Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәуліт айы мүбәрәк болғай

Барша ғаламды жоқтан бар қылушы, бізге ризық-несібемізді беруші, нығметтерінің ең ұлысы Ислам, иман нығметтерін нәсіп қылушы және бізді мұсылмандардан етіп жаратқан Алла Тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын. Жаратушы Иеміздің соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммадқа (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына және соларға қияметке дейін ізгілікте ерген әрбір момын мұсылманға Алла Тағаланың салауаты мен сәлемдері болғай.

Ислам әлемінде бұл күнді, Мәулид ән-Нәби (с.ғ.с.), яғни Пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.ғ.с.) туылған күні деп атайды. Жалпы әлем мұсылмандары көбінесе Алла Елшісінің (с.ғ.с.) туылған күнін бір ай көлемінде атап өтеді. Осы мәуліт айының басы, биылғы жылы желтоқсан айының 22-нен 23-не қараған күнге сәйкес келіп отыр.

Иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рахым етіп қана жібердік»,-деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш. Алла Елшісі (с.ғ.с.) дүниеге келмей тұрған уақытта, барша ғалам қараңғылықта тұншығып жатқан-ды. Адамзат небір меңіреу пұттарды Құдай деп танып, ес-түссіз құлшылық етті. Ақ, қара саналып, асыл құнсызданды. Небір сорақы істер мен арсыз қылықтар игілікке бағаланып жатты. Осы бір сұрапыл да қараңғы түнекте Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с.) дүниеге келді.

Жалпы алғанда, мәулітті ең алғаш атап өткен адамзаттың ардақты тұлғасы – хазреті Мұхаммадтің (с.ғ.с.) өзі десек, ақиқатты айналып өткендік болмайды. Өйткені, имам Муслимнің хадистер жинағында, Әбу Қатададан риуаят етілген хадисте: «Алла Елшісінен (с.ғ.с.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті», - деп жауап берген. Яғни, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жылда бір рет емес, әр дүйсенбі сайын ораза ұстау арқылы туылған күнін атап өткен. Хадисте Расулулланың (с.ғ.с.) дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкір ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған.

Мәулітті атап өтудің мән-маңызы мен негізінде, Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген махаббат жатыр. Алғашқы үш ғасырда (сахаба, табиғин, әтбағут-табиғин) мәулітті ресми түрде атап өту әдеті болмаған. Дегенмен, сахабалардың заманында жыл санауды белгілеуге қатысты айтылған ұсыныстардың ішінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнінің де ескеріліп аталуы, ардақты сахабалардың арасында осы күннің ерекше мәңге ие екендігін көрсетсе керек.

Кейбір ғалымдардың айтуынша, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін атап өту рәсімі, һиджри жыл санауы бойынша VI ғасырда (миләди XIII ғ.) пайда болған. Десек те, кейбір тарихи деректерде, мәулітті атап өту, һиджри ІІІ ғасырдан бастау алғандығын көреміз. Сол кезге дейін бірде-бір мұсылман ел басшысы немесе мұсылман қара халқы мәулітті атап өтпетін-ді.

Әйгілі мұсылман ғалымы әс-Сахауидің бұған қатысты: «Мәуліт һижри жыл санағымен ІІІ ғасырдан соң пайда болды. Содан бастап әлемде мұсылмандар мәулітті садақа берумен және «мәуліт қасидаларын» оқумен атап өтетін болды», - деген сөзі бар («Мұхаммад», Мұхаммад Риза).

Фатимиліктер үш ғасыр бойы (һиджри 296-567 ж.ж.) Мысырды билеп, сонда халифат (мемлекет) құрған болатын. Мәселен, әйгілі тарихшы Макризи өзінің «әл-Хутат» атты еңбегінде фатимиліктер жайында былай деген: «Фатимиліктер көптеген мейрамды заңдастырып, жыл бойы барлығын атап өтетін. Сол мейрамдардың ішінде мәуліт те болды...».

Мысырлық мүфти, шейх Мұхаммед Бұхайт әл-Мутыи келтірген деректерге сүйенсек, мәулітті ең бірінші болып фатимилік патша әл-Муиз атап өткен. Тарихтағы алғашқы мәуліт қуаңшылық пен аштық кезеңіне сай келгендіктен әл-Муиз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнінің құрметіне салтанатты түрде, мәуліт мейрамын ұйымдастырып, аталмыш мерекелік жиын барысында адамдарға сыйлықтар мен садақалар үлестірген. Сондықтан, әл-Муиз өткізген мәуліт жиынындағы таратылып берілген сыйлықтар мен садақалар, қалың жұрттың бір қажетін өтеген болатын («Ахсану әл-калям фима йата`алләку биссуннати мин әл-ахкам»).

Уақыт өте кресшілермен болған күрестің қаһарманы сұлтан Салахуддин әл-Айюби фатимиліктерді талқандап, оларды Мысырдан тықсыра қуды. Онымен шектелмей, сұлтан Салахуддин фатимиліктердің мейрамдарының барлығына тыйым салды. Өйткені, бастапқы кезеңдерде мәуліт тек фатимиліктердің халифатында ғана аталып өтілетін еді.

Жоғарыда айтылған оқиғалардан соң һижра күнтізбесінің VI ғасырында Ибрил қаласының (Ирак) әкімі, сұлтан Салахуддин әл-Айюбидің күйеу баласы сұлтан Әл-Музаффар Әбу Саид Көкбөрі, халықтың кейбірі мәулітті үйлерінде жасырын түрде атап өтетінін байқаған. Нәтижесінде, Әл-Музаффар мәулітке рұқсат беріп, бұқара халықтың мейрамы ретінде аталып өтілуін ұйғарған. Сонымен қатар, ол шатырлар тіккізіп, рабиғул-әууәл айы бойы азық-түлік пен сыйлықтар таратылуын бұйырған. Осыдан соң мәуліт мейрамы жыл сайын аталып өтілетін халықтық мерекеге айналды. Имам Ибн Кәсир өзінің «Әл-Бидая уан-ниһайа» кітабында былай деген: «Әл-Музаффар Әбу Саид Көкбөрі өте қырағы, жаужүрек және әділ болумен қатар, ғалым болатын» («Әл-Бидая уан-ниһайа», «Әл-Музаффар Әбу Са`ид Көкбөрінің басқаруы»).

Әлемді мекендеуші екі миллиардтан астам мұсылман қауымының сүйікті Пайғамбары (с.ғ.с.), екі дүние бақытының жолбасшысы, әлемнің жарық нұры, Пайғамбарлардың ең абзалы – Мұхаммад Мұстафа (с.ғ.с.) милади 571 жылдың 20-шы сәуір, рәбиғул-әууәл (ай күнтізбесі бойынша) айының 12-ші түні, дүйсенбінің таң-сәресі уақытында Мекке мүкаррамадағы Абдулмутталиб шаңырағында дүниеге келді. Сондықтан да әр жылы осы күнді құрметтеп, Алла Тағаланың бізді ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммадтың (с.ғ.с.) сүйікті үмметі қылып жаратқандығына шүкіршілігімізді білдіріп, салауат-сәлемдер айтамыз.

Жер жаһан мұсылмандары осынау мүбарак түнді жыл сайын Мәуліт мерекесі ретінде атап өтеді. Пайғамбарымыздың ұлты – араб, Құрайыш тайпасының Хашимұлдары әулетінен шыққан. Әкесі - Абдолла, анасы - Әмина еді.

Дүниеге келген шағында зыр жүгіріп қызмет еткен әйелдер: Шифа, Фатима, оларға Үммү Әйман да қолғабыс жасаған. Олардың айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыларда үй іші нұрға толып кеткен. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ИбраҺимнің (ғ.с.) дұғасын алған, Иса (ғ.с.) Пайғамбар оның келетіндігін алдын ала сүйіншілеген, анасы Әмина оны түсінде көрген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылмай тұрып, әкесі ауырып көз жұмып, Мәдинада жерленген. Сондықтан ол әкесін көре алмады. Төрт жасына дейін сүт анасы Халиманың, одан кейінгі екі жыл өз анасы Әминаның қолында өсті. Алты жасында анасы Әмина оны туған-туыстарын аралатып, әкесінің қабірін зиярат етіп қайту үшін Мәдинаға апарды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атасы Абдулмұтталибтың шешесі Сәлма мәдиналық болғандықтан, сол жақта туыстары тұратын. Әкесінің қабірі нағашы ағасы Нәбиғаның ауласында еді. Хазреті Әмина баласымен бірге күйеуі Абдуллаһтың қабірін зиярат етті. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыстарымен танысып қайтты. Қайтып келе жатып Әбуа атты жерге жеткенде Әмина анамыз ауырып қайтыс болады. Сүйегі сонда қойылды. Осы сапарға бірге шыққан Үммү Әйман пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Меккеге әкеліп, атасының қолына табыстайды.

Алты жасынан сегіз жасқа дейін атасы Абдумұтталибтың тәрбиесінде болды. Атасы өлер алдында әкесінің бауыры Әбу Тәліптің үйін паналауды өсиет етеді. Көкесінің қойларын бағып, үйдегі жұмыстарға да қолғабыс тигізеді. Он үш жасынан бастап саудаға араласып, ерекше адалдығымен көзге түседі.

Жиырма бес жасқа келгенде хазреті Хадиша (р.а.) анамызға үйленді. Ол кезде Хадишаның жасы қырықта еді. Оған үйленерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ел ішінде сенімділігі мен танымалдығы үлкен рөл ойнайды.

Отыз бес жасында Қағбаға тасты қоюға таласқан тайпалар арасын татуластырып, әділ төрелік етті де олардың арасында тұтанғалы тұрған қақтығысты болдырмады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қырық жасқа жақындағанда елден жырақ кетіп, жаратылыстың тылсым құпияларына оңашада ой жіберуге құмартты. Ара-тұра Хира тауындағы үңгірге барып-тұруды әдетке айналдырды. Қырық жасқа толған 610 жылдың Рамазан айында Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы уахи жолымен ең алғашқы «Оқы! Жаратушы Раббыңның атымен оқы!» деген аяттар түсті. Осыдан барып Жаратушы тарапынан оған «Пайғамбарлық» міндет жүктелді.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шақыруымен Ислам дінін алғашқылардың бірі болып хазреті Хадиша (р.а.), Әли (р.а.), Харисұлы Зәйд (р.а.) және Әбу Бәкір (р.а.) қабылдады. Артынша хазреті Осман (р.а.), Ауфұлы Абдуррахман (р.а.), Әбууаққасұлы Саад (р.а.), Талха (р.а.) мен Зүбәйрлер (р.а.) тілін кәлимаға келтіріп мұсылман болды. Алғашында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және оған ергендер пұтқа табынушылар тарапынан көп қиындық көрді. Тіпті хазреті Ясир мен әйелі Сүмәйя Алла жолында жанын қиып, алғашқы шейіт болды. Біләл (р.а.), Әбу Фуқаһа (р.а.), Әратұлы Хаббаб (р.а.) секілді ер кісілер мен қатар Үммі Абис ( р.а.), Нәхдия (р.а.) мен Зиннира (р.а.) секілді әйел мұсылмандардың да басына қайғы бұлты үйірілді.

Пайғамбарлықтың алтыншы жылы Хамза (р.а.) мен Омар (р.а.) сияқты нағыз қаһарман ер жүрек кісілер Исламды қабылдады. Сол жылдары кейбір мұсылмандар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) рұқсатымен Эфиопияға көшті. Пұтқа табынатындар мұсылмандарды оқшаулап жұртпен араласуға шектеу қойып, құртып жіберудің айла-шарасын жасап бақты. Олармен сауда жасауға, араласуға қатаң тыйым салды. Бұл үш жылға созылды. Пайғамбарлықтың оныншы жылы хазреті Хадиша (р.а.) мен Әбу Тәліп қатар көз жұмды. Дін дұшпандарының зорлық-зомбылығы тіптен арта түсті. Өйткені, олар беделді де, абыройлы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп қолдау көрсеткен жақындары еді. Қатты қайғырған Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) өзіне қолдау іздеп Тайыф қаласына барды. Бірақ, тайыфтықтар оны келеке етіп таспен атқылап, үсті-басын қан-жоса етті. Шаһар сыртындағы тауды паналап, әрең аман қалды.

Осындай аса қиын-қыстау кезеңде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінде «Миғраж» оқиғасы орын алды. Алла Тағаланың құзырына барып, оның бірқатар бұйрықтарын тікелей Өзінен естіп-біліп қайтты. «Исра» сүресінің 22-39 аяттарында айтылатын 12 бұйрық та осы түні түскен болатын.

Қиындықтардың ешқайсысына мойымай Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Исламды уағыздауды жалғастыра берді. Арада бір-екі жыл өткенде «Ақаба анттары» қабылданды. Артынша-ақ, Алла Тағаланың аян беруімен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұсқауымен мұсылмандар Меккеден Мәдинаға көшті. Хижра жыл санауы осылай басталған болатын. Жұрттың соңында Расулымыз (с.ғ.с.) қасына Әбу Бәкірді (р.а.) ертіп, Меккеге жол тартады. Пұтқа табынушылар олардың ізін өкшелеп Сәуір үңгіріне дейін қуып барады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшкен мұсылмандарды – мұһажирлар, ал, оларға қол ұшын берген мәдиналықтарды – ансарлар (бауыр) деп жариялады. Мүшріктер мен мұсылмандар арасында Бәдір, Ұхуд, Хандақ, секілді бірнеше соғыстар болды. Мәдина маңайын бұрыннан мекен етіп келе жатқан иаһудилер бар еді. Қайнұқа, Нәдір мен Құрайза деп аталатын бұл иаһуди тайпалары мұсылмандармен тістесіп, тіресуін қоймады. Үнемі арадағы келісімдерді орындамай, бұзып отырғандықтан, олар ол маңнан қуылды.

630 жылы Меккені азат етті. Кезінде өзі қуылған Меккеге қайта басып кіргенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне жаманшылық жасағандардың барлығын кешірді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) 632 жылы қажылық кезінде Арафатта жүз мыңнан аса мұсылмандарға арнап сөз сөйледі. Исламның қысқаша түсінігі, адам құқықтары жөнінен өте үлкен мәнге ие бұл сөзі, Ислам тарихында қоштасу хұтпасы деп аталды.

Ислам дінін асқан сабырлылықпен, үлкен ыждағаттылықпен адамзат баласына жеткізген сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 632 жылы дүйсенбі күні бақилыққа аттанды. Жаназа намазы өз үйінде оқылып, сол жерге арулап жерленді.

Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) қиямет қайымға дейінгі болашақ нәсілдерге теңдесіз үлгі-өнеге болатын ең ұлы тұлға. Оның кемелдігі мен ұлы тұлға болуының іргесі – көркем мінез-құлқының арқасы. Ол туралы Құран Кәрімде былай делінген: «Сөзсіз, сен ұлы (көркем) мінезге иесің» (Қалам сүресі 4-аят). Ол тек сөз жағынан Құранды үйреткен мұғалім емес, ондағы иләһи бұйрықтарды өз өміріне енгізіп, Құранның жанды үлгісі бола білген қасиетті жан. Сахаба Жәбир (р.а.) келтірген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді»-деген. ( Муатта 904; Бәйхаки, әс-Сунәнул Кубра Х, 192)

Нұрлы келбетінен тартымдылық пен шешендігі байқалатын. Артық сөз сөйлемей, әрбір сөйлеген сөзі даналық пен үгіт-насихатқа толы еді. Оның киелі аузынан ешқашан өсек, яки, бос сөз шыққан емес-ті. Қарсы алдында тұрған адамның түсінігіне қарай сөйлеп қарым-қатынас жасайтын. Ол әрқашанда сыпайы, кішіпейілді және жайдары болатын. Тіпті оның қатты дауыстап күлгенін көрген жан жоқ еді. Зиялы қауым өкілдеріне де, олардың мәртебелеріне де үлкен құрмет көрсететін. Туған-туысқандарына ерекше көңіл бөліп, оларға да құрметпен қарайтын. Өз отбасына сондай-ақ, ардақты сахабаларына да жақсы қарым-қатынаста мәміле жасайтын. Қол астындағы қызметшілеріне де жылы шыраймен қарап, олардың ризашылығына бөленіп, өзі не ішіп-жесе, не кисе, соны оларға да ішкізіп-жегізіп, киіндіретін. Қашанда мейірімі мол ерекше қамқоршы еді. Кезі келсе батылдылық танытып, кейде жұмсақ мінезін көрсететін. Берген уәдесіне берік, сөзіне шыншыл еді. Мінез-құлқы мен ақылдылығы, парасаттылығы тұрғысынан барлық адамзаттан үстем әрі ұлы мақтауға лайық болатын. Қысқаша айтар болсақ, дене бітімі әдемі, жаратылысы кәміл, теңдесі жоқ киелі жан болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) қажет деп тапқан кезде ғана сөйлеп, көбінесе үнсіз әрдайым терең ойларда жүретін. Бір сөзді бастағанда, әңгімесін толығымен жеткізіп, әрбір айтқан сөзінің астында астарлы мағына жататын. Жаратылысы жұмсақ болғанымен, асқан дәрежеде берік те айбатты еді.

Ол ешкімнің үйіне иесі рұқсат бермейінше кірмейтін. Өз үйіне келгенде де үйде өткізетін уақытын үшке бөлетін: Бір бөлігін – Аллаға құлшылық жасауға, екінші бөлігін – отбасына, үшінші бөлігін – өзіне. Адамдарды ақ-қара деп бөлмей, барлығына бірдей қарап, оларды риза ететін. Сондай-ақ әрбір іс-қимылын зікірмен орындайтын.

Кімде-кім одан қажет бір нәрсе сұраса, сұраған нәрсесі маңызды ма жоқ па, оны бермейінше көңілі тыныштық таппайтын. Егер сұраған нәрсесі табылмаса, ол мұқтаж адамның көңілін қалдырмай, жылы сөздермен шығарып салатын. Әркімнің қайғы-қамына да ортақтасатын. Адамдарды бай немесе кедей, ғалым, яки, надан деп қарамайтын. Бәріне бірдей адамзат баласы ретінде мәміле жасайтын. Мәжіліс жасағанда сыпайы, ғылыми және сабырлылықпен өткізетін. Қателігі мен кемшілігіне бола ешкімді кекетпейтін. Ескерту жасағанның өзінде де қасындағы адамды ренжітпей, сыпайы түрде ымдап қана қоятын. Өзгелерге жаман ойда болу, олардың артына түсіп аңду, Алла Тағала тарапынан рұқсат етілмегендіктен, ешкімнің айып-қателіктерінің соңына түсіп аңдымайтын және бұлай істейтіндерге тыйым салатын.

Олай болса екі дүние жақсылығына жеткіміз келсе, құрметті Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өзімізге үлгі тұтып, көркем мінезін басшылыққа ала отырып, әрдайым сүннетімен жүруге тырысуымыз қажет. Желтоқсан айының 22-нен бастау алып, бір ай бойы мәуліт айының қадір-қасиетін ұғынып, мәуліт қасидаларын оқып, Пайғамбарымызға салауат-сәлемдер жолдап, Құран Кәрімді көбірек оқуға ынталанайық. Мәуліт күндері мештерімізде айтылатын уағыз-насихаттарға құлақ асып, Алладан күналарымыздың кешірілуін тілейік. Мәуліт айының шарапатымен жүрегіміздегі дақтарды кетіріп, Аллаға деген сенімімізді кемелдендіріп, Пайғамбарымызға деген махаббатымызды арттырайық.

Ислам ғұламаларының мәуліт айын мерекелеуге қатысты айтқан сөздері мен берген бағалары орасан зор.

«Сахих Муслим» түсініктемесінің авторы имам Науауидің ұстазы шейх Әбу Шама бұл мейрамға анықтама беріп: «Біздің дәуіріміздегі жақсы амалдың бірі – мәулітті садақа берумен, уағыз айтумен және өзара қуанышты көңіл-күймен өткізу. Осының бәрі Нәбиге (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік пен құрметтің әрі Алла Тағалаға болған шүкіршіліктің белгісі».

Имам Суютый, тәпсір саласында беделді «Әл-Жәмиу ли ахкамиль-Қуран» атты еңбектің авторы: «Менің пікірімше, адамдардың мәуліттің құрметіне жиналып Құран оқуы, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығы, дүниеге келуі турасында әңгіме етуі, ысырапкершіліктен сақтанып ас ұсынуы Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген құрмет ретінде жасалған игі әрі сауапты іс және қуаныш»,- деген.

Ас-Сахауи айтқан: «Исламның алғашқы үш ғасырында саләф салихтардың еш бірі мәулітті атап өтпеген. Себебі бұл мәулітті атап өту үрдісі кейіннен пайда болған. Бұл күні Ислам әлемінің түкбір-түкбіріндегі мұсылмандар садақалар үлестіріп, мәуліт қасидаларын оқиды және сол күнді дәл осылай өткізгендері үшін оларға Алла Тағаланың берекеті жайылады» (Әли ибн Бурһануддин әл-Хәләби «әс-Сира әл-Хәләбийя» 1-том, 83-84 беттер).

Ибн Джаузи айтқан: «Бұл мейрамның ерекшеліктерінің бірі – тыныштық, қуаныш және мақсаттардың орындалуы» (Әли ибн Бурһануддин әл-Хәләби «әс-Сира әл-Хәләбийя» 1-том, 83-84 беттер).

Ибн әл-Хадж айтқан: «Алла Тағаланың бізге сондай керемет нығметті – Пайғамбарды (с.ғ.с.) нәсіп еткендігі үшін, рабиғул-әууәл айының 12-сі, дүйсенбі күні барлығымыз көп құлшылық жасап, шүкіршілік қылуымыз қажет» («әл-Мадхал илә ат-Тасаууф» 1-том, 361-бет).

Ибн Абидин айтқан: «Рұқсат етілген бидғаттардың бірі – Пайғамбарымыздың туылған күнін атап өту екендігін, әрдайым білім жүрген ләзім». Сол сияқты ол былай деп те айтқан: «Бұл күні Пайғамбарымыздың өмір жолы мен мұғжизаларын танып білу үшін жиналу – мустахаб (ұнамды іс). Себебі осылай жасау, Алла Тағалаға жақындаудың ең дұрыс тәсілі».

Шейх Мұхаммад Мутауәлли аш-Шағрауи айтқан: «Біздің, жыл сайын осынау ұлық оқиғаны, Мәуліт мейрамын атап өтуге, қуануға хаққымыз бар».

Сонау замандарда, Түркістанның «шейхул-исләм» атағына ие болған ғалым, Әл-Мубашшир ат-Тарази мәуліт мейрамына қатысты былай деп айтқан: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін атап өту міндет (уәжіп). Себебі бұл мейрам, біздің заманымызда ойлап табылған түрлі зиянды мерекелерге қарсы тұруға, септігін тигізеді».

Мұсылман әлемі мәулітті қалай атап өтеді?

Мәуліт бүкіл мұсылман әлемінде мейрам түрінде өткізіледі. Мәселен, Сирия, Мысыр, Ливия, Иордания, Тунис, БАӘ-де мәуліт мемлекеттік мейрам ретінде бекітіліп, бұл күні ресми демалыс болып есептеледі. Ал Пәкістанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күні үш күн бойы тойланады.

Көптеген мемлекеттерде рабиғул-әууәл айы бойы мәуліт тақырыбында уағыз-насихат жүргізіліп, барлық мешіттерде Құран, мәуліт қасидалары оқылып және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолы жайында уағыздар айтылады.

Сонымен қатар бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы тақырыпта мақалалар жарияланып, теледидар мен радиоларда арнайы бағдарламалар жүргізіледі. Кейбір мұсылман мемлекеттерінде жоғары лауазымды тұлғалар, мереке тойланатын жерлерге барып, мұсылмандарға құттықтау жолдайды.

Ендеше, еліміздің барша мұсылман жұртын осы қасиетті Мәуліт айының мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала еліміздің тұғырын биік, тәуелсіздігін баянды қылғай!

Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

алдыңғы мақала
Елбасының Жолдауы – болашағымыздың бағдары
кейінгі мақала
Исләмға дейінгі Араб елі

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником