тұрады. Ал егер керісінше болса онда ол жалқау, тымыршық болып оянады»-деген.

Тағыда бір хадисте:

عَنْ أَبِي وَائِلٍ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ قَالَ ذُكِرَ عِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلٌ نَامَ لَيْلَةً حَتَّى أَصْبَحَ قَالَ ذَاكَ رَجُلٌ بَالَ الشَّيْطَانُ فِي أُذُنَيْهِ 3

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түні бойы таң атқанға дейін ұйықтаған адам туралы: «Шайтан жаулап алған адам» -деп айтқан4.

Құрметті мұхтарам жамағат Алла Тағала оқыған намаздарымызды қабыл етіп, қиямет күні Жаратушы Иеміздің алдында жүздеріміздің жарқын болуын нәсіп еткей!

Жітіқара аудандық
«Ержан Тәтішев» мешітінің бас имамы
Есмурзин Сабыржан Зейнелгабиденұлы

1 Тирмизи, қиямет. Ибн Мәджә, зуһд.
2 Имам Бухари мен Имам Муслим риуаят еткен
3 Имам Муслим риуаят еткен
4 Абу Хамид Мухаммад аль- Газали ат-Туси. Возрождение религиозных наук. Том третий. Махачкала 2011. Кітабынан аударылып алынды

Есмурзин Сабыржан Зейнелгабиденович

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником