Ұлық Раббымыз құран-кәрімде жиі-жиі кешірімшілдігіне, мейірімділігіне қатысты көптеген сипаттарын атап көрсеткен. Тіпті «рақымдыларлың ең рақымдысы» екендігін, рақымдылығының барша нәрсені қамтығандығын айтады. Он сегіз мың ғаламдағы күллі рақымдылықтың көрінісі Хақ Тағаладан шексіз рақымдылығынан бастау алады.
Аллаһ елшісі (с.а.у): «Хақ Тағала рақымдылығын жүзге бөлді. Оның тоқсан тоғыз бөлігін өзінің құзырында алып қалды. Ал қалған бір бөлікті жер жүзіне жіберді. Міне осы бір бөлік рақымдылықтың арқасында барша махлұқат бір-біріне рақымдылық танытады. Тіпті биенің құлынына зарарын тигізбеу үшін аяғын көтеруі, осы бір бөлік рақымдылықтың әсері»,-дейді. (Бұхари, Әдеп, 19; Мүслім, Тәубе, 17)
Рақымдылығы шексіз Раббымыз, құлдарының бір-біріне рақымдылық пен мейірімділік танытуларын мұрат етеді. Ғаламның мақтанышы пайғамбарымыз (с.а.у) рақымды жан болатын. Бұл оның басты сипаттарының бірі еді. Аллаһ Тағала оын жер жүзіне «рақымдылықты таныту» үшін жіберді. Хақ Тағала өзінің көркем есімдері болып табылатын «раууф» (аса рақымды) және «рахиим» (ерекше мейірімді) сипаттарын пайғамбарымызға (с.а.у) нәсіп етті. Ал ақиқатына жүгінсек, одан бұрын келген пайғамбарларға бұл сипаттардың екеуі бірден нәсіп болмаған еді.
Күллі махлұқатқа рақымдылық таныту, жылы шырай көрсету иманның кемелдігіне ишарат етеді. Кәміл момын қараңғы түндегі толған ай секілді нұрын шашады. Халықшыл, көпшіл болады. Оның басты ұстанымдарының бірі жомарттық, сақилық. Сонымен қатар бойынан сезімталдық, сыпайылық, биязылық байқалады. Рақымдылық пен мейірімділік оның ажырамас серігіне айналады. Мейірімділік пен рақымдылық атаулыдан жұрдай жандар, кеудесінен жаны шыққан өлік секілді жылуы болмайды.
Хадис-шәріптерде былай деп айтылады.
«Рақымдылық танытқанға Рахман (аса рақымды) Хақ Тағала рақымдылық көрсетеді. Жер жүзіндегілерге рақымдылық танытсаңдар, көк жүзіндегілер сендерге рақымдылық танытады». (Тирмизи, Бир, 16/1924)
«Мейірімділік танытпағанға, мейірімділік көрсетілмейді». (Бұхари, Әдеп, 18; Мүслім, Фадайыл, 65)
«Мейірімділік тек бақытсыздың жүрегінен алынады». (Тирмизи, Бир, 16/1923; Әбу Дәуіт, Әдеп, 58/4942)
Жаратушының назарымен, махлұқатқа рақымдылықпен назар салу қасиеті Аллаһ елшісінің (с.а.у) төмендегі мына хадисінде айтылған.
Бір күні Аллаһ елшісі (с.а.у) сахабаларына қарап: «Жанымды қолында ұстап тұрған Аллаһқа ант етейін, бір-біріңе мейірімділік танытпасаңдар жәннатқа кірмейсіңдер»,-деді.
Сахабалар: «Уа Аллаһтың елшісі! Баршамыз мейірімді жанбыз»,-десті.
Пайғамбарымыз (с.а.у): «Менің айтып тұрғаным, сендердің түсінгендерің секілді бір-біріңе деген мейірімділік емес. Керісінше күллі махлұқатты қамтитын мейірімділік. Иә, күллі махлұқатты қамтитын мейірімділік»,-деп сөзіне түсініктеме берді.
Момындардың иман сезімін толқытатын, нәпсі өзімшілдігінен құтқаратын, рухани дейгей тұрғысынан кемелдендіретін ең басты қасиеттердің бірі мейірімділік болып табылады. Мейірімділіктің жемісі жомарттық, қарапайымдылық, қызмет ету және күңшілдіктен құтылу.
Аллаһ елшісі (с.а.у) былай дейді.
«Момындардың бір-біріне деген сүйіспеншілікте, бір-біріне деген жанашырлықта және бір-бірін қорғауда бір денеге ұқсайды. Дененің кез-келген ағзасы ауырғанда, өзге ағзалар да ұйқысыздыққа тап болады. Қызуы көтеріледі». (Бұхари, Әдеп, 27; Мүслім, Бир, 66)
Мейірімділік, бұл дүниеде ар-ождан тыныштығы. Пейіштің сүйіншісі. Ал ақіретте мәңгі бақытты болудың кепілі.
Бір кісі Мұғаз ибн Жәбалға келіп: «Маған насихат айтшы»,-деген еді.
Мұғаз: «Мейірімді бол! Мен пейішке кіруіңе мен кепіл болайын»,-деп жауап берген болатын.
Өнеге айналары
Бір бәдауи ғаламның рақым нұры пайғамбарымыздың (с.а.у) балаларды сүйіп жатқандығын көріп, таң қалып: «Демек, сен балаларды сүйеді екенсің ғой. Ал біз, ақиқатына жүгінсек оларды еш сүймейміз»,-деді. Бәдауиге жаны ашып, қараған пайғамбарымыз (с.а.у): Аллаһ Тағала сенің жүрегіңнен мейірімді алып қойса, мен не қылмақпын?!»,-деді. (Бухари, Әдеп, 18; Мүслім, Фадайыл, 65)
Пайғамбарымыз (с.а.у) қызы Зейнептің өлім тырнағына ілігіп, жанталасып жатқан баласын көргенде, көңілі босап жылаған еді. Мұны байқап қалған сахабалар таңданыстарын жасыра алмай: «Сізде жылайсыз ба?,-деп сұрады. Аллаһ елшісі (с.а.у): «Бұл бір мейірім көрінісі. Аллаһ Тағала оны құлдарының жүрегіне салады. Хақ Тағала тек мейірімді құлдарына ғана мейірімділік танытады»,-деп жауап берді. (Бұхари, Жанайыз, 33; Мүслім, Жанайыз, 11)
Әбу Усайд (р.а) Бахрейннен әкелген тұтқындармен бірге Пайғамбарымыздың (с.а.у) құзырына келген еді. Аллаһ елшісі (с.а.у) бір тұтқын әйелдің жылап тұрғанын байқап қалды.
Оған: «Неге жылап тұрсың?»,-деп сұрады.
Әйел: «Мына кісі ұлымды сатып жіберді»,-деді.
Аллаһ елшісі (с.а.у) Әбу Усайдқа қарап: «Мына әйелдің ұлын сатып жібердің бе?»,-деп сұрады.
Әбу Усайд: «Иә!»,-деп жауап берді.
«Кімге саттың?»,-деп сауал қойды.
Ол: «Абс руының кісілеріне»,-деп жауап берді.
Пайғамбарымыз (с.а.у) сахабасына қарап: «Көлігіңе мін. Барып мына әйелдің ұлын алып кел»,-деп әмір етті. (Әли әл-Муттақи, IV, 176/10044)
Хазіреті Омар былай деп хикая етеді.
Бір күні Аллаһ елшісіне (с.а.у) тұтқындар әкелінді. Бір қарасақ тұтқындардың ішінен бір әйел аласұрып, жоғалған баласын іздеп жүр. Тұтқындардың арасынан сәби көрсе дереу оны кеудесіне қысып, емізіп жатты. Аллаһ елшісі (с.а.у): «Мына әйел баласын отқа тастайды деп ойласыңдар ма?,-деп бізден сұрады. Біз: «Жоқ. Уаллаһи отқа тастамайды»,-деп жауап бердік. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Мінекей Аллаһ Тағала, мына әйелдің баласына деген мейірімінен, аса мейірімді»,-деді.
Мұсылмандар тіпті қас жаулары болған Аллаһтың құлдарына рақымдылық пен мейірімділік танытқан. Мусғап ибн Умайырдың бауыры Әбу Ғазиз Бәдірде мүшріктердің туын ұстаған еді. Соғыста мүшріктер жеңіліп, ол қолға түсті. Әбу Ғазиз тұтқындық өмірін, мұсылмандардан көрген мейірімділік пен рақымдылықты былай деп баяндайды.
«Бәдір соғысында мен тұтқынға түсіп, Ансардың бір топ кісісінің қарауына берілген едім. Бәдірден қайтқанымызда, олар маған таңертеңгі және кешкі аста нанын маған тарту етіп, өздері кепкен құрманы жейтұғын. Өйткені Аллаһ елшісі (с.а.у) бізге, яғни тұтқындарға жақсы мәміле жасауларын өсиет еткен еді. Олардың біріне қолына нанның бір тілімі тисе, дереу маған әкеліп беретін. Мен қатты қысылып, ұялып нан тілімін олардың кез-келген біреуіне қайтып беретінмін. Бірақ ол нан тілімін маған қайта беріп, қол тигізбейтін. (Ибн Хишам, II, 288; Хайсами, VI, 86)
Әбу Уақид (р.а) былай деп хикая етеді.
Аллаһ елшісі (с.а.у) Мәдинаға келгенде жұрт тірідей түйенің өркешін кесіп, қойдың санынан ет кесіп алып жейтұғын. Мұны көрген Аллаһ елшісі (с.а.у): «Хайуан тірі тұрғанда, одан кесіліп алынған ет өліктің үкімінде, желінбейді»,-деді. (Тирмизи, Сайыд, 12/1480)
Ғаламның рақым нұры пайғамбарымыздың жарық дүниеге келуімен тіпті хайуандар зұлымдықтан құтылып, мейірімділік және рақымдылықпен танысты.
Аллаһ елшісі (с.а.у) қойдың құлағынан тартып, бауыздауға апара жатқан біреуді көріп қалып дереу араласып: «Хайуанның құлағын жібер, мойнынан ұста»,-деп әмір етті. (Ибн Мажа, Забайых, 3)
Әрі пайғамбарымыз (с.а.у) пышақтың хайуаннан жасырын қайралуын, оған көрсетілмеуін бұйырған. Әрі: «Араларыңдағы кез-келген біреу жануарды бауыздағанда, оны тез және мүлтіксіз орындасын»,-деген. (Ибн Мажа, Забайых, 3)
Ашаршылық жылдарында Жүсіптен (ғ.с): «Сен қазынаға жауапты қызметкер әрі оны сарп ету еркіңе берілседе, аш қаласың? Тойып бір жемейсің»,-деп сұралған еді. Жүсіп: «Мен тойып жесем аш болғандарды ұмытып, олардың халдерін түсінбей қаламын ба деп қорқамын»,-деп жауап берді.
Умму Қайыс бинти Михсан (р.а) былай деп әңгімелейді.
Ұлым көз жұмды. Өлімі қатты жаныма батты. Оны жуатын кісіге: «Ұлымды суық сумен жума. Оны өлітіріп қоясың»,-дедім. Бұл сөзді естіген бауырым Уккаша дереу Аллаһ елшісіне (с.а.у) барып, айтқандарымды жеткізіпті. Аллаһ елшісі (с.а.у) күлімсіреп: «Осылай деп жатыр ма?! Аллаһ оның өмірін ұзартсын»,-деді.
Хадисті нақыл еткен рауи: Біз ол тәрізді ұзақ өмір сүрген әйелді көрмедік»,-дейді. (Нәсаий, Жанайыз, 29)
Адамзат баласы өте қадірлі болып жаратылған. Сондықтан көзі тірісінде қалай құрмет көрсетілсе, о дүниелік болғандада дәл сондай құрметке бөленуі тиіс. Марқұмды суық немесе қайнап тұрған сумен жуу, ары-бері аунатып денесіне сызат салу тағыда басқа іс-әрекеттерге тыйым салынған.
Бұл хадис-шәріптен басқа мағынада шығады. Ол Умму Қайыстың (р.а) ұлына мейірімі түсіп, жуатын кісіге кеңес беруі. Мұны естіген пайғамбарымыз (с.а.у) оның ұлына деген мейіріміне көңілі толып, ұзақ өмірлі болуын тілеп, дұға етуі. Сондықтан бұл риуаяттан рақымды әрі мейірімді жандардың өмірлері ұзақ болады деген мағына шығуы әбден мүмкін.
Ұзын сөздің қысқасы, кәміл момын болу үшін рақымдылық, мейірімділік, сүйіспеншілік секілді жағымды қасиеттерімізді күшейтуіміз қажет. Сонымен қатар бұл қасиеттерді күллі махлұқатқа көрсетіп, Хақ Тағалаға құлшылық ретінде қабыл алуымыз ләзім. Ішінде рақымдылық пен мейірімділік болмаған кез-келген қызметтің берекесі болмайды. Қоғамдық қызметтердің негізгі тіректері, осы қасиеттер болып табылады.
Жер жүзіндегілерге мейірімділік танытсақ, көктегілердің бізге мейірімділік танытуына қол жеткіземіз. Хақ Тағала жаратқан күллі махлұқатқа рақымдылық танытсақ, оның рақымдылығына ілігеміз ағайын! Өйткені біз, әрдайым оның мейіріміне мұқтажбыз!
Бауыржан Әлиұлы