Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ: ДІНИ БІЛІМ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ (СҰХБАТ)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қабылданған 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасын ел мұсылмандары қызу қолдау үстінде. Расында, аталған құжат діни білімнің дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз. Тұжырымдама қабылданған жиынның басы-қасында болып, өзекті ойларымен бөліскен Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен біз де сұхбаттасқан едік...

− Айнұр Әбдірәсілқызы, күні кеше Алматы қаласында өткен дін дүниесінің дүбірлі шарасы – «Діни білім тұтастығы – діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық тәжірибелік конференцияға қатысып қайттыңыз. Бұл шараның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының қабылдануына орайластырылғаны баршаға мәлім. Шара несімен ерекшеленді?

−Шара аясында еліміздегі барлық медреселер басшылығымен кездесу өткізіліп, білім берудің әдістемелік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар сауат ашу курстарының ұстаздарымен және мешіт имамдарымен семинар-кеңес ұйымдастырылып, қабылданған тұжырымдаманы жүзеге асыру жолдары түсіндірілді. ҚМДБ құрамындағы әйелдер ұжымымен − діни білім мекемелеріндегі әйел ұстаздармен және «Нұр-Мүбарак» университетінің студент қыздарымен жеке кездесу өткізіліп, әйелдер аудиториясымен жұмыс жүргізу мәселелері талқыланды.

− ҚМДБ-ның білім беруді дамыту тұжырымдамасын дәл осы кезеңде қабылдаудың қандай себептері бар?

− Кез келген құжат қажеттілік пісіп-жетілгенде қаралып, қабылданатыны белгілі. Бұл тұжырымдаманың жасақталуына Қазақстандағы исламдық білім беру жүйесінің табиғи даму үдерісі және тәуелсіздіктен кейінгі қарқын алуы басты алғышарттар болды.

Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар. Орта ғасырларда бірыңғай рухани-мәдени кеңістікте өмір сүрген Орталық Азияда медреселер жүйесі ерекше қарқынмен дамыған. Ортағасырлық жазба мәліметтерде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғаны айтылады.

Еліміздегі діни білім беру жүйесі ғасырлар бойы нақты тарихи ахуалға орай өзгерістерге ұшырап, оңтайлы үлгілерде дамып отырды. Кеңес одағының атеистік билігі тұсында діни білім жүйесі біршама тоқырауға ұшырағанымен, ғасырлар бойы жинақталған рухани тәжірибе халық жадынан өшіп кете қойған жоқ.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1991 жылдан басталған жаңғыру үдерістерінің нәтижесінде ел аумағында көптеген діни білім беру ұйымдары ашыла бастады. Қазір ҚМДБ-ға қарасты 9 медресе, республикалық Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты, «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығы, «Ықылас» қарилар дайындау орталығы секілді білім мекемелері жұмыс жүргізуде. ҚМДБ құрылтайшылық ететін «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті университетінің орны өз алдына бір төбе. Мешіттер жанынан ашылған сауат ашу курастары мен қайырымдылық мекемелеріндегі курстардың ел аумағында көптеп қызмет атқаратыны белгілі. Осы білім мекемелерінің барлығының қызметін өзара сабақтастыру және үйлестіру, үзіліссіз білім жүйесін құру мақсаты, сөз жоқ, біртұтас тұжырымдаманың қабылдануына негіз болды.

− Тұжырымдама өзіңіз атап көрсеткен көп сатылы білім жүйесін қамти алды ма?

− Өз мүмкіндігі шегінде елеулі дәрежеде қамтыды деуге болады. Бастауыш діни білімнен бастасақ, тұжырымдамада мешіттер жанындағы сауат ашу курсының өзі үш сатыға бөлініп, әрбір кезеңде оқылатын пәндер мен игерілетін білім деңгейі нақты белгіленген. Бұл білім алушылардың да, берушілердің де жоспарлы әрекеті мен жауапкершілігін күшейтеді.

Қайырымдылық мекемелерінің негізінде ашылған сауат ашу курстары да осы діни білім жүйесі аясында қамтылып отыр. Мұның өзі аталмыш мекемелердің ҚМДБ-мен арадағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумды жүзеге асыруға мүдделілігін арттырады.

Медреселер жүйесінде елеулі жаңалықтар енгізу көзделген. Көптен бері қозғалғанымен, шешімін таппай келе жатқан мәселе – колледждік білім жүйесінің тәртібімен 9-сынып бітірушілерін медресеге қабылдау мүмкіндігі осы құжатта көрініс тапты. Олар үшін оқу мерзімі 3 жыл 10 ай болып белгіленген. Ал 11-сынып бітірушілері бұған дейін бекітілген тәртіппен 2 жыл 10 ай білім алады.

Осы өзгерістерге орай медреселердің оқу бағдарламасы да біршама жетілдірілетіні анық. Кезінде медресе бітірушілеріне «ислам негіздерінің мұғалімі» және «имам-хатиб» мамандықтарын беру жөнінде тиісті органдардың шешімін алуға ықпал еткен болатынбыз. Ендігі кезекте менің ойымша, білім жүйесіне педагогика мен психологияға, бастауыш және орта білім беру әдістемесіне қатысты пәндер енгізілсе, мамандықтар аясын кеңітіп, «араб тілі мұғалімі», «бастауыш сыныптар мұғалімі» секілді мамандықтар қалыптастыруға негіз қаланады. Бұл, әсіресе, медреседе білім алған қыз балалар үшін таптырмас мүмкіндік болар еді.

Құран қариларын дайындау орталықтарының, имамдардың білім жетілдіру институтының мақсат-міндеттері мен оқыту жүйесі де тұжырымдамада толық мазмұндалған. Еліміздегі ислами білімнің қара шаңырағы – «Нұр-Мүбарак» университетін білім беру тұрғысынан жетілдіріп қана қоймай, отандық ислами білім мекемелерінің әдістемелік орталығына және исламтану ғылымын академиялық деңгейде зерттейтін ғылыми ортаға айналдыру да тұжырымдамада көзделген.

Қазақстандағы исламдық білім жүйесін жетілдіру бағытында бұған дейін де аз ізденіс жасалған жоқ. Ал қабылданып отырған тұжырымдама саты-сатысымен жемісті түрде жүзеге асырылса, діни білім дамуының жаңа кезеңіне жол ашылары айқын.

− Тұжырымдама қабылданды. Ендігі жұмыс неден басталмақ?

− Әрине, бірінші кезекте тұжырымдаманы жүзеге асыру жоспары әзірленуге тиіс. Оны жүзеге асыратын жұмыс тобы ретінде Әдістемелік кеңестер құрылуы қажет. Таяу мерзімде тұжырымдамада белгіленген оқыту жүйесіне сәйкес бағдарламалар мен оқу-әдістемелік құралдар жасақталып, көптеген пәндердің оқулықтары қайта қаралуы қажет болады. Жаңадан енгізілетін пәндердің оқу-әдістемелік кешенін даярлау жұмыстары да бөлек бір бағытты құрайды.

Ең бастысы – сең қозғалды, ал «көш жүре түзеледі». Әзірге оқу үдерісі бұған дейін бекітілген пәндер мен оқулықтарға сәйкес жүзеге асырылатыны, ал тиісті толықтырулардың бірте-бірте енгізілетіні айқын.

− Отандық ислами білім жүйесін жетілдіруге қатысты өз тарапыңыздан қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

− Негізінен барлық ұсыныстарымыз жұмыс тәртібінде ҚМДБ-ға беріліп келді, олар жүзеге асырылып та жатыр. Тұжырымдаманың мазмұнында да сол ұсыныстар кеңінен қамтылған. Сондықтан мен тек конференция аясындағы кездесулер барысында көтерілген жекелеген мәселелерге қатысты ойларымды ортаға салайын.

Басқосулар барысында мешіттер жанындағы сауат ашу курстары ұстаздарының жалақы мәселесі шешімін таппай отырғаны көтерілді. Осыған орай бұдан бірнеше жыл бұрын айтылған сауат ашу курстарын шартты мөлшерде болса да ақылы ету қажеттігі жөніндегі ұсынысымызды қайта жаңғыртқым келіп отыр. Біздің азаматтарымыз ағылшын тілі курстарын әр сағатына 2000-3000 теңге төлеп үйренуде, ал айына 12-14 сағат жүретін сауат ашу курстары үшін небәрі 1000-2000 теңге көлемінде ақы төлеу азаматтарымызға аса қиынға соқпайды деп сенеміз. Есесіне бұл қаржы 20-30 шәкіртті оқытып, небәрі 23-25 000 теңге айлық алатын сауат ашу курстары ұстаздарының жалақы мәселесін шешер еді.

Бір ғана сандық мәліметке тоқтала кетейін, 2013 жылдың І жартыжылдығындағы мәлімет бойынша, ҚМДБ құрамындағы 336 сауат ашу курсында 6000-ға жуық адам білім алып жатқан болса, конференция барысындағы мәліметтерге сәйкес 751 сауат ашу курсы жұмыс жүргізіп, діни білім алып шыққан және алып жатқан азаматтар саны 48 000-ға жуықтаған. Жалпы жұртшылықпен қоян-қолтық араласып, жұмыс жүргізуде басқа кез келген білім мекемесіне қарағанда сауат ашу курстарының әлеуеті өте жоғары, сондықтан олардың қаржылық жағдайын қараусыз қалдыруға болмайды.

Сонымен қатар шара барысында үстіміздегі жылы медреселерге түсуге тілек білдірген шәкірттер саны күрт ұлғайғаны айтылды. Оңтүстік өңірдегі медреселерге 600-ге жуық талапкер құжат тапсырған, дегенмен, медреселердің базалық мүмкіндігіне сәйкес, солардың жартысынан сәл астамы ғана оқуға қабылданған. Қазіргі діни ахуал жағдайында ата-аналар балаларының дін мәселелерінде көзі ашық, көкірегі ояу болғанын қалайтыны белгілі. Олардың елеулі бөлігі балаларының түбегейлі діни мамандық алып шығуынан гөрі, дұрыс діни жолмен жүруді үйренгенін көздейді. Сондықтан сұранысты мүмкіндігінше көбірек қанағаттандыру мақсатында медреселер ішінен ақылы бөлімдер ашу қажеттігі айқындалып отыр дер едім. Бұл екінші жағынан бәсекеге қабілеттілікті күшейтіп, аталмыш білім жүйесінің беделін арттыруға да ықпал етер еді.

− Иә, мәселе көп жағдайда қаржыға тіреледі. Оны шешудің өзге қандай тетіктері бар?

− Біздің тарапымыздан өз кезінде ҚМДБ жанынан медреселердің ортақ қаржылық қорын құру туралы ұсыныс айтылған болатын. Бұл мәселені Діни басқарма оңтайлы түрде қолға алып отырғаны медреселерді аймақтық деңгейде бірлесе қаржыландыру мүмкіндіктерін іздестіріп отырғанынан аңғарылады.

Қоғам сұранысына қызмет ететін институтты әдетте қоғам мүшелері өздері қаржыландырады. Әлем тарихына аты алтын әріптермен жазылған Османлы мәдениетінің негізінде де уақфтық мәдениет жатыр. Қазақ жерінде де мұнаралы мешіттердің, мінберлі медрелесердің, сәулетті сағаналардың бой түзеуіне шешуші ықпал еткен ортағасырлық ықпалды қаржы институты − уақфтық мәдениетті жаңа үлгіде жандандыратын кез келгенін бұған дейінгі сұхбаттарымызда да қозғаған болатынбыз. Қайырымдылық қорлар мүмкіндігін тиісті арнаға көзін тауып бағыттай білген жөн.

− Жоғарыда конференция аясында әйелдер аудиториясымен кездесу өткізілгенін айтып өттіңіз. Қарастырылған мәселелерге кеңірек тоқталсаңыз.

− Діни білім мекемелеріндегі әйел ұстаздармен және «Нұр-Мүбарак» университетінің студент қыздарымен өткен кездесу барысында біздің тарапымыздан Орта Азия мұсылман әйелдерінің ІІ форумын 2016 жылы Қазақстанда өткізу көзделіп отырғаны хабарланды. Осы орайда, біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы тарапынан 2015 жылдың 7-8 желтоқсанында Дін істері комитетінің қолдауымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, ҚМДБ қарамағындағы діни сауат ашу курстары мен діни оқу орындарының ұстаздарына, аймақтардағы мұсылман әйелдер бірлестіктерінің жетекшілеріне арналған оқыту семинарын өткізу жоспарланып отырғаны қатысушыларға мәлімделді.

Біздің тарапымыздан айтылған тағы бір ұсыныс – Қазақстан мұсылман әйелдерінің қоғамдық бірлестігін құру идеясы болды. Кездесуге қатысушылар бұл бастамаларды қызу қолдап, өз жұмыстары барысында кездесетін көптеген мәселелерді талқыға салды. Ортақ тәжірибе және пікір алмасу алаңына мұқтаж екендіктерін жеткізе отырып, осы бағытта қоғамдық бірлестік филиалдарын әрбір өңірде құру, ақпараттық ресурстар жасақтап, басылымдар шығару, радикалды идеология ықпалына түскен әйелдермен жұмыс жүргізу жөніндегі әдістемелік құралдар жасақтау туралы идеяларын бірінен соң бірі ортаға салды.

− Алдағы семинар аясында қандай тақырыптар қамтылмақ?

− Оқыту семинары барысында мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негізгі қағидаттары, зайырлы мемлекет және жоғары руханият, исламдағы дінаралық диалогтың ролі, дәстүрлі рухани құндылықтар және отансүйгіштік тәрбие, дін мен дәстүр сабақтастығы, исламдағы «жиһад» ұғымының шынайы мәні, неке, талақ және отбасы мәселелері, басқа да қазіргі өзекті діни-әлеуметтік және қоғамдық мәселелер бойынша дәрістер өткізу жоспарлануда. Дәріскер ретінде Орталықтың, Дін істері комитеті мен ҚМДБ-ның мамандары тартылмақ. Сонымен қатар семинар аясында республика көлемінде құрылған «Қыз Жібек» клубтары өкілдерінің басқосуын өткізіп, мұсылман әйелдердің белсенді өкілдеріне арналған таныстырылымын жасау арқылы болашақта осы екі бағыттың үйлесе жұмыс жүргізуіне жол ашу көзделіп отыр.

− Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет!

e-islam.kz

алдыңғы мақала
Дініміз Исламда экстремизм ұғымы жоқ
кейінгі мақала
Елбасының Жолдауы – болашағымыздың бағдары

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником