Әссәләмуғалейкум! Құрметті сайт ұжымы, істеріңізге береке тілеймін. Көкейдегі сұрақты қойғым келіп отыр. Сайттарыңызға жолданған сауалға берген жауаптарыңызда Асыл арна каналының құрбандыққа қатысты жіберген кейбір ханафи мәзһабына сай келмейтін қателіктерін жазған едіңіздер. Сондай-ақ кейінгі кезде әлеуметтік желіде де "Асыл арна" телеканалының кімдердің қаржыландырып отырғанына қатысты түрлі керағар пікірлер жиілеп кетті. Тіпті қоғам екіге жарылып отыр. Осы жағдайдан кейін "Асыл арна" каналын көруге бола ма?" - деген көкейде орынды да күдікті сұрақ туып тұр. Сіздер бұған не дейсіздер? (Ерлан)
Уағалейкум әссәләм! Құрметті Ерлан бауырым! Өзіңіз айтқандай Асыл арнаның Құрбан айтқа байланысты шығарған бейнеролигіне қатысты берген жауабымыздан кейін хат қоржынымызға каналға қатысты сұрақтар жиі келіп жатқандықтан, оның жауабын жария түрде жариялауды жөн санап отырмыз.
Алла Тағала Құранда: «(Ей, иман еткендер!) Аллаға және оның пайғамбарына бойұсыныңдар. Өзара ұрысып, керіспеңдер, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Сабырлы болыңдар. Алла сабырлыларды жақсы көреді»[1], - деп мұсылмандарды ынтымақ пен бірлікке шақырып, алауыздықтың залалын ескерткен. Басқа бір аятта: «Шындығында мүмін-мұсылмандар бір-бірімен тек қана бауыр. Сондықтан (араздасқан) екі бауырларыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Сонда игілікке бөленерсіңдер»[2], - деп мұсылмандардың бір-бірімен бауыр-туысқан екендігін еске салып, араздасқандардың арасын түзетудің сауапты іс екенін білдірген.
Біз аталмыш жауабымызда шариғи сұраққа, шариғат шеңберінде жауап берген болатынбыз. Ал әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан Асыл арнаны қаржыландыру мәселесі бізді қызықтырмайды. Өйткені оны қадағалайтын еліміздің арнайы қаржы, т.б мекемелері бар.
Асыл арна ашылғалы бері халыққа пайдалы танымдық жақсы дүниелерді шығарып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ал кейбір бағдарламаларындағы әттегенайлар мен қателіктер болып жатса, оны еліміздің сауатты дін ғалымдары, ҚМДБ мен Дін істері комитеті қадағалап, ескертуі тиіс. Мұны асыл арна ұжымы шамданбай дұрыс қабылдайды деген үміттеміз. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде де жиі-жиі көтеріліп жүрген "Неге телеарнада мәтуруди ақидасы жайлы бағдарлама жоқ? Неліктен салафизмның теріс ағым екендігі ашық айтылмайды" деген сынды көрерменнің орынды ескертулерін де арна ұжымы қаперіне алып, бұл тақырыптарға да жақсы бағдарламалар арнағанын жөн санаймыз.
Сөз соңында айтарымыз, Асыл арнаны көруге болады. Себебі, телеарна мен ҚМДБ және Дін істері комитетінің арасында өзара ықпалдасып жұмыс істеуге байланысты арнайы меморандум бар болғандықтан, арна өнімдері жіті қадағалауда. Ал кемшіліктер мен қателіктер болып жатса, жоғарыда да айтып өткеніміздей, оны еліміздің сауатты дін мамандары мен аталмыш мекемелер дер кезінде ескертіп, түзететіндігіне күмәніміз жоқ.
[1] Әнфәл сүресі, 46-аят.
[2] Хужурат сүресі.
Іslam.kz