Алла Тағала әрбір ораза ұстауға денсаулығы жарайтын, балиғатқа толған, ақыл-есі бүтін мұсылманға оразаны парыз етті. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген:
فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَنْ كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِنْ أَيَّامٍ أُخَرَ يُرِيدُ اللَّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلا يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ
«Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал кім (осы айда) науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді»[1]. Бұл аяттың мағынасынан Алла Тағала құлдарының кейбіріне Рамазан айында белгілі бір себеппен ораза ұстамауға рұқсат еткенін аңғарамыз. Солардың ішінде Рамазан айында ораза ұстамайтын, бірақ содан кейін қазасын өтейтін адамдар бар. Олар мыналар:
Егер таң атқаннан кейін жолға шықса, онда оған бұл күні ораза ұстау қажет болады да, оразаны бұзуға тыйым (харам) салынады. Дегенмен ораза ұстау жолаушыға қиындық тудырмаса оған ораза тұту мұстахаб болады.
رَخَّصَ رَسُولُ اللَّهِ (صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمْ) لِلْحُبْلَى الَّتِى تَخَافُ عَلَى نَفْسِهَا أَنْ تُفْطِرَ وَلِلْمُرْضِعِ الَّتِى تَخَافُ عَلَى وَلَدِهَا.
«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі және сәбиі үшін қауыптенетін жүкті әйелге мен емізуші әйелге ауыз ашуға рұқсат етті»[2], - дейді. Сонымен қатар дәрігер, бала емізетін әйелге сәбидің еміне қажетті дәрумендер қабылдауды жазып берсе, онда оған ораза ұстамауына рұқсат етіледі.
Сондай-ақ жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға күніне бір міскінді тамақтандыру (таңғы және кешкі ас) уәжіп болады. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген:
وَعَلَى الَّذِينَ يُطِيقُونَهُ فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍۖ فَمَن تَطَوَّعَ خَيْرًا فَهُوَ خَيْرٌ لَّهُۚ
«Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек. Ал енді кімде-кім қайырымдылық жасап (аталмыш мөлшерден) асырып берсе, онысы өзі үшін қайырлы әрі жақсы болмақ»[3].
Дархан Манарбекұлы
Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы
[1]«Бақара» сүресі, 185-аят.
[2] Сунан Ибн Мәджә, китәб әс-сиям, 1658.
[3] Бақара сүресі, 184-аят.
Таяммум араб тілінде бағытталу, ниеттену деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы: екі хадестен тазалану ниетімен су болмаған жағдайда топырақты немесе басқа жер жынысын пайдалану.
Жаратушы Иеміз бұл жөнінде былай деген:
وَإِن كُنتُم مَّرْضَىٰ أَوْ عَلَىٰ سَفَرٍ أَوْ جَاءَ أَحَدٌ مِّنكُم مِّنَ الْغَائِطِ أَوْ لَامَسْتُمُ النِّسَاءَ فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُمْۗ إِنَّ اللَّـهَ كَانَ عَفُوًّا غَفُورًا
«Ал егер науқас немесе жолаушы болсаңдар, яки үлкен дәретке отырып келгеннен не болмаса әйелмен төсек қатынасына түскеннен кейін (жуынатын) су таба алмасаңдар, таза жер жынысына тәяммум соғып (яғни алақандарыңды таза топыраққа соғып), онымен беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар»[1].
Бұл аяттағы (الصَعِيدُ) - жер жынысы топырақты және одан басқа әртүрлі құм-тастарын, гранит, мрамор, ізбес тас, бор т.б. қамтиды.
Енді шаңмен таяммум алу мәселесіне келсек, имам Әбу Ханифа мен Мұхаммад былай деген: «Таяммумды топырақ, шаң, құм, тас, гипс, әк, сүрме ұнтағы, күшән (мышьяк) секілді жер жыныстарымен алуға болады. Ұрғанда қолға шаңы ілінбейтін ылғалды топырақпен де, сор (тұзды) топырақпен де, шаңмен де таяммум алуға болады. Бойына шаң жинаған кез келген нәрсеге екі қолды соғып, шаң көтерумен де таяммум алуға болады»[2].
«Әл-Фәтәуә әл-Һиндия» еңбегінде былай деп келтірілген: «Жер жынысынан болған шаңмен таяммум алу тәсілі: екі қолды киімге, киізге, жастыққа не осы секілді таза әрі шаңы бар нәрселерге соғу арқылы жасалады. Егер шаң екі қолға тисе, сонымен таяммум алынады. Сондай-ақ, киімді сілкігенде ауаға шаң көтеріліп, оған қолдарын тосқанда шаң екі қолға жұқса, онымен де таяммум жасалады. «Әл-Мухит» еңбегінде де осылай айтылған»[3].
Қорыта айтқанда, едендегі жер жынысынан болған шаңға (ол жер нәжістен таза болса) екі қолды соғу арқылы таяммум алуға болады.
Дархан Манарбекұлы
Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы
[1] «Ниса» сүресі 43-аят.
[2] «Әл-Фиқһ әл-Исләми уа әдилләтуһу», 1/589.
[3] «Әл-Фатауа әл-Һиндия», 1/27. «Радду әл-Мұхтар», 1/171.
Жаратушы Иеміз бізге Құранды мұра ретінде түсіріп, оны жаттау арқылы сақтауды, оқып ой жүгіртуді және соған сай амал етуімізді бұйырды. Бұған қатысты Алла Тағала былай дейді:
ثُمَّ أَوْرَثْنَا الْكِتَابَ الَّذِينَ اصْطَفَيْنَا مِنْ عِبَادِنَاۖ فَمِنْهُمْ ظَالِمٌ لِّنَفْسِهِ وَمِنْهُم مُّقْتَصِدٌ وَمِنْهُمْ سَابِقٌ بِالْخَيْرَاتِ بِإِذْنِ اللَّـهِۚ ذَٰلِكَ هُوَ الْفَضْلُ الْكَبِيرُ
«(Пайғамбардан кейін) осынау Кітапты пенделеріміз арасынан Өзіміз таңдап алған құлдарымызға (оны көздің қарашығындай сақтасын, оны басшылыққа алсын һәм өзгелерге де үйретсін деп) асыл мұра етіп қалдырдық. Алайда олардың арасында (осынау ұлы міндетті лайықты түрде атқармай, күнәға белшесінен батып) өз-өздеріне зұлымдық жасаушылар бар; олардың ішінде (оны бірде басшылыққа алса, бірде алмай) екі ортада дел-сал болып жүргендер де бар; сондай-ақ олардың арасында Алланың қалауымен қайырлы істерде алдына жан салмайтын ізгі жандар да бар. Міне, (Алланың) ең үлкен шарапаты осы (яғни, Алланың қалауымен пайғамбарға лайықты түрде мұрагер болу)»[1].
Адам жаттаған сүрелерді немесе аяттарды ұмытып қалмау үшін әрдайым Құранды қайталау арқылы онымен үнемі байланыста болуы керек. Себебі, Құран үнемі оқылып және қайталанып тұрмаса, тез ұмытылады.
Абдулла ибн Масғуд (р.а) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
بِئْسَمَا لأَحَدِهِمْ يَقُولُ نَسِيتُ آيَةَ كَيْتَ وَكَيْتَ بَلْ هُوَ نُسِّيَ ، اسْتَذْكِرُوا الْقُرْآنَ ، فَلَهُوَ أَشَدُّ تَفَصِّيًا مِنْ صُدُورِ الرِّجَالِ مِنَ النَّعَمِ بِعُقُلِهَا .
«Олардың бірі: «Қалай да солай аятты ұмыттым»,-деп айтуы, неткен жаман нәрсе! Бәлки ол ұмыттырылды! Құранды естеріңде сақтаңдар. Себебі Құран, адамдардың көкірегінен сытылып кетуге, тұсаулы тұрған малдан да жылдам»[2].
Бұл мәселеге қатысты «Әл-Фәтәуа әл-Хиндия» кітабында былай делінген: «Құранды жатқа оқығаннан қарағанда, мұсхафтан оқыған абзалырақ. Егер бір кісі Құранды (бірнеше сүре не аят) жаттап, кейін ұмытып қалса, онда ол күнәһар болады. «Ұмытып қалса» дегені Құранды тіпті мұсхафтан қарап та оқи алмау деп түсіндіріледі»[3].
Қорыта айтқанда, кімде-кім жаттаған Құранын (бірнеше сүре не аятты) Кітаптан қарап оқи алмайтындай деңгейде ұмытып қалса күнәһар болады. Ал мусхапқа қарап оқи алатындай дәрежеде болса күнәһар болмайды.
Дұрысын бір Алла ғана білуші!
Дархан Манарбекұлы
Қостанай облысының пәтуаға жауапты маманы
[1]«Фатыр» сүресі, 32-аят.
[2]Бұхари,№4744, Муслим, №790.
[3]Әл-Фәтәуа әл-Хиндия, 5/391.
Намаздың маңыздылығы:
Алла Тағала намаздың маңыздылығы жөнінде Құран Кәрімде былай деп, баян етеді:
قَدْ أَفْلَحَ مَن تَزَكَّىٰ وَذَكَرَ اسْمَ رَبِّهِ فَصَلَّىٰ
«Ал (күпірліктен, Аллаға серік қосудан, күнә атаулыдан, дүниеқұмарлықтан) арылған, шүбәсіз, азаптан құтылып, мұратына жетеді». Сондай-ақ Раббысының атын еске алып, намаз оқыған да құтылады» .
Ал Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:
عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: "بُنِيَ الْإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَ أَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ وَ إِقَامِ الصَّلَاةِ وَ إِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَ الْحَجِّ وَ صَوْمِ رَمَضَانَ".
«Ислам бес негізге тұрғызылған: Алладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммадтың (ﷺ) Оның елшісі екендігіне куәлік етіп, иман келтіру, намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау және рамазан айында ораза ұстау».
Алла Тағаланың ең сүйікті құлшылығы ол – намаз. Бұған Абдулла ибн Масғұттың (р.а.) басынан өткен мына бір оқиғасы дәлел болмақ.
عَنْ عَبْدِ اللّه بن مَسْعُودٍ رضي اللّه عنه قال: "سَأَلْتُ رَسُولَ اللّه صَلَّى اللّه عَلَيْهِ وَسلَّمَ: أَي الْعَمَلِ أَحَبُّ إلى اللّه؟ قال: "الصَّلاةُ عَلَى وَقْتِهَا". متفق عليه
Абдулла ибн Мсғуд (р.а.) былай деген: «Бірде мен Алла Елшісінен (ﷺ): «Алла Тағаланың ең сүйікті амалы қандай?»-деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Уақытында оқылған намаз»,-деп жауап берді» .
Намаз мүміннің және кәпірдің арасын ажырататұғын нәрсе. Бұл жөнінде Джәбир ибн Абдулла (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай дегенін естіген:
عن جابر قال: سمعت النبي صلى الله عليه وسلم يقول: "بَيْنَ الرَّجُلِ وَبَيْنَ الشِّرْكِ وَالْكُفْرِ تَرْكُ الصَّلَاةِ" رواه مسلم.
«Расында, адамның және серік қосу мен күпірліктің арасын байланыстыратын нәрсе – намазды тәрк қылу» . Имам Әбу Ханифа мен оның шәкірттерінің, Куфалық ғалымдардың, имам Мәлік пен Суфян әс-Сәуридің, имам Шафиғидің шәкірті әл-Музанидің және т.б. көпшілік ғұламалардың көзқарасы бойынша немқұрайлық және жалқаулық себепті намаз оқымайтын адам кәпір болып есептелмейді. Олар бұл хадисте, намаздың парыздығын мүлде мойындамай, жоққа шығарған кісі жайлы айтылған деп, тұжырым жасаған.
Абдулла ибн Амр (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ) дүние тіршілігінде намазын сақтықпен уақытылы орындаған адамға, қиямет күні намаздың оған берер пайдасы өте орасан зор болатындығын былай деп жеткізген:
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو، عَنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: "أَنَّهُ ذَكَرَ الصَّلاةَ يَوْمًا فَقَالَ: مَنْ حَافَظَ عَلَيْهَا كَانَتْ لَهُ نُورًا وَبُرْهَانًا وَنَجَاةً يَوْمَ الْقِيَامَةِ، وَمَنْ لَمْ يُحَافِظْ عَلَيْهَا لَمْ يَكُنْ لَهُ بُرْهَانٌ وَلا نُورٌ وَلا نَجَاةٌ، وَكَانَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مَعَ قَارُونَ وَهَامَانَ وَفِرْعَوْنَ وَأُبَيِّ بْنِ خَلَفٍ
«Бірде Алланың Елшісі (ﷺ) намаз жайлы сөз қозғап былай деген: «Кімде-кім, оны қадағалап орындайтын болса, онда ол оның жарық нұрына, жақтаушы куәгеріне және қиямет күніндегі құтқарушысына айналады. Ал кімде-кім, немқұрайлық танытып, оны орындамайтын болса, онда ол оның не жарық нұры да, не қорғаны да, не құтқарушысы да болмайды. Тіпті қиямет күні ол Перғауынмен, Хаманмен және Убай ибн Халафпен бірге болады» .
Омар (р.а.) халиф болған кезінде, өзінің барлық өкілдеріне қатысты үндеу хатын шығарып, былай деп, талап қойған болатын:
عَنْ نَافِع مَوْلَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ، أَنَّ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّاب، كَتَبَ إِلَى عُمَّالِهِ: "إِنَّ أَهَمَّ أَمْرِكُمْ عِنْدِي الصَّلَاةُ ، فَمَنْ حَفِظَهَا وَحَافَظَ عَلَيْهَا، حَفِظَ دِينَهُ، وَمَنْ ضَيَّعَهَا فَهُوَ لِمَا سِوَاهَا أَضْيَعُ
«Расында мен, сендердің ең маңызды міндеттерің – намаз деп есептеймін. Өйткені, намазына сақтық танытатын адам, Ислам дінінің басқа да біндеттеріне дәл солай сақтық танытады. Ал егер ол намазына селқостық танытатын болса, онда ол Илсамның басқа да міндеттерін оп-оңай бұзатын болады» .
Намаздың құндылығы:
Құран мен хадистерде намаздың көптеген сансыз құндылықтары баян етілген. Алла Тағала намаздың арсыздық пен жеккөрінішті нәрселерден тыятындығы жайлы былай деген:
إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ ۗ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ ۗ
«Өйткені намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды. Ал Алланы үнемі (жүрекпен тілмен һәм іс жүзінде) еске алу болса, құлшылықтың ең үлкені, ең зоры» .
Сонымен қатар намазды Раббысының разылығы үшін толық орындаған адамға, Алла Тағала Фердаус жұмағын нәсіп ететіндігін былай деп баян етеді:
وَالَّذِينَ هُمْ عَلَىٰ صَلَوَاتِهِمْ يُحَافِظُونَ أُولَٰئِكَ هُمُ الْوَارِثُونَ الَّذِينَ يَرِثُونَ الْفِرْدَوْسَ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ
«Намаздарын кемеліне жеткізе, үзбей әрі уақытылы оқиды. Міне солар нағыз мұрагерлер. Олар (пейіштің төрі) Фердаусқа мирасқор болады. Олар онда мәңгі-бақи мекендейді» .
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте, Алла Елшісі (ﷺ) бес уақыт намаздың өзі, жасаған күнәларымыздың каффараты болып есептелетіндігін былай деп жеткізген:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رضي الله عنه، أَنَّ رَسُولَ اللّهِ صلى الله عليه وسلم كَانَ يَقُولُ: "الصَّلَوَاتُ الْخَمْسُ، وَالْجُمُعَةُ إِلَى الْجُمُعَةِ، وَرَمَضَانُ إِلَى رَمَضَانَ، مُكَفِّرَاتٌ مَا بَيْنَهُنَّ، إِذَا اجْتَنَبَ الْكَبَائِرَ". رواه مسلم
«Егер адам баласы үлкен күнәләрдан сақтанса, онда бес уақыт намадың, осы жұма мен келесі жұманың және бұл Рамазан айы мен келесі Рамазан айының арасында жасалған күнәләр кешіріледі» .
Сондай-ақ Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен тағы басқа бір хадисте Алла Елшісі (ﷺ) күніне бес рет суға шомылған адам денесіндегі ластықтан қалай тазарылатын болса, күніне бес рет намаз оқитын адам да дәл солай, бойындағы күнәларынан арылатындығын былай деп жеткезгін:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ : "أَرَأَيْتُمْ لَوْ أَنَّ نَهْرًا بِبَابِ أَحَدِكُمْ يَغْتَسِلُ مِنْهُ كُلَّ يَوْمٍ خَمْسَ مَرَّاتٍ هَلْ يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ؟ قَالُوا: لَا يَبْقَى مِنْ دَرَنِهِ شَيْءٌ. قَالَ: فَذَلِكَ مَثَلُ الصَّلَوَاتِ الْخَمْسِ يَمْحُو اللَّهُ بِهِنَّ الْخَطَايَا"
«Егер адам күніне бес рет үйінің жанында ағып жатқан өзенге шомылса, бойында қандай да бір ластық қалар ма еді?» Сахабалары: «жоқ, ластығынан ешнәрсе қалмайды»,-деп жауаберді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бес уақыт намаздың да мысалы дәл солай. Алла Тағала онымен күнәләрды кешіреді»,-деген .
Анас (р.а.) жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз (ﷺ) намаз оқып жатқан адамның Жаратушы Иесімен сырласатынын ұқтырып, былай деген:
عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ، قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ ﷺ :"إِنَّ أَحَدَكُمْ إِذَا صَلَّى يُنَاجِي رَبَّهُ"، متفق عليه
«Расында, егер сендердің біреулерің намаз оқып жатқан болса, онда ол Раббысымен сыбырлап сөйлесіп жатыр» .
Әбу Зар (р.а.) риуаят еткен хадисінде, намаз оқитын адамның бойынан күнәлары төгілетіндігін былай деп жеткізген: «Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің үйінен шықты. Күз мезгілі болған соң ағаштардың жапырақтары түсіп жатты. Ол (ﷺ) ағаштың екі шыбығын ұстай қалған кезде, олардың жапырақтары шашылып, жерге төгілді. Бұған қатысты Ол (ﷺ) назар аудартып былай деді: «Ей Әбу Зар (р.а.), қашан мұсылман адам намазын Алланың разылығы үшін оқыса, онда оның бойынан мына жапырақтар түскендей, күнәлары төгіледі» .
Намаз – бұл Пайғамбарымыздың (ﷺ) көзінің қарашығы, қуанышы және жарық нұры. Себебі Әнәс ибн Мәлік (р.а.) риуаят еткен хадисте Алланың Елшісі (ﷺ) намаздың құндылығы жөнінде былай деген:
عن أنس بن مالك رضي الله عنه قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم: "جُعِلَتْ قُرَّةُ عَيْنِي فِي الصَّلَاةِ"
«Намаз – көзімнің қарашығы»
Мұсылмандардың басшысы Әбу Бәкірдің (р.а.) әдеттегі дағдысының бірі, намаз уақыты жақындаған кезде былай деп ескерту жасайтын
كَانَ أَبُو بَكْر رَضِيَ اللهُ عَنْهُ يَقُول إِذَا حَضَرَت الصَّلَاة : "قُومُوا إِلَى نَارِكُمْ اَلَّتِي أَوْقَدْتُمُوهَا فَأَطْفِئُوهَا"
«Тұрыңдар! Намаз оқумен (күнә жасау арқылы) өздеріңді өртеу үшін тұтатқан отты, өшіріңдер» .
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Сыздықов Дархан Манарбекұлы
Алла Тағала барлық адам баласының ішінен хазреті Мұхаммадты (ﷺ) таңдап, оған бағынуды Өзіне бағыну деп, оған қарсы келгендерді Өзіне қарсы келген деп жариялаған. Тіпті, Құран Кәрімдегі «Хижр» сүресінің 72-ші аятында Алла Тағала Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмірімен былай: لَعَمْرُكَ «Сенің өміріңмен ант етемін»,-деп серт беріп, Оған (ﷺ) деген махаббатты шыңына көтерді. Пайғамбарымыз (ﷺ) жайлы сөз қозғаған уақытта, адамның ойына бірден Оның (ﷺ) кішпейілдігі, қарапайымдылығы еске түседі. Хазреті Мұхаммад (ﷺ) – Алла Тағаланың бүкіл әлемге рақымды пайғамбар етіп, жіберген ең ұлы нығыметі мен сыйы. Бұған қатысты Жаратушы Иеміз Құранда былай деген:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ
«/Ей Мұхаммад!/ Әрі Біз сені әлемдерге рақым етіп қана жібердік» (Әл-Әнбия сүресі, 107-аят). Осылайша, Алла Елшісінің (ﷺ) дүниеге келуі ғаламды нұрландырып, артынан ерген үмметін үлкен қуаныш пен бақытқа бөледі.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) ғұмырын, мінез-құлқы мен болымсын зерттеген кез-келген адам, Оның (ﷺ) қатардағы мұсылман ғана емес, тіпті Алла Тағаланың тарапынан жіберілген шынайы Елші екендігін еріксіз мойындайды. Алла Елшісі (ﷺ) адамзат баласына қарапайымдылықтың ең көркем бейнесін көрсете білген. Бұған, Пайғамбарымыздың (ﷺ) тал бойына топтастырған көркем мінезіне қатысты өмірінде көрініс тапқан мысалдары өте көп.
Әнәс (р.а.) риуаят еткен хадисте, Алла Елшісі (ﷺ) былай деген: «Ей, адамдар! Өз ретімен сөйлеңдер. Шайтан сіздерді адастырмасын. Алла мені қандай дәрежеде көрсе, сендер де мені сондай дәрежеде қабылдаңдар. Мен тек Алланың құлы әрі елшісімін».
Ал Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздың (ﷺ) қарапайымдылығы жөнінде мына бір оқиғаны әңгімелеп берген: «Алла Елшісінің (ﷺ) алдына тамақ әкеліп: «Жантайып ішіңіз! Жантайып ішкен өте ыңғайлы»,-дедім. Сонда, Ол (ﷺ) маған: «Құл қалай жесе, мен де солай отырып ішемін, бірақ жантайып емес»,-деді. «Осылайша, өмірінің соңына дейін Алла Елшісінің (ﷺ) жантайып ішкенін көрген емеспін».
Әнас ибн Маликтің (р.а.) айтуынша, Алла Елшісі (ﷺ) жүннен тоқылған киім киіп, есекке де мініп, киімін де жерге түсіріп отыратын және үлкендердің насихатын тыңдайтын. Ешкі сауып, сүтін ішетін және қонаққа шақырылса баратын.
Пайғамбарымызға (ﷺ): «Сізге биік орын жасайық. Сол жерде тұрып, адамдарға насихат айтарсыз»,-деп айтқандарға, өзінің қарапайымдылығы себепті мынаны өсиет еткен: «Мені өз дәрежемнен артық дәріптемеңдер! Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жаратты».
Хазреті Мұхаммад (ﷺ) науқастардың көңілін сұрап, жаназа намаздарына қатысатын. Үлкен-кіші, бай-кедей деместен, кез-келген кісінің шақыруын қабыл ететін. Бұған қатысты, Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (ﷺ) бойында қатал патшаларда болмайтын үш ерекше қасиет бар еді. Есекке мінетін, кім шақырса, соған баратын және жерге түскен құрманы алып, сүртіп жейтін».
Омардың (р.а.) риуаяты бойынша, Пайғамбарымыз (ﷺ) бойындағы қарапайымдылығының себінен мына бір ұлағатты сөзді айтқан болатын: «Христиандар, Мариямұлы Исаны (ғ.с.) асыра дәріптегеніндей, (кұдай дәрежесінде) мені жақсы көруде, шектен шығушы болмаңдар! Мені Алланың құлы және елшісі десеңіздер де жеткілікті».
Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздың (ﷺ) үй ішінде қарапайымдылық танытатындығын, өз киімін өзі жамап, қойларын өзі сауып, үйдегі жұмыстарға көмектестінін, базарға барып келетінін және өз жүгін ешкімге де көтертпей, өзі тасыйтындығын айтқан. Бір күні, Алла Елшісі (ﷺ) қасында отырған адамның ыңғайсыздықтан қымтырылғандығын байқап: «Өзіңді еркін ұста, мен патша емеспін. Мен күнге кептірілген етті жеген кұрайыштық әйелдің ұлымын»,-деген екен.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) қарапайымдылығы соншалық – екі дүниенің сәруәрі болғанына қарамыстан, өзін елден бөлек ұстауды қаламайтын. Сахабаларының арасында отырғын Алла Елшісін (ﷺ) адамдар танымаса, топтың ішінен Оны (ﷺ) ажырата алмайтын. Алайда, сахабалардың Алла Елшісіне (ﷺ) деген ізеті мен құрметін көрген уақытта ғана, кімнің Пайғамбар екеніне көз жеткізетін.
Мәдинә қаласындағы Пайғамбарымыздың мешіті салынып жатқан уақытта жұрт бір кірпіш тасыса, Алла Елшісі (ﷺ) екі кесек тасыйтын. Хандақ шайқасы үшін ор қазылып жатқан уақытта, жұрт қарнына бір тас байласа, Пайғамбарымыз (ﷺ) екі тас байлайтын. Алла Елшісінің (ﷺ) әрбір іс-әрекеті әдептілекке негізделген еді.
Міне, жоғарыдағы сахабалар жеткізген риуаяттарға қарағанда, екі дүниенің сардары, сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) әрбір амалында өте қарапайым болған және сол қарапайымдылықты үмметіне насихат етіп қалдырған. Бұған қатысты, өсиет сөздерінің бірінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген екен: «Мен құл сияқты отырамын, құл сияқты жеймін. Маған қарапайым болу әмір етілді. Сендердің басқалардан еш артықшылықтарың жоқ. Алланың рахмет есігі әрқайсыңа да ашық. Кімде-кім, өз-өзін жоғары санаса, Алла оны төмендетеді. Ал кімде-кім, қарапайым болса, Алла оның дәрежесін көтереді. Сонымен қатар, Алланың әділдігіне көз жеткізіп, бір қадам жақындаған құлына, Алла Тағала жүз еселік дәреже береді».
Пайғамбарымыздың (ﷺ) қарапайымдылығы мен өнегелі сара жолын үстанып, Оның (ﷺ) аманат етіп қалдырған сүннетін өмірімізде жандандырайық ағайын! Жаратушы Иеміз бізге екі дүниенің хайыр жақсылығын нәсіп етіп, өзінің сүйікті құлдарының қатарынан қылсын. Әмин!
Қостанай облыстық «Марал ишан»
мешітінің найб имамы
Сыздықов Дархан Манарбекұлы