Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің 130 жылдығына орай имам Науауидің қырық хадис жинағынан зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Оған өңіріміздегі мешіттерден 11 адам қатысты.
Аталған мешіттің Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы сайыстың мақсатын түсіндіріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздың ұлағатты өнегелері мен білім алудың маңызы жайлы тілге тиек етті.
Имандылық ордасының ұстазы Наурызбек Маратұлы сайыстың талаптары мен шарттарына жан-жақты тоқталды.
Онда облыстық мешіттің ұстазы Тимур Төребаев, қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің найб имамы Әсет Жарылғасын және Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұстазы Әл-Фараби қазылық етті.
Сайыстың қорытындысында қалалық мешіттің жамағаты Аманбол Молдахметов І орынды, Арқалық қаласынан Қуандық Дүйсенов ІІ орынды, Зәкария Жамантай ІІІ орынды иеленді.
Сонымен қатар Мұратхан Дәулетбай, Әлихан Еркебұлан, Салтанат Есенжоловтар ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Соңында облыстың аудандары мен қалаларынан келген қонақтарға дастархан жайылып, ас берілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі