Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Имамдар бағаны

24 07.17

Рухани ұстаным – кез-келген қоғам мүшесінде белгілі бір дәрежеде болатын ерекше сезім. Ол арқылы адамның жан дүниесінің қандай құндылықтармен толыққанын, таным-түсініктерін зерделеуге болады. Пенденің жиған парасат-пиғылына көз жүгірте отырып, оның айналасына, жасаған ісіне және қауымына баға бересің. Біздің іс-әрекетіміз бен мінезімізге, әдет-ғұрпымызға я міндет-мұраттарымызға қоғамның тигізер ықпалы зор. Себебі, сіңірер тәрбиемізді ең әуелі жақын ортамыздан аламыз. Яғни, біздің өмірлік бағыт-бағдарымызды ата-аналарымызға, дос-жарандарымызға қарап бағалайды. Мәселен, әлемге аты мәшһүр, қызметімен әлеуметке шарапатын тигізген тұлғалардың шыққан ортасы мен алған тәрбиесіне дүйім жұрттың жіті ден қоюы да содан. Өзге халықтар да біздің бет-бейнемізге, салт-санамызға қарап, кешегіміз бен бүгінімізге баға береді. Әлбетте, бұған терең мән берер болсақ, жауапты әрі ғибратты дүние екендігін ұғынамыз.

Біз қазіргі таңда өркениеті мен мәдениеті әдемі үйлесім тауып келе жатқан, егемендіктің арқасында етек-жеңімізді жинап, ұрпақ қамы үшін генетикалық жадысын жаңғыртуды көздеп отырған елміз. Өткенге салауат айтып, келешегіміздің кемел болатындығына кәміл сенеміз. Анығында, бүгінгі жетістіктеріміз –кешегі өткерген күрделі дәуірімізден алған сабақтар әрі тарих қалыптастырған рухани зердеміз. «Елді ояту үшін тарихты ояту керек», - деген даналық сөз бар. Елбасымыздың генетикалық кодты жаңғырту туралы идеясының астарында да осы бір терең мағына жатыр. Яки, әуелгі кезеңде жасалған істер мен өткен оқиғалар, бабалар өсиеті – бүгінімізді баянды етуге септеспек. Ал сол жүріп өткен жолға шолу жасау үшін тарихымызға, ата дәстүрлерімізге зер салғанымыз абзал. Қазақ халқының мәдениетін-әдебиетін, ұлттық болмысын Ислам дінінен айырып қарастыруға әсте болмас. Өйткені, тағылымға толы төл мәдениетіміздің қалыптасуына сүбелі үлес қосқан да осы Хақ дініміз болатын. Өркениеттің өркен жаюына дін мен рухи тазалықты дәріптеген жазба және ауыз әдебиетіміз, қисса-дастандарымыз бен жырларымыз септігін тигізді.

Ислам – күллі адамзат баласына түсірілген әрі бейбітшілікке үндейтін дін. Құран Кәрімнің Хұжурат сүресінде: «Бір – біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпаларға бөлдік», – делінген. Расымен де, дініміз бірімен-бірі туыстас түркі халықтарын біріктірді әрі олардың бірліктерін бекем етті. Жазушы Ақселеу Сейдімбек ислам дінінің тарихымыздағы маңызы туралы келесідей пікір айтқан: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр». Зер салып қарайтын болсақ, тіпті жөн-жоралғыларымыздың түбінде ислами негіздің жатқандығын аңғаруға болады. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақытты қамтитын кезеңімізге, ислами көркем дәстүр-шарттар жетекшілік етіп отырған. Ұрпақ өсіру жүйесіндегі ғибратты салттарымыздың да рөлі маңызды. Сәбиді құрсақта жатқан шағынан бастап тәрбиелеу керек деген ғылыми ұстанымға сүйенер болсақ та «Құрсақ шашу», «Азан шақырып ат қою», «Бесікке салу» сынды дәстүрлердің имани тұрғыда зор мағыналы екендігін айғақтай аламыз. Ауыр халде жатқан кісінің көңілін сұрау, қуанышта да қайғыда да адамның жанынан табылу сынды қанымызға сіңген әдеттердің негізін, бауырластықты дәріптейтін дініміз қалап кеткен. Түсіне білсек, бұл дағдылар – халқымыздың ынтымағын сақтап отыр.

Тәуелсіздігіміздің және татулығымыздың тірегі – асыл дінімізде. Себебі, дінге негізделген дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып, өткеніміз бен бүгінімізді байланыстыруда. «Алла – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген ұстаныммен тіршілік кешкен жұртымыздың ұлттық болмысы, Ислам дінімен астасып кеткен. Хақ Тағаланың сыйлаған сәулесі халық жүрегіне жеткендігі расында үлкен мәртебе. Ол біздің ішкі табиғатымызға сай келген соң, дархан даламызда бейбіт жолмен насихатталды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам» – деген екен. Алла Тағала қасиетті Құрани Кәрімде де «Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді» дейді («Бақара» сүресі, 256-шы аят). Құран ешкімді де дінге зорлықпен кіргізуді бұйырмаған. Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Сенің міндетің тек қана естірту» («Әли Имран» сүресі, 20-шы аят; «Нахыл» сүресі, 82-ші аят; «Шура» сүресі, 48-ші аят), деп оның қызметі жұртты еріксіз көндіру емес, естіртуші, дәріптеуші екендігін жеткізген. Күштеу немесе қанау арқылы қағида жүргізген сенімнің түптің түбінде жүрекке орнықпайтындығы да белгілі ғой. Яғни, Раббымыз пенделеріне иман келтіруді үйренуге, ақиқатты іздеуге, тура жолды табуға мүмкіндік берді. Адам баласының дүниетанымы мен ұстанымдары қыспақ арқылы қалыптасса, өмірдің маңызын жіті сезіне алмайды. Сол себепті де діни сенім бостандығы – Ислам жариялаған іргелі құқықтардың бірі.

Исламның негізгі шарттары да тиімді әрі шынайы. Әрбір мұсылман өмірді қаз-қалпында қабылдайды. Мұсылмандар қауымы адамгершілік құндылықтарды және ізгі істерді насихаттай отыра, өзге мәдениеттің негіздерін әлсіретуге тырысқан жоқ. Олар грек ұлтының қырағылығы мен парасатын, үндістердің астрономия мен математикаға деген қызығушылығын, қытай халқының қолөнерін, парсылардың мемлекетшілдігі мен саясат жүргізу қабілетін, ежелгі арабтардың ділмарлығын бағалаған. Ислам кез-келген тарихи-мәдени ортаға оңай бейімделді. Нәтижесінде үмметтер мұсылман өркениетін тың идеялармен, жасампаз еңбектермен байытқан түрлі халықтарды біріктірді. Құран мен сүннеттегі бұйрықтар, тұтасымен бейбітшілікті және қоғамдағы келісімді қамтамасыз етуге, түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті қалыптастыруға бағытталған. Бұған қоса, Құрани ілімге сәйкес, ұлттар мен мәдениеттер арасындағы сұхбат – түрлі халықтар мен тайпаларды жаратудағы басты мақсаттардың бірі. Сұхбат – бұл пайғамбарлар мен елшілердің дәстүрі. Ол бірлік пен татулыққа жетуге, бір-бірін жақсы түсінуге және ұстанымдарды жақындатуға септігін тигізеді. Ислам – діндер арасындағы сұхбатты қолдайды. Өйткені, өз білгеніңмен бөлісуге дайын болу және көзқарастар мен пайымдаулардың әртүрлілігі арқылы ақиқат жолында алға жүруде өз қабілетіңе күмәнданбау – мықтылар мен ақылдыларға тән қасиет. Шариғатымыз мұсылмандармен бірге бейбіт өмір сүретін кез-келген адамның өмірі мен мүлкіне қастық ойлауға тыйым салады және адамдарға олардың діни сенімі мен көзқарасына қарамастан жақсылық жасауды бұйырады. Бұл жөнінде «Ән-Нахл» сүресінің 125-ші аятында: «Пенделерді Жаратқан Иеңнің жолына даналыққа және жақсы насихатқа шақыр. Олармен сыпайы түрде сұхбаттас. Жаратқан Иең ақиқат жолынан адасқандар кім екенін жақсы біледі. Әрі Ол тура жолды тапқандарды да жақсы біледі», - делінген. Дініміз кез-келген зорлықты жақтырмайды. Біз өзіндік таңдауды мойындай отыра, өзге адамдардың еркіндігін де мақұлдауымыз қажет. Құран бізге сұхбаттасың қандай болса да оның тұлғасын сыйлауды үйретеді. Бұл исламның әмбебаптығының көрінуінің бір белгісі.

Жалпы дінаралық сұхбаттың көпғасырлық тарихы бар. Әрі ол қоғам дамуының түрлі кезеңдерінде әркелкі сипаттарға ие болған. Түрлі аспектілер шаруашылық-экономикалық өлшемге бағынатын бүгінгі әлемге руханилық жетіспей жатады. Сол себепті, діни жандану үрдісі жиі діни формалар мен әдет-ғұрыптарға қайта оралумен шектеліп қалады. Осы себептердің салдарынан көбісі дінді жиі текетірес көзі және өркениеттердің қақтығысуының себебі деп қарастырады. Ал негізінде, дінаралық сұхбат әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және басқа да проблемаларға бағытталған жағдайда қоғамдық келісімге жетуге жәрдемдесер еді. Нәтижесінде барлық дін ұстанушылар, бірлескен күш-жігерлері арқылы әлеуметтік әділетсіздік, маскүнемдік, мәдени отаршылдық, қоршаған ортаның ластануы, ксенофобия сынды қоғам дерттеріне қарсы тұра алар еді. Дін дегеніміз – адалдық, шарапатты істің насихаты әрі берекеті. Сондықтан жақсылықтың негізін жұрт болып жұмыла отыра дәріптесек, имани тұрғыда жетістікке жететініміз хақ.

Әмірханов Шоқан Ғазизұлы
Қостанай қалалық мешітінің бас имамы

Амирханов Шокан Газизович

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником