Тағылымды толғаныс
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Киелі мекеніміз, қасиет қонған жеріміз Ұлытаудағы Елбасының ұлт туралы, дін, тіл жайлы ұлағатты сұхбатынан дін өкілдері де, имам-молдалар да мол тағылым алды. Жанға – жігер, көңілге – демеу сыйлаған салиқалы әңгімеде елдегі және әлемдегі діни ахуал туралы парасатты пікір айтылды. Президентіміздің Ұлытау төріндегі толғанысы жамағатты ізгілікке, бірлікке, игілікке үндеді.
Елбасы айтқандай, талай нәубетті кезеңдерді бастан кешкен халқымыз бір кездері дінінен де, тілінен де айырыла жаздаған еді. Алайда, ұлтымыздың жүрек түбінде жысырылып келген Құдайға құл, адамға ұл болу адамгершілік ұстанымы Тәуелсіздік алған жылдары қайта жалғасты. Дін мен дәстүріміздегі мәңгілік өшпес асыл құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Ешкімге жалтақтамай, Жаратушыға емін-еркін құлшылығымызды жасап, діни рәсімдерді атқарып келеміз. Еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған еңселі мешіттер елордамыздан, облыс орталықтарынан салынды. Мұнарасы биік, сәулеті жарасымды зәулім мешіттерде білімді, білікті имамдар ел игілігі үшін қызмет етуде. Шетелдік діни оқу орындарынан кем түспейтін өзімізде имамдарды дайындайтын университет аштық. Медреселеріміз шәкірт тәрбиелеуде. Мешіттердің есігі жамағат үшін айқара ашық. Кейбір көрші елдердегідей «мешітке барма» деп тыйым салып жатқан ешкім жоқ. Осындай үлкен нығметке, жетістікке жетуіміз Алланың қалауымен, Елбасының берекелі бастамасының арқасы. Бұл – тәуелсіздігіміздің жемісі, бірлігіміздің нәтижесі.
Көнекөз қарияларымыз, ақ жаулықты аналарымыз куә ғой, кезінде емін-еркін намаз оқи алмаған жағдайлар да болды. Дінге қысым жасалып, жасырын құлшылық еткендер жазаланып отырды. Ал қазіргі жағдайымызға шексіз шүкіршілік айтуымыз мұсылмандығымыз емес пе? Қазыналы қарияларымыз: «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз», – деп ұрпақты Құдайға шүкір етуге, қанағатшылдыққа тәрбиелеп отыратын.
Президентіміз сұхбаттағы бір сөзінде: «Қандай мінбеден қазақша сөйлесең де, ешкім «тәйт, былай тұр» деп айтпайды», – деді. Сол секілді, бүгінде қай мешітке барып, құлшылық етем десек те, ешкім бізге «мешітке кірме» деген емес. Осындай уақыттың, бейбіт заманның қадіріне жете білуіміз керек. Мұндайда қазақ: «Бағаламасаң бақ кетеді» демей ме?
«Адам әр нәрсені өз ниетінен табады»
Исламды тек құлшылықпен, мешітпен, Құранмен байланыстыру – бұрыс түсінік. Дініміздің жанашыры Нұрсұлтан Әбішұлы Құранның қасиетті ғақлияларын орындау үшін кемтарларға көмектесу, бір-бірімізге жанымыз ашу, бауырмал болу, үлкенді сыйлау, баланы тәрбиелеп өсіру, Отанды, елді қорғау, бірлікке шақыру арқылы дінді өркендету жөн екенін айтты. Осындай игі амалдар адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді.
Ислам – қайырымдылық діні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл басынан бері қайырымдылық іс-шараларға ұйытқы болып келеді. Мешіттерімізде тұрмысы төмен отбасыларына жан-жақты көмек көрсету, жетім балалар мен қарттарға көмектесу – имамдардың абыройлы міндеті.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір өсиетінде: «Адамдардың жақсысы – елге пайдасы тигендері», – деген. Жабыққанды жарылқау, қамыққанға қамқор болу, Аллаға ұнамды істердің бәрі – құлшылық. Мұсылманға кедергі келтірген жолдағы тасты алып тастау да – садақа. Көршімен тату тұру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – исламның асыл құндылықтары. Біз діннің осындай ұлы құндылықтарын қоғамды ізгілендіру, имандылыққа шақыру, кешірімді болу, бірлік пен ынтымаққа ұйыту, қанағатшыл болу, бүлікке жол бермеу сынды игі істерге пайдалануымыз керек. Елбасы сұхбатынан осыны аңғардық.
Нұрсұлтан Әбішұлы исламның негізгі қайнар көзі хадиске, яғни Алла елшісінің (с.ғ.с.) өсиетімен үндесетін, дініміздің қағидасымен қабысатын ұлағатты сөз айтты: «Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады». Ал хадис тәлімі мынадай:«Адам қандай ниет қылса, соған жетеді, пенде әр нәрсені өз ниетінен табады». Халқымыз: «Жақсы сөз – жарым ырыс», – деп босқа дөп баспаған.
Осы Отанда нәпақамызды тауып, бала-шағамызды асырап, тыныш тіршілік етіп отырған соң, мемлекеттің іргесі бекем болуына баршамыз жанашырлық танытуымыз – адамгершіліктен. Жақсы ниеттің өзі үлкен мәнге ие. Елбасы айтқандай, Отан дегеніміз – ол біздің бала-шағамыз, туған-туыстарымыз, өскен ортамыз, т.б. Мемлекетке пайдамыздың тигені – өз отбасымызға пайдамыздың тигені деп сезінгеніміз абзал.
Дін атын жамылу дұрыс емес
Елбасы бір діннің ішінде өзара ұғыспай, ағымдармен келіспей, соғысып, қоғамға қауіп төндіріп жатқан діни ағымдар жайлы толғанысын білдірді. Дін атын жамылып, қан төгіп, соғыспен, мемлекеттік дін жасаймыз, халифат құрамыз деп жүргендер туралы да сөз етті.
Жастар арасында «менікі ғана дұрыс, менің жолым адастырмайды» деген пікірге байланып қалғандар бар. Асыл дініміз ислам өзге дін өкілдерінің ұстанымына құрметпен қарауға шақырады. Тарихта ислам осылайша басқа діндегі адамдардың үлкен құрметіне ие болғанын білеміз.
Елбасы сұхбатында тек біздің дініміз ғана дұрыс екен деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болғанын баяндады. Кейбір елдердегі бей-берекетсіздік жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Тыныштық орнаған қоғамда ғана даму, өркендеу көрініс табады.
Елбасының ұстанған салиқалы саясаты да ұлттар мен ұлыстарды, дін өкілдерінің басын біріктіруге бағытталған. Бірлігіне бекем болған елдің мерейі әрқашан үстем болмақ.
Алла тағала бүгінгідей берекелі де бейбіт заманымызды мәңгілік етсін. Мәңгілік елге мәңгілік татулық тұрақтасын деп тілеймін!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти.