«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны береді. Бұл мейрамның «айт» деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады.
Биылғы жылы Ораза айт мейрамы шілде айының 17-не дәл келіп, осы күні оқылатын Айт намазы Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде әрі өңірге қарасты барлық қала, аудан мешіттерінде таңғы сағат 7:00-де жамағатпен оқылады.
Ораза және құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған.
Айт мейрамының тарихы:
Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Алла Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.
Әнәс ибн Мәлик (р.а.): «Жәһилият кезенде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен жақсырағымен ауыстырды: ауыз ашар күні, (яғни ораза біткен күн) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалатын күн)», - деді», - деген. (Сунан ән-Нәсәи).
Айт намазының үкімі:
Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп, Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардыңайт намазына шығуына әмір берген. Айт намазын оқу үшін имамнан басқа бір адам болса да жеткілікті.
Умму Атия (р.а.): «Бізге айт күні шығуға, (яғни айт намазына) әмір етілетін. Тіпті шымылдықта отыратын қыздарды да, етеккірі келген әйелдерді де шығаратынбыз. Олар адамдардың артында олардың тәкбірлерін қайталап, олардың дұғаларымен дұға етіп, сол күннің берекесі мен тазалығынан үміт ететін», - деген. (Сахих әл-Бухари)
Айт намазы жолаушыға, әйелге балиғатқа толмағандарға, өз күшімен мешітке бара алмайтын ауруларға, басшылығы жоқ ауыл тұрғындарына міндет (уәжіп) емес.
Негізінде, айт намазы мешіттің сыртында ашық алаңда оқылады. Сахабалар заманында мешіттің сыртында айт намазы үшін арнайы орын болған. Олар (р.а.) сол жерді малдар кіріп, таптап, бүлдіріп кетпес үшін қоршаулар жасап қоятын-ды.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) ораза және құрбан айт күндері мусаллаға (мешіт сыртында намаз оқуға арналған ашық алаң) шығатын. Ол (с.ғ.с.) намаздан бастайтын, сосын саптарында отырған адамдарға қарсы тұрып (яғни жүзін адамдарға қаратып) уағыз айтатын және өсиет ететін...»-деді. (Сахих әл-Бухари)
Тек күн суып, жаңбыр немесе қар жауған кезде ғана айт намазын мешітте оқуға болады.
Әбу Һурайра (р.а.): «Айт күні жаңбыр жауды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.) олармен (сахабалармен) айт намазын мешітте оқыды», - деген. (Сунан Әбу Дауд)
Айт намазының уақыты
Айт намазының уақыты дұха намазы секілді күн бір немесе екі найза бойындай деңгейге көтерілгенде кіріп, оның аспан биігіне жетуімен шығады. Күн шыққан соң жарым сағат өткенде кіреді. Айт намазын имаммен бірге атқаруға үлгермеген кісі оның қазасын өтемейді.
Айт намазын оқушыға сүннет істер
1 - Айт түнін құлшылықпен өткізу. Әбу Үмама, Алла Тағала оған разы болсын, пайғамбардың былай дегенін айтты: «Кім Алла Тағаладан сауап тілеп, айт түндерін намазда тұрса, жүректер өлетін күні оның жүрегі өлмейді». (Ибн Мажа)
2 - Ораза айтында үйден шықпай тұрып үш құрма жеу. Анас, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Ораза айтында бірнеше тал құрма жемейінше үйден шықпайтын». (әл-Бухари)
Ал Құрбан айтында, керісінше, үйден дәм татпай шығып, намаздан кейін үйге қайтып келгенде шалынатын құрбандық етінен піскен тағамнан жеу сүннет. Барида, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Пайғамбар (с.ғ.с.) Ораза айтына тамақтанбай шықпайтын. Ал Құрбан айтында намаз оқымайынша тамақтанбайтын». (ат-Тирмизи)
3 - Ғұсыл құйыну. Бұл сүннет айт намазына барушыға да, бара алмаушыға да бірдей. Өйткені айт - әсемдік күні. Әл-Факиһ ибн Саъд, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Ораза айты мен Құрбан айты күндері ғұсыл құйынатын». (Ибн Мажа)
4 - Әтір себініп, киімнің ең жақсысын кию. Жәбир, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) екі айтқа және жұмаға қызыл шапанын киіп шығатын». (әл-Байһақи)
5 - Қуанышты болу. Хабиб ибн Омардың айтуынша, әкесі оған былай деді: «Айт күні мен Уасилаға жолығып: «Алла бізден де, сенен де қабыл етсін!»-дегенімде, ол да маған: «Алла бізден де, сенен де қабыл етсін!»-деді. («Мажмаъ аз-Зауаид»: 2/206)
6 - Садақа беру. Ораза айындағы пітір садақасы уәжіп болған кісі оны айт намазына дейін беруі қажет.
7 - Намазға ертерек және жаяу бару. Әлиден, Алла Тағала оған разы болсын: «Айт намазына жаяу бару - сүннет». (ат-Тирмизи)
8 - Барған жолынан бөлек жолмен оралу. Жәбир, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Пайғамбар (с.ғ.с.) айт күні барған жолынан басқа жолмен оралатын». (әл-Бухари)
9 - Айт намазының алдында және артында мешітте нәпіл намаз оқымау. Үйге оралғанда нәпіл оқуға болады. Ибн Аббас, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Құрбан айтында (немесе Ораза айтында) екі рәкат айт намазын оқитын. Оның алдында және артында басқа намаз оқымайтын». (Муслим) Әбу Саъид әл-Хұдри, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) айт намазынан үйіне оралғанда екі рәкәт нәпіл оқитын». (әл-Хаким)
11 - Құрбан айт намазын уақытынан ертерек, ал Ораза айт намазын уақытынан кешірек оқу мустахап. Әбу Әл-Хуайрис, Алла Тағала оған разы болсын, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Ъамру ибн Хазмға: «Құрбан айт намазын ертерек, ал Ораза айт намазын кешірек оқы!»-деп хат жазғанын айтты. (әл-Байһақи)
Айт намазының оқылу тәртібі:
Айт намазы екі ракағаттан тұрады. Таң намазы мен жұма намазының парызы секілді бұл намаз да жария оқылады. Бірақ айт намазына азан да, қамат та айтылмайды. Оның орнына «Әссалаһ жәмиға» деп шақырады. Басқа намаздардан тағы бір айырмашылығы айт намазында қосымша тәкбірлер айтылады. Бірінші рәкәғатта сана дұғасынан кейін үш тәкбірді имаммен бірге қайталайды. Әр тәкбірді айтқанда қолын көтеріп, қайта түсіреді, қолын түсірген кезде байлаудың қажеті жоқ. Әр тәкбірден кейін имам өзіне ұйып тұрғандар тәкбір алып болғанша үнсіз тұрады. Осы аралықта «Субхан Алла, уал хамду лиллаһ. Уә лә мләһә иллаллаһ» деп айтса да болады.
Бірақ Пайғамбардан (с.ғ.с.) осы аралықта айтылатын арнайы бір дұға бізге жетпеген.
Екінші ракағатта зәм сүресін оқып болғаннан кейін рукуғке бармай тұрып, алғашқы ракағаттардай тағы да үш рет тәкбір алады. Сосын барып рукуғқа барады.
Ибн Масғудтан (р.а.) айт намазының тәкбірлері туралы сұрағанда, ол: «(Бірінші ракағатта) Құран оқығанға дейін (алғашқы тәкбірлерге үшеу қосып) төрт тәкбір айтасың. Одан кейін Құран оқисың да, оны аяқтаған соң тәкбір айтып, рукуғқа барасың. Сосын екінші ракағатқа тұрып Құран оқисың. Оқып болғаннан кейін (тағы да) төрт тәкбір айтасың», - деген. (Әл-Байһақи)
Айт намазынан кейін имам екі құтпа айтады. Құтпа тоғыз тәкбірмен басталады. Бірінші құтпада имам пітір садақасын әлі бермеген мұсылмандардың естеріне салады, сондай-ақ жамағатты құрбан шалу мен ташриқ тәкбірлеріне қатысты үкімдермен таныстырады. Әбу Саъид әл-Хұдри, Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) Ораза айты мен Құрбан айтында мешіттен бөлек үлкен намаз алаңына барып, мерекені әуелі айт намазымен бастайтын. Сосын орнынан тұрып, адамдарға қарап, оларды уағыздайтын және өсиет айтатын. Адамдар намаз оқыған орындарында отыратын». (әл-Бұхари)
Құрметті мұсылман қауым! Алла Тағала осынау мүбарак Ораза айтын баршамызға құтты, берекелі етіп, Біздердің Рамазан айындағы ұстаған міндет оразаларымызды қабыл еткей. Сондай-ақ Жаратушы Иеміз Құран Кәрім аяттарындағы тақуалық дәрежесіне жетуді нәсіп еткей. Қиямет күні жүздеріміз жарқын күйде Пайғамбарлармен (ғ.с.), шыншылдармен сонымен қатар салиқалы тақулармен жұмақтың төрінде бірге болу құрметін нәсіп қылғай! Жаббар Иеміз еліміздің тәуелсіздігін баянды, хақ дініміз Ислам дінінің тұғырын биік етіп, осындай ерекше мәнге ие құлшылық-ғибадаттардың көмегімен адам қасиетіне, сипатына жат қоғамымыздағы көптеген кесел, қатерлердің жойылуын нәсіп етсін. «Әмин».
Шәууал айындағы нәпіл ораза күндерінің сәресі мен ауыз ашар кестесі:
Мезгілі | 18.07.2015 | 19.07.2015 | 20.07.2015 | 21.07.2015 | 22.07.2015 | 23.07.2015 |
Сәресінің аяқталуы | 03:28 | 03:29 | 03:29 | 03:32 | 03:34 | 03:35 |
Ауыз ашар уақыты | 22:11 | 22:10 | 22:10 | 22:07 | 22:06 | 22:05 |
Ескерту: Аталмыш уақыттар Қостанай қаласының координаттары бойынша берілді.
Асылхан қажы Түсіпбек
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы