Қанағат – бұл өте аса құнды қасиет. Қанағат – пендеден еш нәрсе дәметпеу, тек Алладан ғана тілеу. Пенде Құдайдың өзіне ажыратып берген несібесін менсінбей, біреудің мүлкін жан-тәнімен қалаудан артық арсыздық болмас, сірә. Сондай-ақ, парақорлық, ашкөздік – бұлар қанағатсыздық салдарынан туындайтын дерттер.
Расында адам баласы өз бойына біте бастаған арам шөп секілді жаман мінездерді жойып отыруы, ал көркем мінездің тамыр жайуына, өсіп- өнуіне қолайлы жағдай жасап отыру керек-ақ. Сондай мақтаулы көркем мінездердің бірі – қанағат. Қанағат – сарқылмас қазына.
Хакім Абай да адам бойындағы қанағат сезімін: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой - Бес асыл іс, көнсеңіз», - деп келтірген. Қанағатшыл адам ғұмырында көп жақсылық көріп, жаманшылықтардан құтылады.
Құран Кәрімде әз-пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағала:
وَإِنَّكَ لَعَلَىٰ خُلُقٍ عَظِيمٍ
«Расында, сен ұлы мінезге иесің»(1), - деп мақтайды.
Айша анамыз (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінезі жайлы: «Оның мінезі Құран еді. Құран риза болған жайтқа риза болушы еді. Құран ашуланған жайтқа ашуланушы еді» (2),- деген болатын.
Сондай- ақ Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Шын мәнінде, мен көркем мінездерді кемелдендіру үшін жіберілгенмін» (3),--деп өзінің елші ретінде жіберілгендегі негізгі мақсатының бірі адам баласына жақсы мінез үйрету екендігін баян еткен.
Жәбир (р.а.) риуаят еткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, адамдар! (ризық- несібені) табуда көркем әрекетте болыңдар! Өйткені пенде тек өзіне тиесілі жазылғанды ғана алады. Пенде дүниеден өзіне тиесілі сыбағасы тап алдына келмейінше дүниеден әсте кетпейді» (4),- деген екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сөзі адамның ашкөздік, қанағатсыздық секілді дерттен емдейді. Алла Тағала өзін несібесіз қалдырмайтындығына шын сенген адамның бойына қанағат сезімі орнай бастайды. Ал, көкте самғаған құсқа да, ағаш ішіндегі құртқа да, барлық тіршілік иелеріне қорек берген Алла тағала адам баласын қалайша азықсыз қалдырсын?!
Алайда, қанағатсыздыққа себеп боладын жаман мінез – ысырапшылдық. Адам баласы көзіне түскен барлық дүниені иемденгісі келеді де тұрады. Осылайша тойымсыздық пен ысырапшылдық кесірінен адам бойындағы қанағат ешқашан жабылмайтын ашкөздік есігіне айналады. Бұдан шығудың жолы – үнемшілдік.
Ибн Масуд (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мына сөзін риуаят еткен: «Үнемшілдік еткен жоқшылық көрмейді»(5). Расында, дүниесін оңды- солды шаша бермей, байыппен жұмсай білген үнемшіл кісінің қолындағы қаражат берекелі болады.
Имам Ғазалидің (р.а.) «Ихия улум әд-дин» кітабында мынадай риуаят бар: Мұса (ғ.с.) Раббысынан: Сенің қай құлың ең бай? – деп сұраған екен. Алла тағала: Менің бергеніме ең қанағатшылы,- деп жауап береді. Құлдарыңның ең әділі кім? – деп сұрағанда Алла тағала: әуелі өзіне әділ болғаны,- дейді. Расында, байлық дүниенің көптігінде емес. Байлық жүрекетегі қанағатта. Қанағатшыл мұсылман дүниенің жылтырағына көз қиығын да салмайды. Жаратқанның өзіне тиесілі етіп берген ризық- несібесіне шүкіршілік етеді. Қанағатшыл мұсылман ашкөз адамға қарағанда, құлшылыққа едауір жақын. Қанағат шүкіршілікті тудырады. Ал, шүкір етуші Раббысының бұйрығын бұлжытпай орындауға бейім тұрады.
Расында, қанағат – байлық. Бойына қанағат мінезі біткен адамнан артық бай адам болмас. Мұндай жан барға қанағат етіп, жоқтың соңынан қумайды.
Алла тағала баршаларымызды қанағатшыл құлдардың қатарынан болуды нәсіп етсін!
- «Қалам» сүресі, 4- аят.
- Муслим, «Солатул- мусафирин» хадистен үзінді.
- Әбу Һурайра риуаяты, Ахмад 2/381.
- Хаким, 3353.
- Ахмад, 3360; Табарани 1/447.
Қарабалық ауланы «Ғашура ана» мешітінің бас имамы
Рахым Серік Темірбекұлы