Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ. Менің сұрағым ақида мәселесіне қатысты. Жақында сәләфи бағытын ұстанып жүрген бауырларымызбен «Алла қайда» деген мәселеде таласып қалдық. Бір жігіт маған Миғраж жайлы хадисті келтірді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) аспанға Аллаға көтерілді. Мен бұл хадистің тәпсірін қанша қарап, оқысам да барлық жерде көтерілу деген, яғни өңінде Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өз денесімен аспанға, яғни Аллаға көтерілді»,- деді. Мен не айтарымды білмедім, өйткені бұл өте танымал хадис. Бірақ бұл хадисті дәл солай түсінбеппін. Бұл хадис жайлы ғалымдар не дегенін айтып бере аласыздар ма? Бұл хадисті Алла аспанда дегенге дәлел етіп ала аламыз ба? Астағфируллаһ! Және де бір сұрақ. Орталық мешіт сәләфи ағымындағы бауырларымызды жиі пікірталасқа шақырған екен. Бірақ олар үнемі бас тартқан деседі. Пікірталасқа кімдерді шақырғандарыңызды және де олар қандай себеппен бас тартқандарын білуге бола ма? Алла разы болсын! Муслим
Уә ғалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ, Муслим.
Сізге де Алла разы болсын.
Осы тақырыпты көтергеніңіз үшін үлкен рахмет, өйткені бұл мәселе қазіргі таңда өте маңызды әрі түсіндіруді талап етіп тұрған тақырып. Және де Әһли Сунна уәл Жамаъаны мұсылмандардың түсінігіне дұрыс жеткізуді талап етіп тұр. Әһли Сунна уәл Жамаъаның ажырамас қасиеті болып табылатыны Құран мен Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сүннетіне, сонымен қатар үмметтің ғалымдарына жүгіну. Соның ішінде алғашқы үш ғасырдың ғалымдарына, яғни әс- соләфу ас- солихиндер.
Құран аяттары мен Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадистерін, Аллаға қатысты нәрселерді және де Оның көркем есімдерін дұрыс түсіну үшін біздің ақидамыздың негізгі әрі басты шарттарының бірі – танзихті білу керек.
Бұл қағида Алланың кез келген есім- сипаттарына қатысты мәселеде ең маңызды болып табылады және де Ұлы Алланы кемшіліктен пәктейді.
Алғашқы үш буын имамдары құрған Ат- Тахауи ақидасында Тахауи: «Ол ешқандай жаратылыс жаралмай тұрып Ол өзіне тән барлық есім- сипаттарымен бар болған. Бір нәрсені жартқан соң Ол өзіне ешқандай жаңа сипат қоспады. Ол өзінің есім- сипаттарымен ешнәрсе жаралмай тұрып болған және де Ол солай мәңгі бар болады».
Алғашқы үш буын өкілдерінің ақидасында былай деп көрсетіледі. Әлемнің бірде бір жаратылысы Алланың қасиеттерінің бірінде көрініс таппаған. Олай болмаған жағдайда Жаратушымыз бір нәрсеге мұқтаж болып қалатын еді я болмаса, басқа сөзбен айтқанда Аллаға кемшілік таққан болады, ал Алла Тағала барлық кемшілік атаулыдан пәк. Өйткені абсолюттік идея өзгермейді.
Қандай да бір өзгеріске түскен зат бір нәрсені өзіне қосады не болмаса өзінен бір нәрсені алып тастайды. Ал біздің ақидамыз бойынша Алла Тағала ондай өзгеріске түсуден пәк. Бұл дегеніміз, Алла Тағала әлемді жаратпай тұрып қандай еді, жаратқан соң да сол қалпында қалды деген сөз. Бұл өте маңызды бір жағдай. Уақыт, кеңістік, мекен және бағыттар жаратылған, ал Алла Тағала жаратылмаған және де Оның сипаттары мәңгілік.
Сөйтіп, ешқандай уақыт, мекен және бағыттан бұрын Алла болған әрі Ол уақытсыз, мекенсіз, бағытсыз әлемді жаратпастан- ақ бар болған. Сондықтан да уақыт санаты және де кеңістік о бастан- ақ Алланы сипаттауға қолданылмаған. Және де біз жолдан адасып кеткен ағымдар секілді Оған сипат бермей, барлық кемшілік атаулыдан Оны пәктеуіміз қажет.
Бұның біздің ақидамыздың алғашқы үш ғасыр ғалымдарының ұрпақтан ұрпаққа жетіп келе жатқан ең маңызды қағидасы. Және де біз әрқашан да осы пікірге сүйенуіміз қажет.
Енді Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жеті қат көк арқылы Аллаға бет алғанды осы мекен мен бағытты Аллаға қолданып жүргендерге келетін болсақ. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, мұндай көзқарастар өздігінен ақ Әһли Сунна уәл Жәмаъа сеніміне қайшы келіп тұр. Яғни, мекенді жаратқан соң Алла Тағала да өзгеріске түсті дегенді тұспалдап тұр. Ал бұл дегеніміз тәуелділік дегенді ұғындырады.
Ат-Тахауи ақидасында: «Миғраж түні – ақиқат. Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) түнде өзінің денесімен, яғни ояу хәлінде Алла қалаған аспан әлеміне көтерілді. Алла оған құрмет көрсетті және де Оның көзінің көргенін көңілі жалғанға шығармады (Нәжім сүресі, 11 аят) » .
Осылайша біз көкке көтерілуді ақиқат деп білеміз де оны жоққа шығаруды Құранда айтылғандай күпірлік деп санаймыз. Бірақ біз Пайғамбар Мұхаммедті (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Алла қай жерде бар, сол жерге көтерілді деп есептемейміз, өйткені Аллаға мекен бермейміз және де Құран мен Сүннет те мұны растайтындығына алдағы уақытта тоқталамыз, инша Алла.
Құранда Алла Тағала: «Құлын (Мұхаммед Ғ.С. ды) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Месжід Ақсаға апарған Алла, әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз Ол, естуші, білуші» (Исра сүресі, 1 аят)
Алла Тағала өзінің құлы әрі Елшісін өзі қай жерде болса, сол жерге көтердім деп тұрған жоқ. Егер солай болған жағдайда ол оқиға Құранда міндетті түрде айтылатын еді.
Бірақ Құранда Пайғамбар Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) миғраж түнінде Аллаға көтерілді деп емес, Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бірнеше белгілер көрсетілді деп айтылады.
Аллаға мекен беретін және де Мұхаммел Пайғамбарды (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жеті қат көктің ар жағындағы мекенге көтерілді деп және де дәлел ретінде осы хадисті келтірушілерге «Әл Имран» сүресінің 55 аяты жайлы ойлануларын ұсынамыз:
«Сол уақытта Алла: «Әй Ғиса! Сені Мен алушымын! Сондай-ақ өз тарапыма көтерушімін әрі қарсы болғандардан тазартушымын да саған ілескендерді қияметке дейін қарсы болғандарға үстем қыламын. Сонсоң қайтар жерлерің Мен жақ! Сонда таласқан нәрселеріңе үкім беремін» деді».
Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жеті қат көк арқылы көтерілген кезде, жеті қат көктің ар жағында болмаса, жетіншісіне емес, екінші көкте Иса (оған Алланың сәлемі болсын) болғаны да келеді. Егер Аллаға мекен беретіндердің түсінігімен алып қарасақ, онда Алла Тағала да екінші көкте деген мағына шығады. Мұндай түсінік тек қана Аллаға мекен берушілерде және де Құранды тура мағынасында түсінетіндерде ғана болады. Бірақ Құранды тура мағынада түсіну соңы үлкен бүлікке апаратын қарама- қайшылық, ал Құран қарама- қайшылықтан пәк.
Мысалы «Таха» сүресінің 84 аятында Мұса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) былай дейді: «(Мұса Ғ.С): “Олар артымда, Раббым, разы болуың үшін Саған асықтым” деді.»
Бұл Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) екінші көкке немесе жетінші көкке я болмаса оның ар жағына немесе Алла бар жерге асықты дегенді білдірмейді. Өйткені Алла Тағалаға мекен тән емес, ал мекен беру пәктеу қағидасына қайшы келеді және де Құран аяттары мен Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадистері арасында қайшылық тудырады.
Тіпті Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жеті қат көк аспанның қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейге дейін көтерілуі, сіздің қарсыластарыңыз айтқандай Алла Тағала аспанда дегенді білдірмейді. Бәлки, Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Онымен сол кезде тілдескен дегенді білдіреді.
Мысалға Құранда Мұса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) да Алламен тілдескен, бірақ ол аспанда емес, жер әлемінің бір көтеріңкі жерінде: «Мұса (Ғ.С.), белгілі уәдемізде келіп, Раббы оған сөйлегенде, (Мұса Ғ.С.): «Раббым маған өзіңді көрсет, Сені көрейін» деді. (Алла): «Мені, әсте көре алмайсың; бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің» деді. Сонда Раббы тауға елестеген сәтте, оны быт-шыт қылды. Мұса (Ғ.С) да талып түсті. Есі кіре сала: «Сен пәксің, Саған тәубе еттім, әрі мен сенушілердің алғашқысымын» деді». (Ағраф сүресі, 143 аят)
Осылайша Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) аспанның қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейінде Алламен тілдесуі Аллаға сол мекен тән және де Ол аспанда деген мағына емес. Керісінше Алла Тағала жер әлемі жаратылмастан бұрын бар және де жер әлемі жаратылғаннан соң да өзгермеген.
Әһли Сунна уәл Жәмаъа ақидасы Алла Тағалаға жаратылыстарды жаратқан соң өзгеріске түсу сипаты тән емес, және де мекен мен бағыт та тән емес. Және де Алла мен Оның құлы арасындағы ара қашықтық та тән емес, себебі бұл сөз Аллаға кеңістіктен бір мекен беріп тұр.
Имам Әбу Ханифа өзінің «Фиқһул Акбарында»: « Өзгеріс пен түрлену қасиеті тек қана жаратылғандарға тән» деген. Және де: «Алла мен Оның жаратқандары арасында ара қашықтық та жүрмейді».
Алғашқы үш буын имамдарының түсінігіндегі Әһли Сунна уәл Жәмаъа ақидасы міне, осы.
Соңғы сұраққа келер болсақ, біз араб тілін меңгерген және де сәләфилік ағымының ақидасын ұстанушыларды (мадхалиттер, суруриттер және тағы басқа), сондай- ақ тақлид пен мәзһабты теріске шығарушылардың ұстаздарын осы тақырыпта пікірталасқа шақырғанбыз. Бұл ұсыныс әлі де күшінде. Пікірталас қазақ және араб тілінде жүреді , видеоға түсіріледі де интернетте жарияланады. Пікірталас тақырыбы мен уақыты алдын ала келісіледі.
Бұған қосымша біз Әміре Ерсін Әбу Юсуф ұстаздың қазақ тіліндегі ат- Тахауи ақидасының 27 сабағын тыңдауды ұсынамыз.
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz