Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жыл сайын Халықаралық қарттар күніне байланысты өмірдің талай асуларынан өткен аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп келеді.
Өйткені, біздің қазақ халқы ежелден үлкен кісілерге қамқорлық жасауды өздерінің басты парызы санайды. Мұның кейінгі өскелең жастарға да тәрбиелік маңызы зор.
Бұл орайда Қостанай өңірінің имамдары да сергектік танытып, жергілікті жердегі ақсақалдарға ілтипат танытуда. Мысалы, жуырда Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің Бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегінің ұйымдастыруымен мешіт асханасында барлық ұлт ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарға мерекенің құрметіне арнайы дастархан жайды.
Аудан әкімі Азамат Аужанов жиналған ардақты жандарды осынау мерекемен шын жүректен құттықтап, оларға ең ізгі тілегін білдірді.
Жергілікті мәдениет саласының қызметкерлері ардагерлерге ән-күйден шашу шашып, бір серпілтіп тастады. Ата-әжелеріміз осындай есте қаларлық тағылымдық кешті ұйымдастырғаны үшін мешіттің ұжымына ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудырды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі