Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Рамазан - кешірім айы

Әлемдердің раббысы Алла Тағалаға барлық мақтаулар мен мадақтар және сүйікті Пайғамбарымыз Мухаммадке (с.ғ.с) сансыз салауаттар мен сәлемдер болғай. Мұсылман қауымы үшін жылдың ең керемет әрі ерекше айы – Рамазан айы. Биылғы жылы Рамазан айы маусымның 18-нен бастау алады. Жыл сайын асыға күткен қасиетті Рамазан айына жеткенімізге Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Барша мұсылман бауырларды рамазан айының келуімен құттықтаймыз. Рамазан айы барлық айлардың сұлтаны. Басқа айлармен салыстыра қарағанда Рамазан айында мүміндерге ерекше мол сауап беріледі. Бұл айда ораза ұстаған адам жаны мен тәні тазаруы үшін жаман істер жасаудан тиылу қажет. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с): «Рамазан келгенде жұмақтың қақпалары ашылып, тозақтың қақпалары жабылады әрі шайтан атаулының бәрі кісенделеді»-деген (Имам Бухари). Ұлы ғұлама ғалым Хафиз ибн Раджаб: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сүйікті сахабаларын Рамазан айының келуімен құттықтайтын»-деген. Бұдан байқайтынымыз адамдардың өзара Рамазан айының келуімен құттықтасуына рұқсат етілетіндігіне негіз болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай деген: «Бұл ораза айында Алланың алдында бір адамдарды тозақтың азабынан босатады, ал мұндай босату – Рамазанның әрбір түнінде болып тұрады» (әт-Термизи).

Бұл ай мұсылмандарды жан-жақты ұлылыққа, Аллаға деген сенімімізді күшейтуге, сондай-ақ шариғат қағидасын жөнімен түсінуімізге шақырады. Алла Тағала адам баласының сенімін арттырып, еркіндікті сезінуге, өзіне-өзі бақылау жасауына және нәпсісін тыю үшін осы Рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Себебі, жөн-жосығымен ауыз бекіткен кісі өзін-өзі тәртіпке шақырып, харам істерден тыйылады. Нәтижесінде, ондай адам жиіркенішті әрекеттерден арылып, жақсылыққа бет бұрады.

Исламның бес парызының бірі – рамазан айында ораза тұту. Сондықтан да дінімізде оған ерекше мән беріледі. Себебі, ол сенімнің бір бөлігін құрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза – шыдамның жартысы, ал шыдам - сенімнің жартысы»-деген. Оразаны басқа ешқандай қағидалармен салыстыруға болмайды. Өйткені, Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Адамның барлық жақсы, хайырлы істерін Алла он есе, тіпті одан да жоғары бағалайды. Бірақ ораза не үшін тұтылған болса, сол үшін сауабын, сыйын молынан беремін»-деп айтқаны белгілі. Сондықтан ораза қарсаңында алғаш ауыз бекіткісі келетін бауырларымызға тағы да Алла Тағаланың осы бір үкімін естеріне сала кеткіміз келеді.

Ең алғаш ораза парыз болатын жылы Шағбан айының соңғы күндерінің бірінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз сахабаларын жинап алып, Алла Тағаладан уәхи келгенін айтады. Онда ол жаратушының мұсылмандарға оразаның парыз екендігін хабардар етіп, былай дейді: «Ей, адамдар! сендерге мүбәрак айдың, яғни Рамазанның келе жатқанын қуанышпен хабардар еткім келеді. Бұл айда Алла Тағала сендерге ораза тұтуды парыз етті. Осы айда жұмақтың есіктері айқара ашылып, тамұқтың есіктеріне ашылмас құлыптар салынады. Адамды азғырушы шайтандар кісенделеді және бір ерекшелігі оның бір түні (Қадір түні) игілікте мың айдан да хайырлы».

Алла Тағала оразаны бұрын өткен Пайғамбарлардың (ғ.с.) қауымдарына парыз еткеніндей, Мұхаммад (с.ғ.с.) үмбетіне, яғни біздерге де рамазан айында 30 күн ораза ұстауды парыз етті. Бұған байланысты Құран Кәрімнің Бақара сүресінде былай делінген: «Ей, иман келтіргендер! Тақауылықтан үміттерің болса, өздеріңне бұрыңғыларға ораза ұстау парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етіледі» (Бақара сүресі, 183 аят)

 

Ораза алғаш рет қай уақытта парыз болды

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) және мұсылмандардың Меккеден Мединеге көшуін «хижра» деп атайды. Осы жылдан бастап мұсылмандардың - хижра жыл санауы басталады. Сол хижраның екінші жылы Шағбан айының соңғы күнінде Алла Тағала мұсылмандарға рамазан айында ораза тұтуды парыз етті. Сол уақыттан бастап барша мұсылман қауымы жыл сайын Рамазанда 30 күн ораза тұтып келеді.

Ораза тұтатын айды толық түсіндіру үшін оны ұстау кімдерге парыз, кімдерге парыз еместігін баяндаған Алла Тағаладан аят түсті: «Рамазан - адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын» ( Бақара сүресі, 185 аят).

 

Ораз ұстау кімдерге парыз

Рамазан айындағы оразаның үкімі - парыз айн (адамның жеке өзіне міндет болған парыз). Ораза ұстау әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз. Шарттары:
1. Мұсылман болуы;
2. Балиғатқа жеткен болуы;
3. Ақыл-есі бүтін болуы;
4. Дені сау болуы;
5. Әйелдер хайыз бен нифастан таза болуы керек;
6. Ораза ұстауға ниет жасау;
7. Оразаның тиымдарын сақтау.

Жалпы ауру-сырқаты жазылмайтындар, денсаулығы ауыз бекітуді көтермейтін, жасы келген қарттар – ораза ұстамаса да болады, бірақ олардың дәулеті жеткілікті болса, тұтпаған оразасына фидия береді. Фидияның мөлшері Құран Кәрімде былайша анықталған: «Шамасы келмейтіндер (қарт кісілер, ауруға шалдыққандар) ораза ұстамаса, бір кедейдің бір күн тоятындай тамағын беріп тұруына болады.. Ал оны белгілеген мөлшерден артық беретіндері болса, өзі үшін жақсы» ( Бақара сүресі, 184 аят).

Өйткені, өмірлік жазылмайтын ауруға душар болған кісілер және ауыз бекітуге шамасы жоқ қарттар ораза қазасын өтемейді. Егер дәулеті болмаса, фидия да төлемейді. Ханафи мазһабының негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифа былай деген: «Оразаның абзалы – кісінің өзіне зиян тимеуі».

Рамазан айында белгілі бір себептермен ауыз бекіте алмағандар кейінірек ораза қазасын өтеулеріне болады. Атап айтсақ, олар:
1. Ауру - сырқаты белгілі бір уақыттан кейін жазылатын кісілер;
2. Ораза уақытында сапарда болғандар;
3. Ораза кезінде жүкті немес емізіп жүрген нәрестелері бар әйелдер.

Тағы бір ескере кететін нәрсе: кімде-кім белгілі бір себептермен ауыз ашып қойса, мысалы: 1) аштықтан, шөлден денсаулығына зиян болған соң, оразасын бұзса; 2) әйелдердің хайызы мен нифасы келіп, таза болмау себебінен аузын ашып қойса, сол күндердің қазасын кейінірек қалып қойған күндерін толықтыруға болады. Ал сапардағы адамға келетін болсақ, қиналатынын білсе оразасын ұстамайды, қиналмаса ауызын бекітіп жүре беруіне болады. Өйткені, Алла Тағала пендесіне жеңілдікті қалайды, ауырлықты, қиындықты қаламайды. Бұған Құран Кәрімнің мына аяты дәлел: «Егер біреулерің ауруға шалдықса, сапарда жүрсе, онда басқа күндерде (қазасын) өтесін. Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауырлықты қаламайды (Ауыздарың ашық кездің қазасын өтеп), ораза күннің санын толтырыңдар» (Бақара сүресі, 185 аят).

Ал, енді хайыз бен нифтастағы әйелдерге келетін болсақ, таза болмағандары үшін шариғат үкімінде оларға байланысты Құранды ұстауға немесе оқуға, мешітке кіруге намаз оқуға рұқсат етілмегені сияқты, оразаны тұтуға да рұқсат етілмейді. Жоғарыда айтқанымыздай, әйелдердің мұндай себептермен қаза жіберген күндерін кейінірек өтейді.

 

Ораза ұстау тәртібі

1. Тыйылу: тағамнан, сусыннан, жыныстық қатынастан таң атқаннан күн батқанға дейін бойын аулақ ұстау. Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген: «Ақ жіп пен қара жіп ажыратылып, танылғанша ( таң атқанша) жеңдер де ішіңдер. Содан кеш батқанша ораза ұстаңдар» (Бақара сүресі, 187 аят).

2. Ниет: ниет екі түрлі болады: 1) Күнделікті ауыз бекітер алдында сол күні ораза тұтуға ниет етеді. 2) Рамазан айының алғашқы күнінде толық бір айға деп ниет етеді. Сондықтан да пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с): «Әрбір жақсы амал ниетке байланысты»-деген.

 

Оразаның мұстахабтары (әдептері)

Мұстахаб дегеніміз істесе сауап таптыратын, істемесе күнәсі жоқ амалдар. Олар мыналар:

1. Сәресі. Таң қараңғысында ниет етіп, дәретін алып, сәресіге тұру. Оның уақыты: түн жарымы ауғаннан таңсәріге дейін. Пайғамбарымыз бұл жайында:

«Сәресіге тұрыңдар! Шынында, сәресі ішуде көп береке бар»-дегн, яғни ниет етіп, сәресіге тұру мол сауапқа кенелтеді.

2. Ауыз ашуға асығу. Ораза тұтқан кісіге күн батқаннан кейін немесе ақшам намазының азаны айтылғаннан кейін бірден ауыз ашу сауапты іс. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген: «Ораза тұтқан кісі мүмкіндігі болса, аузын құрмамен, болмаса таза сумен ашсын». Демек, құрма табылған жағдайда құрмамен ауыз ашқан сауаптырақ болады.

3. Күнделікті ауыз ашқан кезде және ораза айы бойы тілек-дұғалар жасау. Бұған байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әлбетте, ораза тұтқан кісінің ауыз ашқандағы дұғасы (тілегі) қайтарылмайды, яғни тоқтаусыз қабыл етіледі»-деген.

Ауыз ашар дұғасы: «Ей, Алла! Сенің разылығың үшін шын ниетіммен ораза тұттым. Сенің берген ризығыңмен ауыз аштым. Саған ғана иман келтірдім және Өзіңе ғана тәуекел еттім. Тілегімді қабыл ет! Әмин!».

 

Оразаны бұзатын істер

1. Күндіз ораза ұстап жұргенін біле тұра себепсіз тамақ ішіп, жеу.

2. Күндіз еркек пен әйелдің жақындасуы. Егер кімде-кім ораза екенін біле тұра күндіз себепсіз әдейі ішіп-жеп немесе жыныстық қатынас жасайтын болса, оған айып ретінде кәфарат төлеу немесе ораза қазасын екі есе өтеу міндеттеледі. Кафаратты өтеу үшін бір құлды азат ету немесе алпыс міскінді тойдыру немесе екі ай бойы ораза тұту қажет.

Ал, кімде-кім ораза уақытында ораза екендігін ұмытып, білместікпен күндіз тамақ ішіп-жеп қойса, оған қазасын өтемейді және кәфаратын төлемейді. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім ораза екендігін ұмытып, ішіп-жеп қойса, Алла Тағаланың ол кісіні тамақтандырғаны». Ішіп-жеп қойған соң ораза екені есіне түскен кісі, оразасын одан әрі жалғастыруы қажет.

Егер кімде-кім жүрегі айнып, лоқсып құсса немесе байқаусыздан аузына бір нәрсе кіріп кетсе (мысалы: дәреттің суы, шыбын-шіркей) т.б. бірақ тек үзірмен оразасын тоқтатпастан жалғастыра береді.

 

Оразаның артықшылығы

1. Рамазан айы – сынақ айы. Адам баласы бұл айда өз нәпсісін тыйып, жаман нәрседен, яғни ғайбат сөйлеуден, ауыр күнә жасаудан, жала жабудан аулақ болып, жақсы нәрселерге, яғни өзін сабырлыққа, шыдамдылыққа, тақуалыққа тәрбиелеуі керек. Ораза адам баласы мен Ұлы жаратушының арасындағы сыр. Кісінің ораз тұтып жүргені бір Аллаға ғана аян. Сондықтан Исламда иманның, сенімнің жоғары тұратындығы осыған дәлел. Әлдебіреу ораза тұтқан адамның көңіліне тиіп, балағаттаса, ауыр сөз айтып, қол жұмсағысы келсе, әлгі аузы берік кісі: «Мен оразамын»-деп үш мәрте айтуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) бір кісі келіп: «Ей Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Маған айтыңызшы, қай амалды істесем, жұмаққа кіремін?»-деп сұрапты. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Оразаң сені алып кіреді»-деп жауап береді. Әлгі кісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, тағы да әлгі сұрақты қойған уақытта жоғарыдағы жауабын қайталапты.

2. Рамазан – кешірім айы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім ауыз бекітсе, Алла Тағала оның істеген күнәларын кешіреді»-деген. Сондықтан да Алла Тағала бұл айдың бір түнін қасиетті де қадірлі етті. Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні Алла Тағаладан алғаш рет Құран аяттары түсті. Сол себепті бұл түн «Қадір түні» деп аталады.

Ол түннің игілігі мың айдан да артық. Ол түнде Алланың әмірімен бүкіл періштелер және Жәбірейіл періштенің өзі де жерге түседі. Ораза тұтып, Жаратушы Жаббар Иесін еске алғандардың барлығының тілектерін Алла Тағала қабыл етіп, сол түні таң атқанша Алланың пенделеріне сыйлаған сәлемі, бибітшілігі, тыныштығы жалғасады. Бұл жайт Құран Кәрімнің Қадір сүресінде кеңінен баяндалған.

Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат Алла Тағала алдымызда келе жатқан Мүбарак Рамазан айын және ұлық Қадір түнін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!

Асылхан қажы Мұханбетжанұлы,
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

 

 

ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН ОРАЗАСЫ МЕН НАМАЗ УАҚЫТТАРЫНЫҢ КЕСТЕСІ

(Қостанай қаласы үшін) 2015 жыл – хиджри 1436 жыл

Маусым, шілде Рамазан айы Апта күндерi Сәресінің уақыты Таң намазы Күннің шығуы Бесін намазы Екiндi намазы Ақшам намазы (Ауыз ашар уақыты) Құптан намазы
18 1 Бейсенбі 2:05-3:05 3:15 5:15 13:45 19:27 22:25 23:58
19 2 Жұма 2:05-3:05 3:15 5:15 13:46 19:28 22:26 23:59
20 3 Сенбі 2:05-3:05 3:15 5:15 13:46 19:28 22:26 23:59
21 4 Жексенбі 2:15-3:05 3:15 5:15 13:46 19:28 22:26 23:59
22 5 Дүйсенбі 2:05-3:05 3:15 5:15 13:46 19:28 22:26 23:59
23 6 Сейсенбі 2:06-3:06 3:16 5:16 13:47 19:28 22:26 23:59
24 7 Сәрсенбі 2:06-3:06 3:16 5:16 13:47 19:29 22:26 23:59
25 8 Бейсенбі 2:06-3:06 3:16 5:16 13:47 19:29 22:26 23:59
26 9 Жұма 2:07-3:07 3:17 5:17 13:47 19:29 22:26 23:59
27 10 Сенбі 2:07-3:07 3:17 5:17 13:47 19:29 22:26 23:59
28 11 Жексенбі 2:08-3:08 3:18 5:18 13:48 19:29 22:26 23:59
29 12 Дүйсенбі 2:08-3:08 3:18 5:18 13:48 19:29 22:26 23:59
30 13 Сейсенбі 2:09-3:09 3:19 5:19 13:48 19:29 22:26 23:59
1 14 Сәрсенбі 2:10-3:10 3:20 5:20 13:48 19:29 22:25 23:58
2 15 Бейсенбі 2:11-3:11 3:21 5:21 13:48 19:29 22:25 23:58
3 16 Жұма 2:11-3:11 3:21 5:21 13:49 19:28 22:24 23:57
4 17 Сенбі 2:12-3:12 3:22 5:22 13:49 19:28 22:24 23:57
5 18 Жексенбі 2:12-3:12 3:22 5:22 13:49 19:28 22:24 23:57
6 19 Дүйсенбі 2:14-3:14 3:24 5:24 13:49 19:28 22:23 23:56
7 20 Сейсенбі 2:15-3:15 3:25 5:25 13:49 19:28 22:22 23:55
8 21 Сәрсенбі 2:16-3:16 3:26 5:26 13:49 19:27 22:21 23:54
9 22 Бейсенбі 2:17-3:17 3:27 5:27 13:50 19:27 22:21 23:54
10 23 Жұма 2:18-3:18 3:28 5:28 13:50 19:27 22:20 23:53
11 24 Сенбі 2:19-3:19 3:29 5:29 13:50 19:26 22:19 23:52
12 25 Жексенбі 2:20-3:20 3:30 5:30 13:50 19:26 22:18 23:51
13 26 Дүйсенбі 2:22-3:22 3:32 5:32 13:50 19:25 22:17 23:50
14 27 Сейсенбі 2:23-3:23 3:33 5:33 13:50 19:25 22:16 23:49
15 28 Сәрсенбі 2:24-3:24 3:34 5:34 13:50 19:24 22:15 23:48
16 29 Бейсенбі 2:25-3:25 3:35 5:35 13:50 19:24 22:14 23:47

ЕСКЕРТУ:

- Биыл, яғни 2015 жылы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша Қасиетті Рамазан айы 29 күн.
- 18-маусым Қасиетті Рамазан айының 1-ші жұлдызы.

1. Сәресі ішу таң намазына 10 минут қалғанда тоқтатылады.
2. Шілденің 13-нен 14-не қараған түн (26-27 Рамазан) қасиетті – Қадір түні.
3. Ауызды ақшам намазының уақыты кіргенде құрмамен немесе сумен және т.б.тағаммен ашу керек.
4. Тарауих намазы 17-маусымнан бастап, жасиқ намазынан кейін оқылады, одан кейін үтір уәжіб намазы жамағатпен оқылады.
5. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап, айт күніне дейін беруге болады. Бірақ бірінші он күндігінде берген сауапты. Биылғы жылы Қостанай облысы бойынша пітір садақасының есептегендегі құны: бидәймен– 200 теңге, құрмамен – 1200 теңге, миізбен – 2000 теңге.
6. 17-шілде жұма күні – Ораза айт мейрамы басталады. Айт намазы Қостанайда сағат 07:00-де оқылады.
7. Оразаға ниет: «Алла Тағала үшін мүбарак рамазан айының оразасын таңнан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім».
8. Ауыз ашар дұғасы: «Жаратқан Ием Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық несібеңмен ауыз аштым. Иә, кешірімді Алла! Менің алдынғы және соңғы күнә кемшіліктерімді кешіре гөр!»

ҚҰРМЕТТІ МҰСЫЛМАН БАУЫРЛАР!
Алла Тағала бәріңізге мықты денсаулық, зор күш-қуат берсін,
жасаған ғибадаттарыңызды қабыл етсін!

ЕРЖАН қажы Малғажыұлы,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти

алдыңғы мақала
Оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақтар
кейінгі мақала
Рамазан айына дайындалу әдептері

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником