Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Әйелдердің намаз оқу ерекшеліктері

Әйел баласы мен ер кісілердің намаздарының арасында бірнеше өзгешеліктер бар. Атап айтсақ, әйелдер ер кісілер сияқты азан шақырып, қамат түсірмейді. Бет-жүзі мен білезігіне дейінгі денесінің қолынан өзге жері жабық болады. Әйел адам үшін мешіттен гөрі үйде отырып, намаз оқығанның сауабы мол. Әйелдердің намаздағы өзге қимылдары да олардың жаратылысы мен табиғатына сай діннің үкімдерімен үйлесім табатынын айта кету керек.

Әйелдердің киімі ашылып қалмасы үшін әрі дене мүшелерінің киім сыртынан сыртқа теуіп, көзге оттай басылып, өзгелердің назарын аудармауы үшін намаздағы іс-әрекеттерінің барынша жинақы болуы басты назарға алынған. Мысалы, тәкбірде қолды құлақ тұсына дейін көтергенде жеңі сырғып төмен түсетіндіктен білектерінің ашылып қалу қаупі бар. Сондықтан, олар қолдарын көкірек тұсына көтереді. Сонымен қатар, қолдарын көкіректеріне байлау арқылы да омырауларын қосымша көлегейлеген болады. Ендеше, ардақты Алла елшісінің (с.а.у.) «Менің намаз оқығанымдай намаз оқыңдар» деген хадисін негізге алып, әйелдер де дәл еркектер тәрізді намаз оқуы керек, деп, үстірт ұқпауымыз керек.

Исламдағы төрт мәзхаб ғалымдарының басым көпшілігінің берген пәтуасы бойынша әйел баласының намаздағы қимылдарының еркектер сияқты еркін емес, жинақы болуы маңызды. Мәселен, Мәліки мәзһабында әйелдің намаздағы қимылдарының бәрі жинақы болуға тиіс.[1]

Ханбалидағы мәзхабында да дәл солай. Ибн Құдама «әл-Муғни» атты еңбегінде әйелдің намазындағы ерекшелігі жайында былай дейді: «Намаздағы ер кісілерге қатысты үкімдер, негізінде, әйелдерге де қатысты. Бірақ, әйел баласы рукуғта, сәждеде өзін жинақы ұстайды. Ал, отырыста малдас құрып (мүтәраббиға) немесе сол жағына қарай жамбастай отырады».[2]

Шафиғи мәзһабында әйелдің намаз қимылдарында төрт жерде өзгешелігі бар:

1. Рукуғта бір тізесін екінші тізесіне, бір аяғын екінші аяғына тигізе тақайды. Сәждеде де екі тізесі мен екі аяғының арасын ажыратпайды, қарны санына тиіп тұрғаны жөн.

2. Еркектер жария оқитын намазды жария, іштен оқитын намаздарды іштей оқиды. Әйелдер бөгде еркектердің жанында намаз оқитын болса, дауыстары естіл-мейтіндей етіп бәсең оқиды.

3. Намаздарына кедергі келтіретін қандай да бір жағдай туса, ер кісілер «Субханналлаһ» десе, әйел адам оң қолының алақанымен сол қолының сыртынан шапалақ ұрады.

4. Намазда ерлердің әурет жері саналатын кіндік пен екі бұттың арасы, ал, әйелдердің қолы мен бет-жүзінен өзге жері бүркеулі болуы тиіс.[3]

«Әссунәнуль Кубра» атты хадис жинағының авторы хадисші әл-Байһақи әйелдің қимылы жайында: «Әйелдің намаздағы қимылдарындағы өзгешілік жинақылыққа негізделген. Әйел кісі намазда жинақылыққа ең лайық қимылды орындауға бұйырылды», – дейді[4].

Ендеше, Ханафи мәзһабымен қоса өзге үш мәзһабтың үшеуінде де әйел кісінің намаздағы қимылдары жинақылыққа негізделгендігі бірауыздан мақұлданған.

Ханафи мәзһабы бойынша әйелдердің намаз қимыларындағы ерекшеліктер төмендегідей:

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ИФТИТАХ ТӘКБІРІ

Әйел адам ифтитах тәкбірін алғанда екі алақанын құбылаға қаратып, саусақтарының ұшын иықтың тұсына дейін көтеріп, «Аллаһу әкбар», дейді.

Имам Бұхари өзінің «Қурратуль ғайнайн» атты еңбегінде Сүләймән ибн Умайрдың мына сөзін риуаят етеді:

» عن عبد ربه بن سليمان بن عمير قال: رَأَيْتُ أُمَّ الدَّرْدَاءِ تَرْفَعُ يَدَيْهَا فِي الصَّلاةِ حَذْوَ مَنْكِبَيْهَا«

Ол: «Мен (сахаба Әбу Дарданың зайыбы) Уммуд Дарданың намазда екі қолын иық тұсына көтергенін көрдім», – дейді.[5]

Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) Уәйл ибн Хужр есімді сахабасына былай деген: «Уа, Хужрұлы! Намаз бастағанда екі қолыңды құлаққа дейін көтер. Ал, әйелдер кеуде тұсына көтерсін»[6].

Бұл хадис жоғарыдағы Ұмму Дарданың хадисіне қайшы емес. Себебі, әйел кісі қолын кеуде тұсына көтергенде саусақтарының ұшы иық деңгейіне көтеріледі.

Сондай-ақ, осы екі хадистің астарына үңілсек, әйел баласының намаздағы басқа да әрекеттері (рукуғ, сәжде, соңғы отырыста, т.б.) олардың нәзік жаратылысы мен өзге де ерекшелігіне байланысты құлшылық кезінде өзін жинақы ұстаудың қаншалықты маңызды екендігін аңғарамыз.

ӘЙЕЛДІҢ ҚОЛ БАЙЛАУЫ

Әйел кісі көкірек тұсына оң алақанын сол қолының үстіне қояды. Білезіктерін қапсыра ұстамайды. Намаз кезінде өздерін жинақы ұстауы үшін осылай істеген абзал[7].

Табиғин Ата ибн Әби Рабах*: «Әйел кісі қиямда тұрғанда мүмкіндігінше екі қолын жинақы ұстайды», – деген[8].

ӘЙЕЛДІҢ РУКУҒЫ МЕН СӘЖДЕСІ

Әйелдер рукуғқа барғанда саусақтарының арасын ашпастан тізесіне қояды, арқасы мен тізесін сәл бүгеді. Ал, сәждеге барғанда білектерін жерге тигізіп, шын-тақтарын өкпе тұсына тақап ұстайды, қарны қара санына тиуі шарт[9]. Бұл жайында Әбу Шәйба өзінің «Мұсаннаф» атты еңбегінде Әзіреті Әлидің (р.а.) мына сөзін жеткізеді:

عَنِ الْحَارِثِ ، عَنْ عَلِيٍّ ، قَالَ : " إِذَا سَجَدَتِ الْمَرْأَةُ فَلْتَحْتَفِزْ وَلْتَضُمَّ فَخِذَيْهَا ". رواه ابن أبي شيبة

«Әйел баласы сәждеге барғанда ішін санына тірейді және екі санының арасын ашпай, тигізе тақап ұстайды»[10].

Табиғин Ибрахим ибн Язид ән-Нәхәъидің[11] былай дегенін риуаят етеді:

عن إبراهيم قال إذا سَجَدَت المَرأَةُ فَلتَزِق بَطنَها بِفَخِذَيها وَ لا تَرفَعُ عَجيزَتَها وَلا تُجَافي كما يُجَافي الرَجُلُ". رواه ابن شيبة

«Әйел кісі сәжде жасайтын болса, қарнын қара санына тигізе тақап ұстасын, бөксесін көтермесін және ер кісілер сияқты (екі шынтағын арасын) ашпасын»[12].

Тағы бір сөзінде Ибраһим:

عن إبراهيم قال إذا سَجَدَت المَرأَةُ فَلتَضُمّ فَخِذَيهَا وَ لتَضَع بَطنَهَا عَلَيهِمَا. رواه ابن شيبة

«Әйел кісі сәжде жасағанда екі санын бір-біріне тигізе тақап ұстасын және қарнын қара санына тигізсін...», –[13] деген.

Байхақидың «әс-Сүнәнүл-кубра» атты хадис жинағында Ибраһим ән-Нәхаъи былай дейді:

كانت المرأةُ تُؤمُرُ إذا سَجَدَت أن تُلزِقَ بَطنَها بِفَخِذَيها كَيلا تَرتَفِعَ عُجْزَتها ولا تُجَافي كَمَا يُجَافي الرُجُلُ. رواه البيهقي

«Әйелдерге сәжде жасағанда қарнын екі санына тигізе тақап ұстасын деп, әмір етілді. Бұл сәжде жасағанда оның бөксесі көтерілмесін деген мақсатта айтылған. Сәжде жасағанда ер кісілер сияқты екі шынтағының арасын ашпасын (деп те бұйырылды)»[14].

ӘЙЕЛ КІСІНІҢ «ТӘШӘҺҺУД» ОТЫРЫСЫ

Тәшәһһуд отырысында әйел кісі екі аяғын бүгіп, сол жағына қарай жамбастай отырады. Яғни, сол жақ аяғын оң жақ санының астынан өткізіп, бір жамбастай отырады[15]. Мұндай отырыс әйел табиғатына сай келеді әрі жинақы көрінеді. Мұны «тәуәррүк отырысы» дейміз. Бұған төмендегі хадис дәлел:

Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаят еткен бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.):

عن عبد الله بن عمر قال: قال رسول الله (صلى الله عليه و سلم): "إذا جَلَسَت المَرأةُ في الصّلاَةِ وَضَعَت فَخذَهَا عَلَى فَخذِهَا الأُخرَى وَ إذَا سَجَدَت ألَصَقَت بَطنَهَا فيِ فَخذَيهَا كَأَستَرَ مَا يَكُونُ لًهًا وً انّ اللهَ تَعَالَى يَنظُرُ إلَيهَا وَ يَقُولُ: يَا مَلائِكَتِي أُشهِدُكُم إنِّي قَد غَفَرتُ لَهَا". رواه البَيهَاقِي

«Әйел баласы намазда сол жақ аяғын оң жақ санының астына басып отырады. Ал, сәждеде қарнын қара санына тигізе тақап ұстасын. Әйел осылай еткенде жинақы көрінеді. Алла (осылай отырып оқыған әйелге) қарап періштелеріне: «Уа, періштелерім! Куә болыңдар, мен бұл әйелдің күнәсін кешірдім», – дейді» деп, айтқанын жеткізген болатын[16].

______________________________________

[1] У.Зухайли, Маусуғатул фиқһиль Исләми – 1/769-бет

[2] Ибн Құдама, әл-Мұғни: әл-фарқ бәйнар ражули уәл мар’әти фис сала, 1/599-бет.

[3] У.Зухайли, Маусуғатул фиқһиль Исләми – 1/777-779 бет.

[4] Мұстафа әл-Ғадуи, Жамиғул Ахқамун Ниса – 1/376-бет.

[5] Имам Бұхари «Қурратуль айнайн» №23 хадис.

[6] Хайсәми, Мажмағуз-зауаид -2\222 бет, №2594 хадис.

[7] Тәхәнәуи, Илә’әссүннә – 2/199 бет; әл-Айни, Биная; әл-Шарнабәләли, Нурул изах

* Бұл кісі хазірет Айша, Әбу Хұрайра, Абдулла ибн Аббас сыңды көптеген сахабалардан хадис риуаят еткен кісі. Мекке ғалымы.

[8] Ибн Әби Шәйбә, Мұсаннаф.

[9] Бадайғ – 1/62 бет; Бадруддин Айни, әл-Биная – 2/249-бет.

[10] وتحتفز أي تحمل بطنها على فخذيها Ибн Әби Шәйбә – 1/241 бет, №2777-хадис.

[11] Ибрахим ибн Язид ән-Нәхәғи, Ирак өңірінің ғұлама фиқһшысы әрі хадисте «сиқа/сенімді», оның риуаят еткен хадистерін Нәсәий, Әбу Дәуіт, Даруқутни сынды ғұламалар өз хадис жинақтарына енгізген, ол балалық шағында Айша анамыздың (р.а.) көзін көрген кісі.

[12] Ибн Әби Шәйба, Мұсаннаф, Әйелдің сәжде жасау бабы – 1/242-бет, 2782

[13] Ибн Әби Шәйба, Мұсаннаф, Әйелдің сәжде жасау бабы – 1/242-бет, 2779

[14] Байхақи әс-Сүнәнүл-күбра – 2/314-бет.

[15] А.М.Таһмаз: әл фиқһул ханафи фи саубиһил жәдид, 1- том, 226-бет.

[16] Бәйһақи, әс-сүнәнул кубра, 2/315-бет, №3199 хадис.

Абдусамат Қасым

алдыңғы мақала
Ер мен әйелдің намазында айырмашылықтар бар ма?
кейінгі мақала
Мәзһаб ұстану не үшін қажет? 2 Бөлім

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником