Тәуелсіздік күні қарсаныңда Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінде жастарға арналған танымдық-тәрбиелік маңызы зор «Отанды сүю иманнан» тақырыбында кездесу өткізілді.
Онда ата – бабамыздың егемендік жолындағы ерлігі үлгі етіліп, өскелең ұрпаққа өз Отанын сүюге, еліне, халқына адал қызмет етуге байланысты ұлағатты насихаттар айтылды. Жергілікті спорт сарайында дзюдо күресінен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Содан кейін мешіттің асханасында жиналғандарға дастархан жайылды.
Сонымен қатар Кәмшат Дөненбаева атындағы жалпы білім беретін мектепте ұстаздардың қатысуымен «Жаса, жайна тәуелсіз Қазақстан!» атты кеш те есте қаларлықтай әсер қалдырды.
Ал, «Айгөлек» бөбекжайында «16 - желтоқсан Тәуелсіздік алған күн!» мерекелік шарасы жалғасын тапты. Бүлдіршіндер ән шырқап, би биледі. Мұндағы тәрбиешілерге лайықты құрмет көрсетілді.
Осы басқосуларда аудандық мешіттің Бас имам Есенгелді қажы Сақтағанұлы барша қауымды мейраммен құттықтап, қойылған сұрақтарға нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі