Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Қазақ мұсылмандығының қалыптасқан діни мектебінің рөлін арттыруымыз керек

Серікбай қажы ОРАЗ

«Әлімсақтан мұсылманмын»

Бала кезімізде ата-әжелеріміздің, көнекөз қарияларымыздың аузынан «қазақ әлімсақтан мұсылман болған, қарақтарым, осыны ұмытпаңдар, егер біреу «қашаннан бері мұсылмансың?» деп сұраса «әлімсақтан мұсылманмын» деп жауап беріңдер» деген сөзді жиі естуші едік. Осы өсиет біздің жадымызда қалыпты. Бірақ «әлімсақ» сөзінің байбына бара бермейтінбіз. Бәріміз ойын баласы болдық қой. Алайда ақсақалдарымыздың сөзі санамызға сіңіп, әлі күнге дейін мұсылман екенімізді мақтаныш етіп келеміз.

Дін жолына ден қойғанымызда жалпақ тілмен айтып жүрген «әлімсақ» араб тілінен шыққан сөз екенін білдік. Арабшада «әл-мисақ» дейді. Мағынасы: бұл дүние тіршілігінен бұрын адам баласының Алланың құдіретін танып, Оған қайтып келетіні туралы берген анты.

Біз де, орта буын өкілдері кешегі Кеңес өкіметінің кезінде дінге қысым жасалған саясаттың куәсі болдық. Күннің аптап ыстығында шөлден кезерген еріндерін сулы шүберекпен сүртіп, ауыз бекітіп, құлшылығына бекем болған ақ жаулықты әжелерді, ақсақалды көрдік. Жасырын құлшылық етіп, Құран оқыған қарияларды көрдік.

Бүгінгі күнге дейін мұсылмандығымызды сақтап, рухани құндылықтарымызды құлатпай, иманды қоғам құрып келе жатқанымыз – кешегі қариялардың тілеу-қорлық ниеті, ізгі амалы, игі дұғалары деп білеміз. Дала халқы демократияның үздік үлгісі болған Ислам дінін жүрек қалауымен қабылдады. Халқымыздың мәдениеті мен әдебиеті, тарихы мен салт-дәстүрі, бүкіл табиғи болмысы мен қоңырқай тіршілігі сан ғасырдан бері Исламмен жасасып келеді.

VII ғасырда Орталық Азияға, оның ішінде қазақ топырағына жеткен Ислам сол дәуірден бері жұртымыздың жүрер жолы, мемлекетіміздің рухани тірегі болып келеді. Асыл діннен қуат алған халқымыз өркениет жолына қадам басты. Мың жылдық тарихы бар, Ұлы даланы мекендеген, ежелден келе жатқан жұртымыз орта ғасырларда әлемдік қарым-қатынастан да шет қалмады. Еуропа және Азия елдерімен Жібек жолы арқылы сауда жасады. Сол замандарда өркениеттен қол үзбей, тегі мен тарихын жаңғыртты.

Ұлы Жібек жолының көп бөлігі Орта Азия мен Қазақстан территориясында орналасуы халқымыздың мәдениетін, рухани мұрасын байыта түсті. Алысты жақын етіп, Орта Азия мен Еуропаны байланыстырған осынау сауда жолының бойында орналасқан тарихи қалаларда әсем мешіттер мен кесенелер бой көтерді. Исфиджаб, Тараз, Отырар сынды ежелгі қалалардан шыққан ғұламалар Ислам өркениетіне өлшеусіз үлес қосты. Әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұни сынды ғұламалар ғылыми жаңалықтар ашты, әлемдік білім мен ғылымның негізін қалады.

Пайғамбардан жеткен жол немесе Есім ханның төрт тағаны

Тарихымызда, ел басқаруда елеулі із қалдырған Есім хан «Қасым салған қасқа жолды» өз заманына сай жаңғыртып, жаңа тәртіптерді орнатты. Мүлік, қылмыс, әскери, жұртшылық заңдары мен елшілік жоралары қабылданды. Есім ханның тұсында төмендегідей тәртіп-ережелер жүйесі қалыптасқанын бәріміз білеміз:
1. Хан болсын – ханға лайық заң болсын;
2. Батыр болсын – жорық жолы мақұл болсын;
3. Абыз болсын – абыз сыйлау парыз болсын;
4. Би болсын – би түсетін үй болсын.

XV ғасыр басында, яғни Қазақ мемлекетінің құрылу кезеңінде көшпелі халықтың дала заңдарына, құқықтық нормаларына шариғаттың әсері мол болды. Хандар мен билер ел басқаруда мұсылмандық құқықтық нормаларға жүгінді. Керей мен Жәнібектен бастау алатын хандық басқару жүйесі ең соңғы Кенесары хан тұсына дейін Ислам дінінің қағидаларын басшылыққа алды деуге толық негіз бар. Мәселен, мұндай ережелер мен тәртіптер Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті Жарғы» заңдар кодексінде айқын көрініс тапты. Біз осы заңдар жинағында көрсетілген мынадай қатаң талаптарды кездестіреміз: «Құдайға тіл тигізген адамның күнәсі жеті куәгер арқылы дәлелденсе, оны тас атып жазалау қажет», «Егер де біреу христиан дінін қабылдаса, жақындары оның барлық мүліктерін иемденеді», т.б.

«Есім ханның ескі жолындағы» төрт тағаннан тұратын төрт қағида бүгінгі күннің Ата Заңы деп айтуға болады. «Хан болсын – ханға лайық заң болсын» – деп басталатын басты талап бүгінгі Тәуелсіз еліміздің Конституциялық заңында да лайықты орын алды.

Бейбіт елді жаулап, тізе батырып, қиянат жасау – қазақтың қанында жоқ әдет. Қазақ – бейбіт өмірді басты байлығы санаған, бірлікке бекем болып, досқа да, дұшпанға да дархан көңіл, шынайы пейіл танытқан жұрт. Бірақ өжет бабаларымыз жер шетін жау шапса, атқа қонып: «Аллаһу акбар» айтып, елімізге, жерімізге көз алартқан дұшпанын аямаған. Қазыбек би секілді айтсақ, «біз ешбір дұшпан басынбаған, басымыздан сөз асырмаған елміз». «Есім ханның ескі жолындағы» «Батыр болсын – жорық жолы мақұл болсын» қағидасы еліміздің ежелден жауға тойтарыс беретін қорғаныс қабілетінің жоғары болғанын айғақтайды. Текті бабаларымыздың есімі аталғанда «батыр» сөзі қоса жүретіні тектен тек емес. Батыр болу, ұлтарақтай жерді қызғыштай қорғау – қазақ халқына тән сипат.

Қазақта «абыз» деген салиқалы сөз бар. Төрт тағанның бірінде: «Абыз болсын – абыз сыйлау парыз болсын», – делінген. «Абыз» сөзі арабшада «хафиз» деген ұғымнан шыққан. Хафизді қазақшалап «қари» деп те жатамыз. «Хафиз» немесе «қари» – Құранды жатқа білетін, дана, дін білгірі, діни тұлға. Сонымен қатар халқымыз парасатты, ойшыл билерді, дана тұлғаларды «абыз» деп те атаған.

Аллаға шүкір, қазір өз ұлтымыздан да қарилар шығып жатыр. Осыдан 5-6 жыл бұрын өзге елден, өзге ұлттан қариларды аттай қалап алдыратынбыз. Қазір өз арамыздан шыққан шәкірттер Рамазан айында мешіттерімізде Құран хатым жасауда. Еліміздің ең жас қариы Дулат Болатбекұлы бас мешітіміз «Әзірет Сұлтанда» Құран хатым жасап келеді. Бұл – діни салада жеткен жетістіктеріміздің бір көрінісі деп атар едім.

Қазақ – қариға, имамға айрықша құрмет көрсеткен, дастарқан жайылса, ерекше құрметпен жасына қарамай, төрге шығарған, оның сөзіне құлақ асқан, пәтуасына мойынсұнған, тәубешіл, иманды халық. Кешегі Есім ханның арман-тілегі, ой-мақсаты ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бүгін де осынау игі дәстүр ғасырдан ғасыр жалғасып жатыр, жалғаса да бермек.

«Би болсын – би түсетін үй болсын» – бұл да билерге көрсетілген құрметтің үлкен белгісі. Марқұм, академик Салық Зиманұлының құрастырған «Қазақтың ата заңдары» атты он томдық еңбегінде билерді былайша сипаттайды: «Олар әрі ақын, әрі шешен, философ, әрі ойшыл, әдет-ғұрып құқығының білгірі және оның реформаторы, әскери қолбасшы және басқарушысы еді».

Осындай ойлар мен түйінді тұжырымдарды, қасиетті қағидаларды, тәлімді тәртіптерді жинақтай келгенде есімізге еріксіз екі дүние сәруары Мұхаммед пайғамбырымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) түседі. Ол парасатты патша, мүфти, қази, имам, шешен әрі батыр болды. Теңдессіз теңеулер мен сипаттарды әрі қарай жалғастыра беруге болады. Біздің айтқымыз келген ойымыз – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сөзі мен ісінен көрініс тапқан адами құндылықтар мен ел басқарудағы қабілет, парасат-пайым, қадам, шешімдер, үкімдер, қағидалар сан ғасырдан бері арасында үзіліс болмағандай, хандарымыз бен би-шешендерімізге, одан бүгінгі сіз бен бізге, өскелең ұрпаққа мирас болып, жалғасын тауып келе жатқаны мерейімізді әрдайым асқақтатып отырады.

Біз ұстанатын діни жол

Жасырып, жабары жоқ, Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында дін білгірлері, тәжірибелі дін мамандарының тапшылығы байқалды. Діни кеңістігіміз бос қалды. Дінге тереңнен ден қойған, ілім іздеуге талпынған азаматтарымыздың алғашқы легі Түркияға, Мысырға, Сауд Арабиясы мемлекеттеріне, Пәкістанға аттанды.

Сол мемлекеттердің діни оқыту жүйесін оқыған, мұсылман елдерінде қалыптасқан діни қағидалар мен дәстүрлерді үйреніп келген дін жолындағы ғалымдарымыз елге оралып, мысырлық, түркиялық, сауд арабиялық, пәкістандық діни мектептердің негізін қалыптастыра бастады. Осылайша, діни кеңістігімізде әртүрлі мектептер пайда болды.

Бұл, біріншіден, мұсылман жамағатының сенімде, ұстанымда жікке бөлінуіне әсер етті. Екіншіден, жоғарыда айтылған әртүрлі діни мектептірді қолдаушылар санының артуына септігін тигізбей қоймады. Үшіншіден, қоғамда әртүрлі діни көзқарас қайшылығы байқала бастады. Өйткені, әр елде өзінің бұрыннан қалыптасқан діни жоралғылар, салт-дәстүрлер, климаттық жағдайға байланысты киім үлгілері бар емес пе? Осы тұрғыдан айтқанда, діни саламызда түрлі көзқарастардың пайда болуы заңды құбылыс еді.

2013 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы зайырлы қоғам мен діни алаңда өзара келісе алмай, жікке бөлінген жамағатты ортақ мақсат-мүддеге жұмылдыратын жол ұсынды. Ол – дін мен дәстүр идеясы. Дін мен дәстүр идеясы зайырлы орта мен діни ортаға алтын көпір болды.

Әлемдік діндер тарихына қарасақ, дәстүрсіз дін болмағанын аңғарамыз. Ал дәстүрдің өзі діннен бастау алып, бір-бірімен байланысып жатқанын аңғарамыз.

Дәстүрімізге, болмысымызға, бүгінгі қалыптасқан жағдайымызға сай келетін әрі діни саладағы оңтайлы жол – орта азиялық мектептің рөлін арттыруымыз керек деп ойлаймыз. Бұл – қазақ мұсылмандығында бұрыннан қалыптасқан жол, дала халқының болмысымен, табиғатымен біте-қайнасып кеткен мектеп. Діннің түп негізіне сүйенген діни ережелердіберік ұстануымыз – бірлігіміздің нығая түсуіне жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Дін негізінен бастау алған дәстүрлі діни жолымыз ешуақытта қоғамда қалыптасқан, ел билігі қабылдаған заңдар мен ережелерді жоққа шығармаған. Қарапайым мысал келтіре кетейік. Мемлекет жол қозғалысы мен ережесін реттеп отыру үшін бағдаршамды іске қосты. «Бұл Құранда жазылмаған», – деген соқыр сенімді басшылыққа алып, бағдаршамға, яғни мемлекет қабылдаған ережеге бағынбасақ, мұның түбі неге алып келетінін айтпасақ та бәріміз іштей сезіп отырмыз.

Діни бағыт – айқын, қадам – нық

Аллаға шүкір, Тәуелсіздігімізге қол жеткізумен қатар дінімізбен де қайта қауыштық. Ұлытау төрінде берген сұхбатында Елбасының тілші сұрағына толғаныспен былай жауап бергені есімізде: «Бұрынғыдай қорықпай, жасқанбай, дінге бас иіп, Құдайға құлшылық етіп, мешіттер салып жатырмыз. Қаншама азаматтарды – білімді, дінді насихаттайтын молдаларды дайындап келеміз. Құдайға шүкір, дініміз өзіміздікі, қолымызға тиді. Қазір бізге ешкім одан алшақта деп айтпайды. Әркімнің өз еркі бар».

Дінімізбен бірге дәстүріміз де, ұлттық құндылықтарымыз да жаңғырды. Кейбір сарапшылардың байбалам салуына әсте негіз жоқ. Дін ұлттық ерекшеліктерді, қалыптасқан жағдаяттарды жоққа шығармайды немесе оның жойылып кетуін көздемейді. Қазақ қашанда тегі мен руын ұмытқан емес.

Көне тарихқа зер салсақ, өткен ғасырларда қазақ мұсылмандығында қалыптасқан халық дәстүрлерінің дінмен араласып кеткенін көреміз.

Тарихи жәдігерлерде, Алаш даласын зерттеген шетелдік ғалымдардың ең-бектерінде қазақ халқының мұсылман-шылықты жақсы ұстағандығы жайында айтылады. Соның бірі 1879 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Народы России» деген еңбектің қазақтарға арналған шығарылымында дала халқының күні құлшылықпен басталатындығы туралы мынадай қызықты мағлұматтар келтірілген: «Қырғыздардың (яғни, қазақтардың) күні таң атқаннан басталады. Таң жарығы шығар-шықпастан молда немесе ерте тұрған бір адам даусын созып, азан айтады. Сол сәтте бүкіл киіз үйлердің есіктері ашылады. Оянған жандар дәрет алу үшін суға барады. Дәрет алған соң алғашқы намаз үйде немесе үй сыртында оқылады. Әйелдер жағы бұл кезде төсектерін жинап, от жағып, таңғы астың қамына кіріседі…» Пайғамбарлардан бастау алып, кешегі хандарымыз ұстанып, бүгінгі күні бізге жеткен діни жол, өнегелі өмір салты, сәулелі, ғибратты ғұмыр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кете бермек.

Жуырда біз Астанада өткен Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің зорлық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференциясына қатыстық. Халықаралық басқосуға 24 елден келген делегациялар, АҚШ, Еуроодақ және Ресейдің уәкілетті органдарының жетекшілері, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және өзеге халықаралық ұйымдардың өкілдері, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласының сарапшылары қатысты.

Осы жиыннан біздің түйгеніміз – Орта Азия кеңістігінде Қазақстанның діни саладағы жетістіктері көп.

Бүгінгі имамдардың білім дәрежесі мен тәжірибесі артты. Қоғамдық игі іс-шараларды ұйымдастыруда дін қызметкерлері белсенді. Спорттық, мәдени, рухани шараларды ұйымдастырудың сапасы артты.

Зайырлы қоғам мен имамдар арасында өзара түсіністік, жарасымды үйлесім жүйесі қалыптасты. Тұңғыш рет тарихи І республикалық имамдар форумында Қазақстан мұсылмандарының бағдаршамы іспетті тәлімдік құжатымыз – Тұғырнама қабылданды. Бүгінгі имамның бейнесі, мұсылманның келбеті, дін қызметкерінің этикасы қабылданды.

Қорыта айтқанда, діни бағытымыз – айқын, қадамымыз – нық. Алла Тағала болашағымызды баянды еткей. Ауызбіршілігіміз нығайып, Тәуелсізді-гіміздің тұғыры биік болғай! Әумин!

алдыңғы мақала
Ақидаға қатысты ханафи ғалымдары жазған 80 кітап
кейінгі мақала
Үйлену – Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сүннеті

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником