Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Тағылымы мол кеш

Әр жыл сайын елімізде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туған күні, яғни Мәуліт мерекесін атап өту дәстүрге айналған. Биыл да облыс орталығында орналасқан «Мирас» мәдениет сарайында Қостанай облыстық, қалалық және Қостанай аудандық мешіттердің ұйымдастыруымен «Адамзаттың ардақтысы» атты рухани кеш өткізілді.

Былтыр ғана пайдалануға берілген рухани ордаға халық өте көп жиналды. Олардың арасынан ақсақалды қарттарымыз, ақ жаулықты аналарамыз және бастарына орамал тартқан қыз-келіншектер мен жігіттерді де көресіз. Бұл да болса, біздің өңірімізде мұсылман бауырларымыздың тарапынан дінге деген көзқарастың жақсарып келе жатқандығын көрсетеді.

Өзіміз осы кеште есімдері бүкіл елімізге белгілі аудандар мен қалалардан да келген азаматтарды көріп қалдық. Олар да бір-біріне «Мәуліт мерекесі құтты болсын»,-десіп жатты.

Кешті «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығының шәкірті Мұртаза Балахмет Құран оқып ашты.

Қазақ еліне көкшетаулық айтыс ақыны Арман Бердалиннің есімі жақсы таныс. Сондықтан да осы рухани кешті жүргізуге арнайы шақырылыпты. Жүргізуші өзіне тән шеберлікпен басқосуды өте тағылымды сөзімен бастап, Мәуліт мерекесінің мәні мен маңызын түсіндіре келіп, жиналған қауымға өзінің ізгі сөзін арнады. Оның әрбір тебіреніске толы пікірлерін залға жиналған жұртшылық зейін қоя тыңдады. Әрбір ұлы адамдардың тағылымды ойларынан мысалдар келтіре отырып, алғашқы сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлына берді.

Ол көпшіліктің алдына шығып, осы күнгі жиынның мақсатына кеңінен тоқталды. Мұхаммед пайғамбарлың өмірі жайлы айтып, өзінің Қостанай өңірінде болған аз уақыттың ішінде қандастарымыздың ниеттерінен дінімізге деген құрмет пен ұмтылысты байқағандығын да баяндады.

Содан кейін Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов сөз сөйлеп, барша үлкенді-кішілі қауымды ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедттің (с.ғ.с) туған күнімен шын жүректен құттықтап, жерлестерімізге денсаулық, отбастарында бақыт пен қуаныш тіледі.

Жиында Солтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай құрметті қонақ ретінде және Мүфти хазреттің атынан қостанайлықтарды Мәуліт мейрамымен құттықтап, ғибратты насихат айтып өтті.

Мұндай басқосулар ән мен күйсіз өтпейтіндігі белгілі. Онда Арқалық қаласы мешітінің бас имамы Бектұрсын бауырымыздың ұлы Дінмұхаммед нақышына келтіре әуелете ән шырқады.

Сондай-ақ белгілі қаламгер Қыдырбек Қиысқанның орындауындағы Шал ақынның өсиетін де жұртшылық өте жылы қабылдап, өздерінің шынайы ризашылықтарын білдірді.

Баршаға мәлім, Қостанай өңірінде де дін тақырыбына қалам тартып жүрген ақын-жазушылар баршылық. Солардың бірегейі — Қазақстан қажылар қауымдастының арнайы грамотасының иегері, еліміздегі күллі мұсылмандар тарапынан өзінің жоғары бағасын алған «Мінәжәт» кітабының авторы, республикамызға белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет те тебірене сөз сөйледі.

Сөздің орайы келгенде «Теріс ағымның зардабы» деп аталатын сахналық көріністің де көпшілік қауымға үлкен ой салғанын айтып өткеніміз абзал. Ондағы әрбір адамның сөзі мұсылмандар қауымының жүректеріне жеткен секілді.

Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Сахнаға осы ежелден келе жатқан ұлттық өнерімізде өздерінің орындарын ойып алған танымал айтыс ақындары Айбек Қалиев пен Қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов шыға келгенде залдағы отырған қауым оларға деген өздерінің шынайы ықыластарын ұзақ қол шапалақтаумен білдірді.

Бұлай қошемет көрсетудің де өзіндік реті бар еді. Себебі, қос азамат та талай айтыстарда өздерінің жарқын дарындарын, рухани қазынамыз сөз маржандарын төгілте білетіндігін әбден мойындатқан біртуар бауырларымыз.

Олар осы жолы да тапқыр сөздерімен, мәнді де мағыналы қиыннан қиыстырған сөздерімен де бүкіл ағайындарды тәнті етті. Домбыра қағыстары да өздеріне ерекше жарасты. Олардың айтыстарынан барша жұртшылық үлкен ләззат алды.

Имандылық отбасынан басталады

Кеш өте ғибратты өтті. Өйткені, жиналған адамдардың бәрі де Мәуліт мерекесі әлемдегі барша мұсылманның өмірінен ерекше орын алатындығын терең түсінді. Ислам діні жер бетіндегі ең әділетті де адамзатты ізгілікке бастайтын дін екендігін айғақтайтын қаншама мысалдар келтірілді.

Халық жалпы, ән мен күйге де өте сусап қалыпты. Бұлай дейтін себебіміз үш жігіттен тұратын топтың мәнді де мазмұны терең әндерін жерлестеріміз барынша ұйып тыңдады.

Мешіт қашан да демеушілерге сүйенеді. Сондықтан өңірдегі жүректері имандылыққа толы әрі осындай діни мерекелерде қолдау көрсетіп жүрген азаматтар да жетерлік.

Облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет сахнаға көтеріліп, бірқатар дін жанашырларына ілтипат көрсетіп, олардың азаматтығына шын мәніндегі ризашылығын білдірді. Алғыс хат тапсырып, ұлттық дәстүріміз бойынша иықтарына шапан жапты. Олардың қатарында Мұхамеджан Турдахунов, Төлеген Жайлаубаев, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов және басқа да елге танымал тұлғалар бар.

Есімі көпке белгілі кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев «Наурыз» ықшам ауданындағы облыстық жаңа мешіттің құрылысын аяқтауға ат салысуға барлық мұсылман қауымды шақырды.

Осы «Адамзаттың ардақтысы» атты мерекелік рухани кеште Бахытбек Нұрғабылұлы бастаған аудан және қала имамдары Мәуліт оқыды. Жиналған жұртшылық бас имамның сегіз қырлы, бір сырлы азамат екендігіне тағы да көздері жетті.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы жас та болса, адамгершілігі мол жан екендігін айқын дәлелдеді. Соның бір жарқын айғағы ретінде облыстың бұрынғы бас имамы, марқұм Ертай қажы Балахметтің анасы Зейнеп қажыға ерекше құрмет көрсетті.

Осы кеш барысында біз Қостанай қаласының байырғы тұрғыны Сайлаубай қажы Молдашты әңгімеге тартқан едік. Ол кештің әсері жайлы бізге былай деді:

-Жалпы, Мәуліт мерекесі өте жоғары деңгейде өтті. Оны ұйымдастырған облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлына, «Зекет» қорының өңірдегі өкілі Жақсылық қажы Ғайсинге және барша жанашырлық танытып, демеушілік жасаған азаматтарға деген алғысым шексіз.

Кештен түйгенім өте мол. Сахнада қойылған көрініс те, оқылған діни өлеңдер де, ұйымдастырылған ақындар айтысы да бәріміздің көңілімізден шықты. Ең бастысы, Қостанай өңірінде де мұсылман ағайындардың Ислам дініне деген құрметі айрықша екендігіне тағы да көзім анық жетті.

Мұндай тағылымдық кештердің әсіресе, біздің өміріміздің жалғасы болып табылатын жастарға тигізер ықпалы зор екендігін айтқым келеді. Себебі, бүгінгі басқосуда қаншама әншейінде ести бермейтін ұлағатты сөздер, терең ойлар, мағыналы сөздер айтылды.

Содан кейін Мәуліт мерекесінің құрметіне Қостанай шаһарындағы «Премиум Палас» мейрамханасында ақ дастархан жайылды. Онда да Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері Жолбарыс қажы Баязид, Нағашыбай Мұқатов және өзге де халық сүйіспеншілігіне бөленген азаматтар сөз сөйледі.

Кештің соңында ғасыр ғұмыр кешкен Күлімжан апамыз залдағы барша үлкенді-кішілі қауымға ақ батасын берді.

Жақсанов Оразалы Отынбайұлы

алдыңғы мақала
Сынаққа сабыр ету – мұсылманның ерекше сипаты
кейінгі мақала
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником