Сұрақ: Мен сіздердің соңғы бір мақалаларыңызды оқыған едім. Бір адамды ілім алуға тұрарлық ғалым деу үшін қандай талаптар заңдастырылған? Иснад (ілімді жеткізушілердің тізбегі) сол талаптардың бірі болып саналады ма? Бұған шариғат қайнар көздерінде, яғни Құран мен Сүннетте қандай дәлелдер келген? Байқағанымдай, біреуді мужтахид деп атау үшін иснадты ғалымдар керек шарт деп есептей бермейді. Өз бетіңше ілім алып, мужтахид болуға бола ма?
Жауап: Сіздің сұрағыңыз екі бөлімнен тұрады: біріншісі – Ислам іліміндегі тізбектің маңыздылығы (иснад), ал екіншісі – білікті ұстаздан ілім алуға қатысты. Мен сіздің осы екі бірдей сұрағыңызға Құран мен Сүннет және ғалымдардың сөзімен жауап беруге тырысамын.
Иснад (ілім жеткізушілердің тізбегі)
Ұлы Алла Тағала біздің мырзамыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметін бізге дейінгі өзге қауымдарға бермеген көптеген ерекшеліктер арқылы беделін үстем еткен.
Осындай нығыметтің бірі – ең озық әрі бірегей ерекшелік, атап айтқанда – әр түрлі Ислами ілімдерді жеткізудегі тізбектің (иснад) сақталуы. Иснадты сәләф ғалымдар шариғат ілімдерінің негізі әрі алғашқы шарты деп қарастырған.
Осылайша Алла Тағала дінді, Кітабын және Сүйіктісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін әрі осы екі қайнар бұлақты дұрыс түсінуге қажетті Ислам ілімдерін сақтаймын деген уәдесін орындауда.
Алла Тағала былай дейді: «Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» (Нәжім сүресі, 3- 4 аят)
Уахи сөзі дегенде Құран мен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті айтылып тұр. Себебі Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз ойынан емес, Алла уахи еткен нәрселерді ғана айтады. Алла Тағала былай дейді: «Расында Құранды Біз қорғаушымыз» (Хижр сүресі, 9 аят)
Пайғамбарымыз (оған Алланың иглігі мен сәлемі болсын) сөзімен және ісімен Алланың Кітабын түсіндіріп берген. Құранда Шариғат заңдары айқын айтылмаған, сондықтан да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) міндеті- сол жердегі жазылғанды түсіндіріп беру болды.
Алла Тағала Өзінің Пайғамбарына (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Мұғжизалармен, кітаптармен (пайғамбарлар жібердік). Саған да адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік. Әрине олар түсінер» (Нахл сүресі, 44 аят)
Осылайша дінді сақтаудың тек қана Құранға емес, Сүннетке де қатысы бар. Сүннетті сахабалар түсінгендей түсіну әрі олардан білім алғандар түсінгендей түсіну.
Иснад – Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметінің айырықша ерекшелігі. Ешқандай да бір ұлт, дін я болмаса қоғам өздерінің діндеріндегі иснад секілді қатаң талапты шарттарымен мақтана алмайды.
Ертедегі мұсылман ғалымдар өздеріне жеткен әрбір хабарды Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен бе, әлде сахабадан жеткен бе, жоқ па деп тексеріп, талдау жасаған. Олар тізбек ішіндегі адамдардың жеке өмірлері мен қасиеттеріне дейін іздеп білетін болған.
Осылайша үммет бүгінгі таңда ешбір теңдесі жоқ «хадис жеткізушілерді зерттеу ілімінің» басқы бетімен ғана таныс болды. Тек мұсыландар ғана хадис жеткізушілердің есімдері мен туған күнін және өлген уақытын, мінез- құқына дейін жазады.
Ибн Хажар Асқаләнидің «Тахзиб әл-Кәмәл» әл-Миззи, «Тахзиб әл-Тахзиб», Захабидің «Мизан әл-Итидалі» және Ибн Хажардың «Лисан әл-Мизані» осы таңғажайып нәрсенің дәлелі бола алады. Сондай- ақ шамамен он мың сахабалардың өмірбаяндары жазылып, сақталған Ибн Садтың «Табақаты», Ибн Абдул-Барраның «Әл-Истиабы», Ибн Асирдің «Усд әл-Ғабә» және Ибн Хажардың «Әл-Исабәсы» секілді еңбектер бар.
Имам Абдуллаһ ибн Мубәрәк былай деген: «Иснад – бұл діннің бөлшегі. Егер иснад болмаса әркім қалағанын айтып жүрер еді. Біреуден (тізбексіз сөйлеушіден): «Мұны саған кім жеткізді?»,- деп сұраған кезде сасқанынан үнсіз қалады»
Және ол былай деген: «Кімде кім дінге қатысты сұрақтарды тізбексіз үйренер болса, жоғарыға баспалдақсыз шыққанмен тең».
Суфиан әс-Сәури былай айтқан: «Иснад – мұсылманның қаруы. Егер адамның қаруы болмаса, ол қалайша соғысады?»
Имам аш-Шафиғи болса: «Кімде кім хадисті тізбегіне мән берместен жаттар болса, орманда отын жинап, шырпыларын байламақ болып жатқанда арасындағы тығылып тұрған жыланды көрмей қалған адамға ұқсайды, яғни ол сенімді болсын, жалған болсын барлық хадистерді жинай береді».
Бірде Бақийә ибн Уалид бірнеше хабарды Хаммад ибн Зейдке тізбексіз жеткізеді. Мұнысына Хаммад былай деді: «Бұл хабарлар маған қанатсыз ұшып жетіпті, олай болса мен оларды қанаттары болса ғана қабылдаймын».
Ибн Таймиәбылай деген: «Иснад – Ислам мен бұл үмметтің айқын ерекшелігі. Ал мұсылмандар арасында мұнысымен Әһлі Сүннет уәл Жамағат ерекше».(Жоғарыда келтірілген дәйексөздерді шейх Әбу Ғудда өзінің «Әл- Иснад мин әд- дин» еңбегінде жазған, 18- 20 б.)
Біздің салиқалы ата- бабаларымыздың бұл сөздері мұсылмандардың алғашқы ұрпағы үшін ілім алуда иснадтың міндетті шарты болғандығын көрсетеді. Сондықтан да олар өз еңбектерінде бір сөзді келтіру үшін үш немесе төрт жолдан тұрса да тізбегіндегі адамдарды толықтай жазып шыққан.
Иснад тек Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хабарларда ғана емес, кез келген ілімде, атап айтқанда Құран түсіндірмесінде (тәпсір), әулиелердің және өзге де үмметтің тарихына қатысты хабарларда да қолданылған.
Хадистер «Сахих» Бухари, «Сахих» Муслим секілді үлкен жинақ болып жинақталғанда және өзге де ғылымға қатысты жинақтар шыққан кезде әрбір келген хабардың тізбегін көрсетіп отыру тоқтады. Тек кітап авторының я болмаса жинаққа сілтеме ретінде иснады келсе болды. Автордың иснады еңбектің ішінде келген.
Біздің күнімізде де ғалымдарымыз бүкіл әлемге хадистер мен Ислам ілімдерін осы үлкен еңбектердің авторы енетін тізбекпен таратып жүр.
Алты хадис жинақ оны құрастырыушыларға апарып тірелетін, ал олардан – Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жететін иснадпен үйретіледі. Көптеген ғалымдар ең жақсы иснад пен ижәзәға қол жеткізу үшін сапар шегіп, бел асатын.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иснадына келер болсақ, бірінші қатарда Үндістандық ғалымдар тұрады. Олар хадис жаттау іліміне аса үлкен мән береді және де әр түрлі Ислами жоғары оқу орнында (дарул - ъулум) білім алып жатқан әрбір студент маңызды хадис жинақтарының иснадын жақсы біледі. Тіпті ғалым- арабтардың өздері Үндістан мен Пәкістанға хадис шейхтарынан ижәзә мен иснад алуға келетіні белгілі.
Өзге ғылым салалары, мысалы, тәжуид, фиқһ және де басқа ғылым түрлерін араб ғалымдары көптеген еңбектерді иснадымен келтіріп, үйретеді. Сирияның және өзге елдердің беделді ғалымдары Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жейбірейілге, одан Ұлы Алла Тағалаға баратын Құранды оқу мен жаттауда иснадқа ие.
Ханафи мәзһабының үлкен еңбектері авторына және имам Әбу Ханифаға баратын өзге ғылым түрлерінің еңбектері де иснадпен үйретіледі. Өзге ғылым түрлері де осы жолмен жеткізіліп, үйретіледі.
Қорыта айтар болсақ: иснад – біздің үмметке берілген айрықша ерекшелік. Ілім іздеу мен үйрену кезінде иснад ең басты орында болған. Ғалымдар, қазыргі таңда студент білімді иснады бар ғалымнан я болмаса иснады бар адамнан ілім алған ұстаздан үйренуі қажет деп санайды. Ілім беру үшін үзілмеген иснадтың болуы міндет емес. Дегенмен, ілім алып жатқан адам өзге шейхтан ілім алған болуы қажет. Бұл жайлы жауабымыздың келесі бөлімінде толық айтып өтеміз.
Білікті ұстаздан ілім алу
Алла Тағала адам баласын хайуаннан артық етіп жаратты. Хайуандар адамдар секілді ұстазға я болмаса жаттықтырушыға мұқтаж емес. Мысалы, балық туыла сала өзі- ақ жүзіп кете береді. Оны ешкім үйретпейді. Қандай адам жаңа туған нәрестені балық секілді суға қоя береді? Тек ақымақ қана. Балыққа жүзуді үйрететін жаттықтырушы қажет емес, ал адамға жүзіп үйренуі үшін жол көрсетуші қажет екенін білеміз.
Я болмаса мысалға жаңа шыққан балапанды алайық. Жұмыртқадан шыға сала тамақты шоқи бастайды, бірақ оны ешкім бұған үйретпеген еді. Алайда жас нәрестеге тамақты қалай ішу керектігін үйретпесе, білмейді.
Бұл- адамдары оларға ұстаздың тәжірибелік ілімі мен жөн көрсетуі қажет етіп жаратқан Алланың әмірі. Туыла салғаннан өмірдің небір қилы жолдарында әркімге болсын үйретуші мен жол көрсетуші қажет.
Бірауыздан келісілген пікірлер бойынша мына өмірде адамды ұстазсыз және жол көрсетушісіз ешқандай ғылыммен жаулап ала алмайды. Егер ұстазың болмаса, ешқандай салада да білім ала алмайсың.
Мысалға медицина ғылымын алайық. Егер біреу медициналық кітаптарды үйінде отырып оқып алып, дәрігер болатын болса, онда ол адамды есі дұрыс деп айтпасы анық. Ал егер осы адам бір науқасқа операция жасап немесе адамдарды емдейтін болса, оның емдеген адамдарын тек зираттан ғана табуға болатын жағдайға ұшырайды.
Тіпті ол адам сондай епті әрі дарынды болса да, жол көрсетушінің басшылығы әбден қажет. Мысалы ол медициналық кітаптарды түсініп, небір терминдерді білуі мүмкін, алайда ол толық медициналық ілімді ұстаздың басшылығымен меңгеріп шықпайынша оны оташылық қызметке қабылдамайды. Ешқандай да басшылық пен қызмет орындары өз бетімен ілім алған адамды тәжірибеден өткізуге де қабылдамайды. Себебі ол адам қажетті ілімді толық алған жоқ.
Сол секілді, жер бетіндегі кез келген ілімді меңгеру үшін ұстаз міндетті түрде қажет. Егер сіз заңгерлік мектептен, білікті заңгер маманынан ілім алмаған болсаңыз, сізді ешкім заңгерлік тәжірибеден өткізу үшін жұмысқа қабылдамайды.
Үлкен мамандықтарды былай қойғанда тіпті аспаздық өнерді де тек кітабын оқып алып үйреніп кету мүмкін емес. Әр түрлі тағам түрлеріне арналған небір еңбектер жазылғанымен егер адам өмірінде тамақ әзірлеп көрмеген бола тұрып, үлгіге қарап жасар болса, не шығатыны айтпаса да түсінікті.
Адам ұстазсыз тек кітаптан ілім ала алмайды, өйткені табиғаты солай. Кез келген адамға әрбір қадамында жәрдем беретін және де қателіктерден қорғайтын тәжірибелі ұстаз қажет. Бұл заңдылық әрбір ғылым түріне қатысты: өнерге және қол өнерге, рухани және діни ғылым болсын бәрібір. Ешкім кәсіби ұстазы я болмаса жол көрсетушісі болмастан рухани ілім ала алмайды.
Кітап пен Жазбалардың сыры оны түсіндіру үшін Алла Тағала Пайғамбарын жіберген кезде ғана ашылады. Алла Тағала ешқандай Кітап я Жазба түсірместен Пайғамбарын ғана жіберген мысалдар өте көп. Бірақ Пайғамбарсыз Кітап ешқашан түскен емес.
Мұның қарапайым ғана себебі – егер Кітап өзі ғана келер болса, адам баласы Пайғамбарсыз оның мағынасын түсіне алмайтын еді. Егер Алла қаласа, Ол Кітаптың тек өзін ғана түсірер еді. Кез келген адам кітапты өз үйінде тауып алып, «Осыған бағыныңдар» деген дауыс естір еді. Алайда Жаратушы Алла Тағала жаратылысын жақсы білгендіктен кітаптың мазмұнын сөзімен әрі ісімен түсіндіріп беретін жол көрсетуішісімен қосып жіберген.
Алла Тағала мұны төмендегі аятпен түсіндерген: «Расында Алла (Т.) мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алла аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді. Өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді»4.
Сондай- ақ: «Мұғжизалармен, кітаптармен (пайғамбарлар жібердік). Саған да адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік. Әрине, олар түсінер» 5.
Осылайша Алланың әмірі адамзат үшін екі түрлі тәсілді сақтаған. Бірі – Кітабы арқылы, екіншісі болса, Пайғамбарлары мен сахабалары арқылы. Осылайша екі жол: Алланың Кітабы да, Алла жіберген пенделер де тура жолға бастауда ең қажеттілер болып табылады. Егер осының біріне ғана сүйенер болса, сөзсіз жолдан таяды.
Осыған орай, төменде усулдағы үлкен ғалым имам әш- Шатыбидің «Әл- Мууафақат» атты трактатында осы сұрақ бойынша айтқан сөзін келтіреміз:
«Ілім алудың ең жақсы әрі тиімді тәсілі ілімді сол ғылым саласының маманынан алу болып табылады. Сұрақтар туып, түсіндіруді талап етіп тұратын ілімді ұстаздан ғана алу қажет. Ұстазсыз ілім алу мүмкін емес, сондықтан да ұстаз- ілім алудағы ең бірінші қадам болып табылады». Бұған ғалымдар да бір ауыздан келіскен
Ғалымдар былай деген «Рухани ілім пенделік жүректе болған, осыдан соң кітаптарға көшті, ал ол кітаптардың кілті ғалымдардың қолында». Бұл жерде ілімді сол ілім иелерінен алудың маңыздылығы айтылып тұр.
Бұл Алла Тағала ілімді адамдарға ұмыттыру арқылы алмайды, ғалымдарды алу арқылы алады деген хадиске негізделіп айтылған. Жер бетінде ілім иелері қалмаған кезде адамдар надан бола бастайды. Олардан дін жайлы сұраған кезде олар ешқандай ілімсіз сөйлейтін болады. Олар өздері де жолдан тайып, өзгелерді де адастырады. (Сахих Бұхари). Осылайша, ғалымдар күмәнсіз ілімдердің кілті болып табылады.»6.
Имам әш-Шатыби төменде тәжірибелі әрі жетік ұстаздаң үш түрлі белгісі мен қырын айтып өтеді:
1) Үйреткен ілімі амалында көрінеді.
2) Өзі білікті ұстаздан ілім алған болады.
3) Оның шәкірттері алған ілімдерімен жүріп, оны үзбестен алып отырады. Егер шәкірттер оның артынан ермейтін болса, ұстазда кінәрат бар деген сөз7.
Ұстаздан ілім алуда үлкен даналық пен береке бар. Мәтінді шынайы түрде түсіну, оларды дұрыс тәпсірлеу, терминдерді дұрыс түсіну, туған сұрақтарға тиісінше жауап алып, оны тәжірибеде қолдану және де береке мен тура жолда болу – осындай нығымет пен берекеге шәкірт шәкірт- ұстаз деген қастерлі ұғымды өмірінде қолдана бастағанда ғана кенеледі.
Қорыта айтар болсақ: кез келген адам білімді, тақуалығы бар, даналығы бар және де сондай қасиеттерге ие ғалымдардан сабақ алған ғалымнан ілім алуы қажет. Бұл деген сөз кітапты басшылыққа алған жан оны үйрететін ғалымды табуы қажет деген сөз емес. Ол адамға жақсы ұстазбен сол ғылымға қатысты терминдер болсын, басқа сұрақтар болсын меңгеруі қажет. Осыдан соң барып қана шәкірт ол кітапты өз бетінше, алайда түсініксіз жерлерін ұстаздан сұрай отыра оқи алады
Алла жақсы Білуші.
1. «Нәжім» сүресі, 3-4 аяттар; 53:3-4.
2. «Хиджр» сүресі, 9 аят; 15:9.
3. «Нәхл» сүресі, 44 аят; 16:44.
4. «Әл- Имран» сүресі, 164 аят; 3:164.
5. «Нәхл» сүресі, 44 аят; 16:44.
6. Әл-Мууафақат.
7. Сол жерде.