Таяуда Рудный қалалық «Нұр» мешітінде бас имам Бектұрсын Торғайбайұлының тікелей басшылығымен мешіт қызметкерлерінің жиыны болып өтті.

Онда күнделікті жұмыс тәртібі, қызметкерлердің мінез-құлқы, яғни келуші жамағатты дұрыс қарсы алып, кішіпейідік таныту, киім кию, сөйлеу әдебі, діни рәсімдердің өткізілуі жан-жақты айтылып, насихатталды.

Сондай-ақ қазіргі таңда әлемді жайлаған індетке байланысты мешітте санитарлық тазалықты барынша сақтау және оған айрықша көңіл бөлу жөнінде баяндалды.

Жиын барысында діни қызметкерлер өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды. Мұндай кездесулер мен басқосулардың берер пайдасы қашан да зор екендігі белгілі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі






